Мектеп жасына дейінгі балаларды дидактикалық ойындар арқылы еңбекке тәрбиелеу

0
2090
Әлеуметтік желінің пайдасы мен зияны

Еңбек тәрбиесі қашан да ең маңызды қоғамдық міндеттердің бірі болып табылады. Сондықтан жас жеткіншектің жан-жақты өсіп дамуы үшін бірден-бір қажетті нәрсе – еңбек екендігін айқын аңғарамыз. Ал баланы еңбекке тәрбиелеудің бастапқы ұясы – отбасы, сосын мектепке дейінгі мекеме. Бұл ретте ата-ананың, тәрбиешілердің орны бірінші кезекке қойылады. Бала кез келген сәтте үйдегі адамдарға, алдындағы тәрбиешісіне еліктейтін болғандықтан, олар өздерінің бала алдындағы іс-әрекет, қимылдарына ерекше мән беруі керек. Балалар сол үлкендерден көргенін жасауға талпынады. «Өзім киемін», «өзім істеймін» деген сияқты дамылсыз әрекеттеріне мүмкіндік беріп, қолдап отырған дұрыс. Өйткені, дәл осының өзі еңбек нышанының алғашқы бастамасы.

Педагогтың айқын ұстанымының бірі – балаға жас ерекшелігіне сай белсенді және өзіндік тәжірибені жинақтау үшін және белгілі бір еңбек дағдыларын жетілдіруге көмектесу.

Педагог ойын арқылы балада еңбек тәрбиесінің сұрақтарын қарастыруға, қоршаған ортадағы сұлылықты көруге, адам қолымен жасалып шыққан туындыларды байқап, бағалауға және кемшіліктерін жойып, сұлылыққа ұмтылуға үйретеді.

Осы орайда ойын түрлері ұсынылады:

«Қуыршақтарға арнап дастархан әзірлейік» дидактикалық ойыны

Мақсаты: балаларға дастарханды дұрыс, мәдениетті әзірлеуді үйрету. Үстел жаюға арналған заттардың атын атату. Этика (әдеп) ережелерімен таныстыру: қонақтарды қарсы алу, сыйлықтарды қабылдау, үстелге шақыру, дастарханда өзін-өзі ұстауы. Балаларға адамгершілік тәрбие беру. Достық қарым-қатынастарын жетілдіру.

Ойынның барысы:

Тәрбиеші топқа әдемі киінген қуыршақпен кіреді. Балалар қуыршаққа қарап, оның киімдерін жеке-жеке атайды. Тәрбиеші балаларға қуыршақтың мерекелік дастарханын әзірлеуге көмектесуін ұсынады. (Қуыршақтың жиһаздары мен ыдыстары қолданылады.)

Тәрбиеші балалармен бірге қызметтердің кезеңдерін орындайды (қол жуу, дастарханды үстелге жаю, үстелдің ортасына гүлі бар ваза қою, нан салатын ыдысты және сүлгі салатын ыдысты қою, шыны мен тарелкаларды дайындау, олардың қасына қасық, шанышқы, пышақты орналастыру). Содан кейін қонақтарды қарсы алу кезеңі орындалады. Балалар қуыршақтарды орындарына отырғызады.

Ересек мектеп жасына дейінгі балалар дастархан әзірлеуді толық меңгеруі үшін кезекшілік кезіндегі суреттерді көрсетуге болады. Балалар суреттерді рет-

ретімен қоюы керек. Дастархан әзірлегенде ыдыстарды қоюдың реттілігін білуі керек.

«Әсем не істегісі келеді?» дидактикалық ойыны

Мақсаты: балаларға кейбір еңбек түрлері туралы айтып, оларға керекті материалмен, құрал-жабдықтармен және оларды қандай жұмыстарда қолданылатынын таныстыру.

Ойынның барысы:

Тәрбиеші балалармен Әсем атты қуыршақтың атынан сөйлеседі.

— Әсем менен елеген, су құйылған шелек және сабын сұрады.

Қуыршақтың атаған заттарын береді.

— Қалай ойлайсыңдар, ол мына заттармен не істейді?

— Жуады.

— Дұрыс. Енді Әсем кастрюль, сүт, қант, тұз және бидай алды. Әсем не істегелі тұр?

— Қуыршақ тамақ істегелі тұр.

— Тамақ қалай аталады?

— Бидайдан көже.

Бұл ойын түрінде басқа да еңбек әрекеттері және ойынға байланысты заттардың сәйкес болуы. Сәбилерге мына заттарды: үтік, қуыршақтың киімдерін үтіктейтін орын, шелек және суқұйғыш – ол гүлдерді суғаруға арналғандығы туралы мәлімет беріледі.

Бұл ойынды ересек топтарда өткізсе, тәрбиеші картинадағы заттардың суреттерін қолданып, немесе көрнекіліксіз де балаларға қиындатылған еңбек түрлерін тапқызады. Мысалы: пышақ, түрлі-түсті қағаз, желім, сызғыш, қарындаш – кітапты жапсыру, қорапты жөндеу, атрибут.

Ойынды біраз қиындады: бір бала затты тақтаға салады, ал басқалары еңбек түрін анықтайды немесе барлық балалар бір уақытта түрлі-түсті қағазға сурет салады, одан кейін бір-біріне суретті көрсету арқылы еңбек түрін анықтайды.

«Бұл кімге керек?» дидактикалық ойыны

Мақсаты: балаларға заттарды бүктеу түрлерімен және олардың еңбекте қолданылуы туралы түсіндіру, мамандықтармен таныстыру.

Ойынның барысы:

Тәрбиеші балаларға әр түрлі заттарды айтады, аттарын ататып, сол туралы, қандай мақсатта қолданылатынын сұрайды.

Мысалы: -Мынау ожау, ол аспазшыға тамақты араластыруға, көжені, компотты құюға керек. Ойын басталмас бұрын ересек жастағы балалар әр түрлі суреттегі бейнелер мен заттарды таңдап алады. Мысалы: тістеуік, балға, кофе қайнатқыш, шаңсорғыш, компьютер, микрофон, сантиметр өлшейтін, микроскоп, телескоп. Балалар картинаны алып, адамдардың мамандықтарын атап, бейнеленген заттарды өз еңбектерінде қолданады.

«Жұмысты таңдаймыз» дидактикалық ойыны

Мақсаты: балаларды мамандық түрлерімен таныстыру, балаларға таныс емес мамандықтарды бақылату, кез келген мамандыққа адамдардың еңбекке деген қызығушылығын ояту.

Ойынның барысы:

Тәрбиеші балалармен бірге шеңбер құрып, тақпақ айтып жүреді:

Бірге достықпен өсеміз,

Жұмысты бірге таңдаймыз.

Ғарышкер боламыз,

Ракетаны ұшырамыз.

Балалар ұшқан ракетаның дауысын салады, тәрбиешінің айтуымен.

Капитан болып барамыз,

Кемені жүргіземіз.

Капитанның дүрбімен қалай қарайтынын көрсетеді.

Ойынды ересек топтағы балалармен де ойнатуға болады, олар өз еріктерімен сәйкес қимылдарды жасай алады.

Ойын үстінде бала өзін еркін ұстайды. Ал еркіндік дегеніміз барлық дамудың баспалдағы. Сондай-ақ ойын баланың болашақ өміріне есік ашып, оның іздемпаздық, тапқырлық қабілетін оятады. Осы тұрғыда баланың байқағыштық, зерттеп-салыстыру, сезім қабілетін дамытуға, баланың заттарды белгілері бойынша тану, түйсіну қабілетін ұштап қана қоймай, сонымен қатар сөздік қорын молайтуда дидактикалық ойындардың орны ерекше болып табылады.

Ойын ережелерге сүйенеді, ережелер әр баланың ойында не істеу керектігін, қалай істеу керектігін, мақсатқа жетудің жолдарын көрсетеді және ақыл-ой қабілеттерін дамытады, әсіресе, кішкентай топтағы балалар өзін-өзі ұстауға, өздерінің мінез-құлықтарын қадағалауға үйренеді. Сонымен бірге, психологиялық жағдайларын жақсартады: көңіл аударғыштығын, байқағыштығын және мейірімділікке, кішіпейілділікке үйретеді.

Қорыта айтқанда, ойын-баланың жан серігі. Баланың рухани жетілуі мен табиғи өсуінің, денесінің дамуы мен ой дүниесінің өркен жаюы ойынға тікелей тәуелді. Баланың еңбек тәрбиесін ұйымдастыруда басты бағыт болып ойын қала береді, ол мектеп жасына дейінгі баланың логикалық өзіндік дамуына әсер етеді. Педагогикалық іс-әрекеттерде ойын тәсілдерін қолдану барысында өзіндік қызығушылық пайда болатыны бізге мәлім. Ойын барысында бала мен тәрбиеші арасында қызығушылықтары түйіседі. Баланың өзіндік дамуында міне, сондықтан да ойын арқылы оқыту тиімді болып табылады.

Қолданылған әдебиеттер:

1. «Бала мен балабақша» №6, 2012.

2. Богуславская З.М., Смирнова Е.О. «Мектепке дейінгі жастағы балаларға арналған дамыту ойындары» М., 1991.

3. Нечаева В.Г. «Трудовое воспитание в детском саду» М:Просвещение 1984.

4. Никитин Б.П. « Дамытушы ойындар» М., 1994.

 

Алпысбай Аққу Рымтайқызы

КММ №88 ЖББОМ жанындағы «Айдана» шағын орталығы

Әдіскер, педагог-психолог


ПІКІР ҚАЛДЫРУ