Өмірқұл Айниязов: Ұстаздың үстінен шағым айту — біздің санамызда болған емес…

0
5190

Ғарышкер де, ғұлама да, дәрігер де, тіпті әнші де ұстаздың алдынан өтіп, үлкен өмірге аяқ басқаны белгілі. Ал, табиғатынан әншілікті серік еткен Өмірқұл Айниязовтың  ұстаздары қандай болған? Мектеп кезінде әнші өте жақсы оқығаны үшін Қырымға сапар шеккенін білесіз бе? Ұғымында ұстазды сыйлау ұстанымынан танбаған өнер иесімен болған арнайы сұхбатымызды ұсынамыз!

Өзім үйдің кішкентай ханзадасы болсам да,сабақты кілең бестік бағаға оқыдым…   – Мен табиғатымнан   салмақты болсам да, мектепте оқыған кезімде ұстаздардың көзіне  сотқарлық жасап түскен кездерім болмапты. Халықтың дәстүрлі әнші ретінде таныған Өмірқұлының талантын туған жерінің киелі топырағы тербеді деп айтсам болады. Себебі мен,   «Сыр елі – жыр елі» саналатын Қызылорда өлкесінің Қазалы деген шағын  ауданында дүниеге келдім. Небәрі сегіз айлығымда ата-анам мені атам мен әжемнің қолдарына табыстаған екен.  Содан болар,  мен әлі күнге дейін өзімді кемпір-шалдың баласы санаймын. Салиқалы атам Әли мен биязы әжем Зибагүл бізден бөлек Арал ауданындағы Шөміш деген ауылда тұрды. Мектепке барғанша Аралдың суын ішіп, дариясының дәмін таттып өстім. Осы кездерде Арал ауданы  менің есімде  балалық шағымнан  жарқын-жарқын естеліктерімен сақталған, қазір ойлап отырсам Аралдағы сол шақтарым менің ең алаңсыз, ең мәнді күндерім екен ғой.
Жасыратыны жоқ,  көбісі ата-әжесінің қолында өскен бала ерке, сотқар болады деп есептейді. Мен  бұл пікірмен мүлде келісе алмаймын. Өзім үйдің кішкентай ханзадасы болсам да,  сабақты кілең бестік бағаға оқыдым. Сөзіме дәлел ретінде айтарым,  сол уақытта мектептегі ең үздік, ең үлгілі деген оқушыларды «Артек» дейтін лагерьге жіберетін. Сол Артекке өте жақсы оқығандығым үшін 6-сыныпта менде барып қайтқанмын. Осыдан-ақ бағамдай берсеңіздер болады. (Күліп алды)

    —  Кішкентай кезімдегі
хоббиім – суреттерімді альбомдарға салып, оларды сәндеп, естеліктерге ұқыптылықпен қарау еді. Түрлі фотоальбомдарды жинағанды да ұнататынмын. Жоғарыда айтып отырғандығымдай оқушы кезімнен үлкен өмірге араласқандықтан тентектік жасап, босқа сандалатын  уақытым да болмады. Мен ұлт өнерінің жолында бала күнімнен ысылдым…
Әкем мені төртінші сыныптан бастап музыкалық мектепке берді. Музыкалық мектепте «Сырнай», «Домбыра» сынды аспаптарды меңгеріп,  содан Ақтөбе қаласындағы музыка колледжге оқуға түстім.
Ақтөбеде  «Домбыра» сыныбының «Күй» мамандығы бойынша оқуымды үздік аяқтадым да мәдени астанамыз – Алматы қаласына баруға аяқ  асты шешім қабылдап, тікелей қазақ өнерінің орталығына  аттанып  кеттім. Алматы қаласында оқуға  келген кезімнен бастап менің өмірімнің жаңа парақтары ашылды. Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясында «Халық әні» кафедрасында білімімді жалғастыра жүріп, үшінші курсымда Сүйінбай атындағы филармонияға қызметке орналастым.

         Сөзімде тұратын, тиіссе жауап беретін жігіт болдым…   
  —   «Ана мектепте іс-шара болайын деп жатыр екен, мына мектепте мерекелік кеш өтеді,  Айниязовтарды шақырыңдар!» -деген  мұғалімдерім мені үнемі жарыстардан жарыстарға қатыстырып жүретін. Менімен бір сыныпта туған қарындасым Алтын да оқыды. Менің мектепке баратынымды естіген Алтын менде барамын деп жылаған соң, үйдегілер екеумізді бір сыныпқа берген екен.   Қарындасым екеуміз  бір сыныпта оқыдық, тіпті, колледжде  группалас болдық. Студенттік шақтарымда да қарындасым тек туысқаным ғана болмай жақын досыма да айналды. Ал, қазір Алтын екуміз әріптеспіз. Оны үнемі қасыма ертіп жүретіндіктен басымыздан көптеген қызықтар өтті. Мен жиі, Алтынға  жігіттер көз қырын салса немесе жылатып қоятын болса төбелес шығаратынмын. Оның бірге оқитын туған ағасы бар деген түсінікті желеу еткен жігіттер де оның қасына көп жолай алмайтын. Жалпы сөзімде тұратын, тиіссе жауап беретін жігіт болдым. Кейін Алтын Ақтөбе қаласына қоныс аударып, тұрмыс  құрды. Менің қасымда жүрсе, әлі күнге дейін үйленбей жүрер ме еді?…

        Ұстаздарымнан үйренгенім көп…

 —  Ғалым, әнші, тіпті ұстаздың өзі де ұстаздан тәлім алған. Сол сияқты менде көптеген ұстаздардан білім алдым, олардың тәрбиесін көрдім.  Гүлғаныс деген апайым  Қазалының қай жерінде концерт болса, бізді сонда сүйрелеп, талантымды шыңдап, өнер әлемінің биігіне көтерілуіме тамшыдай болса да өз үлесін қосуға бар жанын салатын еді. Ал Қонысбек ағайым  «баяннан» білім берді. Қазір ұлттық аспаптарда еркін ойнауым осы кісілердің еңбегінің жемісі деп білемін.  Досжан Жолдас  деген ағайым болды. Бізге термеден дәріс жүргізетін. Айтып отырмын ғой,  осындай білікті ұстаздардан көп нәрсені үйрендім, олардың  жақсы қасиеттерін өз бойыма жылдам қабылдап алуға тырыстым. Оқушы болған кезімде  «Дом пионеровке», қазіргі оқушылар сарайына жиі қатынап, Бақытгүл апайдың ұйымдастырған  іс-шараларына белсене қатысатынмын. Қолымнан келгенше  апайымызға көмек көрсетіп, ауыл тұрғындарына арналған арнайы мерекелік кештерді ұйымдастырушы едік. Қазіргі ұйымдастырушылық қабілетімнің жоғары болуына да сол Бақытгүл апайым себепкер болған  шығар, мүмкін…  — Әлі есімде,  1992 жылы «Әнші балапан» байқауында Қазалының намысын қорғап, жүлдеге қол жеткіздім. Соның барлығы Бақытгүл апайдың ерен еңбегінің арқасында ғой. Оны айтудан жалыққан емеспін! Жалықпаймын да…
Өнер саласынан бөлек білімді азамат ретінде тәрбиелеген ұстаздарым жоқ емес. Ол ұстаздар ешқашан ұмытылмайды, мәңгілік жадымда сақталады. Зәуреш апайдың,  Абен ағайдың , Тазагүл апайдың  көздеріне көзілдіктерін тағып алып, сабақ бергені көз алдымыздан әлі күнге дейін кетер емес. Сол кісілердің берген білімі, оқушыларға деген махаббаты ерекше болатын. Сондықтан болар, сыныбымызбен сабаққа баруға асығып тұратынбыз. Сол уақыттағы ұстаздардың ерекшелігі сонда: балаларды өз баласындай көріп, еркелетіп, оларға жақсы көңіл – күй сыйлауға ұмтылып тұратын.  Бойында  осындай ерекшелігі жетіп-артылатын кәсіби өнер саласындағы ұстазым ретінде  қазір Сауле Жанпейісованы атай аламын.

Бала махаббатым ұмытылмайды…

  — Жүрегіңе бүкіл әлем сыйып кетердей көрінетін бала махаббатты менде басымнан өткергенмін. Кішкентай кезімде қыздарға хат жазып, хаттың жанына қыздар жақсы көретін сырға, моншақтарды қосып, сөмкелеріне немесе қалталарына көрсетпей салып қоятынмын. Оны «достық» хат деп атауға да болатын шығар.  Гүлнара есімді қызға хат жазғаным әлі есімде. Біздегі мақсат – жақын араласып, сырласып, достасу болатын. Бірақ, ол қыз неге екенін білмеймін маған көз қырын да салмады. Кейін есейе келе оның маған деген сезімі пайда бола бастағанда,  менің ойым басқада болды.(күліп)
Ал жарым Фаридамен колледжде таныстым. Екеуміз колледжде бірге оқыдық, яғни «группалас» болдық. Танысқан күннен бастап біргеміз. Алдымен дос болдық, уақыт өте келе шын ғашықтарға айналып, отбасын құрдық. Бірақ, ол қазір үлкен саханада өнер көрсетпейді, тек шәкірт тәрбиелеумен айналысады.

Әнші болмағанымда, ұшқыш болар едім…
Қазіргі таңда ұстаздар оқушыларға ұрысып, дауыс көтерсе мұғалім кінәлі болып, жауапқа тартылып жатады ғой. Ал , біз оқушы болған кезде мұндай жағдайлар ешқашан орын алған емес. Бізге ұстаздарымыз  ұрысатын, «укаскамен» ұратын, соның барлығын ата – анаға айту деген түсінік біздің санамызда болмапты. Мектептегі білімі төмен оқушыларды ұстаздарымыз сарайға  қамап қоятын. Олар 3-4 сағат сарайда болып, кітаптарын арқалап, кешкісін үйлеріне қайтатын еді. Ұстаздың айтқаны – әрқашан дұрыс болуы керек. Сарайды қамап қоюдағы  мақсат – баланың сабақ оқуға деген ынтасын арттыру емес пе?. Таңқалатыным, сол кездерде ата-аналарда ұстаздың үстінен мүлде шағымданбайтын, ұстаздардың іс-әрекетін дұрыс деп есептейтін. Бізде көшеде ойнап жүріп ұстаздарымызды көріп қалсақ, көрінбей  қашып кетуге тырысатынбыз. Қатарластарымыздың: «Апайға айтып беремін»,-деген үш ауыз сөз біз үшін ең қорқынышты, үрейлі болатын. Жаман әдеттерімізді ұстаздарға көрсетпеуге тырысатынбыз. Қазір бірақ, мұндай емес қой. Адам өзгерді дейміз бе, әлде заман ба?…
Бала күнімнен көп армандайтынмын. Арманшыл бала болдым.  Бала кездегі
арманым — ұшқыш болу еді.  Биікке самғап, бәрінен биікте, жоғары болғым келген.  Әнші болмағанымда, ұшқыш болар ме едім…  Қазір ұшқыш болып, биікке самғамасам да, өнер әлемінде, сахнаның биігінде самғап жүргенім анық….

    Ақыл парасаты биік, қашанда үлкен мақсаттарды көздейтін, сөзі мен ісі бір жерден табылатын, ары мен жаны таза, бар ғұмырын жас ұрпаққа білім  беруге арнаған ұстаздарды біз ешқашан ұмытпаймыз. Ал ұстаздарға тілерім дендеріңізге саулық, ұзақ ғұмыр тілей отырып, мәртебелеріңіз Алатаудай асқақтай берсін!

Сұхбаттасқан: Сымбат Айдархан
Дастан Қастай


ПІКІР ҚАЛДЫРУ