Қолданылу орнына қарай тыныс белгілері

0
9859
Freepik.com

Тыныс белгілері – ойды нақты, дәл, түсінікті етіп жеткізу мақсатында
интонациялық, мағыналық, грамматикалық ұстанымға сай қолданылатын шартты белгілер.

Қолданылу орнына қарай тыныс белгілері екіге бөлінеді:

I. Сөйлем соңында қойылатын тыныс белгілері: нүкте (.), сұрақ белгісі (?), леп белгісі (!), көп нүкте (…). Негізгі қызметі – даралаушы, біршама тиянақты ойды екіншісінен даралап, бөліп тұрады. Мысалы: Жолдың бұл тұсы ылғи белес-белес болатын. Алыстан жолды бағып отыратын тұрғылары бар. (М.Әуезов).

II. Сөйлем ішінде келетін тыныс белгілері қызметіне қарай екіге бөлінеді: бөлуші және ерекшелеуші.

1. Бөлуші тыныс белгілері: үтір (,), нүктелі үтір (;), үтірлі сызықша (, –). Олар жай сөйлемде бірыңғай мүшелерді, құрмалас сөйлемде оның құрамына кіретін жай сөйлемдерді бөліп көрсетеді.

Мысалы: Бірақ қаладан, жабырқау медреседен жаңа құтылып, енді ауылына жетуге асыққан шәкірт бала ол сөзді тыңдайын деп ойысқан жоқ. (М.Әуезов). Әрі түртінектеді, бері түртінектеді, – түк таппады. (Қ.Найманбаев).

2. Ерекшелеуші тыныс белгілері: қос нүкте (:), тырнақша (« »), сызықша ( – ), жақша (). Олар қаратпа, қыстырма, одағай сөздер мен тіркестерді, оңашаланған мүшелерді сөйлемнің өзге мүшелерінен айыру үшін, төл сөзді автор сөзінен ерекшелеп көрсету үшін қолданылады.

Мысалы: Шеген:
– Мен әшейін – «цирк», Бораш барып тұрған – «опера», – деді. (Ғ.Мүсірепов). Туған өлкеңді – Арқаны есіңе түсірші, Шығыс ұлы! (Б.Бұлқышев). 1900 жылы «Искра» («Ұшқын») газетінің бірінші нөмірі шықты. 

Дереккөз: Қазақ тілі: жалпы білім беретін мектептің 11-сыныбының қоғамдық-гуманитарлық бағытына арналған оқулық. / Т.Н.Ермекова,
Г.М.Найманбаева, Б.М.Найманбаева

Ұқсас материал:


ПІКІР ҚАЛДЫРУ