Мадақ сөздер туралы түсінік

0
3731
Иллюстрация: Freepik.com

Стильдік тұрғыдан келгенде, таза публицистикалық жанрдан гөрі біршама көркем әдебиетке жақын келетін келесі алқасөздің бірі – әлеуметтік-тұрмыстық салаға жататын мадақ сөздер мен өмірден озғандарды еске алу, қабір басында қоштасу сөздері.

Мадақ сөздер дегенімізге негізінен әр алуан той-домалақтарда, жиын-жиналыстарда, әсіресе мерейтойларда ауызша айтылатын немесе жазылған мәтінді оқып беретін сөздер жатады.

  1. Жанболат Аупбаев — журналист, редактор
  2. Болашақ тележурналистерге Айнұр Омардан 15 кеңес
  3. Журналистиканың басты кейіпкері — шындық

Қазақ мәдениетінде мұндай сөздердің де іргетасы ертеректен қаланған, яғни белгілі бір тұлғаларды, әсіресе ел ардақтаған адамдарды мадақтау, сондай-ақ еңбегі ел есіне сақталатын тұлғаларды жоқтау, біреуді алыс жолға аттандырғанда жақсы тілек айту сияқты сөздер торқалы тойлар мен топырақты өлімдерде алқатоп алдында айтылатын болған. Бұрынғы, яғни ХХ ғасырдың 80-90-жылдарына дейін бұл сөздер поэзия жанрында көрінген, яғни өлеңмен, көбінесе толғаумен айтылған. Ал қарасөзбен айтылған мадақ сөз, біздің байқауымызша, бүгінгі сипатында тұңғыш рет 1923  жылы көрінді деуге болады.

Осы жылы көрнекті қоғам қайраткері, қазақтың ұлттық әліпбиін (графикасын) түзген, қазақ тілі мен әдебиетінің тұңғыш оқулықтарын жазған, белгілі публицист, ақын Ахмет Байтұрсынұлының 50 жасқа келген мерейтойы Орынбор мен Ташкент қалаларында өтеді. Орынбордағы баяндаманы алаштың жаңа көріне бастаған адал ұлы Смағұл Сәдуақасов жасаған. Бұл мерейтойға арналған жиналыстарда баяндамалар да жасалғаны, шығып сөйлегендер де болғаны даусыз.

Мұндай мерейтойлардың әлеуметі өміріне кеңінен еніп, белгілі бір дәстүрге айналғаны ХХ ғасырдың ІІ жартысы деуге болады. 1945 жылы ұлы Абайдың 100 жылдығына арналып Алматыда өткен конференцияда Мұхтар Әуезовтің бас баяндамасын бастап, өзге де ғылым, білім қайраткерлері мен белгілі ақын-жазушылардың сөздері түгелімен алқасөздің үздік үлгілері болды, бірсыпырасы ауызша айтылды.

Өткен ХХ ғасырдың 50-60-жылдарынан бастап бүгінгі күнге дейін қоғам өмірінде орысша «дөңгелек даталар» деп, қазақша мүшелтой лайық тірі жүргендердің мерейтойларын атап, жиындарды өткізу дәстүрге айналды. Бұл жиындарда дүйім жұртқа ауызша жеткізілетін сөздер ұсынылады. Бұларда әңгіме өзегі әлеуметтік мүддемен жиналған үлкен топтан бастап шағын қонақтар тобына арналған мәселелер болады. Әлеуметтік мән-маңызды бар құттықтаулар мен тілектер де осындай тұрмыстық «аудиторияларда» орын алады.

Құттықтаулар мен мадақ сөздер болғандықтан, бұлардың  стильдік өрнегі нағыз көркем көзге жанасады. Мұнда романтикалық  пафос, лирикалық сәттер, поэтикалық тәсілдер: құлаққа жағымды келетін ұйқас, ырғақтар да әр жерден көрініп отырады. Мысалы, Мұхтар Әуезов Жамбылдың 100 жылдық мерекесінде жасаған баяндамасында: Жамбыл ел өнерінің бөлеуінде – алтын бесігінде өскен. Әсіресе ел бұлағының қайнар бір көзінен, мөлдір бір тасқынынан туған, – дейді. Жамбыл қазақтың сөз өнерін жақсы меңгерген деген қасаң сөйлеммен емес, айтар ойын сол өнерді алтын бесікке балап, мөлдір бұлаққа теңеп білдіреді.

Қазіргі кейбір ауызша шешен айтылған сөздер жанры жағынан көркем әдебиеттен әрі ресми публицистикаға жақын тұрады. Ол – әңгіме нысанына (объектісіне, тақырыбына), мақсатына, тыңдаушылардың аялық білімдеріне (негізінен кімдер екендігіне) және сөздің ұзын-қысқалығына да қатысты болады.

Айталық, жиын, конференция, дастарқан басы т.т. сияқты мерей сәттерге жиналған жұртшылықтың сүйіне тыңдап, сүйсіне түсінетін мадақ сөздердің стильдік-көркемдік өңі мүлде көтеріңкі, ең бір асыл теңеулермен, эпитет, метафоралары жеңіл, қысқа қайырылған болып келеді. Сөйлеушінің өзінің көңіл күйі, сүйсінгені қоса көрінеді. Ол үшін І жақта келген сөздерді (сөйлем мүшелерін) жиірек келтіреді, сұраулы сөйлемдер арқылы өз пікіріне сай түсетін-түспейтінін анықтайды.

Міне, сөйтіп, басқаша айтқанда деген сияқты айтылған сөзді түйіндеу, анықтай түсу сияқты көмекші элементтер де орын алуы мүмкін. Мадақ сөздің, мерейлі сәтімен құттықтау сөздердің әрі қысқа, әрі әсем «өрнегі жағынан орамды боп келген» (М.Әуезов танымы) үлгісінің бірін жазушы, ғалым Зейнолла Қабдоловтың қырғыздың шоң қаламгері Шыңғыс Айтматовтың  жасқа келген мерекесіне байланысты Күркіреусу жайлауында өткен той үстінде сөйлеген сөзінен көруге оқып білуге болады2 (Қабдолов З. Таңдамалы шығармалары. Алматы, 1983. 2-том. 441-442 бб.):

Мерей

Басқасын былай қойғанда, он тоғызыншы ғасырда Абайы, жиырмасыншы ғасырда Әуезові бар қазақты әлдебір өнер аспанының әр мөлшердегі яки әр өлшемдегі жұлдыздарымен таңдандыру қиын. Өйткені Абай мен Әуезов секілді күллі адамзатқа ортақ ақыл, ой, өнер алыптары қазіргі қазақты кеңістік пен биіктік атаулыға қыранша қарауға үйретіп кеткен.

Десек те дәл осы қазақ өзінің бір туған бауыры қандас қырғыздың Шыңғыс Айтматовына таңдану былай тұрсын, тамсанады.

Неге?

Неге десеңіз – Шыңғыс Айтматов өмірдегі өрліктің қандайын болса да, өнердегі ерлікпен бағындырды; өмірдегі тәкаппарлықтың қандайын болса да өнердегі қайсарлықпен табындырды.

Турасын айтайық, Айтматов адамда болатын қабілет пен талантқа тән әдеттегі әл-қуат қана емес, әдеттен тыс асау күш болып шықты. Ол кез-келген керім қолдан келе бермейтін кереметтер жасады.

Айтматов әлемнің бес құрлығына бірдей ортақ биік бел үстіне қырғыздың алты қанат ақ үйін апарып тікті. Мұның өзі тоғыз жолдың торабында тұрған ақ орда болып шықты. Бұл тұста замана жолаушысының қандайы болсын, бәрі бір, бұл ақ ордаға бір соқпай өтпейді. Соқса болды, ол кім: Еуропа яки Америка адамы ма, Азия яки Африка азаматы ма, бәрібір, — ақ ордадағы шоң қырғыздың толағай ақылы мен парасатына кенелмей кетпейді, телегей сыры мен сезіміне тербелмей өтпейді.

Ол – ол ма! Ағылшын болсын, француз болсын, грек болсын, түрік болсын, бәрібір … – бәрі де қалай қырғыз боп кеткенін білмей қалады: испан қызы сүюдің ақтығы мен пәктігін Жәмиладан үйренсе, иран жігіті Манас елінің, Талас жерінің Данияры боп ән салады. Дүйшен бес құрлықта бірдей ұстаздарға ұстаз болса, Толғанай, Долорес Ибаррури айтқандай, аналардың анасына айналып кетті.

Ол – ол ма! Бүгінгі бес құрлықта бірдей жамырап өсіп келе жатқан жас балдырғандар жабыла жүгіріп, Ыстықкөл жағасына келіп, Сантас шоқысына шығып, жарық дүниеге «Ақ кемедегі» қырғыз баласының дүрбісімен қарай бастады.

Бұл не деген сөз?

Біздің қандас қырғыздың о баста бір жарқ еткен ұлттық рухының ұшқыны – Шыңғыс Айтматов бұл күндерде ұлттық шеңберді бұзып, жалпы адамзат санасында маздаған Прометей отына айналды деген сөз.

Бұл – нағыз ақынның бірыңғай ақындықтан гөрі кеңірек, тереңірек, биігірек тұратыны тәрізді, Шыңғыс Айтматов бірыңғай қаламгер деген ұғымнан әрірек асып, біздің дәуірдегі жалпы парасат әлемінің ірі, іргелі де күрделі тұлғасына айналды деген сөз.

Осындай Айтматовтың жерден шықпай, көктен түспей, киелі «Манас» топырағында, қасиетті Тоқтағұл атырабында, ағалар алғашқы шыбығын шанышқан қырғыз совет әдебиетінің жасыл жайлауында жайқалып өскен мәуелі бәйтерек екеніне қалай сүйсінбессің?

Осынау жайсаң қырғыздың замандас құрбымыз болғаны, қаламдас досымыз болғаны біз үшін, әлбетте, мерей!

Үлкен мерей!!!

Енді осы мәтінді шешендік сөздің үлгісі ретінде талдап көрелік. З. Қабдолов – күшті ғалым ғана емес, сөзге шешен ұстаз, белгілі көркем туындылар берген жазушы. Мұнда шешендіктің бірінші шарты – бейнелі, эмотив тіркестер баршылық: қыранша қарау, алты қанат ақ үй, тоғыз жолдың торабында, шоң қырғыз, толағай ақылы, телегей сыры т.т.

Құттықтаушы Зейнолла Қабдоловтың сөзінде дыбыстық әсердің болуы шарт. Ол әсер аллитерация мен ассонанс арқылы да жасалады. Талданып отырған сөзде ауызша сөзде құлаққа жағымды тиетін дыбыс гармониясын жасайтын ассонанс пен аллитерациялы түзілімдер баршылық: ол [Шыңғы Айтматов] кез-келген керім қолдан келе бермейтін кереметтер жасады (шешен бұл сөйлемде қ дыбысын ойнатып тұр)… Айтматов әлемнің бес құрлығына бірдей ортақ биік бел үстіне қырғыздың алты қанат ақ үйін апарып тікті (шешен а,б дыбыстарын да іске жеге білген).

Бұл монологте … кенелмей кетпейді… тербелмей өтпейді сияқты ұйқасты тіркестер де іске қосылған. Мұндағы бейнелі фразеологизмдердің өзі де аллитерациялы: тоғыз жолдың торабы, қыранша қарау.

Тағы бір ұтымды амал – қайталамалар. Олар, әрине, әр түрлі: жеке бір сөздің қайталануы: әр мөлшердегі, әр өлшемдегі, ағылшын болсын, француз болсын, грек болсын, түрік болсын..., қатар келген бірнеше сөйлем не тіпті абзацтардың анафорасы болып бір құрылыммен басталуы: екі абзац ол – ол ма деген қыстырма сөзбен, келесі екі абзацтың бұл деген біркелкі бастауыштан басталуы осы айтылғандарды дәлелдейді.

Мұндай қайталамалар, біріншіден, айтылатын бір ойға екпін түсіреді, екіншіден, жеке сөздердің немесе сөз тіркестерінің қайталануы мәтінді үлкенді-кішілі буындарға бөліп, шешеннің сөзін тез қабылдауға жәрдемдеседі, үшіншіден, дыбыстық гармония да жасайды.

Қысқасы, Зейнолла Қабдоловтың бұл құттықтау сөзі – бүгінгі ауызша алқасөздердің бір тармағы – мадақ сөздердің жақсы үлгісі. Бұл күнде мұндай фактілерді молынан келтіруге болады.        

Дереккөз: «Тұран» университеті, журналистика мамандығының дәрісі

Басқа материалдар: 

  1. Сұхбаттасу процесіндегі сөздер
  2. Отандық тележурналистика тарихы
  3. Ғұмардың ғұлама ғұмыры
  4. Қашаған Күржіманұлының өміріне байланысты тест сұрақтары
  5. Қазақ әдебиеті бойынша тақырыптық тест жинағы
  6. Тест: Ақиық ақынның өлеңдерін қаншалықты жақсы білесіз?
  7. Қазақ тілі пәні бойынша бөлімді қорытындылауға арналған тест тапсырмалары
  8. Ежелгі дәуір әдебиеті
  9. Лиро-эпостық жырлар. Халық ауыз әдебиетінің рухани қазынасы
  10. Тест: Ақиық ақынның өлеңдерін қаншалықты жақсы білесіз?

ПІКІР ҚАЛДЫРУ