Педагог қызметкерлердің біліктілігін тестілеу (ПҚБТ) ережесі

0
5570

Республикалық Martebe.kz ақпараттық білім порталы педагог қызметкерлердің біліктілігін тестілеу (ПҚБТ) туралы маңызды сұрақтарға Ұлттық тестілеу орталығына сілтеме жасай отырып, жауап береді. 

Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігінің (ары қарай – ҚР БҒМ) 2016 жылғы 27 қаңтардағы №83 бұйрығымен бекітілген, Мектепке дейінгі, бастауыш, негізгі орта, жалпы орта, техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі білімнің білім беретін оқу бағдарламаларын іске асыратын білім беру ұйымдарында жұмыс істейтін педагог қызметкерлер мен оларға теңестірілген тұлғаларды аттестаттаудан өткізу қағидалары мен шарттарына сәйкес, мерзімінен бұрын аттестаттауға үміткер педагог қызметкерлер біліктілік тестілеуден өтеді.

Біліктілік тестілеу – ҚР БҒМ Ұлттық тестілеу орталығы әзірлеген тест тапсырмалары бойынша педагогикалық қызметкерлерді мезгілінен бұрын аттестаттау кезінде кәсіби құзыреттілік деңгейін анықтау үшін өткізілетін міндетті кезеңдердің бірі.

Аттестаттау ережесі

Тестілеу уақыты

Тестілеу 15 қазан мен 15 желтоқсан аралығында облыстардың, Астана және Алматы қалаларының білім басқармалары, білім саласындағы уәкілетті орган, қарамағында білім ұйымдары бар салалық мемлекеттік органдар бекіткен кестеге сәйкес өткізіледі.

Тестілеу тапсырмалары неден беріледі және қанша сұрақтан тұрады?

Педагог қызметкерлердің біліктілік тестілеуі кешенді тестілеу түрінде, «ҚР Заңнамаларын білу», «Педагогика және психология негіздері», «Пәндік білім негіздері» бойынша өткізіледі:

№ 
р/с

Тестілеу блоктары

Тест тапсырмалар саны

Шектік деңгей

1

ҚР Заңнамасын білу

20

50%

2

Педагогика және психология негіздері

20

50%

3

Пәндік білім негіздері

20

70%

Барлығы

60

 

«ҚР Заңнамасын білу» блогы педагог қызметкердің ҚР Ата Заңы, ҚР «Білім туралы», «Бала құқықтары туралы» Заңдары, ҚР Еңбек кодексі бойынша білімін тексереді. «Педагогика және психология негіздері» блогытәрбие теориясы мен әдістемесі, дидактика, оқу үрдісін ұйымдастыру және басқару, жалпы және педагогикалық психология бойынша тапсырмалардан тұрады. «Пәндік білім негіздері» блогындағы тапсырмалар өзі оқытатын пәні бойынша оқу бағдарламаларының жалпы көлемін қамтиды.

Тестілеу уақыты қанша?!

Тестілеудің жалпы уақыты — 120 минут, ал математика, физика, химия бойынша пәндік білім негіздері бойынша тестіленетін педагог қызметкерлер үшін- 150 минут.

Тестілеу кезінде теріс нәтиже көрсеткен немесе дәлелді себептермен қатыспаған педагог қызметкерлер бірінші тестілеуден кейін екі айдан кешіктірмей қайта тестілеуден өтеді.

Дәлелді себептер мыналар болып табылады:

1) ұзақ уақыт бойы еңбекке жарамсыздық (2 айдан аспайтын);

2) жүктілік, бала туу және бала күту демалысында болу;

3) шетелде мамандық бойынша іссапарда болу.

Қайта тестілеу кезінде теріс нәтиже көрсеткен педагог қызметкерлер аттестаттаудың екінші кезеңіне жіберілмейді.

Біліктілікті тестілеудің тест тапсырмалары төменде көрсетілген спецификацияларға сәйкес құрастырылады. Онда пәндердің бөлімдері (бөлімшелері), сонымен қатар «ҚР Заңнамаларын білу» бөліміне арналған – заңдар (кодекс) және соған сәйкес мақалалар көрсетілген.

Сондай-ақ спецификацияда тестілеуге дайындалу үшін әдебиеттердің тізімі ұсынылған. Мектеп пәндері үшін негізгі әдебиеттер — ҚР Білім және ғылым министрлігінің мектепте пайдалануға ұсынған оқулықтары болып табылады.

Тесттің құрамы 

  • бір дұрыс жауабы бар 10 тапсырма,
  • бір немесе бірнеше дұрыс жауабы бар 5 тапсырма,
  • бір жағдаятқа (бір дұрыс жауабы бар) 5 тапсырмадан тұрады.

Бір немесе бірнеше дұрыс жауабы бар тапсырма мынадай жолмен бағаланады: 

  • дұрыс жауаптың бәрін таңдағанда 2 балл,
  • бір қате жіберілсе (дұрыс жауаптың 1-уі табылмаса немесе 1 дұрыс емес жауап таңдалса) 1 балл,
  • екі немесе одан да көп қатеге 0 балл.

Жағдаяттық тапсырмаларда бір жағдаятқа 5 тапсырма беріледі. Жағдаят мәтін (ғылыми, көркем мәтін), таблица, схема, графика, суреттер түрінде немесе бірнеше ақпаратты бірден беруі мүмкін.

Осы тапсырмаларды жақсылап орындау үшін жағдаятпен және берілген тапсырмаларымен мұқият танысу керек. Дұрыс жауап жағдаяттағы мәнмәтінде (контекст) немесе тапсырмаларда берілуі мүмкін.


ПІКІР ҚАЛДЫРУ