Ой­тал­қы (дис­пут) дегеніміз не?

0
7412

Ойталқы (лат. disput – «таласамын») – ғылыми немесе қоғамдық мәселені көпшілік алдында талқылайтын пікірталастың түрі.

Ойталқы ғылыми диссертациялар қорғау кеңестерінде, белгілі бір салаға байланысты даулы мәселені немесе өнер туындысын талқылау жиындарында жүзеге асырылады.

Ойталқыға жиналған қауым өз көңіліндегі күмәнді, екіұшты ойларын нақтылау, ортақ шешімін қарастыру, мәселенің шынайы мүмкіндіктерін іздестіру мақсатында бас қосады.

Ортақ шешімге келмеген күнде де шындыққа жанасар мүмкіндіктер
туралы пікірлерін ортаға салуға еркіндік беріледі. Тақырып аясында
баяндама жасалады.

Ойталқы – тамаша идеялар туындату алаңы. Жиналған идеяларды қайта қарастыра отырып, нәтижелі жетістіктерге жетуге мүмкіндік туады. Адамның дүниетанымын қалыптастыруға септігін тигізеді.

Мақсаты. Бағдар берер ой-пікірді ортаға сала отырып, мәселенің ортақ шешімін табу жолдарын қарастыру.

Ерекшелігі.  Ойталқыға қатысатындар саны үш адамнан кем болмауы керек. Алдын ала белгіленген күн тәртібіндегі  тақырып, яғни баяндама тыңдалады. Пікір айтушылар
өз еркімен сөйлейді.

Сөйлеуші өзіндік көзқарасын білдіруге құқылы. Талас диалог түрінде жүреді. Баяндамашы туындаған сұрақтарға жауап береді. Сұрақ
тоқтаған соң төраға қорытындылайды.

Мәдениеті. Тақырыптан ауытқымау. Сөйлеу барысында уақыт мөлшерін сақтау. Баяндамашының ойын анықтап сұрап, күмәнді тұстарын айқындап алу. Баяндама
туралы өз пікірін дәлел, дәйектермен жеткізу.

Мәселеге көзқарасын жеке мүдде тұрғысынан емес, қоғам, ғылым-білім, адамдық қажеттіліктер тұрғысынан қарастыру. Әділеттілікке, дұрыс пікірге қолдау көрсету.

Ойталқы – көпшіліктің пікір таластыруына жол ашатын мүмкіндік. Ойталқыда ғылыми не қоғамдық тақырып төңірегінде пікірталастыру жүреді. Бір мәселе жөнінде ой, идея алмасатын адамдар тобының арасындағы таласты мәселе проблемалық сипатқа ие болады.

Ойталқыға қатысушылар пропоненттер мен оппоненттер болып бөлінеді.

Пропоненттің міндеті – өзі ұсынған пікірді не мәселені оппоненттерге түсіндіре және сендіре білу.

Ал оппоненттердің міндеті – тезис пен оның негіздемесін жақтау не жоққа шығару. Нәтижесінде пропонентпен келісуге не келіспеуге болады

Дереккөз: Қазақ тілі: жалпы білім беретін мектептің 11-сыныбының қоғамдық-гуманитарлық бағытына арналған оқулық. / Т.Н.Ермекова,
Г.М.Найманбаева, Б.М.Найманбаева

Ұқсас материал:


ПІКІР ҚАЛДЫРУ