Ұлытауға жасалған ғылыми іссапар

0
808

Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінің Тарих археология және этнология факультетінің «Орталық Азиядағы дәстүрлі өркениеттерді зерделеу» РҒЗО-ның директоры т.ғ.д., профессор Талас Омарбековтың басшылығымен факультеттің профессор-оқытушылары 2020 жылы қазан айының 5-8 күндері аралығында Жезқазған қаласына ғылыми іссапарға барды.

«Ұлы дала тарихы мен мәдениеті» жобасы бойынша іссапарға  қатысып, мәліметтер мен деректер жинаған ғалымдар: ҚР ҰҒА академигі Берекет Кәрібаев, тарих ғылымдарының кандидаты Еділ Ноянов және кафедраның Ph докторанты А. Тоқсанбаев.

Бірнеше күнге созылған іссапар барысында т.ғ.д., профессор Талас Омарбековтың басшылығымен Ұлытаудың тарихи орындарын зерттеумен Жошы хан, Алаша хан, Домбауыл кесенелерінде және  Жезқазған қаласындағы  Тау-кен ісі және балқыту музейінде болып, ондағы ежелгі дәуірден бастап қазіргі дәуірлерге дейінгі кезеңдердегі тау-кен және металлургия өндірісінің пайда болу, қалыптасу, даму мәселелерін, жер қойнауының қазба байлықтарын игеру, өңдеу ісіне қатысты экспонаттар мен құжаттар жинақтарымен танысты.

Жезқазған қалалық «Дидар» телеарнасында Алтын орданың 750 жылдығына байланысты берілген сұхбатта  Алтын Орда хандығының тамыры тереңде жатқандығы және  қазақ халқының қалыптасып, дамуында  бұл хандықтың орны орасан зор екендігіне мән берілді.

Қазіргі Қарағанды облысы, Ұлытау аумағында Алтын Орданың негізін қалаған Жошы хан жерленгендігі туралы мәліметтер берілді. Жошы хан  негізін қала­ған үлкен мемлекет алғашында Ұлық ұлыс деп аталды, ал кейін орыс, славян, батыс жылнамаларында хан ордасының алтынмен көмкерілген ордалық киіз үйіне байланысты Алтын орда деген атаумен аталғандығы туралы айтылды. «Ұлы дала тарихы мен мәдениеті» жобасы аясында өткен ғалымдардың іссапары барысында көптеген тың мәліметтер жинақталды.

 

                   Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ,
Қазақстан тарихы  кафедрасының доценті, т.ғ.к.
Г.Б. Қозғамбаева,
4-курс студенті Әбілдос Р.Ә.  


ПІКІР ҚАЛДЫРУ