Ұлы даланың бір кереметі

0
1530
Әлеуметтік желінің пайдасы мен зияны

Ұлы даланың бір кереметі

Жуырда ғана Елбасымыздың «Ұлы даланың жеті қыры» атты   мақаласы  баспа бетінде жарық көрді және қызу қолдауға ие болды. Бұл мақала уақыт талабына сай елімізге тың өзгерістер әкелетін,дамудың жаңа нақты бағытын айқындайтын құнды идеяларға толы еңбек. Негізінде қазақ халқы жеті санын киелі санап соған сәйкес ырымдарды жасайды. Әлі кунге дейін бұл дәстүрлер жалғасын тауып келеді және жас ұрпаққа берер тәрбиелік мәні зор. Елбасы да өз мақаласында еліміздің тарихында өзіндік орны бар жеті кереметті бар қырынан ашып көрсетеді. Бұл тұрғыда мен мақалада көтерілген ұсыныстар мен тың идеялар Қазақстан жастарына, яғни біздерге ,ерекше серпін сыйлап жаңа ізденістерге жетелейді деп түсінемін. Қазақ халқының  бай тарихы бар, мәдениеті ерте дамыған ,өзіндік дамуы ерекше халық екендігін әлемге паш етудің тамаша мүмкіндігінің бірі осы емес пе?! Қай қырынан айтсақ та жер жүзіне танылатындай айрықша құндылықтарымыз жетерлік екенін зор мақтанышпен айтамын. Соның ішінде тарихтың тереңінен келе жатқан төрт түліктің асылы, адамзаттың киелі жануары- жылқы малы туралы айтылған ЕлбасыН.Ә.Назарбаевтың оң пікіріне ризашылығым мол. Жылқы малы қашаннан бері халқымызда қасиетті мал.Ықылым заманнан бері заты мал десек те  жылқы адамдай ақылды, ер жігіттің серігі әрі сәні болған. Мақалада айтылғандай жылқыны қолға үйрету арқылы біздің бабаларымыз өз дәуірінде үстемдікке ие болған. Демек сол дәуірдің символына айналуы заңды да.Сол дәуірдің көкжиегінен көз салсақ жылқы малының күні бүгін де қадірі артпаса бір мысқал да кеміген жоқ. Сондықтан қазіргі таңда жылқы малын көбейту,одан алынатын ет –сүт өнімдерін өндіруді өркендетіп оны шет мемлекеттерге экспорттау жолға қойылды. Өйткені ұлттық брендіміз болып  табылатын  қымыз,қазы- қартаға сұраныс мықты.Қымыз халқымыздың кәделі сусыны. Оның 40-қа жуық  түрін тек қазақ қана дайындай алады. Ендігі жерде болашақта бабалардың аманатын ұлтымыздың болашағын барлық мүмкіндіктерді пайдалана отырып көзіміздің қарашығындай сақтап қана қоймай әр қазақ табыс көзіне айналдырса нұр үстіне нұр болар еді. Мен өзім дархан даламыздың бір кереметі жылқыны қадірлеу өте орынды деймін.           Елбасымыздың кемел келешекті болжайтын көрегендігіне халқымыз дән риза деп ойлаймын. Өйткені мақалада айтылған барлық жоба да қазақ халқына ерекше серпін береді және көптеген жаңа істерге мұрындық болары сөзсіз. Ұлы даланың жеті қыры аталған құндылықтардың қай- қайсысы да қазақ еліндегі аса қымбат мұра. Осындай ұлттық рухты оятатын мақала халқымыздың аманатын Елбасының Түркі әлемінің бесігі болған Тәуелсіз Қазақстан жастарына арнап Жастар жылында жариялауы да заңдылықты. Көкірегінде сәулесі бар жүрегінде оты бар жастар бұл мақаланы асқан сезімталдықпен түсінді деймін. Ендеше аманатқа қиянат жасамау үшн еліміздің жастары жақсы істерге,жаңалықтар ашуға дайын болуы тиіс.

Жұмабаева Замзагүл Итжемесовна

Шалқар ауданы, Ақтөбе облысы

Бершүгір орта мектебі қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі


ПІКІР ҚАЛДЫРУ