Отандық тележурналистика тарихы

0
1840
Иллюстрация: Freepik.com

Одақтас республикаларда елуінші жылдардан бастап алғашқы телестудиялар ашыла бастады. Соған орай, еңбекте телестудиялардың қоғам өміріндегі мәні мен маңызы туралы осы саланы зерттеуші ғалымдар С. Масғұтов, Қ. Аманбаев, М. Барманқұлов, Н. Омашев, С. Қозыбаев еңбектері басшылыққа алынды.

Қазақ теледидарының алғашқы телехабарларын тәжірибе түріндегі – кинофильм, театр және эстарда шығармалары құрады. Теледидарға газет және радио саласынан келген журналистер үшін телехабарлардың өзіне тән кәсіби ерекшеліктерін игеру алғашында оңайға түскен жоқ.

Газет және радиожурналистері сөзбен жұмыс істесе, енді оларға телеөнерде өмірдің өзіндей жанды бейнені көрермен көз алдына әкелудің күрделі тетігін меңгеруге тура келді. Сондықтан тележурналистке телехабардың табиғатына қатысты қолданылатын көркемдік безендіру мен мәнерлі құралдар – көрініспен кріге сабақтасқан мәтін, шу, музыканы, кешенді игеру қажеттілігі туындады.

Ізденістің нәтижесінде алпысыншы жылдардың басында-ақ «Алматы студиясы ұжымының күшімен даярланған туындылар салалық редакцияларда 40 пайызды құрады». Студия тұңғыш рет Қырғызстан менҚазақстан арасында телевизиялық үндесуді жүзеге асырып, нәтижесінде екі елдің қоғамдық-әлеуметтік, мәдени саладағы табыстары көрермендерге көрсетілді.

Алғашқы жылдары ақпаратты хабарлау экранда ауызша түрде өтіп жатты. Ол кезде оқиғаны үлдірге (пленкаға) толықтай түсіру мүмкіндігі болмады. Бұған телевизиядағы киноның өндірістік-техникалық базасының әлсіздігі ғана емес, сонымен қатар «тікелей хабардың» күрделілігі, әр тележурналистердің өздеріне деген сенімсіздіктері де себепші болды.

Егер 1960 жылы республикада небәрі 4-5 студия болс, уақыт өте ол 14-ке жетіп, хабар тарату көлемі 44 сағатқа өсті. 1958 жылы Өскемен мен Қарағанды, 1959 жылы Жезқазған, 1960 жылы Петропавл, 1964 жылы Целиноград, Орал, Балқаш, 1965 жылы Семей мен Павлодарда көрермендер көгілдір экранмен қауышты. Радирелелік желілер құрылып, қуатты хабар таратқыш орнатылып, көршілес Өзбекстан мен Қырғызстаннан телехабарлар қабылдау мүмкіндігі туды.

Телевизияның техникалық дамуы туралы профессор С. Қозыбаев: «Қазақстан республикасында бүгінде 60-тан астам телевизиялық орталықтар мен ретрансляторлар жұмыс істейді. Теледидар бағдарламасын күн сайын 10 миллионнан астам адам тамашалап, республика тұрғындарының 76 пайызы көреді.

Теледидар күн санап қоғамдық өмірімізге кеңінен ене бастады. Оның шапшаң қарқынмен өсуіелдің саяси-экономикалық, саяси-әлеуметтік, әлеуметтік-мәдени өрлеуімен өрлеуімен тұспа-тұс келді. Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің 1960 жылғы 20 сәуірде қабылдаған «Республикада радиохабарларды және телевизияны одан әрі дамыту туралы» қаулысы елімізде теледидардың даму барысын тездетіп, оның өз мүмкіндіктерін кеңінен ашуына негіз қалады.

Қаулының мәні аудитория мен теледидар студиясын бір-біріне етене жақындастыра түсті. Сондықтан шығармашлықы ұжымдар өздерінің перспективалық жұмыс бағдарламаларын қайта қарады.

Сол кезеңге тән болған негізгі бағыттар былайша жүйеленеді: қоғамдық-саяси хабарлардың сапасын жақсарту, оның тақырыптарын ұлғайту, эфирдегі мерзімін өсіру, кеңес адамдарының жасампаздық ерлік істерін үзбей көрсетуді жолға қою, елдің ішкі, сыртқы өзекті мәселелері жөнінде басшылардың тұрақты сөйлеуін ұйымдастыру, хат бөлімі редакциясын құрып, онда соңғы жаңалықтар, көрермендермен тұрақты өткізілетін конференцияларға талдау жасау, елдің қоғамдық өмірі мен шетелдегі жаңалықтарды үзбей көрсету, өндіріс пен шаруашылықтағы озат тәжірибені насихаттау, көркемөнерпаздар үйірмесі, театр қойылымдарына мол орын беру, балалар мен жастар хабарларының тепе-теңдігін сақтау, бағдарламалардың негізгі түрлері бойынша қоғамдық кеңес құру.

Күнделікті сан-саладағы материалдар өзегіндегі классикалық жанр мен журналистикалық түрдің экрандық құралдар ерекшеліктеріне сәйкес үйлесуі көптеген қиындыққа кезікті. Ақпараттық жанрлар біртіндеп өз бетін тауып, теледидарда орныға бастаса, ал публицистикалық жанрлардағы жағдай сын көтермеді. Әсіресе, фельетон саласындағы ізденіс нәтиже бермеді.

Драмалық хроника мен деректі драма да сәтсіздікке ұшырады. Театрлық қойылымдар теледидар режиссері мен редакторының ұштауларына үлкен мектеп болды.

Телехабардың көбейіп, көркемдік дәрежелерінің өсуіне ЖТС (жылжымалы телевизиялық станса) пен ТЖК (телевизиялық жуналистік кешен) өмірге келуінің айтарлықтай пайдасы тиді. ЖТС-тан репортаж жүргізу журналистердің жаңа толқынын өмірге әкеліп, олар тікелей эфирден репортаж жүргізу, сұхбат алу, телеақпаратты шұғыл әрі сапалы дайындауға бейімделе бастады.

Облыстық студиялар мен жасалған телеүндесулер шыншыл болып, олардың көркемдік мазмұны қаныға түсті. ТЖК-ның өмірге келуімен теледидарда бейнежазу мен бейнемонтаж пайда болды.

Қазақ телехабарының қалыптасуын телеплакат, очерк, репортаж, әңгіме, хабар т.б. алуан үгідегі жанрлар мен пішіндер құрады. Кинопленканың аз кезінде эфирдегі көріністі көпшілігінде жансыз суреттер мен диаграммалар не белгілі бір адамдардың сөздердің үзінділері толықтырылып отырса да, уақыт өте келе хабарлардың пшіні мен түрі недәуір өзгеріске ұшырады.

Осы өзгерістер алуан саладағы хабарлар жанрларының өзгеру-өсу эволюцясын бейнелейді. Көрермен үшін сан алуан жанрлар мен пішіндерде берілген хабарлар көркемдік жағынан сапалы болмаса да, рухани байлығы мол, құнарлы арена болды. Сөйтіп, телешығарылымдардағы әдістер жиынтығы мен алуан бейнелеу түрлері болашақ ізденістердің негізін қалады.

Алайда теледидардағы бірлестіктердің өзіне тән кемшіліктері де кездесіп отырды. Атап айтқанда:

а) марксизм-ленинизм теориясын насихаттау өз мүмкіндігінен төмен дәрежеде жүргізіліп, материалды беруде біріздіік жүйе болмады;

ә) жастарға арналған хабарларға көңіл аз бөлініп, жұмысшы тақырыбы өз деңгейінен әлдеқайда төмен даярланды;

б) хабарды көрсетіп телеаудитория құрамы тиісті дәрежеде зерттелмеді;

в) телеақпаратта мазмұнның мақсатқа бағындырылмауы және экрандағы жанрлар мен пішіндердің үйлесімділігінен туындайтын көпдауысты, көпүнділік мазмұндық – көркемдік жетіспеді;

г) кәсіби өсу үстіндегі тележаңалықтар қызметінде ақиқаттың толықтай бейнесі берілмеді.

1968 жылы Қазақ телевизиясы бағдарламалары жаңа цикл рубрикаларымен толықты. Жұмыста «Менің Қазақстаным», «Адам, қоғам, заң», «Адамдар және өзім туралы», «Ауыл шаруашылығы озат тәжірибесінің мектебі», «Қызметің қалай, жақсы ма?», «Алпысыншы жылдардың комсомолецтері», «Номері он үшінші пәтер», «Шалқыма», «Музыка кілті», «Камертон» т.б. телехабарларға шығармашлық талдау жасалды.

Телефильм жанры 60 жылдардың орта шенінде-ақ пайда болды. Кеңес жылдарында республикамыздың қарыштап өсу жолын баяндайтын «Қазақтелефильм» жасаған «Мен-Қазақстанмын» атты көп сериялы деректі фильм 1969 жылы Ленинградта өткен телефильмдердің Бүкілодақтық ІІІ фестивальде диплом алғаны фильм жасаушылар шеберліктерінің өскендігіне дәлел болды.

60-жылдардағы бағдарламалар мазмұндық, жанрлық әрі ішін жағынана жа өзгеріске ұшырады. «Әр күніміз ерлікке толы», «Кітап әлемінде», «Теңіз адамдар үшін жаралған» очерктер, «Әңгіме жаз туралы», кинорепортаж, «Мереке таңы», «Октябрь» телеплакат, «Біздің ауылдың адамдары» телерепортаж, «Көгілдір от» мерекелік программа «Дүниеде шындық біреу» арнаулы бағдарлама, «Қанатты жыр» әдеби хабар, сондай-ақ, балаларға арналған спорт бағдарламасы, бөбектерге арналған телевизиялық журнал «Жұлдызша», «Фактілер, оқиғалар, хроника», телевизиялық жинақ «Табиғат», «Жастар дауысы» т.б. көптеген телебағдарламалар сол кезеңнің тынымсыз ізденістері арқасында өмірге келген туындылар екені жұмыста ғылыми тұрғыдан дәйектелді.

Отандық тележурналистика тарихы да тамаша телепублицистер мен білікті тележурналистердің талантты туындыларымен сабақтас. Тележүргізушілердің тақырыпты табудан бастап, сценарий жазу, эфирде хабар жүргізу, сөйлеудегі шешендік, талдаудағы тереңдік, тікелей эфирдегі кенеттен тапқырлық, көз сүйсінетіндей көріктілік пен сұхбаттағы парасатталығы өзгелерге үлгі болды.

Теледидарда екі тілде хабар жүргізген С. Масғұтов, «Кездесу», «Сұхбат» хабарлары арқылы экранға тың пішін әкелген С. Оразалинов, «Атамекен» хабарларымен танымал болған Қ. Игісінов «Алтыбақанның» автры – жүргізушісі Ф. Бегембаева, спорт хабарларын жүргізген Р. Жәнібеков пен Қ. Аралбаев, «Көкпармен» әйгілі болған Н. Иманғалиұлы, «Өмір-өзенімен» есте қалған Б.Құсанбек т.б. тележұлдыздар талантымен теледидардың жанрлық түрлері, даму сипатының тарихы жазылды.

Телпублицист Ғ. Шалахметовтің Екібастұз көмір бассейнімен сабақтас өндірістердегі еңбекті ұйымдастыру проблемасын көтерген «Ритм операциясы», ел көлеміндегі кемшілктер жайлы «Бір хаттың ізімен» сапарға шыққан журналист Қ. Қорғановтың, уақыт сырын ашына айтқан С. Әшімбаевтың «Парыз бен қарыз» хабарлары арқылы жариялылықтың тар құрсауға сыймайтын өткірлігі айқындалады.

Алпысыншы жылдарда өмірге келген сан алуан тақырыптағы телебағдарламалардың 70-80 жылдары кейбір атаулары өзгеріске түскенмен, көпшілігі жылдар сілеміндегі мазмұндық сипатын түрлендіре, басқа атаумен қайталанып отырды. Бағдарламалар тақырыбы өзгергенмен, көтерген мәселелер, оқиғалар сол уақыттың толғақты проблемаларын қамтыды. Бұл өмір ағымының мазмұндық не идеялық мақсаттағы өзгерістері болмаса, көп мәселенің жылдар мен уақытқа ортақ екендігіне дәлел болғандығы жұмыста сараланған.

Телевизияның құрылу, қалыптасу, даму жолында кемшіліктер де жетістіктер де молынан болды. Ол әр жылдардағы бағдарламаларда айқын көрініп, сраланып отырды. Отандық тележурналистиканың қалыптасу кезеңіндегі телешығармашылықтағы кемшіліктерге:

а) телехабарлардағы идея мен ойдың таяздығы;

ә) көріністік қатарлардың сүреңсіздігі;

б) кейіпкер дүниесін ашудағы сценарий авторларының әлсіздігі;

в) қажетті техникалық құралдардың болмауы;

г) кәсіби жуналист мамандарының аздығынан іздестірген орынды.

Дегенмен, телехабарлардың тиімді тұстары ретінде:

а) телепублицистердің бірте-бірте ізденіске түсуі;

ә) шығармашылық ұжымның құрылуы;

б) хабарларды түрлендіру мен жанрларды іздестіру;

в) жиынтық хабарлардың пайда болуы жатқызылды.

Кемшілікті қайталамау да ізденіске бастайтын өнегелі жол. Мұндай сәттердің молдығы алуан бағыттағы, сан түрлі пішіндегі хабарларды талдағанда анықталды.

Қоғамдағы түбірлі өзгерістердің телерадиохабарлар пішіні мен журналсит мандығына әсері мол болды. Партиялық баспасөздің ескі лениндік қағидалары мен үрдістері, жариялылық, сөз еркіндігі, ақпара айқындығы, демократия секілді ұғымдармен орын ауыстырды.

Хабар таратуда монологтан диалогқа көшу, қоғамдық –саяси, адамгершілік, мәдени, тарихи проблемаларда түрлі көзқарастар мен пікірлерді салыстыра қарау етек алды. Жариялылық радио және телехабарлардағы диалогке көрерменнің қатысуын, пікірталасқа аудиторияның араласуын, жаңа жанрлар мен пішіндердің пайда болуына негіз қалады.

Тәуелсіз Қазақстан мемлекеін нығайту, экономикалық ауыртпалықтардан құтылу, азаматтарға лайықты өмір жасап, олардың конститутциялық құқығы мен бостандығын қорғау жолында сындарлы әңгіме өткізу, айқын ойлайтынадамдардың басын біріктірудің барған сайын нақтылыққа айналып отырғаны ақиқат.

Осы орайда, сөз бостандығы мен ойды еркін білдіру, ақпаратқа қол жеткізу – аса маңызды. Қорыта келгенде, отандық тележурналисткианың алғашқы қалыптасу, даму кезеңі кеңес теледидарының өткен жолдарымен сабақтаса, өзектесе қарастырылды.

Дереккөз: Тұрсын Қ. Қазақ тележурналистикасы: қалыптасу, даму проблемалары / Алматы: Білім, 2006.-352б.

Басқа материалдар:

  1. Қош бол, Әліппем! (сценарий)
  2. Әліппенің атасы. Ахмет Байтұрсынов туралы танымдық сағат
  3. «Бесатар» повесі немесе қызыл империяға қарсы атылған оқ
  4. Асқар Сүлейменовтың өмірі мен қызметі
  5. «Қаһар» романы туралы. Шығарманың тілдік ерекшелігі
  6. Ілияс Есенберлиннің өмірі туралы мәлімет
  7. Сәкен Сейфулиннің өмірі мен еңбек жолы
  8. Сәкен Сейфуллин өлеңдерінің идеясы мен мәні
  9. «Қайталау» теориясы туралы түсінік

ПІКІР ҚАЛДЫРУ