Мен — жаңашыл педагог (Эссе)

0
3223
Jennie Kim: кәріс айдолының Голливудтық дебюты

Арыстанмын, айбатыма кім шыдар?

Жолбарыспын, маған қарсы кім тұрар?

Көкте — бұлт, жерде — желмін гулеген,

Жер еркесі — желдің жөнін кім сұрар?

М.Жұмабаев

Мен, II санатты педагог-сарапшы, жоғары білімді, қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Қылышбаева Гүлзира Жолдыбайқызымын. Еңбек жолымды 2013 жылдан бастап тарихы терең Темірдегі, академик, ғалым Сақтаған Бәйішев атындағы орта мектебінен бастадым.Орыс сыныптарына қазақ тілі мен әдебиетінен сабақ беремін. Аты аталған мектепте ұстаздық қызмет етіп жатқаныма биыл 6 жыл болады.

Ең алғашында жаңа ортаға тез қалыптасып үйренісу, ұжымға жылдам сіңісіп кету өте қиынға соқты. Әйтсе де алға қойған мақсатымнан танбадым. Менің мақсатым — өзге ұлт балаларына тілді ғана үйрету емес, халқымның салты мен дәстүрін, жомарттығы мен парасатын ұғындыру, әр шәкірттің жүрегіне иман ұялатып, ниетіне ізгілік пен мейірім шапағатын себу. Қазақ тілінің маңызын, басқа ұлт балаларына сездіріп, тілге деген қызығушылығын арттыру болды.

Әр сабақты түсіндірген сайын бойымды қорқыныш сезімі билейтін. Бірақ та ештеңеге қарамастан болашаққа нық сеніммен ұстаздық қызмет жолымды бастап та кеттім.

Орыс мектептеріндегі оқытылатын қазақ тілі сабақтарының мақсаты- оқушылардың сөздік қорын дамыту, оқу техникасын қалыптастыру, дұрыс сөйлеуге, сауатты жазуға үйрету, сөйлем құрылысын меңгерту, қазақ тіліне тән дыбыстарды анық, дұрыс айту болса, мен өз сабағымда қосымша ретінде халық әндерін, Абай атамыздың әндерін әуелетіп айтып, көрнекті жазушылардың шығармаларынан үзінділерді сахналағанды дұрыс көремін.

«Егер мұғалім өн бойына, өз ісіне, шәкіртіне деген сүйіспеншілікті жинақтаса, ол нағыз ұстаз» деген орыс жазушысы Лев Толстойдың нақыл  сөзін жадымда ұстаймын. Өйткені ұстаз — мақтан тұтар, ұлы мамандық. Өмірдегі көп мамандықтардың ішінде жан-жақты білімділікті, шеберлікті, шәкіртжандылықты, сүйіспеншілікті қажет ететін мамандық — ұстаздық мамандық. Олай дейтін себебім, мұғалім еңбегі біріншіден, сапалы білім беруге тиіс болса, екіншіден, үнемі шәкірттерімен тығыз қарым-қатынаста болып, білсем, үйренсем деген бала арманын жүзеге асыратын маман.

Осындай қызығы да, қиыншылығы да мол мамандықты мен де таңдадым. Себебі, ұстаз болу — бала кезімнен арманым болатын. Сол арманға қазір жеттім деп айта аламын.

Қылышбаева Жолдыбайқызы Гүлзирамын,

Елімнің мақтан тұтар бір қызымын.

Шәкірттерге білім нәрін төккен,

Мектебімнің мақтан тұтар ұстазымын.

Ұстаздық қызмет — мен үшін өмірімнің мәні.

Мен ұстазбын, мәні осы өмірімнің,

Шәкірттерім гүліндей көңілімнің.

Арнаймын жігерімді табылуға,

Биігінен туған ел сенімінің.

Әр таңдағы әрбір игілікті ісім, ұстаздық шығармашылық ізденістерім, шәкірттеріммен бірлесе атқарған жемісті істерім мені алдағы уақыттағы мақсатты істерге жетелейді.

Оқушыларды сапалы білімге, еңбексүйгіштікке баули отырып, оқыту үрдісінде жаңа технологияларды қолдану арқылы шығармашылықпен жұмыс істейтін ұстаз екенімді көрсетіп жүрмін. Өз тәжірибемде профессор Ж.Қараевтың деңгейлеп- саралап оқыту технологиясын, Т.Маденованың модульдік оқыту технологиясын тиімді қолданамын. Осы технология бойынша сабағымда мына бағытта жұмыс жасаймын: ұжым, топпен, жеке, дарынды оқушыларды дайындау. Осы мақсатымның оң нәтижесін көрудемін. Дарынды оқушыларымның бірі — Совет Дәурен Өркенұлы. Ол халықаралық «Алаш үміті» фестивалі ғылыми жобаның күміс жүлде иегері, облыстық «Жас ғалым — 2018» ғылыми жобалар байқауының I орын иегері атанды.

«Білімнен асқан байлық, қараңғылықтан асқан қасірет жоқ» деген көнеден келе жатқан нақыл сөз бар. Бүгінгі заманда жеке тұлғаның да, мемлекеттің де тағдыры тек білімге тәуелді. Соған орай, менің мақсатым- сапалы білімді шәкірт жүрегіне ұялату, меңгерту.

Заман күннен — күнге дамып, өркендеу үстінде. Бүгінгі таңда жаңашылдыққа толы XXI ғасыр талабына сай лайықты, шығармашылыққа жаны құмар, дарынды, сауатты да саналы жеке тұлға қалыптастыру және тәрбиелеп шығару біздің міндетіміз.

Оқушы – гүл, мұғалім – бағбан. Бағбан жақсы күтім көрсетсе, гүл әдемі өсіп шығады. Мен — ақыл дәнін сепкен бағбанмын!

 

Қылышбаева Гүлзира Жолдыбайқызы

Темір ауданы, Темір қаласы

С.Байшев атындағы жалпы орта мектебі

 


ПІКІР ҚАЛДЫРУ