Латын әліпбиі – рухани тәуелсіздікке жасалған жарқын қадам

0
1765
Менеджмент қағидасында мектепішілік басқару дағдыларын жетілдіру, педагогикалық квалиметрия әдістері
Латын әліпбиі – рухани тәуелсіздікке жасалған жарқын қадам

Уақыт сүрлеуіндегі еркіндігімізге куәлік, тәуелсіздігімізге таңба – төл әліпби.  Ондағы ұлттық болмысымыздың қашауы, сөз әуезділігі мен тіл қисынының көрсеткіштері және оларды зерттеу, зерделеу тұрғысында Ахмет Байтұрсынұлы құраған қастерлі «төте жазу», одан арғы бабалар тілінде сөйлеген қасиетті руна қаріптері, ендігі еркіндік туында таңбаға түспек  жаңа әліпби –  болашақтың мүддесі мен тәуелсіздіктің ұрпақтыры мұратына бағышталған азаматтық қадам екендігін айту қисынды. Себебі, бұл ілкі процесс табиғи тіліміздің айтылуы мен жазылымын ақ қағазға түсіру, бүкіл түркі халықтарына ортақ әліпби жасау, уақыт көшінен қалыспай әлемдегі үрдістерге қосылу,  жалпы ұлт ретінде жұмыр жерде мәңгілік жасау міндеттерін арқау етеді.

           Уақыт талабы және тұтас жұрт алдындағы лингвоэтикалық жауапкершілік Елбасы Н. Назарбаевтың санаға қозғау салуымен алғаш 2017 жылы 12 сәуірде «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласында алғаш аталды. Ондағы ұлтты ұлылыққа жетелеу бағдарын: «Біріншіден, қазақ тілін біртіндеп латын әліпбиіне көшіру жұмыстарын бастауымыз керек. Біз бұл мәселеге неғұрлым дәйектілік қажеттігін терең түсініп, байыппен қарап келеміз және оған кірісуге Тәуелсіздік алғаннан бері мұқият дайындалдық»  деген тіркестерден анық байқаймыз. Техногенді ықпалдастық, әлемдік алаңдағы жаһандану зердесіндегі бұл ұлттық шешімнің тарихи мән-маңызы аса жоғары. Себебі, қазақ тілінің өрісін кеңейту, ұлттық лингвистика жетістіктерінің қолданыс аясын айшықтау тұрғынсында  жасалған жаңа қазақ әліпбиі – тілдік қарым-қатынастың күретамыры болып,  жас ұрпақтың танымына жаңа леп, соны серпінмен өз күш беруде.

Ғалым Мекемтас Мырзахметовтың еңбектеріне жиі талқыланатын сананың ашықтығы және мемлекеттік идеология санатында  өскелең ұрпақтың тұнық санасын қалыптастыру мәселелері өз кезегінде латын қаріпіндегі жаңа қазақ әліпбиі ықпалымен шешімін таппақ.  Бұл – ғұмырында тіл тағлымын өзінің зерттеу нысанасы еткен ағартушы-педагог ғалым Ахмет Байтұрсынұлының: «Ұлттың сақталуына да, жоғалуына да себеп болатын нәрсенің ең қуаттысы – тілі» деген азаматтық пікірімен толық үндеседі.  Кейіннен мұндай коммуникациялық байланыстың жігін ғалым, тіл саласының білікті маманы, филология ғылымдарының докторы, профессор Әлімхан Жүнісбек те ерекше атап көрсетеді.

Оның: «Латын әліпбиіне көшудің қиыншылығы қазіргі біздің қолданып жүрген әліпбиіміз қазақтың төл әліпбиі емес, орыс тілімен араласып кеткені, бізге өзге тілден енген дыбыстар араласып кетсе онда кедергілер туындайтынын, латын әліпбиіне төл дыбыстарымызды баптап, соның аясында көшуін және қазақ жазуына тек әліпби ауыстыру ғана емес, түбегейлі реформа керек екенін, ол реформа үш мәселені дыбыс, әліпби және емле ережені бірдей қамтиды – деген пікірін басшылыққа алу аса маңызды. Өйткені, тілдік құбылыстардағы дыбысталу, сөздер мен сөз тіркестерінің төл қазақы бояуда үндесуі, яғни  сингормонизм, Ахаң атап өткен ұлттық тілімізге тән «әуез» —  біздің ауыз әдебиетіміздің ғана емес, күллі мәдениетіміздің сан ғасыр сүзгісінде қалыптасқан жетістігі.

Латын әліпбиін қарастыруда қазақ тіліне тән номенклатуралық бірліктерді қаріптеу, атап айтқанда, халықтық қолданыста біртіндеп жалпылық мазмұнға ие болған сөздерді немесе таңбаларды көрсету, оларға белгі беру өзінің ғылыми шешімін табуы тиіс. Оған қоса, латын графикасын жасауға сақтықпен қарау, тілдік ажарды тереңінен қаузап, түбегейлі зерттеу, латын қаріптерімен таңбаланған сөздіктер мен еңбектерді жарыққа шығару, халыққа  ұғындыру ең алдымен назарда ұстар міндеттер екендігі даусыз.  Бұл ретте, ғалым Анар Фазылжанова өзінің батыл шешімдерімен назарға ілігеді. Тіл жанашыры өз сұхбатында тілдің бұл түрөзгерісі турасында: «Бір таңбамен тұрған жазу екінші таңбамен берілген кезде алғашында психологиялық дискомфорт болуы әбден мүмкін. Ондай жағдайдың болмауы мүмкін емес.

Бір қуантатыны, жазудағы дискомфорт ұзаққа созылмайды. Бұл әліпбилер «екі анадан» немесе «екі әкеден» тарамаған, олар біртекті әліпбилер. Латын әліпбиі де, кирилл әліпбиі де бір жазу негізінде пайда болған таңбалар жүйесі. Латын жазуындағы таңбалардың 70%-ы кирилл графикасына ұқсас келеді,» — деп өзінің аталмыш құбылысты зерттеу процесімен бөліседі. Ұлттық мұрамызды латын қаріпінде таңбалау, оны оқырман мен дала мұрагерлерінің ұғынуы, қабылдауы, жазу-сызуы,  жоғарыда айтылғандай таңбалық сипатқа тікелей байланысты. Интеллектісі жоғары қазақ халқының жаңа әліпбиде қалам тербеуі —  бізді тәуелсіздік санатындағы жаңа бастамалар мен ұлт алдындағы игі қадамдарға жетелейді.

Психологиялық алаңмен қоса, бұған дейін кирил қарпімен жеткен мұраларымыздың барлығын түбегейді латын әліпбиіне көшіру де  басты алаңдарлық жайтардың бірі. Себебі, семиотикалық тұрғыдан мінсіз қалыптасқан жүйе аса ұғынықты әрі «тілге жеңіл, жүрекке жылы тиеді». Мұны: — Латынға  көшу арқылы  қазақ тілінің табиғи,   таза қалпын сақтай аламыз! деп түйіндейді ҚР Білім және ғылым министрлігі Түркі академиясының президенті Шәкір ЫБЫРАЕВ. Уақыт жиілігі пен түркілік интеграция есебінде айтылған бұл көзқарастың шынайылығы – тәуелсіздігімізді танудағы жарқын қадамымыз екенді сөзсіз.
      

Бүгінде латын әліпбиін пайдалану  —  әлемдік шеңбердегі ғылыми, тілдік кеңістікке енудің басты жолы. Бұл басқасын айтпағанда, түркі халықтарына ортақ мұрат. Сонымен қатар, жүйелі графиканың қолданысы қазақ тілінің фонетикасына үйлесімді келеді. Мәселен, халықаралық терминологияны алсақ, немесе медицина мен басқа ғылымдар тілінің көбіне назар аударсақ, олардың латынша сайрап қоя беретіндігін байқаймызБір сөзбен айтқанда, латын әліпбиі – өткенімізге оралып, өшкенімізге қол созу, түрік әлемімен жақындасу, ұлттық ошағыңнан жылына отырырып, одан рухани қуат алу. Сан ғасыр соғысынан жаңылмаған ата-баба жүрегінің  демімен тыныстау!

Ақылбаева Толқын Жанатқызы
Спорт және туризм академиясының оқытушысы, ғалым


ПІКІР ҚАЛДЫРУ