Мен қалай тәрбиешілік мамандығын таңдадым? (Эссе)

0
2778

Мен Алтаева Салтанат Сағатқызы 1991 жылы мамыр айының  28 жұлдызында өмір есігін аштым. Анамның ақ сүтінен нәр алып, әкемнің аяулы алақанынан жылу сезіндім. Бірақ, өмірге келгеніме тоғыз ай толғанда сұм ажал әкемді алып кетті. Оны білмесемде, сәби жүрек сезген шығар. Бұл да бір өмірдің сынағы болар. Иә, анашымның құшағында еркелеп жүріп үш жасқа келгенде мені балабақшаға ертіп апарды. Алғаш рет балабақшаға барғанда ол жердегі апайлардың жылы жүздері мені бірден баурап алды. Басымнан сипап «қандай сүйкімді қыз, шашың қандай әдемі бұйра-бұйра» келе ғой ортамызға дегені әлі есімде. Орындыққа отырғызып, балалармен таныстырып енді бұлар сенің достарың, ал біз сенің тәрбиеші апайларың боламыз деп таныстырды. Сөйтіп қызықты балабақша өмірі басталды. Тәрбиешім маған ән айтуды, би билеуді,қолыма қалам ұстатып сурет салуды үйретті. Ол мені өмірге жетеледі. Тәлім- тәрбие  берді. Ақыл-кеңесін айтты. Қоршаған ортамен таныстырып, деніміздің саулығын нығайтты. Әр таң сайын күліп қарсы алып, әр кеш сайын жылы лебізбен шығарып салды. Бойыма олардың әр қылығын сіңірдім. Әр сөзінен нәр алдым. Содан болар бойымда тәрбиешіге деген ерекше сезім қалды.

Алты жасқа келіп, мектеп табалдырығын аттадым. Ұстаз деген ұғымды сезіндім. Алғашқы ұстазым «Балалар мектеп сендердің алтын ұяларың, мұнда сендер тарыдай болып кіріп, таудай болып шығасыңдар» бұл дегеніміз білім нәрімен сусындатып, өмірге қадам басу деп түсіндірген.

Ұстаз- керемет ұғым. Бала жанына дән себуші, әріпті үйретіп бойымызға дарытушы. Бала жанын түсіне білу, қабілетін аша білу , өмірге жетелеп әр баланы тани білу ол да бір ұстаздық міндет іспетті.   Шыдамдылықпен әр балаға көңіл бөліп, жақсы қасиеттерін бағалап отыратын.  Бала көңіл осындай апайларыма қарап мен де өскенде «апай» болам деп армандаушы едім.

Мектептің ұмытылмас қызықты сәттерінде жүріп мектеп бітіретін жасқа жетіп қалғанмызды да байқамаппыз. Қазақ тілі пәнінен ұстазымыз келіп  «Кім болам?» тақырыбында шығарма жазуды тапсырды. Әлі есімде қолыма қалам алып мен Ұстаз болам балаларға білім нәрін себемін, ол үшін мен көп оқуым керек, көп білуім керек деп бастадым. Осындай армандардың жетегінде жүріп мектепті де ойдағыдай аяқтадым. Алда мені үлкен сынақ күтіп тұрды.

Ұлттық біріңғай тесттен жақсы бал алып «Мектепке дейінгі білім және тәрбие» мамандығына оқуға түстім. Мамандығым- Тәрбиеші!

Тәрбиеші- саф таза бала жанын түсіне білу, ортаға бейімдеу, әр баланы өмірге жетелеу, жақсы көру, еркелігін көтере білу, жақсы жағына тәрбиелеу, ұстамдылыққа, ептілікке, биік мақсаттарға тәрбиелеу жолында талмай еңбек етуші жан. Осындай мақсатпен , сеніммен мен тәрбиеші мамандығын алып шықтым.

Мақсатым- Еліміздің болашақ жастарын сүйіспеншілікке, мейірімділікке, білім нәрімен сусындату жолында талмай еңбек ету. Біздің әр сөзіміз, әр ісіміз оларға үлгі боларлықтай, болашақ қазақ елінің ұрпақтарына сара жол қалдыратындай еңбек ету. Мемлекетіміздің жарқын ойлы жастары, саналы ұрпақ қалыптасатындай тәрбие беру.

Қазіргі таңда №30 мектепке дейінгі ұйым «Ұрпақ» балабақшасында тәрбиеші болып қызмет етемін. Жас маманмын. Білгеніммен бөлісіп, білмегенімді үйренудемін.Ізденіс жолындамын. Жоғарға санатты тәрбиешілерден тәлім алып мамандығымды шындаудамын. Мақсатыма жету жолында еңбек етудемін.

Күнде таңертен балаларды қарсы алып, оларды жағымды үндерін, тәтті сөздерін «Сәлеметсіз бе?», деген сөздерін естігенде бойымды қуаныш кернейді.  Балалармен болған әр уақытым мені алға жетелейді. Олардың әр қайсысы ерекше бір әлем! Олардың менен күтетіндері көп екенін сеземін. Сол  үшінде білімімді шыңдап, бұл мамандықтың қыр сырын аша білуім керек. Өзіме деген сенімділікті арттырып, балалардың бойына сенім ұялатқым келді.

Педагогикалық- шеберліктің мәні алдымен қызықтыру, сонан соң уйрету, екенін негізге аламын. Балаларға жақсы көңіл күй сыйлап, саналы тәрбие беріп, сапалы білім беру. Өзімді балаларға бағыт беруші, жол сілтеуші сезінемін.

Тәрбие- отбасынан  басталады. Сондықтанда қашанда тәрбиеленушінің ата анасымен  жете танысып үнемі жақын қарым қатынаста болуды өзіме міндет етемін. Әр балаға сүйіспеншілік пен мейірім керек, әр балаға көңіл бөлу керек. Сондықтан да әр баланың жанын түсініп, кішкентай болсада жетістігіне қуанып, мақтап мадақтап , мерейін өсіріп отыру керек. Сонда ғана мен жақсы жетістікке қол жеткізетініме сенемін.

Ел аузында «Ағаш түзу өсу үшін оған бұтақ кезінде көмектесуге болады, ал үлкен ағаш болғанда оны түзете алмайсың» деген дана сөз бар. Сондықтан баланың бойына жастайынан ізгілік,  мейірімділік, адамгершілік сияқты құнды қасиеттерді сіңіруде тәрбиеші мен отбасы басты рөл атқарады.

Алтаева Салтанат Сағатқызы

Ақтөбе қаласы

«Жас маман 2017» байқауына қатысушы


ПІКІР ҚАЛДЫРУ