Әл-Фараби және Абай: Ұлы дала даналары 

0
1719
Қара шаңырақ кереметтері

Еліміздің Тұңғыш Президенті «Ұлы даланың жеті қыры» мақаласында» Ұлы даланың ұлы тұлғалары ретінде әл-Фараби мен Абай есімдеріне тоқталып өткен еді. Қазақстанның алдыңғы қатардағы ұлттық университеттерінің қос дана бабамыздың есімдерімен аталуы да жәй сәйкестік емес деп білемін. Соның ішінде өзім білім алатын әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті – QS «World University Rankings» халықаралық рейтингісінде топ-210 ең үздік университеттердің арасында 207 орынды, «QS Stars Development Road map» халықаралық рейтингісінің «Төрт жұлдыз» үстемдік белгісін Қазақстанда алғаш болып иеленген университет.

Арман қуып келген албырт жасқа осындай ұлы ғұламаның атындағы оқу орнында білім алудың бұйыруы да – бір бақыт.

Биылғы 2020 жыл Елбасымыз Қ.-Ж. Тоқаевтың «Абай және ХХІ ғасырдағы Қазақстан» атты мақаласымен бастау алып, қазақ тарихындағы ұлы тұлғалар әл-Фарабидің 1150 жылдығы және Абайдың 175 жылдығы мерейтойларын атап өту шараларымен жалғасын табуда.

Өзіміз куә болып отырған мерейтойлық шара ең алдымен «әл-Фараби орталығының» тұсаукесерімен, сонымен қатар ҚР Ұлттық кітапханасында 15-томдық кітаптар топтамасының тұсаукесер рәсімімен басталды.

«Үш тілді білу – бұл жаһанданған әлемге жолдама» деп Тұңғыш Президентіміз Н.Ә. Назарбаев айтқандай, мен осы университеттің Филология және әлем тілдері факультетінде білім нәрімен сусындап, күрмеуі көп тілдің қыр-сырын меңгеріп келемін. Студенттік өмірімнің соңғы жылы осындай ұлы тұлғалардың мерейтойымен тұспа-тұс келгенін де мақтан тұтамын.

Əл-Фараби «Қайырымды қала тұрғындарының көзқарасы туралы трактат» деген еңбегінде «ақыл», «қайрат» жəне «жүрек» сияқты ұғымдарға тоқталып: «Жүрек – басты мүше, мұны тəннің ешқандай басқа мүшесі билемейді. Бұдан кейін ми келеді. Бұл да басты мүше, бірақ мұның үстемдігі бірінші емес», — деп жүрекке шешуші мəн берсе, Абай «Әуелде бір суық мұз, ақыл, зерек» деген өлеңінде:

Ақыл, қайрат, жүректі бірдей ұста,

Сонда толық боласың елден бөлек, — деп сабақтастырып, жалғасын жеткізеді.

Екеуінің өмір сүру аралығындағы 10 ғасырға жуық айырмашылығына қарамастан, тақырыптың әлі күнге дейін өзектілігін жоғалтпай тұрғаны қайран қалдырады.

Өзім білім алып отырған әл-Фараби атындағы ҚазҰУ ректоры Ғ. Мұтановтың, жоғары білікті профессор-оқытушылар құрамының 4 жыл бойы бойымызға сіңірген тәлім-тәрбиесімен жаңа өмірге қадам басқалы отырмыз. «Ұяда не көрсең, ұшқанда соны ілесің» демекші, жуық арада осы ұядан өмірге жолдама алып кететін жастарға айтарым, ұлы даланың дана тұлғаларының қалдырған өсиет сөздерін жадымызда ұстап, сол дана бабалардың ізімен жас ұрпаққа білім нәрін берсек, бізге сеніп тапсырылған үміттің ақталғаны емес пе?   Биылғы бітіруші түлектерге өзіміз шәкірті болып қабырғасынан түлеп ұшқалы отырған университетіміздің «Өмір сүр, үйрен, іске асыр» ұранын өмір бойы алдымызға ту етіп желбіретіп ұстап өтейік дегім келеді. 

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ Филология және әлем тілдері факультеті Шетел тілі: екі шет тілі мамандығының 4-курс студенті Жолдас Айнұр

Жетекшісі:П.Медетбекова


ПІКІР ҚАЛДЫРУ