«Педагог мәртебесі туралы» Заң жобасы таныстырылды

0
1254

Қазақстан Республикасының Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов Парламент Мәжілісінде «Педагог мәртебесі туралы» Заң жобасын таныстырды.

Заң жобасында ең бастысы — педагогтың құқығын кеңейту және оқу жүктемесін қысқарту мәселелеріне баса назар аударылған. Осылайша, оқыту мен тәрбиелеудің авторлық әдістерін әзірлеу және қолдану, оқу құралдарын таңдау, ақпараттық ресурстарды тегін пайдалану, біліктілікті арттыру және тағылымдамадан өту нысандарын таңдау бөлігінде педагогтың кәсіби құқықтары кеңейтілмек.

Сайлау және сайланбалы лауазымдарға орналасуға, ата-аналарға кеңес беруге, қоғамдық бірлестіктердің мүшелігіне кіру бойынша жаңа құқықтар енгізіліп, жаңа заң жобасында педагогтар құқықтары бойынша 10 жаңа ұстаным көзделген. Олардың барлығы мұғалімнің жеке дамуына және оқу үдерісін жетілдіруге жағдай жасауға бағытталған.

Жалпы, заң жобасын жүзеге асыру үшін 1 трлн. 202 млрд. теңге көлемінде қосымша қаражат қажет. Оның ішінде 2020 жылға 214 млрд. теңге.
Жаңа Заң жобасы шеңберінде педагогқа тән емес функцияларға тартуға тыйым салуды белгілеу, шамадан тыс есеп беру, негізсіз тексерулер жүргізу арқылы жүктемені қысқарту бойынша нормалар жеке көзделіп отырғандығын ерекше атап өткен жөн.

Педагог мәртебесін арттыру оның қызметіне қойылатын талаптарды күшейтуді де болжайды. Сондықтан заң жобасында 2022 жылғы 1 қаңтардан бастап педагог ретінде кәсіби қызметті жүзеге асыруға алғаш кірісетін тұлғалар педагог біліктілігінің сәйкестігін растауы тиіс болады деп болжануда.

Көзделген нормалардың маңызды блоктарының бірі -материалдық ынталандыру. Мемлекет басшысының тамыз конференциясында берген тапсырмасы аясында алдағы төрт жыл ішінде мұғалімдердің жалақысы 2 есеге артады. Бұл келесі жылдан бастап педагогтардың жалақысы 25% — ға көбейеді деген сөз.

Сонымен қатар, заң жобасында мұғалімдердің өз құзыретін арттыруға бағытталған материалдық ынталандыру нормалары да қарастырылған.

Негізгі материалдық ынталандырулар сынып жетекшілігі мен дәптерлерді тексергені үшін 2 есе мөлшерде қосымшаақы; педагогикалық шеберлігі үшін қосымшаақы; барлық педагогтар үшін демалыс кезеңін 56 күнге дейін ұлғайту; тәлімгерлік және басқа да шаралар болады.


ПІКІР ҚАЛДЫРУ