Наурыз мейрамына арналған мерекелік кешке сценарий

0
24887

Наурыз мейрамына арналған «Жаса, Наурыз, Дәстүрлі » атты әдеби-сазды композициясының сценарийі

Мақсаты: Оқушылардың Наурыз мерекесі жөніндегі білген, түйгенін одан әрі толықтыра отырып, салт – дәстүрлерді дәріптеуге тәрбиелеу, ауыз әдебиетінің мұраларымен таныстыру.

Кітапхананың оқу залында Наурыз мейрамына арналған «Жаса, Наурыз,Дәстүрлі» атты кітап көрмесі және қол өнер көрінісі дайындалды.

Меңгеруші: Құрметті оқырмандар, қонақтар! Наурыз мерекесі баршаңызға құтты, берекелі болсын! Ұлыс күні оң болып, ақ мол болсын! Осы бір көктемнің шуақты мейрамын тойлай отырып, біз бабалар рухына тағзым етіп, рухани құндылықтарды сақтап қалудамыз. Наурыз мейрамы – ел мен елді, ұлыс пен ұлысты біріктіріп қана қоймайды.Ұлыстың ұлы күні күн мен түн теңеледі. Осы бір құбылыстың өзі оның сипатын аша түскендей.

Қыс өтіп, қар кетіп

Шырайлы шуақ жаз жетіп

Шаруаның бұл кеңелген

Күн мейрамы ежелден

Құтты болсын, бұл Наурыз!

Балақайлар, Жаңа жылды атап өткенімізге ұзақ уақыт бола қойған жоқ. Тағы да бір «Жаңа жыл келді», деп үлкендердің қарбаласқа түсіп жатқандығын байқаған боларсын. Бұл- Наурыз . Наурыз мейрамы күн жылынады, табиғат жаңарады, ағаштар бүршік ата бастайды. Құстар жылы жақтан ұшып келеді. Осы кезден бастап мал төлдейді. Ұзақ суық қыстан кейін жаңа тіршілік басталады.

Ән
1 Жүр: Лағыл Ұлыстың ұлы күні даланы Қыдыр баба аралайды екен. Қыдыр баба адамдарға дәулет беріп, бақ қондырады екен. Жүзінен шуақ тараған, жанары жылы, ақ сақалды қария кейпінде көрінеді. Қыдыр бабаға жолыққан жанның бақ жұлдызы биікте жанбақ. Уа, халайық, қараңдар, Қыдыр ата келе жатыр.
2 Жүр: Даулет Ұлыс күнгі ұлы тілек, Қыдыр атаның ақ батасы алатын болдық.

1 Жүр: Наурыздың 21-інен 22-сіне қараған түні даланы Қыдыр аралайды. Сол себепті осы түн «Қыдыр түні» деп аталады. Қыдыр түні Жаңа жыл табалдырдық аттап үйге енгенде «Жалғыз шала

сәуле болмас» деп төрге қос шырақ жағып қойылады. Қыдыр- ата адамдарға дәулет дарытатын, бақ қондыратын, ақсақал кейпінде көзге көрінетін қиял-ғажайып бейне. Қыдыр ата даланы кезе

жүріп назары Жерге түссе, оның тон кеудесін жібітеді, ал тасқа

түссе, тасты ерітіп жібереді екен. (Қыдыр ата кел еді)
Қыдыр ата: Ғалымжан

Армасың, жамағат!

Ұлыс оң болсын,

Ақ мол болсын!

Ұлыс бақты болсын,

Төрт түлік ақты болсын!

Аман сақтап төл басын,

Еккен егін солмасын,

Орта толып ырысқа,

Бейбіт өмір орнасын.

Бостандықтың ордасын

Періштелер қорғасын.

Бесіктегі бөпеңнің

Бақайшығы тоңбасын.

Ұлыс күні ұл мен қыз

Тайпалдырсын жорғасын.

Көл жиналып тамшыдан

Теңіз толсын қансыған.

Атамекен тазарып

Асыға түссін алшыдан.

Бақыт ашып қақпасын,

Мәңгі-бақи жаппасын.

Пәле-жала қазақты

Іздесе де таппасын!

Әумин!
(наурыз қыз келеді)
Наурыз қыз: Аружан Айтқаныңыз келсін, Қыдыр ата! Халыққа дәулет дарып, бақ

қонса, сіздің шапағатыңыз деп білеміз.
Қыдыр ата: Қош келдің, Наурыз!
Наурыз:

Жер әлемді жайнатқан

Наурыз қызбын,

Ерітіп жіберейін өзін мұздың.

Жылуымнан сескеніп тентек боран,

Өзімен ала кетер қыстың сызын.

Жан-жануар ойнақтап асыр салды,

Елге бірлік-береке ала келдім

Қуанышпен қарсы алған жаңа таңды.
Ән: «Наурыз»
Наурыз: Қыдыр атаның ақ батасын алғыларың келсе, балалар мына

сұрақтарға жауап беріп көріңдер.

 

  1. Наурыз туралы не білесіндер?

Жауабы: Наурыз – парсы сөзі. Нау – жаңа, рыз – күн, «жаңа күн, жыл басы» дегенді білдіреді. Ал қазақшасы – Ұлыстың ұлы күні.

  1. Наурыз жыры деген не? Жауабы: Наурыз мерекесінде айтылатын жыр, өлең, мадақтау, тілек, бата, әзіл. Оның түрлері халық арасында өте көп тараған.

Ұлыс күні қазан толса,

Ол жылы ақ мол болар.

Ұлы кісіден бата алсаң,

Сонда олжалы жол болар.

Ұлыстың ұлы күнінде

Бай шығады балбырап,

Қасында жас жеткіншек

Тұлымшағы салбырап.

Бәйбіше шығар балпиып,

Күндігі баста қайқиып.

Келіншек шығар керіліп,

Сәукелесі салдырап.

Қыз шығады қылмиып,

Екі көзі жәудіреп.

3.Наурыздан тілек қандай мақсатта, қай ауқытта айтылады? Жауабы: Наурыз тілек – достық көңіл мен тілек-тестіктің, адамгершіліктің белгісі. Әр адам өзіне, отбасына немесе жақын туыс-туғандары мен дос-жарандарын Ұлыстың ұлы күнімен құттықтап жақсы тілек тілейді, бір-бірінің үйіне кіріп дәм татады.

4.«Наурыз төл» дегенді қалай түсінесің? Жауабы: Наурыз айында мал төлдей бастайды. Олар наурыз төлі деп аталып, төл басы ретінде бағаланып, малжандық қазақ баласы оны ерекше күтіп бағады. Төл басы сатылмайтын болған, ешкімге сыйлауға да болмайды.

5.«Наурызкөк» дегеніміз не? Жауабы: Наурызкөк – наурыз айында ұшып келетін көктем құсы. Оны алғаш көргендер «Наурызкөгім келдің бе» деп шықырып жем шашады. Наурызкөкті ешкім қумайды, үркітпейтін болған.

6.«Наурызша» деген сөзді қалай түсінесің? Жауабы: Наурыз айында жұп-жұқа, қиықша қырбық қар түседі. Оны халық «наурызша»деп атайды.
Қыдыр ата: Бәрекелді! Бәрі де білімпаз балалар екен.
2-жүргізуші: Қыдыр ата, Наурыз қыз, бізде Быржан мен Сараның өнерпаз ізбасарлары да бар. Ортаға шақырайық.
(ортаға қолдарына домбра алған екі оқушы шығады)
Наурыз айтыс

Ұл: Мирас

Жылдың басы – Наурыз,

Жырдың басы – Наурыз.

Наурызға айналсын

Бүгінгі жыр мен әніміз.

Наурыз деп, ей қыздар,

Кел шырқайық бәріміз.
Қыз: Камила

Көптен күткен айымыз

Келген шақта Наурыз,

Шараларға толғанда

Наурызкөже бал–уыз,

Досым әнін бастасын,

Қоштауға біз дайынбыз.
Ұл:

Қыздарға бұл не болған,

Тоймаған ба көжеге,

Ұқсайды екен шөжеге

Шөже, шөже, шөжелер,

Шөжелерге көже бер.
Қыз:

Жамыраған қаздай,

Маңыраған қозыдай,

Бірін–бірі тыңдамай

Ән салатын ұлдар–ай!

Көже көрсе тап беріп

Бас салатын ұлдар–ай!
(ортаға оқушылар шығып Наурыз мейрамы арналған өлеңдер оқиды)

1-оқушы: Камила

Малдар төлдеп, қой қоздап,

Сүт бұлағын ағызған.

Жаңа жылдың сипаты

Молшылыққа аңыз боп

Басталыпты Наурыздан.

Ақ қар кетіп, қыс өтіп,

Шырайлы шуақ жаз жетіп,

Шаруаның ұлы кенелген,

Күн мейрамы ежелден

Құтты болсын, бұл Наурыз!
2-оқушы: Айдар

Жаңарғаны сананың,

Ұмытады мұны кім?

Ата салтын бабамның

Алып келді Ұлыс күн.

Бір анадан туғандай,

Бір ұядан ұшқандай,

Бір аспанның астында,

Бір дастархан басында

Орындалды ойларын,

Құтты болсын тойларың!
3-оқушы: Темірлан

Наурыз – көктем тойымыз,

Той дәмі мол, тойыңыз.

Күн ұзарар жылынып,

Өсер біздің бойымыз.

Төлдеді де малымыз,

Тамыр жайды талымыз.

Наурыз өнер жарысын

Бастады жас, кәрі үшін.
4-оқушы: Рахат

Жақсылыққа қашанда

Жан баласы тоймаған.

Жаңа жылдың басы деп

Жылда бізбен тойлаған.

Тойын жасап ед енді,

Қуанышқа бөленді.

Жарқыраған жас нұрлы

Жаса, Наурыз, дәстүрлі!
5-оқушы: Абылайхан

Ұлыс күні кәрі–жас

Құшақтасып көріскен.

Жаңа ағытқан қозыдай

Жамырасып өріскен.

Арман тойы ананың,

Қуанышы ғаламның,

Қош келіпсіз, Наурыз,

Құтты болсын қадамың!
6-оқушы: Алишер

Жаса, Наурыз, ойлымыз,

Жаса, көктем, тойымыз!

Ел дәстүрлі – арымыз,

Той бастығы – кәріміз.

Әнім де саған, биім де,

Құт қонақ өзін үйімде.

Қуаныш сыйлап еліме,

Күлімде, Наурыз, күлімде!
7-оқушы: Еркежан

Наурыз тойын әдемі

Әжем еске түсірді.

Біздерге арнап әдейі

Наурызкөже пісірді.

Ашылды да кебеже

Дәм әзірлеу басталды.

Әжем наурызкөжеге

Жеті түрлі ас салды.

Бидай, күріш, тары бар,

Бар сүт ет пен шұжығы.

Ащы құрты тағы бар,

Көже – елдің ырзығы…

Қыдыр ата:

Бәрікелді! Барлығы да сайрап тұр екен. Тіл – көзден сақтасын!

Менің әлі баратын жерлерім көп.
Наурыз:

Мына кішкентай бүлдіршіндерге батаңызды беріңіз.
Қыдыр ата:

Сұрасаң бата берейін,

Үстем болсын мерейің.

Ықыласпен қол жайсан,

Ақ тілекті төгейін.

Қиып түсер қыран бол,

Ел – жұртқа ұран бол!

Даңқың кетер алысқа,

Бейбарыстай ұлан бол!

Оза шауып бәйгеден,

Озып келер құлан бол!

Ақ көңілді шынар бол,

Жақсылыққа құмар бол!

Сүйсінердей іс жасап,

Ел – халқына тұмар бол!

Қиындықтан сөз табар

Жиреншедей шешен бол!

Жетпіс тілді меңгерген

Фарабидей көсем бол!

Жапырағы жайқалған

Қарттарымдай есен бол!

Әумин!
(Қыдыр ата кетеді. )
2-жүргізуші:

Ұл –қызымыз жайнап тұр,

Өнерлерін сайлап тұр.

Біздің қара шаңырақтың құты ғой,

Қасиетті қара қазан қайнап тұр.

Сыйлаған жандар атасын,

Көжеден дәм де татарсың.

Тілейік қабыл болсын деп

Қыдыр атаның батасы.

1-жүргізуші:

Салт –дәстүрмен жараса

Қайта құрып жаңаша,

Жарыса өнер көрсетіп

Той тойлайық тамаша.

Кеңпейіл, дархан халқымыз,

Кеңейді дәстүр-салтымыз.

Дәстүрін елдің сыйландар,

Дәстүрлі салтты тойландар.

Орындалсын ойларың,

Тойға ұлассын тойларың!
Кітапханашы:

Салт-дәстүрмен жарасса

Қайта құрып жаңаша

Жарыса өнер көрсетіп

Той тойлайық тамаша!, — деп құрметті балалар салт-дәстүр конкурсын бастайық. Бірінші сұрағымыз:

  • Қазақтың қандай салт-дәстүрлерін білесіндер (білгенінше)
  • Наурыз көже қанша дәмден дайындалады? (жеті)
  • Үрлеп ойнайтын музыкалық аспап (сыбызғы)
  • Өрнекті тақыр кілем (алаша)
  • Қазақтың қандай ұлттық мейрамдарын білесіндер (білгенінше)
  • «Киіз үй» құралдарын ата? (білгенінше)
  • Қазақ қыздарының бұрымына тағатын әшекей (шолпы)
Кітапханашы: Бәркелді, бәрекелді, оқырмандарымыз қандай тапқырлық таңытты.

Конкурсымызды жалғастырсақ қалай қарайсындар?

Онда келесі ұлттық тағам конкурсы. Шарты: сөздердін мағынасын ашып беріңіздер: мысалы:

  • Қонақасы- (қонақтарға арналған ас)
  • Көже – (сусын көже жаз мезгілінде дайындайтын)
  • Сорпа –
  • Тұздық –
  • Қуырдақ – (құырылған ет)
  • Айран – ашыған сүт
  • Құрт- ашыған сүттен дайындалган тағам
  • Ірімшік
  • Шелпек —

«Ән шашу» әні

2 Жүр: Бәркелді, жарайсындар балалар ! Енді қазақ ертегілеріне тоқталып, біраз ойнасақ: мен сөздің басын айтсам, сіздер жалғастырсаңыздар мысалы:

  1. Алдар………. Көсе
  2. Қобланды ………батыр
  3. Алпамыс……………батыр
  4. Баян……………..сүлу
  5. Қозы ………Көрпеш
  6. Жалмауыз…………кемпір
  7. Ер…………. Төстік

Бәрекелді, жарайсындар ! Қандай керемет тапқырлық таныттыңыздар!
«Қазақ биі» биі

1 Жүр: Ал балалар, қазір «Балаға ат қою» қазақ халқының салт- дәстүрін тамашалайсындар.

Кітапханашы: Құрметті оқырмандар, қонақтар, бүгінгі біздің кітапханада өтетін Наурыз мерекесіне қош келіңіздер! Наурыз мерайрамы құтты болсын!

Сахналық көрініс Балаға ат қою»

«Балаға ат қою» — салт дәстүрдің көрінісі. Қазақ отбасында баланың дүниеге келуіне байланысты ежелден келе жатқан салт-дәстүрлері бар. Кейбір дәстүрлерсәл өзгерген түрде бүгінге дейін сақталған. Бала дүниеге келгеннен кейін атасы мен әжесі немесе ауыл ақсақалы балаға ат қояды. Дін басы болғандықтан кейде баланың атын молда қоятын болған. Ат қоюшы адам баланың құлағына «Сенің атын Айсауле» деп , үш рет қайталайды. Ат таңдаған кезде түрлі ырымдар, түсініктер, тілектер ескереледі. Ата – аналар бала есімінің мағыналы, әрі көркем болғанын қалайды. Ұл бала күтіп жүрген әке-шешесі кезекті қызына «Ұлбосын» деп ат қояды. Тілегені орындалған ата-аналар балаларына: «Қуаныш», Құдайберген», «Күнтуды» деген есімдер береді.
Ән
2 Жүр: Қазақ халқының ежелден келе жатқан ұлттық ойындарына көшсек. Ұлт ойындары — ата – бабамыздан бізге жеткен өткен мен бүгінгіні байланыстыратын баға жетпес байлығымыз, асыл қазынамыз, соның бір түрі асық ойыннан тұрады. Қазақтың ұлттық ойындары ерлікті, өжеттікті, тапқырлықты, батылдықты, шапшандықты қажет етеді. Ондай болса, ортаға батылдарды шақырамыз.

Ойын тізімі «итеріспек», «арқан тарту», «орамал тастау», «сақина». (балалар түгелі қатысты)

/ «Қара жорға» биі, № 10 мектеп-лицей оқушылары/

1 Жүр: Халқымыз ежелден тұрақтылық пен бейбітшілікті, ел арасындағы татулық пен бірлікті ерекше бағалаған. Келесі жылы да басымыз аман, жұртымыз тыныш, жайлы болсын, халайық! Қош сау болыңыздар.
Пайдаланған әдебиеттер:

  1. С. Қенжеахметұлы «Қазақ халқының салт-дәстүрлері». Алматыкітап, 2004. – 284 б.
  2. С. Қенжеахметұлы «Қазақтың дархан дастарханы». Алматыкітап,
  3. С. Қенжеахметұлы «Қазақ халқының тұрмысы мен мәдениеті». Алматыкітап,
  4. Наурыз. Жаңғырған салт-дәстүрлер. Алматы, 1991.-265 б.

 


ПІКІР ҚАЛДЫРУ