Психология — болашақтың мамандығы (эссе)

0
17918
Jennie Kim: кәріс айдолының Голливудтық дебюты

Психология — болашақтың мамандығы

Мамандық тандау — бұл өте маңызды іс. Өйткені біз өзіміз таңдаған мамандық саласында өмір бойы қызмет атқарамыз. Мамандықтың саны әр алуан: дәрігер, мұғалім, ұшқыш, психолог, сазгер, сатушы, ғарышкер және т.б. Бірақ бұларды байланыстыратын маңызды факт — бұлар бәрі халық үшін қызмет атқарады. Ал халық үшін қызмет көрсету маңызды мәселе. Түркі тілдес халықтың «жеті рет өлшеп, бір рет кес» деген нақыл сөзін ұран етіп, мамандықты дұрыс таңдауымыз керек.

Психология – болашақтың мамандығы. Расыменде қазіргі таңда кез келген мекеме психологты қажет етеді. Адамдар тығырыққа тіреліп, шырғалаңға түскен шақта қол ұшын беріп, дұрыс жол көрсете алатын білгір психолог болам деушілер саны жылдан жылға көбеюде. «Психология» мамандығы әлемдегі ең танымал мамандықтардың үздік бестігіне кіреді.Психологияның зерттеу пәні- адам психикасы екендігін ескерсек, психология әрдайым және әрқашан қызығушылық тудыратын мамандық екеніне еш күмән тудыра алмаймыз. Сондықтан да бұл мамандықтың болашағы зор екендігі бүгінгі уақыттың талап-тілегінен туындап отыр. Психология ғылымы адам іс-әрекетінің түрлі салаларында қарқынды орын алуда. Ғалымдардың болжауы бойынша ХХІ ғасыр – психология ғасыры болмақ.

Енді осы психология деген ғажап әлемнің жол көрсетушісі психолог туралы сыр шертейік.
Адам баласының өмірінде болуға тиіс бақыттың бірі не десек, ол – өз қалауыңмен таңдаған кәсіп-мамандығыңа деген салиқалы ынтызарлық әрі ыстық ықылас дер едім. Өз еңбегіне жан-тәнімен берілген жан ғана өмірдің мән-мағынасын, қоғамдық ортадағы жауапкершілікті, тұтастай ұлттың ертеңіне қоса алар өзіндік үлесін тереңнен салмақтай алса керек. Бір сөзбен айтқанда, өмірдің мәні адал әрі мағыналы, жемісті әрі нәтижелі еңбекте жатқандығын түбегейлі түйсіне алған әр адам биікке бастар жолдың қадірін салмақтай біледі. Қалаған ісіңе ғашықтық пейілмен қарай білсең, өмірден өз орныңды тапқандығың! Мұндай философиялық қағида бағзыдан қалыптасқан жоғары адагершіліктік ұғымдармен астасып жатыр. Психолог маманы болып шығу адам жанын түсініп қана қоймай оларды дұрыс жолға салуда және тәрбиелеуде игілікті жұмыстарға қол жеткізеді.

Ал жақсы психолог болып қалыптасу үшін жоғарыда көрсетілген қасиеттермен қатар, әрбір істі шығармашылықпен, адамгершілікпен шешуді қажет ететін интуиция, дәлдік, тапқырлық, мейірімділік сияқты қасиеттер болуы қажет деп есептеймін. Осының нәтижесінде психолог – көмекші, психолог – өзгелердің жан – дүниесін терең түсінетін немесе түсінуге ұмтылатын – зерттеуші, психолог – өзгелердің жан ауруын емдеп жазуға ұмтылатын – қолдаушы, — деп айта аламыз. Бүгінде адам тәнін дәрігер емдесе, жанын психолог емдей алады. Әр адамның жан дүниесін терең түсініп, оған көмек беру тек мамандықты талап етпейді,адамға деген ізгілік пен мейірімділіктен туындайды. Психолог өзгелердің жанын ауыртпайды, керісінше жан дүниесі күйзеліске түскен жандарға өзінің психология әлемін шарлап,жанына дауа іздейді. Осындай жақсы қасиеттерді бойына сіңіріп, еңбек жолын бастаған әрбір жас психолог өз мамандығы арқылы қоғамға, жалпы адамзатқа тигізер пайдасы көп екеніне сенемін. 

Елбасының «Болашаққа бағдар: Рухани жаңғыру» атты мақаласы стратегиялық маңызға ие. Жасампаз халқымыздың жарқын болашағын айқындайтын ой толғам. Президент өз мақаласында қазақ халқы, жалпы қоғамымыз қалай ілгерілеу керек деген күрделі мәселелердің тұшымды тұжырымдамасын жасады. Біз бүгін жаңа дәуір есігін қағып тұрмыз. Инновациялар дәуірі, ғаламат жаңалықтар ашу, технологияның жетілу дәуірі, жаңа өндірістік төңкеріс дәуірі. Әлем күн сайын өзгеруде.Зуылдаған замана көшінен қалып қоймас үшін адам өзі өзгеруі қажет. Жаңарусыз мықты мемлекет болуы мүмкін емес екендігін түсініп,осы іске бел шеше кіріскен ел мен қоғам өкілдері ғана суырылып алға шығады. Сол үшін де адамдардың дүниетанымын өзгерту қажет.

Халқымызда «Жас келсе — іске» деген керемет сөз бар. Демек, мен бойымдағы жастық жігерімді, күш-қуатымды, жаңашылдығымды талапты әрі талантты шәкірт тәрбиелеуге жұмсауым керек. Болашақта өз мамандығымның биік белестерін бағындырсам, елім үшін өзімнің аз да болса үлесім тиіп жатса, мен өзімді мықты психолог, бақытты жанмын деп есептеймін.

Әбжетқызы Бибінұр

Басқа материалдар


ПІКІР ҚАЛДЫРУ