Пікірталас шыңы – айтыс

0
2682
домбыра

Пікірталастың бір түрі – айтыс. Сонау көне замандардан бері қарай жалғасып келе жатқан айтыс – ой жарысының, сөз додасының мейлінше көркем де күрделі түрі.

Пікірталастың бір түрі болғандықтан, оған тән жалпы заңдылықтар айтыста да сақталады.Мысалы, қарсыластың пікірін жоққа шығарып, өз пікірінің дұрыстығына көз жеткізу, өзіндік көзқарастарын қорғау, қарсыласын сынау, сөз орамдарын қорғаныс құралы ретінде тиімді пайдалану, ұтқыр ой мен өткір тілді қолдану шеберлігіне ұмтылу т.б.

Айтыскерлер – тыңдаушылардың, қалың қауымның көкейіндегі ойды жеткізуші ел өкілдері. Олардың аузымен қоғамда қалыптасқан пікірлер ашық айтылады. Негізгі түйіні – өмір шындығы. Бетпе-бет келген екі ақын жеңудің сан алуан жолдарын, амал-тәсілдерін қарастырады.

Суырыпсалма өнерпаз айтыста сөз таппағаннан емес, аталы сөз бен жүйелі ойдан, бұлтартпас шындықтан жеңіледі.

Айтыстың мақсаты – елдіктің, бірліктің қамын жеу, жақсылықтар мен қол жеткен табыстарды паш ету, кемшіліктер мен олқылықтарды сынап, ескерту жасау. Мұның өзі айтыстың халық қолына қару етіп ұстаған жауынгер жанр екендігін көрсетеді.

Айтыс сыртқы көлеміне, түр ерекшелігіне қарай екіге бөлінеді:

1) түре айтыс;

2) сүре айтыс.

Түре айтыс – бір-бір ауыз өлеңмен қысқа, шапшаң жауаптасып отыратын, жалпы көпшілік қолданатын айтыс.

Сүре айтыс – өлеңге әбден төселген, ысылған нағыз ақындардың ұзақ сөйлеп, көп жыр төгіп, көсіле жырлайтын түрі.

«Айтыс – еріккеннің ермегі емес, биік өнер. Ол сөз бен ойдың, тапқырлықтың шыңы. Сондықтан да айтыскерге терең білім, үлкен даярлық керек. Ақын тарихты зерделейді. Қоғамдық ой қалыптастырады. Ата сөзін жинайды. Шежіре ақтарады. Қазіргі ақындар осы үрдісті одан әрі дамытып, халықтық мәселелерді көтеруді айтыстың
ажырамас бөлігіне айналдырды».

Мырзатай Жолдасбеков

Дереккөз: Қазақ тілі: жалпы білім беретін мектептің 11-сыныбының қоғамдық-гуманитарлық бағытына арналған оқулық. / Т.Н.Ермекова,
Г.М.Найманбаева, Б.М.Найманбаева

Ұқсас материал:


ПІКІР ҚАЛДЫРУ