Мақтанышым – ҚазҰУ!

0
1839
Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті - білім алуға зор мүмкіндіктер мекені

Мен – Қалмағанбетова Алтынай Ермағанбетқызы, қазіргі таңда Алматы қаласындағы әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің 4-нші курс студентімін. Атақты шығыс ғұламасы Әл-Фарабидің атымен аталатын қасиетті қара шаңырақ Қазақ Ұлттық Университеті – қазіргі таңда еліміздегі ең жетекші жоғарғы оқу орындарының бірі болып табылады. Мен дәл осы университеттің студенті екенімді мақтанышпен айта аламын. Осыдан 5-6 жыл бұрын бұл университет мен үшін тек алыстағы арман болатын. Мектепті бітіріп, алғаш ҚазҰУ-дың табалдырығын аттаған кезім әлі күнге дейін есімде. Шексіз қуаныш, ата-анамның ақталған үміті, арманға жақындаған бір қадам…

Қазір мен ҚазҰУ-дың қара шаңырағы саналатын Филология және әлем тілдері факультетінің 4-нші курс студентімін. Кезінде Қазақ әдебиетінің майталмандары, ұлт зиялылары Мұхтар Әуезов, Зейнолла Қабдолов дәріс өткізген аудиторияларда қазір мен білім алып жатырмын. Мен үшін бұл үлкен мәртебе.

1934 жылы іргесі қаланған ҚазҰУ құрамында қазір 14 факультет, 98 кафедра, 20 ғылыми-зерттеу институттары мен орталықтар, 2000-нан астам профессорлар, докторлар, ғылым кандидаттары мен философия докторлары университетте қызмет атқарады, сондай-ақ университетте көпсалалы жоғары кәсіби білім жүйесі бойынша 30000 дай студент білім алуда. ҚазҰУ-ды еліміздің барлық жоғары білім беру жүйесінің тірегі, білікті мамандар ордасы деуге болады. Оған дәлел қазіргі таңда Университетіміздің мыңдаған түлектері Қазақстанның және оның аумағынан тыс жерлердегі өндірістің барлық салаларында табысты еңбек етуде.

2016 жылы World University Rankings QS (Ұлы Британия) беделді рейтингтік агенттігінің зерттеу қорытындылары бойынша ҚазҰУ 236-орыннан көрініп, әлемнің ең үздік 250 университеті қатарына енді. Осылайша, біздің университет Орталық Азия мен ТМД-дағы теңдессіз көшбасшылығын тағы да дәлелдеді. Көлемі 100 гектарға жуық, көркіне көз тоймайтын ҚазҰУ қалашығының мұнда оқитын мен сияқты студенттер үшін орны бөлек деп ойлаймын. Таза ауа, жағымды атмосфера, кейде өзіңді білім ордасында емес, демалыс орнында жүргендей сезінесің. Сондай-ақ, ҚазҰУ қалашығының тағы бір ерекшелігі — Ө.А. Жолдасбеков атындағы Студенттер сарайы. Мұнда Қазақ ұлттық аспаптар оркестрі, көркемөнер үйірмелері, «Біз» студенттер театры, КТК командасы жұмыс істейді.

Жалпы ҚазҰУ — бұл мүмкіндіктер мекені, студенттерге өте үлкен мүмкіндік береді. Өз басым бұл жерде жүріп 4 жыл бойы өте үлкен тәжірибе жинадым. Бірінші курсқа келгеннен мектептерге, балалар үйіне барып тәжірибеден өтіп келеміз. 2 курстан бастап №146 лицей-мектебінде тәжірибеден өттік. Пассивті практика болсада, үйренгеніміз көп болды. Сонымен қатар қазір мен өзімнің 4 курс кезіндегі активті тәжірибемді өзімнің туған жерім Таукент елді мекенінде өтудемін. Алдағы уақытта осы алған білімім мен үйренген тәжірибем үлкен көмек болатынына күмәнім жоқ. Осы практика барысында бізге ұстаздық етудің қыр-сырын үйретіп, қадағалап жүрген ұстаздарыма және де жетекшім Медетбекова Перизат апайға алғысым шексіз.

ҚазҰУ – армандар орындалатын мекен. Мұнда білім алып жатқан әрбір студентке айтарым ҚазҰУ-дың берер мүмкіндігі өте көп. Осындай Университетте оқып жатқан мен шыныменде бақыттымын.

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің 4 курс студенті: Қалмағанбетова Алтынай

Жетекшісі: Медетбекова Перизат


ПІКІР ҚАЛДЫРУ