ҚазҰУ — мүмкіндіктер ордасы

0
1871
Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті - білім алуға зор мүмкіндіктер мекені

Қазақстан Республикасы Тәуелсізігінің жариялануына байланысты 1991 жылы 23 қазанда С.М. Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университетіне ұлы ғалым, ойшыл және энциклопедист ғалым, «Шығыстың екінші ұстазы — Әбу Насыр әл-Фарабидің» аты берілді.

Жетекші ұлттық университетке әл-Фараби есімінің берілуі бұрынғы ата-бабаларымыздың мәдениеті мен тарихи ғибраттарын студент жастарды тәрбиелеуде және барлық жас ұрпаққа Отанға деген сүйіспеншілік рухында білім беруде аса зор мәнге ие.

Бүгінгі күні қара шаңырамыз әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетімізде 20 000-ға жуық студент білім алады. Ол 15 факультеттен тұратын университетте үш мыңнан аса профессор-оқытушылар құрамы студенттерге білім беріп келеді.

Қала ішіндегі «Казгуград» қалашығы деп аталып кеткен құтты мекенде студенттердің білім алуына барлық мүмкіндік жасалған. Ө.Жолдасбеков атындағы 1600 орындық студенттер сарайы, ТМД елдеріндегі жалғыз үлкен ауқымды «әл-Фараби» кітапханасы, спорткешені мен стадион, жаңа ғимараттар, әскери кафедра, технопарк, 5000 студентке арналған студенттер үйі, медициналық орталық және студенттерге қызмет ету орталығы студенттер игілігі үшін қызмет жасап отыр.

Студенттер сарайында өнерлі студенттерге арналған студенттер клубы жұмыс атқарады. Студенттер клубының дарынды мүшелері талай байқаулардың жеңімпаздары. Соның бірі ретінде, «Бақыт» би ансамблін ерекше атап өтуге болады.

Университетімізде дәстүрлі түрде «Жалын» бірінші курс таланттарын анықтау, «Студенттік көктем», КВН, «Ана тілі аруы-Жігіт сұлтаны» сияқты байқаулар жоғары деңгейде өткізіліп тұрады.

Сондай-ақ, студенттердің көшбасшылық қабілеттерін, ұйымдастырушылық қасиеттерін дамыту мақсатында жастар ұйымдары комитеті жұмыс істейді. Оның құрамына «Сұңқар» студенттер кәсіподағы, студенттер Сенаты, «Көмек» еріктілер қозғалысы, студенттер кеңесі, Болон үдерісі бойынша студенттік бюро, студенттердің ғылыми қоғамы кіреді. Қазіргі уақытта

университеттегі барлық мерекелік іс-шаралар тікелей аталған жастардың қатысуымен өтеді.

Ғылыммен айналысқысы келетін студенттер үшін де дәстүрлі түрде «Ғылым әлемі» сияқты конференция, форумдар ұйымдастырылып тұрады. Инновациялық жобаларға құштар, заман ағымынан қалмауға тырысатын студенттер үшін әр факультетте бизнес-инкубаторлар, университетте технопарк қызмет етеді.

Жатақханаға кірген кезде: жатақхана тұрғындарының тыныштығын жиырма төрт сағат бойы қадағалап отыратын күзетші, сонымен бірге, жайлы дивандар, теледидар, дәмхана бар.

Жатақхана іші:
  • Асхана
  • Душ
  • Әжетхана
  • Интернет
  • Кір жуатын орынмен қамтамасыз етілген.

Бір бөлмеде: 4 (3) студент тұрады.

Бөлме ішінде: әр студентке жеке төсек, тумбочка және ортақ шкаф, үстел, кітап сөресі бар.

Студенттің сабақ оқуына ыңғайлы оқу залдары мен интернет залдар бар. Сонымен қатар студенттер кеңесі мен ОПП-ның төрағалары отыратын арнайы бөлмелермен қамтамасыз етілген. Студенттердің тәртіптерін қадағалайтын ОПП және ҚазҰУ-дың өзі тағайындаған күзетші қызмет етеді.

ҚазҰУ – талантты, дарынды студенттердің басын біріктіріп отырған мекен. Сыйластық пен шынайы достықтың мекені, ҚазҰУ – ғашықтардың мекені. ҚазҰУ – адамның тұлға болып қалыптасуына ықпал етіп, тұлғаның жан-жақты қабілетін ашып көрсетуіне мүмкіндік беретін мекен. Сол себепті де, студенттер ҚазҰУ-да өткізген өмірін ең үлкен сәттілік деп санайды.

ҚазҰУ студенті: Ерлан А. 

Жетекшісі: Медетбекова П.


ПІКІР ҚАЛДЫРУ