Әлеуметтік желінің жас ұрпақ санасына зияны мен пайдасы

0
3898
Әлеуметтік желі

Қазіргі прогрессивті әлемде әлеуметтік желілердің әсері өте үлкен, жалпыға қол жетімділікке, жылдам ақпарат алмасу мүмкіндігіне, әлеуметтік желілерді өзін-өзі көрсетудің ең қол жетімді әдісі ретінде пайдаланатын жастар арасында жоғары танымалдыққа ие.

Ақпараттың тез таралуын қамтамасыз етуге, белгілі бір тауар мен қызмет түрін жарнамалауға, адамдардың жаңа таныстық іздуіне немесе бұрынғы таныстарымен достарын, жақындарын табуға, жеке өмірінде болып жатқан жаңалықтарымен бөлісу секілді мақсаттарға арналған әлуметтік желілер бар. Ақпарат демекші сіздерді қысқаша әлуметтік желі тарихымен таныстыра кетейін.

«Әлеуметтік желі» ұғымы 1954 жылы пайда болғанын көпшілік білебермейді, оны әлеуметтанушы Джеймс Барнс енгізді. Бұл құбылыс Интернетке ешқандай қатысы жоқ және былай түсіндірілді: «Әлеуметтік желі-бұл әлеуметтік нысандар (адамдар немесе ұйымдар) және олардың арасындағы байланыстар (әлеуметтік қатынастар) болып табылатын түйіндер тобынан тұратын әлеуметтік құрылым». Қарапайым тілмен айтқанда, әлеуметтік желі дегеніміз-белгілі бір қатынастар, екі жақты немесе бір жақты байланыстары бар адамдар тобы. Интернеттің пайда болуымен (1969ж) Джеймс Барнстың ғылыми тұжырымдамасы танымал бола бастады. Бұл бүкіл әлемдік ғаламторда әлеуметтік медианың дамуына әкелді. Осы орайда сіздермен қызықты мәліметпен бөліскім келіп отыр.

Қазіргі блогтардың, әлеуметтік желілердің және интернеттің пайда болуын орыс жазушысы және философы Владимир Федорович Одоевский 1835 жылы болжаған, ол сол кездегі қиял ғажайып болжамын өзінің «4338 жыл» атты утопиялық романында жазды. Автордың романнан үзінді «таныс үйлер арасында магниттік телеграфтар орналастырылған, солар арқылы алыс қашықтықта тұратындар бір-бірімен сөйлеседі» делінген. Одоевский сонымен қатар «көптеген үйлерде, әсіресе көп таныстары бар үйлерде» жаңадан жарық көрген «үй газеттері» туралы айтады. Бұл газеттерде әдетте иелерінің денсаулығы немесе ауруы туралы хабарлама мен басқа да үй жаңалықтары бар» екендігі айтылған. Айта кету керек Владимир Федорович болашақты болжағандай, алайда, ол әлеуметтік медиа, блогтар және интернет туралы біле алмады.

Компьютерлік технологияда қолданатын алғашқы әлеуметтік желі 1971 жылы пайда болды, оны ARPANET әскери күштері арқылы ақпарат беру үшін қолданды. 17 жылдан кейін, 1988 жылы Фин ғалымы Ойкарин «IRC» хаттамасын — ретрансляцияланатын интернет-чат  және оны іске асыру үшін бағдарламалық қамтамасыз етуді ойлап тапты. Бұдан кейін адамдар бір-бірімен нақты уақытта сөйлесуге мүмкіндік алды. Алайда, компьютерлік технологиялар дамуына байланысты әлеуметтік желілер 1995 жылы жаппай танымалдылыққа ие болды.

Содан кейін американдық Рэнди Конрадс Classmates.com — қазіргі ұғымдағы алғашқы әлеуметтік желіні ойлап тапты. Онда тіркелген пайдаланушылар түрлі оқу орындары түлектерінің каталогына қол жеткізе алады. Осылайша, кез-келген адам сыныптастарын немесе курстастарын таба алады. Айта кету керек, бұл Classmates.com бірден өте танымал болды. Айтпақшы, бүгінде оның танымалдығы төмендемейді, әлеуметтік желіні 50 миллионнан астам адам пайдаланады. Бір қызығы, «Одноклассники» — Classmates.com-ның орыс аналогы, қазіргі уақытта оларда 290 млн-нан астам пайдаланушы тіркелген.

Ендігі кезекте ең танымал Instagram, Facebook, «ВКонтакте«, Twitter әлеуметтік желілердің тарихына үңілейік.

Facebook Inc. Компаниясы оны 2004 жылы 4 ақпанда Гарвард университетінде оқыған төрт студент Марк Цукерберг, Эдуардо Саверин, Дастин Московиц және Крис Хьюз құрды. Сонымен қатар, сол атаудағы веб-сайт пайда болды. Бастапқыда ол тек Гарвард студенттеріне қол жетімді болды. Біраз уақыттан кейін Бостон университеттері үшін, содан кейін .edu доменінде электронды мекен-жайы бар барлық американдықтар үшін тіркеу ашылды. 2006 жылдың қыркүйегінен бастап Facebook 16 жастан бастап барлық интернет қолданушылары үшін қол жетімді болды. Бүгінде ол әлемдегі ең көп кіретін бес веб-сайттың бірі. Желінің айлық аудиториясы 1,968 миллиард адамды құрайтыны таңқаларлық емес.

Twitter тарихы 2006 жылдың наурыз айында басталды, бүл желілік қызмет бастапқыда сол компания қызметкерлерінің ішкі қарым-қатынасы үшін пайдаланылды. 2006 жылдың 15 шілдесінде Twitter көпшілікке хабар алмасу үшін қол жетімді болды, бағдарламада жіберілген Твиттер (хат, хабар) бірден пайдаланушылардың монитор бетінде пайда болады және абоненттерге бірден келеді. Бірінші хабарламаны, жүйенің иесі Джек Дорси жіберді, ол хабарламаны былай деп жазды: «менің твиттерімді жай ғана орнатыңыз».

Бүгінгі таңда Twitter интернет қолданушылары арасында өте танымал. SimilarWeb рейтингінде ол 12-ші орында және 300 миллионнан астам жазылушысы бар.

Instagram — да фотосуреттер мен бейнелерді бөлісуге арналған тегін қосымша App Store дүкенінде 2010 жылдың 6 қазанында пайда болды, бастапқыда Instagram басқаша деп аталды — Burbоn (жоба желіні жасаушылардың бірі өте жақсы көретін бурбонның есімімен аталады). Бұл пайдаланушыларға достарымен кездесулерді жоспарлауға арналған әртүрлі жерлерді таңдауға және фотосуреттер жариялауға мүмкіндік берді.  Жоба жетекшілері Кевин Систром мен Майк Кригер қызмет көрсету статистиканы талдай келе тұтынушылардың көбі достарымен кездесулерді жоспарлауға арналған әртүрлі жерлерді таңдауға мән бермей, тек фотосуреттермен бөлісетінін түсінді.

Сол сәттен бастап Instagram тек фотосуреттермен, видеолармен бөлісетіні әлуметтік желі болды, қазіргі таңда белсенді түрде жарнама жасау құралына айналды.

Көпшілік біле-бермейтін Youtube тарихы, бастапқыда сайт Youtube.com танысу сайты ретінде ойластырылған және іске асырылған. Тек оның сол кездегі ерекшелігі өз бейнелеріңізді таныстық үшін желіге жүктеу мүмкіндігінде болды. Әзірлеушілер Чад Херли, Стив Чен және Джавид Карим идеясы бойынша, мұндай сайт пайдаланушыларға өздерінің қатысуымен бейнелерді оңай және ыңғайлы орналастыруға көмектеседі және танысу әлдеқайда оңай болады деп ойластырылды. Алайда, пайдаланушылар болашақ интернет-алыптың тағдырын өздері анықтады. YouTube-ке жүктелген бейнелердің көпшілігі пайдаланушылардың өздері туралы емес, олардың айналасында не болатыны туралы болды. Херли, Чен және Карим бірден бұл сайттың сәттілігі үшін ребрендинг (түрлену, бағытын ауыстыру) жасау керек екенін түсінді. 2005 жылдың басында Чад өзінің әріптестері Чен мен Кариммен ой бөлісті. Ал 14 ақпанда жігіттер YouTube.com доменін ғаламторға тіркеп, веб-сайтты құруға кірісті. Сол жылы 23 сәуірде Джавид сайтқа алғашқы ұзақтығы 19 секунд болатын бейнені жариялады.

2016 жылы қытайлық әзірлеушілер тобы авторлық бейнелерді жариялау үшін жаңа қызмет жасап шығарды. Өз бейне редакторында жұмыс істеген бағдарламашылар тобының дамуы негіз болды. Бұл кезеңде мұндай идеяның болашағын бағалау мүмкін болмады, әлемде YouTube монополиясы орнады, ал микроблогерлер Instagram-ға белсенді түрде көшті. Негізгі идея пайдаланушылар игере алатын ыңғайлы қосымшаны құру болды. Ыңғайлы пайдаланушы интерфейсін жасап, сервис жұмысының жоғары жылдамдығын қамтамасыз ету қажет болды. Нәтижесінде тек қытай нарығына арналған Douyin деп аталатын жоба дүниеге келді. Халықаралық нарық үшін ағылшын тілінде сөйлейтін, көпшілік есінде қалатын тағы бір атауды қолдану туралы шешім қабылданды — ол атау Тик Ток болды.

Бүгінгі таңда Тик Ток интернеттегі ең өсімді жоба болып табылады. Ай сайын пайдаланушылар саны ондаған мыңнан артылуда. Ең бастысы, пайдаланушылардың белсенділігі үлкен қарқынмен өсуде. Жеке аккаунт иелері үнемі жаңа бейнелер жариялайды, достарының жазбаларына түсініктеме береді. Көптеген адамдар өздерінің аккаунттарын танымал ету және жаңа көрермендер назарын аулау үшін онлайн режимінде Tik Tok қолданады. Tik Tok — бұл өз пайдаланушыларына қысқа авторлық бейнелерді орналастыруға мүмкіндік беретін бейне хостинг. Көптеген бейнелер көңіл көтеруге арналған, бұл жаңа аудиторияны белсенді тартуға мүмкіндік береді. Tik Tok роликтері YouTube немесе Instagram сияқты басқа сайттарда да танымал болады. Бұл сонымен қатар әлеуметтік желінің танымал болуына оң әсер етеді.

Жалпы айтқанда XXI дың компьютерлік технология жемістерін жастар пайдаланып, керегіне жаратқанда не зияны бар деген заңды сұрақ туындайды, дегенмен бұл әлеуметтік желімен ғаламтор пайдасын жасөспірімдермен жастар толығымен тұтынып игере алмай жүргеніде рас. Қазіргі зиялы қауыммен жоғары білімді, ақ қараны ажырата алатын сіз бен біз әлеуметтік желі зиянымен пайдасын білеміз, ал болмысы қалыптаспаған жас буын оған аса мән береқоймайды немесе мүлде ол туралы ойланбайды. Дүние танымы дамып келе жатқан жасөспірім 1995 жылы пайда болған, 25 жыл ішінде барлық жер шарын жаулап алған ғаламтордағы әлеуметтік желі «асыра айтқаным емес» барлық тіршілік нәрі ретінде қабылдайтыны белгілі, бұл айтылып отырған мәселелер тек жас өспірімдерге қатысты.

Осы мақаланы жазуда да менің ғаламтордың анықтамалары мен википедия сынды сайттарына жүгініп ақпарат алғаным, ізденгенім рас. Бұл ғаламторды жақсы, жағымды жағынан тұтынудың бір көрінісі. Ал жасөспірімдерге қатысты мәселеге келер болсақ профессор Пол Киршнер бастаған ғалымдар тобы осы түйінге байланысты зерттеу жүргізіпті, оның мақсаты әлеуметтік желінің студенттердің үлгеріміне әсерін анықтау болды. Экспериментте барлығы 19-24 жас аралығындағы 219 оқушы қатысты. Зерттеу қорытындысы болжамдардың барлығын растады. Емтиханға дайындық кезінде интернет байланысынан толығымен оқшауланған студенттер көрсеткіші басқаларға қарағанда 20% жақсы болды. Орташа төрт баллдық шкаламен бағалағанда әлеуметтік желілерді көп пайдаланатын студенттер көрсеткіші 3,06 баллды құраса, сессия қарсаңында интернеттен оқшауланған студенттер 3,82 баллдық нәтиже көрсетті. Бұл тек жасөспірімдер мен жастардың білім беру ұйымдарымен игерілетін сабақтарын білім алушының толыққанды миына сіңіріп алуына зияны жайлы айтылған мәселе.

Бұдан бөлек қоғамда болып жатқан түрлі саяси, әлеуметтік, ұлтаралық, төтенше жағдайларда  ресми дереккөздерден алынғаны шынайы, дәлелденген ақпараттың болмауы немесе бұрмалануы төтенше жағдай туралы қауесеттер мен расталмаған ақпараттардың тез таралуына ықпал ететіндігін білеміз. Осы орайда айта кетер жайыт, 2020 жылдың ақпан айындағы Жамбыл облысы Масанчи ауылындағы ұлтаралық қақтығысқада осы әлеуметтік желінің оң әсері болмады, әскерилер тілінде «дезинформация» (жалған ақпарат) деген ұғым бар. Аталмыш оқиғаға байланысты осы дезинформация салдарынан жастар арасында дүрбелеңдер туындап, аға буын өкілдері мен ақсақалдар қауымының қатысуымен шешімін табатын мәселеге жастардың орынсыз араласып екі жақтанда адам өліміне әкелгені белгілі, қайғылы оқиғаның одан әрі күрделенуі, құқық қорғау өкілдері жұмыстарының күрделенуі, дәл осы әлеуметтік желідегі түсініксіз бейнероликтер кесірінен болғаны ащы шындық.

Бұдан бөлек айналамыздағы әр танысымыз бен туыстарымыздың үйіндегі 6 – 16 жас аралығындағы балаларымыздың жоғарыда атап кеткен Instagram, Facebook, «ВКонтакте«, Twitter, YouTube, Tik Tok әлеуметтік желілерінде бас алмай босқа уақытын өткізетіндігін білеміз. Қазақ ұлтының ұлы ұстазы реалист Абай атамыз бала тәрбиесі туралы аз жазбаған, қазіргі заманда туындап отырған, осы мақалаға арқауы болып отырған түйінге байланысты Абай атамыздың «Балаңды тәрбиелеме, өзіңді тәрбиеле» деп айтқаны есіме түсіп отыр. Құрметті оқырман бұл мақаланы жасөспірімдер үшін емес сіз үшін жазып отырмын, мақаланы оқыған әр ата – ана мемлекет тарапынан әлеуметтік желіге түрлі тосқауылдармен фильтрлер қойылсада, үйіңіздегі балаңыздың ақыл – ой  саулығы мен денсаулығы сіздің мойныңызда, соны естен шығармаған абзал!

 

Боранов Мұқағали Жамбылұлы

Жамбыл политехникалық жоғары колледжінің оқытушысы 

 

Martebe.kz ақпараттық білім порталының редакциясы сайт қолданушыларының интернет пен әлеуметтік желілерді қаншалықты жиі әрі қандай желілерді пайдаланатындығы туралы мәліметтер жинау мақсатаныда сауалнама жүргізеді. Төмендегі сауалнамаға жауап беріңіз.

Сауалнамадан өту


ПІКІР ҚАЛДЫРУ