Өлеңі қазіргі уақыт дейін адам бойына рух беріп, жүрегіне жігер ұялатады. Оның өлеңінен түбі тереңде жатқан тарихты таптық.
Өмір мен өлім белдескен шақта ақын қуатты жырларымен кеңес жауынгерлеріне жігер мен шабыт берді. Оның жырларын тыңдаған әр азамат жыл құсындай болып майданға аттанды.
«Ленинград, Москва, Сталинград сынды ірі қалаларды жау қолына бермеңдер», — деген ақын сөзі жеңіске жетуге себеп болды.
Кеңес жауынгерлерінің қайтпас қайсар мінез қалыптастыруына көмек болған «Ленинградтық өренім» өлеңін тілге тиге етпесек болмас:
Ленинградтық өренім!
Мақтанышым сен едің!
Нева өзенін сүйкімді
Бұлағымдай көремін.
Көпіріне қарасам,
Көмкерген су көлемін,
Өркеш-өркеш жарасқан
Шоқылардай дер едім.
Ақынның бұл өлеңі қоршауда қалған мыңдаған аш-жалаңаш жанның бойтұмарына айналды. Үгіт емес, үміт болып құлақтарына жетті.
1941-1945 жылдар біздің Отанымыз үшін ең ауыр жылдар болды. Гитлер бастаған неміс басқыншылары соғыс жарияламай жерімізге енді. Нева жағасындағы Ленинград қаласы 900 күн қоршауда қалды. Халқымыз үшін бұл зұлмат күндер болғанын ешкім ұмыта қоймас.
Тарихқа көз жүгіртсек, Ленинград тұрғындарының төбелерінен жауып тұрған бомбаға қарамастан Жамбыл өлеңдері басылған газетті аламыз деп кезекке тұрғаны туралы ленинградтық ақын Александр Прокофьев былай деп жазады: «Ленинградты қорғаудың нағыз ауыр күндерінде шығарылған «Ленинградтық өренім» Ұлы Отан соғысы кезіндегі поэзияның ең таңдаулы туындыларының бірі болды. Өлең қаланы қорғаушыларға күш-қуат берді, оларды жеңіске жігерлендірді. «Жамбылдың «Ленинградтық өренім» деген жыры жарияланған кез Ленинград халінің аса бір ауыр шағы еді. Бұл шақта немістің қоршауында қалған Ленинградта азық өте аз болды.
Үйлеріне кіретін су тоқтатылды, канализация істемеді, отын атымен болмады. Жау атқан снаряд пен бомбалардың салдарынан шынысы қирап, терезе біткен аңырайып ашық тұрды, электр жарығы да нашар жанды, тіпті қаладағы үйлердің көбінде жарық болған жоқ. Қалаға жаудың оғы үздіксіз жауып тұрды. Осындай халде Жамбылдың «Ленинградтық өренім» деген жыры газеттерде жарияланды.
Халықтың рухын көтеруде ерекше күшті қызмет атқарған бұл жырды Ленинградтың радиосы күніне әлденеше рет оқыды. Жыр үлкен әріппен басылып, көшелерде плакат болып ілінді. Сол плакатты үймелесіп оқысып, көздерінен жастары сорғалаған талай адамдарды кездестірдім.
Немістердің самолеттері төбеде ұшып, бомба тастап жүргенде тығылудың орнына Жамбылдың жыры басылған газетті алуға көшеде кезекте тұрған адамдарды талай көрдім». Плакат болып ілініп, листовка ретінде қолдан-қолға тараған өлеңдер тарихта сирек. Ал Жамбылдың «Ленинградтық өренімі» — сондай сирек тағдыр бұйырған жыр.
Бұл жырды оқыған сайын бізде рухтанамыз, шабыттанамыз.
Ұрпаққа үлгі болыңдар,
Заманымның өрнегі!
Ата-бабаң баяғы
Аян еді Жамбылға;
Әрине, бұл өлеңнің айтар қырымен сыры көп. Өлеңнің жеткізгісі келген сыры көп . Жамбылды халқы жай ғана жыр жазды деп емес, қала қорғаушыларының қатарында, әскер сапында барлығымызбен қатар тұрды деп қабылдады.
Бұл туралы ақын Николай Тихонов: «Жамбыл Ленинградқа келіп, оны қорғаушылардың қатарында тұрды», – деп жазды. Халыққа үлкен рух берген өлең бүгінде Жамбыл ескерткішінің түбіне ойылып жазылыпты.Бұл әлі күнге өлеңнің рухының бар екенінің дәлелі.
Талай жүрекке жігер сыйлаған, талай кеуденің үмітін оятқан бұл рухты жыр үшін Сталин Жамбылға 80 мың сом сыйлық берген деседі. 900 күн жаудың тас құрсауында азапты күн кешкен халық ақыры 1944 жылдың 14 қаңтарында азаттыққа жетті. Мұнда ленинградтық әр тұрғын жатқа білетін Жамбыл поэмасының үлкен үлесі бар .
Жамбылдай ақын қазаққа керек, оның шынайы ұлт ұрпағын тәрбилейтін ,тәуелсіз рухқа жетелеитін жасампаз жырларының құндылығы қасиетті тәуелсіздіктің қасиетімен бірге арта бермек.
Ол соғыстағы азаматтардың мотиваторы болды. Жеңіс дәмін сезінуге себепкер болды деп нық айта аламыз. Жамбыл шығармаларының негізгі идеясы бүгінгі тәуелсіз Қазақстанның қарышты қадамдарымен, жасампаз істерімен үндесіп келеді. Жамбыл өмірі ұлт тағдырымен тамырлас тамаша тағдыр, Жамбыл шығармашылығы ұлағатты қазына.
Диана Жексенбиева,
Халықаралық ақпараттық технологиялар
университетінің 1 курс студенті