Пікір алмасу (дискуссия) дегеніміз не?

0
8637
Freepik.com

Пікір алмасу (лат. discussio – «қарау», «зерттеу») – көкейкесті мәселелерді шешу мақсатына құрылатын, біліктілік пен мәдени өрені талап ететін пікірталастың бір түрі.

Айтылар ойларды тоғыстыра отырып, пікір алмасуға қатысушылар ортақ шешімге келу мақсатын көздейді.

Мәселені жан-жақты талқылап, ортақ пікірге келеді. Арнайы баяндамашы белгіленбейді, қатысушылардың бәрі өз пікірін білдіруге тең құқылы бұл сөз сайысы белгіленген тәртіп, келісімді уақыт, алдын ала белгіленген тақырып төңірегінде, алдын ала белгіленген төрағаның басқаруымен жүргізіледі.

Мақсаты. Ой-пікірді ортаға сала отырып, мәселенің ортақ шешімін табуды көздеу.
Өтілетін орны.  Митинг, арнайы белгілі бір мәселе бойынша құрылған
комиссия отырысы, іскерлік жиындар, арнайы басқосулар т.б.

Ерекшелігі. Тақырып алдын ала белгіленеді. Баяндамашы болмайды. Пікір айтушылар тең құқылы. Қатысушылардың барлығы пікірін айтуға құқылы.

Мәдениеті. Тақырыптан ауытқымау, белгіленген регламентке сай ойын ықшам, нақты жеткізу. Біреудің сөзін кие жарып, мағынасын бұрмаламау. Естімей не түсінбей қалған сөзді анықтап алу. Кезегін сабырмен күту, дауыс көтермеу. Беделін көлденең тартпау, жеке мүддесін көздемеу.

Пікірталас сәтті өтуі үшін тақырып жөніндегі біліммен қоса, пікірталас өткізудің негізгі қағидаларын, пікірталас мәдениетін жетік меңгеру қажет. Атап айтқанда:

1. Пікірталасқа дайындық қажет. Тақырыпты зерттеп, іздену керек.

2. Пікірталас майданына шығатын адамның өрт сөзді, семсер тілді, сабырлы да салқынқанды болғаны дұрыс.

3. Пікірталаста қарсыластың жеке басының мінін қазбалаған әбестік болып саналады. Оны сабырлылықпен тыңдай білген жөн. Оған дөрекі жауап беруге, күлкі етуге, ұрыс-керіске баруға болмайды.

4. Қарсылас пікірінің дұрыс-бұрыстығын саралай білуі керек.

5. Тура сөзге тоқтау, салғыласпау, ашуға ерік бермеу қажет. Ортақ мүдде мен әділ шешімді мойындай білетін батылдық болуы шарт.

Дереккөз: Қазақ тілі: жалпы білім беретін мектептің 11-сыныбының қоғамдық-гуманитарлық бағытына арналған оқулық. / Т.Н.Ермекова,
Г.М.Найманбаева, Б.М.Найманбаева

Ұқсас материал:


ПІКІР ҚАЛДЫРУ