«Жандосов Ораз Қиқымұлы» атты еңбектің тұсаукесері өтті

0
1541

  Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-нің Тарих, археология және этнология факультетінің профессор оқытушылар құрамы «Ұлы тұлғалар» ғылыми-ғұмырнамалық сериясымен «Жандосов Ораз Қиқымұлы» атты еңбекті жарыққа шығарды.

Еңбектің  авторлары: әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің Дүниежүзі тарихы кафедрасының профессоры, тарих ғылымдарының докторы,  С.О. Смағұлова және Ш.Ш.Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтының аға ғылыми қызметкері, Ph докторант Р. Оразов.

Еңбектің тұсаукесер рәсіміне Ораз Жандосовтың ұлы Әли Жандосов және т.ғ.д., профессор Х. М. Әбжанов, Г. Нұрымбетова  Б. Қойшыбай, т.ғ.д., С.Қ. Смағұлова, Ph докторант Р. Оразов, т.ғ.к., Қ. Өскенбай, Н. Атығаев, Н. Дүйсенова сынды белгілі ғалымдар мен зерттеуші мамандар  және қуғын-сүргінге ұшыраған ұлт зиялыларының ұрпақтары, баспасөз өкілдері қатысты. Әріптестері авторларды құттықтап, шығармашылық табыстар тіледі.

Кітаптың тұсаукесері  Ғылым ордасындағы   РМК Орталық ғылыми кітапханада  осы жылдың 16 қазан күні өтті.

Еңбекте ХХ ғасырдың  20-30 жылдарда  «Көмек», «Тілші», «Еңбекші қазақ», «Қызыл Қазақстан»  деген мерзімді басылымдарға жарияланған О. Жандосовтың мақалалары енгізілді. Қазақстанның партиялық және кеңестік билікте жетекші қайраткерлердің бірі болған Ораз Қиқымұлы Жандосовтың (1889-1938жж.)  күрделі мемлекеттік және қоғамдық қызметі қамтылды.

Ол кеңес үкіметі орнағаннан кейін, социалистік даму жолына сеніммен қарап, партия қатарына болды. Елдің дамуында жақсы  өзгерістер алып келеді деген сенімде болып социалистік даму жолындағы О. Жандосовтың қоғамдық-саяси және мәдени-ағартушылық қызметіне қатысты архив деректері негізінде жазылған ғылыми мақалалар енгізілді.

Еңбекте оның  бұған дейін жарық көрген, бірақ  жинақтарға енгізілмеген 20-дан астам мақаласы мен архивтен табылған жаңа фотосуреттері топтастырылды. Сондай-ақ  ғалым, зерттеушілер: С.О. Смағұлова, Р. Оразов, және Г. Нұрымбетованың Ораз Жандосовтың қоғамдық-саяси және мәдени-ағартушылық қызметіне қатысты мақалалары енгізілді.

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің Дүниежүзі тарихы кафедрасының профессоры, тарих ғылымдарының докторы,  С.О. Смағұлова: «Ораз Жандосов 1918 жылы көктемде Верный депутаттары кеңесінің нұсқаушысы болды. Сол жылы Жетісу облысының  ұлт істері  жөніндегі бөлім меңгерушісі қызметін атқарды.

Сол қызметте жүріп барлық  өкімет және қоғамдық мекемелерде  іс қағаздарды жергілікті халыққа түсінікті тілде жүргізуді талап еткендігі жинақта дәлелді архив материалдары негізінде көрсетілген. О.Жандосовтың бұндай бастама көтеруі мемлекеттік тілді қорғауын көрсетеді. Оның көп қырлы қызметінің бір қыры ашаршылыққа ұшыраған қазақ халқына көмек ұйымдастыруы болды.

Ол  1925-1927 жж аралығында Қазақ Өлкелік партия комитетінің хатшысы қызметін атқарды. Ол халық арасында беделге ие болып, ойын еркін айтуы, талап қоя білді.  1928 жылдарда  оқытушылық және ғылыми  ағартушылықпен шұғылданып, бұл салад да көп жұмыс атқарды» деп, мәдениет саласында атқарған елеулі еңбектері жайында жан-жақты тоқталып кетті.

Ш.Ш.Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтының аға ғылыми қызметкері, Ph докторант Р. Оразов: «Жандосов  1933-1937 жылдарда партия және кеңес қызметіне қайта оралып, аудан, облыс басшылығы партиялық және кеңестік қызметтерін атқара жүріп, өз халқына қызмет жасады.

Ол 1937 жылы 31 шілдеде қамауға алынған, алайда халық жауы ретінде одан ертерек қудалауға (1929 ж.) түскендігі туралы» мәліметтер берді. О. Жандосов  жайындағы бұрын-соңды жарияланбаған, тың архив деректерімен бөлісті.

Ораз Жандосовтың күрделі, тағлымды ғұмырын зерттеу ұлтымыздың өткен жолын, өткен тарихымызды жетік танып білу үшін  маңызы зор. Кеңестік кезеңде коммунистік идеологияның үстемдігінің салдарынан бұрмаланған қоғам қайраткерлері мен ұлт зиялыларының бірі Ораз Жандосовтың өмірбаяндарын ғылыми айналымға қосып, зерттеу жүргізу, ол туралы  шындықты жазу мен қалпына келтіру тарихымызды білуге септігі мол.

 

                   Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ,
Қазақстан тарихы  кафедрасының т.ғ.к.,
доцент Гүлнәр Бестібайқызы Қозғамбаева


ПІКІР ҚАЛДЫРУ