Ойын технологиясы арқылы мектеп жасына дейінгі балалардың тілін, сөздік қорларын дамыту

0
6194
Әлеуметтік желінің пайдасы мен зияны

Балалардың болашағы тәрбие ісіне тәуелді. Сондықтан да тәрбие ісіне келелі міндеттер жүктелгендігін ескеріп, жаңа қоғам мүддесіне лайық, жан – жақты жетілген, бойында ұлттық сана, ұлттық психология қалыптасқан ертеңгі қоғам иелерін тәрбиелеп өсіру отбасының, мектепке дейінгі мекеме мен мектептің міндеті. Бұл талаптардың жүзеге асуы алдымен тәрбие ісіне, оның дұрыс ұйымдастырылуына байланысты болса, екінші жағынан, жүргізілетін тәлім – тәрбие ісінің мазмұнына және оны баланың қабылдап меңгеруі мүмкіндігі мен қажетін өтеудегі үйлесімділігімен шарттас.

Халық даналығындағы ойнай білмеген, ойлай да білмейді, ойында озған өмірде де озады деген – деген аталы сөздің сырына жүгінсек баланың ойынға деген құлқы, қарым-қатынасы, мінез-құлық көріністері олар өсіп есейгенде де өмірінде жалғаса береді.

Баланың өмірге қадам басардағы алғашқы қимыл-әрекеті – ойын, сондықтан да оның мәні ерекше. Қазақ халқының ұлы ақыны А.Құнанбаев: «Ойын ойнап ән салмай, өсер бала бола ма?» — деп айтқандай, бала өмірінде ойын ерекше орын алады. Жас сәбидің өмірі, қоршаған ортаны танып, еңбекке қатынасы, психологиялық ерекшеліктері ойын үстінде қалыптасады. Балалар ойын барысында өздерін еркін сезінеді, ізденімпаздық, тапқырлық әрекеті байқалады (сезіну, қабылдау, зейін қою, ерік арқылы) түрлі психологиялық түсінікпен сезім әрекетіне сүңгиді. Ойын үстінде бала бейнебір өмірдің өзіндегідей қуаныш пен реніш сезімінде болады. Баланың таным түсінігі, іс-әрекеті ойыннан басталады, оның негізгі болашақ өмірінде жалғасын табады. Ойын арқылы бала жеке адам ретінде дами түседі.

Ойын – баланың негізгі әрекеті. Ойын үрдісінде бала өзін қоршаған үлкендер сияқты, өзінің сүйікті әңгімелері мен ертегілеріндегі кейіпкерлер сияқты өмір сүреді, әрекет жасайды. Ойын арқылы бала өмірден көптеген мәліметтер алады, өзінің психологиялық ерекшеліктерін қалыптастырады, яғни ойын арқылы бала білім алады. Бала зейіні қажет ететін, әдейілеп ұйымдастырылған ойындар оның ақылын, дүниетанымын кеңейтеді, мінез-құлқын, ерік-жігерін қалыптастырады. Аса ірі психологтардың айтуы бойынша, бала ойын үстінде қандай болса, өскенде еңбекте де сондай болады дейді. Ойын адамның өміртанымының алғашқы қадамы.

Ойын – бала өміріндегі тәрбиенің шешуші шарты. Бала өзін қоршаған ортаны, өмір сүріп отырған айналасындағы заттар мен құбылыстарды ойын арқылы түсініп ұғынады.

Ойын балалар үшін күрделі әрекет, ол білімді, ақылды, ұйымдастыруды қажет етеді. Ал ол білімді бала қайдан алады? Оған бала ойын арқылы өзі үйренеді, үлкендер де үйретуге тиіс. Ойынның өз мақсаты, жоспары, арнайы заттары т.б. көптеген ерекшеліктері болады.

Ойын мектеп жасына дейінгі баланың жеке басының дамуына игі ықпал ететін жетекші, басты құбылыстың бірі деуге болады. Бала ойын арқылы өзінің күш-жігерін жаттықтырады, қоршаған орта мен құбылыстарды ақиқат сырын ұғынып, еңбек дағдысына үйрене бастайды. Былайша айтқанда болашақ қайраткердің тәрбие жолы, тәлімдік өнегесі ойыннан бастап өрбиді.

Оқыту-тәрбиелеу үрдісінде түрлі инновациялық технологиялар – білім сапасын арттырудың кепілі. Жаңа педегогикалық технология ұғымы тың, белгісіз, жаңа оқыту амалдарды іс-әрекеттермен ізденуді, яғни білім мен тәрбие берудегі ғылымның нәтижеге қол жеткізуі, жаңа ізденістерін оңтайлы пайдалану, сол арқылы жоғары көрсеткіштерге жету деген сөз. Жаңа замануи технологиялардың бірі –ойын технологиялары.

Білім беру саласында тәрбиеленушілердің мағлұматтарды игеруге деген құлшынысын арттыру үшін ойын технологиясын тиімді пайдалану қажет, себебі жаңа технологияларды

қолдану тәрбиешілер мен балалардың мүмкіндіктерін кеңейтіп, қызығушылықтарын арттырады. Сондықтан қазіргі педагогика ғылымы – баланың тұлғалық дамуына бағытталған жаңа оқыту технологияларын шығаруға ұмтылуда. Сол технологиялардың бірі – ойын технологиясы. Педагогикалық ойындар технологиясы дегеніміз – педагогикалық жұмысты ойын түрінде ұйымдастырудың әдістері мен тәсілдерінің жиыны. Баланы тәрбиелеуде ойын технологиясының берері мол. Ойын кезінде жеке тұлғаның өзін – өзі басқару қабілеті жетіліп, қалыптасады.

Мектеп жасына дейінгі кезеңдегі балалармен сөздік жұмысын жүргізу ісі тіл дамытудың негізгі бір міндеттері. Мектепке дейінгі мекемедегі тәрбиелеу-оқыту жұмысында балалардың тілін дамыту, сөздік қорларын дамыту, ауызша сөйлеуге үйрете отырып, үйренген сөздерін күнделікті өмірде еркін қолдану, әрі оны күнделікті іс-әрекет кезіндегі тілдік қарым-қатынаста қолдана білуге жаттықтыру ісіне ерекше мән берілген. Балалармен сөздік жұмысын жүргізе отырып, оларды айналасындағы заттармен таныстырып, атын атай білуге, қасиеті мен сапасын, түр-түсі және пішінін ажырата білуге, өмірдегі, қоршаған ортадағы түрлі құбылыстар жайындағы ұғым, түсініктерін дамыта отырып, белсенді түрде тілдік қарым-қатынас жасай білуге үйретеміз. Осы аталған міндеттерді тәрбиеші үнемі сөздік жұмысын жүргізуде басшылыққа алып отыруы тиіс. Балалардың сөздік қорын, тілін дамытуда ойын, тапсырма, жаттығулардың орны ерекше.

Ойын кезінде баланың бойында ұйымдастыру қасиеттері қалыптасады: ойлау, сөздік қор, сауаттылық, тапқырлық, шыдамдылық, өжеттілік , байсалдылық, әдептілік. Ойын арқылы қоғамдық тәжірибені меңгереді, психологиялық ерекшеліктері қалыптасады. Бала ойынында да қоғамдық, ұжымдық сипат болады. Мысалы кез-келген бала жалғыз ойнамайды, қатар құрбыларымен бірлесіп ойнайды ,сол арқылы бір-бірімен өзара қарым-қатынас жасайды. Ойын арқылы бала айналасындағы нәрседен өзіне қызықтысына ықыласы ауып, таңдап алады. Баланың бір ерекше қасиеті сөйлеуден еш жалықпайды. Ойын бала тілінің дамуына ықпалын тигізіп, таным белсенділі-гінің дамуына жол ашады. Қай бала болмасын ойынмен өседі, өйткені бала табиғатының өзі тек ойынмен байланысты. Ойын үстінде бала еш нәрсеге тәуелсіз. Ол өзін еркін ұстайды. Ал еркіндік дегеніміз -барлық дамудың баспалдағы, бәрін білуге деген талпынысы мен құлшынысы. Баланың білуге деген құштарлығы, сөйлеуі ойын үстінде қалыптасады. Ойынның түрлері көп. Ойын – сабақ, ойын-жаттығулар, сергіту ойындары, спорттық, қимыл-қозғалыс ойындары, ұлттық ойындар, аңғаруға байланысты ойындар, шапшандыққа байланысты жүргізіп ойнайтын ерікті ойындар, дидактикалық ойындар, саусақ ойындары, желілі-рөлдік, үстел үсті ойындары және т.б.

Сөздік қорды дамыту ісін ұйымдастыру жұмысында ойын сабағы ең негізгі орын алады. Педагог бақылау, заттарды қарау, сурет қарау, жұмбақ шешу және құрастыру, саяхат, ойын сабақтарын ұйымдастыру барысында балалардың сөздік қорларын дамытады. Сөйтіп бала топтағы жасына сәйкес бағдарламалық міндетті меңгереді. Ойын ұйымдастыруда тәрбиеші өзі жетекші бола отырып балаларды ойнай білуге, ойын ережесін сақтауға, әрі оларды ойната отырып ойлануға бағыттайды, заттың атын немесе қасиетін есінде сақтап қалуға жол ашады, ойынға қызықтыра отырып зейінін, қиялын дамытады.

Заттармен ойналатын ойын ойыншықтарды, табиғи заттарды қолдану арқылы өтіледі. Мысалы, «Дәл осындай тауып ал», «Салыстыр да атын ата», «Қай ағаштың жапырағы?», «Бірдей ойыншықты тап» және т.с.с.

Жалпы ойынды ұйымдастыру ойынды өткізуге әзірлік, ойынды өткізу, ойынды талдау деген сияқты үш бағытты қамтиды. Ойынға қажетті құрал, заттарды даярлау ойынды өткізуге әзірлік болып табылады.

Балаларды ойынның мазмұнымен таныстыру ойынды өткізу болып табылады. Ойынды талдау, бұл ойынның өз мақсатына жетуі балалардың белсенділігі және олардың іс – әрекеті болып табылады.

Тәрбиеленушілердің білім, білік дағдысын, белсенділігін арттыру, бүлдіршіндердің тілге деген қызығушылығын дамыту, дұрыс сөйлеу дағдысын қалыптастыру үшін ойын

технологиясын ұтымды пайдалансақ, алға қойған мақсатымызға сапалы нәтижесіне көз жеткізе аламыз. Ойын технологиясының кеңінен қолданылатыны белгілі. Әр педагог технологияның нәтижесінің сапалы болуы үшін мынандай жағдайларды ескеруі қажет:

1. Әр ойынның тәрбиелік, білімділік, дамытушылық маңызын алдын-ала жете түсініп, оның балаларға қандай нәтиже беретіндігін анықтау.

1. Ойын жүргізетін орынның мүмкіндігі, ойын жабдықтарының эстетикалық және гигиеналық талаптарға сай болуы, алдын – ала әзірлеу.

2. Топтағы балалардың жас және психологиялық ерекшеліктеріне, білім деңгейлеріне, сөздік қорына сәйкес келуі.

3. Ойын кезіндегі қозғалыс, техникалық қауіпсіздіктен қамтамасыз ету.

4. Ойынның, сабақтағы ойын элементтерінің тәрбиеленушілердің ынтасын арттырып, қызығушылығын арттыруға бағытталуы.

Сонымен балалардың тілін, сөздік қорларын дамытуда ойындарды, тапсырма –жаттығуларды қолдану үлкен нәтиже береді. Ойын арқылы балалардың тілі, сөздік қоры дамып, ауызша сөйлеу машығын игереді, таным белсенділіктері қалыптаса түсіп , ақыл – ойы өсіп жетіледі, адамгершілік қасиеттерді бойына сіңіреді.

Ойын баланы іздену жолына бағыттайды, жеңіске деген қызығушылығын оятады, ал осыдан шыға келе олар жылдам, жинақы, шапшаң, тапқыр болуға, ойын шартын сақтап отырып тапсырмаларды нақты орындауға тырысады. Ойындарда, әсіресе топтық ойындарда жеке тұлғаның адамгершілік қасиеттері, жауапкершілік сезімдері қалыптасады, тәртіп, күш-жігер, мінез – құлық тәрбиеленеді. Көрнекіліктердің әдістері, сұрақтың қызық та, тиімді түрлері, жұмбақтар, әзіл есептер, ахуал жағдайлары, сайыстар балалардың белсенді ойлау әрекетін дамытуға көмектеседі. Ойын барысында бала ойы үнемі дамып, жетіліп отырады, ұшқырлана түседі.

Ойын бала тілінің дамуына ықпалын тигізіп, таным белсенділігінің дамуына жол ашады. Ойын баланың физиологиясын дамытып, сонымен қатар тілін дамытуда үлкен рөл атқарады. Ойынның әрбір түрінің өзіндік мақсат-міндеті, бағыты болады. Міне, сондықтан да оқу-тәрбие үрдісінде әр түрлі ойындар арқылы баланы жан-жақты дамыту ісіне ерекше көңіл бөлу ең негізгі өзекті мәселе болып табылады. Мектеп жасына дейінгі балалардың тілін, сөздік қорларын дамыту ісінде жаңа сөздерді меңгерту, байланыстырып сөйлеуге үйрету, үйренген сөздерін тиянақтап, анықтап, әрі байытып отыру педагогтің басты міндеті болып саналады.

Қолданылған әдебиеттер:

1. Әбішева А., «Ойын элементтерін пайдаланудың педагогикалық ерекшеліктері» Бастауыш мектеп, №3, 2003.

2. Баймұратова А, Қасымова Г., «Ойын теориясы» Алматы, 2004.

3. Қаженбаева А.Е. «Бала танымын ойынмен дамыту» Отбасы және балабақша, 2002. №1, Б- 9-10

4. Қоянбекова.С. «Ойын мақсатын талдау және оның мәні» Қазақстан мектебі, 2002, №1-2, Б-45-49

5. Мәженқызы Р., Нұржұмина Ш., Садуақасова Ү., «Сауат ашу» (Әліппе-дәптер, дидактикалық материалдар). Алматы «Мектеп» 2003

6. Нұрқазова Р.Ш «Мектепке дейінгі тәрбие мен оқытуды ұйымдастыру». Қарағанды : «Полиграфсервис» ЖШС баспаханасы, 2005

7. Шулешко Е.Е. «Наглядно-дидактическое пособие по обучению дошкольников чтению, письму, счету» — М.: Мозаика-Синтез, 2002

 

Алпысбай Аққу Рымтайқызы

КММ №88 ЖББОМ жанындағы «Айдана» шағын орталығының әдіскер, педагог-психологы


ПІКІР ҚАЛДЫРУ