Мұқағали Мақатаев ғасыр ақыны (шығарма)

2
59360

«Өмірім, сірә да, әріден басталған,
Әріден басталып, мәңгіге тасталған…»

Жоспар.

І.Кіріспе.

1.Ақиық ақын

ІІ.Негізгі бөлім

2. ”Ғасыр ақыны”

ІІІ.Қорытынды

Ғажайып ақындардың бірі – Мұқағали Мақатаев кішкентай бала кезінен бастап қаншама қиыншылық көрсе де, мойымай өлең –жырға әуес болған. Алғашқы өлеңдерін он-он бір жасынан бастап жаза бастаған Мұқағали атамыз көптеген тақырыптарға қалам сермеген ақиық ақындардың біріне айналды. Ақынның ғұмырлы поэзиясы бүгінгі таңда барша жұрттың жүрегінен берік орын алып, қуанышы мен қайғысын бөлісетін айнымас жан серігіне айналды. Мұқағалидың өлеңдері шын шабыттың, қиын күйзеліс пен шын қуаныштан, шын сағыныштан туған. Ақын ұлы сезімге бас иіп, өз өлеңдерінде махаббат тақырыбын кеңінен суреттеген. Мұқағали атаның әр өлеңі өзінің мағынасымен, шынайылығымен, тазалығымен оқырманын өзіне баурап алады және ой салады.

Ақынның өзі «Егер сіздер шынымен менің өмірбаянымды, шығармашылығымды зерттемек болсаңдар, онды мен не жазам, соның бәрін түгел оқып шығуды ұмытпағайсыздар. Мен өз өлеңдерімнен бөліп қарамауларыңызды өтінем» деген екен.

Туған жеріне, өз Отанына арнаған өлеңін әдебиеттік оқудан жаттап, жатқа айтқан кезде менің бойымды патриоттық сезім билеп алғандай болды. Міне,ақынның құдіреттілігі осында екен ғой деп ойладым.
Мұқағали атамыздың әсерлі жырлары әр қазақтың жүрегін жаулап алды. Сондықтан да осындай ақынына халқы «Ғасыр ақыны» деген ат берді.
Мұқағали атамыздың жырын тыңдайтын, сүйіп оқитын ұрпағы бар да , аты санамызда мәңгіге қалады.
Мұқағали мұрасы, маржан поэзия – мәңгілік, болашақ ұрпақтың еншісі, қадірлейтін мұрасы.
Ақынның сөзі өлмесе, өзі де өлмегені. Мұқағали – жалпыхалықтық, ұлттық тұлға. Әрбір өлеңін оқығанда, оның қазақ екенін жазбай танисың, ұлт ақыны екенін айқын аңғарасың.

Мұқағали Мақатаев қай тақырыпқа барса да, не туралы жазса да, шығармаларының астарына адамның ғұмыры мен тағдыры айтылады.
Поэзия! Ақын рухы – ұлт рухының ажырамас бөлшегі. Мұқағали Мақатаев – ешқашан ортаймайтын, ешқашан сөнбейтін мол қазына қалдырған ақын.

Мұқағали Мақатаевта қазақтың ару-ақындарын ерекше ардақ тұтқан. Бәріне де аса зор ықыласпен қарады. Жылы сөзін ғана айтып қойған жоқ, отты жырларын да арнады.

Сондай өлмес туындыларының бірі – ақын Фариза Оңғарсыноваға арналған ғажайып өлеңі.

          — Фариза! Фаризажан! Фариза-қыз,

Өмірде ақындардың бәрі жалғыз…

Шыдай-шыдай ақыры жалығармыз,

Бірімізден біріміз арылармыз.

Біздерді де жоқтайтын жан болса егер,

Шаң басқан архивтерден табылармыз,деп басталатын бұл өлең осы күні қазақ жастары жатқа білетін, тіпті ән ғып айтатын өте танымал шығарма.

Сол жырдың бір тұсында:

Жанарымды тұманмен тұмшаладым.

…Серіппесі үзіліп тұр садағым!

Жігітінен қазақтың дос таба алмай,

Қыз да болсаң мен саған мұң шағамын!

Ауырлар деп ойлап па ем мұнша халім!-деген жолдар да бар. Ақын-жүрек неге осынша тарықты екен? Неге қазақтың жігіттері бір-біріне тым салқын? Неге  таланттылар тағдыры тайғанақ, жолы ауыр?

Әлде… Мұқағали Фаризаны ару-ақын бола тұра Махамбет-мінез байқатып жүрген өрлігі үшін ұнатты ма? Сол үшін басын иіп, «Мен сенімен дос боламын» деп көңіл түкпіріндегі асыл сезімін ақтарып салды ма?

Әлде… Мұқағали ақын да осы өлеңді жазып отырып, баяғы балғын шағын сағына еске түсірді ме екен! Анасының әлдиі – бесік жыры санасында әуез болып тұрып алды ма екен? Бүгінде Мұқағали мұрасы- көпшіліктің жүрегінен орын ала білді.

Қалай десек те, ақындарымыздың болғаны, арамызда жайраңдап жүргені, сырлы өлең өрнектегені ғажап нәрсе ғой!

Қорыта келе айтарым, «Ғасыр ақыны» атанған Мұқағалидің барлық еңбегі тұтастай алғанда, өткен ғасырдың асыл мұралар қатарына жатады. Өлеңмен де, өмірмен де бүкпесіз қауышып, қалтарыссыз сүйген ақын жүрегі соңғы деміне дейін кіршіксіз сезім өртінде өтті. Ақынның әр өлеңінде,әр шумағында бүкпесіз, ақжарқын көңілмен сазды сыр төгіп отырғандай. Өлеңнің ырғағынан да, тербелісінен де ақынның қимылын, дауысын, мәнерін естіп, мінез-құлқын танимыз. Өйткені ол өлеңнен, өнерден сыр іріккен емес. Өлеңге өз жан дүниесін ашты, өлеңнің сырлы құпияларын жария етті.


2 ПІКІРЛЕР

ПІКІР ҚАЛДЫРУ