Қош келдің, Наурыз! (Сценарий)

0
2023
ұйымдастырылған оқу қызметінің конспектісі

Наурыз – бақыттың бастамасы, жақсылықтың жаршысы, өмірге нұр сыйлаған, сезімге гүл сыйлаған, халық қастерлейтін күн. 

Сабақтың мақсаты Ұлыстың ұлы күні Наурыз мерекесі туралы білімдерін тереңдету. Оқушылардың тілін, мәнерлеп өлең оқу, ән салу, би билеу, сөйлеу мәдениетін, сөздік қорын дамыту. Оқушыларды елін сүюге, дәстүрлі мерекелерді құрметтей білуге тәрбиелеу.

Көрнекілігі: нақыл сөздер жазылған парақшалар,суреттер.
Барысы:

Кіріспе:
Мұғалім сөзі: Құрметті ұстаздар, қадірлі қонақтар! Ұлыстың ұлы күні – Наурыз мейрамы құтты болсын! Наурыз – көнеден келе жатқан мейрам.
Наурыз – бақыттың бастамасы, жақсылықтың жаршысы, өмірге нұр сыйлаған, сезімге гүл сыйлаған, халық қастерлейтін күн. Ұлыстың ұлы күні құтты болсын, ағайын! Бүгінгі болғалы отырған «Қош келдің, Наурыз!» атты тәрбие сағатымызға қош келдіңіздер!
 Раяна:
Тыңдаңыздар,тыңдаңыздар!
Той дабылын қағып тұрған мұнда біз бар.
Тыңдаңыздар,тыңдаңыздар!
Наурыз тойы басталды.
Келіңіздер,Наурыз күнін қарсы алайық.

Наурыз тойға жиналған халқым менің
Бәріңнің ойға алғаның жарқын сенім.
Бүгінгі той, ертеңгі ардақты ісің,
Ғажап болсын таппайтын тепе-теңің.
Балалар бізге Қызыр баба,шуағын шашып Күн,Жиренше шешен, қонаққа келіпті.
Қызыр баба:Ау,аман ба, жарандар!
Алтын таңға қараңдар.
Ерте жайнап атты таң,
Естіліп жүр шаттық ән.
Аманбысың ардақты халқым менің
Ардақта Наурыз тойын салтыңды елім.
Мереке басы болсын берекенің
Игі еңбектің жемісін бәрің жегін! 
Күн:Гүлім:
Сәлем ата-аналар!

Қызыр баба аман ба?
Жақсы жайлы заманда,

Уақыт үдеп келдім мен.
Бақыт тілеп адамға.
Әне,Наурыз келді,әсемденер жер енді.
Бүгін ұлыстың ұлы күні!Ата бабаларымыздың сөзімен айтсақ
«Ақ түйенің қарны жарылған күн». Ендеше, Наурыз мейрамының Наурызды шақырайық.
Бәрі:
Наурыз келсе, құт келгені, халайық!
Есік ашып, шашу шашып,
Ел боп қарсы алай

Аружан:Жайнатамын бар гүлді
Сайратамын бұлбұлды.
Төгілтіп ән-күй, жырды
Мейрамдайық бұл күнді,
Тіршіліктің бастауы,

Наурыз айы мен болам!
Ашық болса күніміз,
Ашылады нұрымыз.
Бай тұлғалы өңірде,
Айтылсыншы жырымыз!

Наурыз мейрам жүректерге нұр сепкен,
Маңдайымнан сүйіп жатыр күн-көктем.
Жарығымен, шуағымен күн-ана
Алып келді жер бетіне гүл көктем.

Жиренше шешен: Той әкелген ғаламға,
Күн мен Наурыз армысың!
Бас иеміз бабамыз-
Бас иемін саған да,барша жұртым аман ба?

Қош келдің, Науырызым ардақты
Халқым саған бар үмітті арнапты
Жылда осылай келе берсін жасарып
Гүлге бөлеп, жырға бөлеп аймақты.

Күн: Мың жасай бер, Жиренше.

Айзере: Наурыз қазақтың шын мағынасындағы ұлттық мейрамы.Наурыздың 22-де күн мен түн теңеледі, қыс өтіп көктем келеді. Тіршілік басталады. Қазақ халқы үшін үлкен мейрам – Жаңа жыл Наурыз мерекесі.
Кел, балалар ойнайық,
Наурыз тойын тойлайық..
Баянды боп мереке,
Қыр гүліндей жайнайық.

Наурыз мейрамы — өте ерте заманнан бері халықтар тойлап келе жатқан тұрмыстық мереке.Ол парсымыз «Нау-рыз» жаңа күн деген сөзнен шыққан.Бұл жөнінде халқымыздың кемеңгер ұлдары Абай, Шәкәрім, Мұхтар Әуезов, Ахмет Байтұрсынов біршама деректер жинаған.Күн мен түн теңелген, мал төлдеп, адамның аузы аққа тиген, жер бусанып, малдың аузы көкке тиген ырыстың басын қазақ елі – «Ұлыстың ұлы күні»- деп атайды екен. 

Раяна:
1. Наурыз тепе-теңдік мерекенің негізгі арқауы, мәңгі деп есептелген.
2. Наурыз- күні жаңарудың, өсудің, түлеудің басы.
3. Наурыз күні имандылық мереке.Алдына келген атанның құны болса да кеш.
4. Наурыз көктем мерекесі, еңбек тойы, ырыс мошылық бастауы.
5. Наурыз мерекесі мейірімділік, қайырымдылық мейрамы.
Ұлы күні кәрі- жас,
Құшақтасып көріскен.
Жаңа ағытқан қозыдай,
Жамырасып өсірген.
Наурыз той құтты болсын!
Ән: «Наурыз, көктем!»
(оқушылар «Наурыз» мерекесіне шашу ретінде өз білетін өлең шумақтарын оқиды).

Аяулым:
Тәуелсіз биік халқымның
Желбіреп туы шалқысын.
Әз Наурыз келіп еліме
Жер – Ана бойы балқысын.
Жаңғырар дәстүр-салтымның
Көзелсін бұлақ жылғасы
Қастерлі менің халқымның,
Мереке Наурыз – жыл басы!

Айым:
Кең болсын қазағымның керегесі,
Кетпесін Алла берген берекесі,
Алаштың баласына нәсіп болған,
Құтты болсын НАУРЫЗ той мерекесі!

Аружан:
Наурыз келді, көктем келді, ағайын,
Жадырайды, жаңғырады маңайым.
Назды, сазды Наурыз, армысың!
Сұлу мүсін саған біткен бар мүсін.

Жібек:
Қиыры жоқ менің байтақ далама
Әсем, көркем ауылыма, қалама
Наурыз келді дүр сілкінтіп жерімді
Сырлы әніне құлақ түрмей болама?

Бибінұр:
Наурыз қайтып оралды аты да аңыз,
Сұрамаймыз алғыс та, ақы да біз
Үй – дастархан, даламыз – сахнамыз,
Ұлы мейрам Наурызды қарсы аламыз.

Айханым:
Ата- бабам тойлаған,
Наурызым армысың
Қызыққа еш тоймаған,
Дархан дала, қарлы шың.
Әнім де саған, биім де,
Құт қонақ өзің үйімде,
Қуаныш сыйлап еліме,
Күлімде, наурыз, күлімде!

Нұрдәулет:
Наурызды халқымыз,
Жыл басы деп санайды,
Көнермеген салтымыз,
Көп елдерге тарайды

Дарын:
Ақ түйенің қарны жарылды,
Наурызды елім сағынды
Үлкен-кіші асығып,
Бұл тойға бәрі ағылды.

Архат:
Күттіріп келген жыл басы,
Бізбен бірге жырлашы
Дастарханыма елімнің,
Береке ырыс сыйлашы.

Сейілбек:
Көктем тойы әніміз,
Көркем өнер сәніміз,
Өлең жырмен той сәнін,
Өрнектейміз бәріміз.

Абдулкәрім:
Наурыз айы – бақыт басы, жыл басы.
Наурыз тойы – ата – дәстүр жалғасы
Ұлыс күні ұлы тойға кенелсін
Қасиетті қазағымның ордасы

Арман:
Наурыз келді, Жыл келді,
Дала жайнап, гүлденді.
Көңілдерге қуаныш
Жүректерге нұр берді.

Би: «Қамажай» 

Қызыр баба: О-ой, бәрекелді! Көп жасаңдар, айналайындар! Жастарың, айтса айтқандай, өнерлі екен. Жөн-жоралғыдан да қаражаяу емес көрінеді. Енді, рұқсат болса, бұрынғының жолымен мен енді балалардың зерделері мен ой-өрістерін біраз пайымдап көрсем.

Күн: Жөн, ата, жөн! Жастарымыз зердесіз емес сияқты. Намысты қолдан бере қоймас.
Қызыр баба: Ендеше ұлттық ойындарды ойнайық  – асық ату, арқан тарту, қол күрестіру.

Раяна: Рахмет, жігіттер! Мықты екенсіңдер

Ән: Әке, ана

-Енді, салт-дәстүрге кезек берейік.

Айым апасы:
Бесік — жаңа туылған бала үшін, қасиетті мүлік, алтын ұя болып есептеледі. Қазақ халқында бесікте тербелмеген адам жоқ. Қазіргі коляскалардан қарағанда, бесіктің пайдасы әлде қайда көп. Атам қазақ баланы босқа бесікте тербетпеген. Ал туылған баланы бесікке салу — қазақ халқы үшін мәртебелі, қасиетті дәстүр болып есептеледі. Қазақтар балаларын бесікке жатқан кезінен бастап тәрбиелейтін. Баланың денесі түзу болып өсуіне бесіктің пайдасы көп. Бала шошып, қорқақ болмауы үшін, қазақтар ертеде бүркіттің, қасқырдың, үкінің тұяқтарын бесіктің басына іліп қоятын.

Баланы бесікке салу – салтанатты рәсім. Бұл рәсімді жасау үшін, арнайы Бесік тойы өткізіледі. Бесік той бала қырқынан шықан кезде жасалынады. Осы тойға баланың атасы, әжесі, ағалары, әпкелері, нағашылары, басқа да алыс туыстары, көршілері жиналады. Келген адамдар өздерімен бірге сыйлық, және шашу ретінде кәмпит және де т.б заттар алып келеді. Баланың нағашылары келген кезде, бесікті жасап, сыйлық ретінде алып келеді. Келген ақсақалдар дастарханға отырмай жатып, бата жасайды.
Баланы бесікке елге беделді, жасы үлкен, көп балалы, ақ жаулықты әже салу керек. Содан кейін тыштырма жасалынады.

Тыштырма дегеніміз – ерекше  ырым. Бесіктің тесігінен кәмпит, құрт және де т.б тәттілер өткізіледі. Жиналған адамдар қолдарын бесіктің астына салады. Өткізілген тәтті олардың алақанына түседі. Бесіктің астына әрбір тәтті зат түскен кезде, бесікке салған адам басқаларға «тышты ма?», деп сұрақты қояды. Жиналған адамдар «тышты,тышты», деп айтады. Осылайша тыштырма ғұрпы, «тышты ма?» деген сөзден шықты.  Содан кейін шашуға дайындалған ірімшік, кәмпит, құрт, май, бауырсақ және т.б заттар, шашылады. Жиналғандар қолдарын жайып, шашудан көбірек тәтті заттарды алуға тырысады. Кейіннен әжелер бесікке бірнеше заттар байлайды: бүркіттей көреген болсын деп, бүркіттің тұяғын, егер қыз бала болса, сұлу болсын деп, айна немесе тарақ байлайды. Кейіннен балаға Бесік жыры айтылады.

Бесік жыры дегеніміз — балаға әуендетіп арналған шумақтар. Бесік жырын адамдар өз ойынан ұйқастырып айта берген.

Раяна: Қызыр баба, енді сіз дәстүріміз бойынша бата берсеңіз!

Қызыр баба: Ұлыс оң болсын,
Ақ мол болсын,
Қайда барсақ, жол болсын,
Төрт құбыла тең болсын.

 

Шараны өткізген Дуйсенбаева Жадыра Дуйсенбаевна


ПІКІР ҚАЛДЫРУ