Қазақ драма театры тарихының бастауы

дд

Тарихы Қызылордадан бастау алған Қазақ драма театры, бүгінгі күннің өзінде өзіндік ерекшелігін жоғалтпай еліміздің түкпір-түкпірінде дамып келеді.Бұл – театр сүйер қауым үшін қуантарлық жайт.Сахна қимылымен көркемделіп,әсем әуенмен әрленетін өнердің елімізде бастау алу тарихына шолу жасап өтсек.

1926 жылы Қазақ драма театрын Қызылордаға ұйымдастыру жоспарланады.Тұңғыш театр шымылдығы 13 қаңтарда Әуезовтің «Еңлік-Кебек» трагедиясымен Қызылордада ашылды.Мұнда өткен дәуірдегі феодалдық-рулық қоғамның кертартпа күштері,күні өткен ескі салт-саналары әшкереленді.Сахнадан түнек заманда дәурен сүрген азулы билердің адамгершіліктен құр алақан бейнесі шынайы көрсетілді.

1926-30 жылдары М.Әуезовтің «Бәйбіше-тоқал», «Қарагөз», Майлиннің «Шаншар молда», «Неке қияр»,Шаниннің «Арқалық батыр»,«Баян батыр»,С.Аблановтың «Күндеспейтін қатындар»,«1916жыл»,Ерданаевтың «Малқамбай»,А.Тоқмағанбетовтың «Екі заң»,Р.Малабаевтың «Үй тұтқындары» мен «Ғұрып күңі» пьесасы бойынша қойылған спектакльдерде қазақ халқының әр дәуірдегі өмір-тұрмысы, тағдыры көрсетіліп, әйел теңсіздігі мен ескіліктің кертартпа қылықтары өткір сыналды.Бұл шығармалар көркемдік және идеялық жағынан азды-көпті кемшіліктері болмаса,кезінде көрермен көңілінен шыққан шығармалар болып есептеледі,әрі оған қоса сахнада ойнауға жеңілдеу болды.

Әсіресе, эпостық тақырыпта немесе тарихи оқиғалар негізінде жазылған драмалық шығармаларда актерлер еркінірек ойнайды.Өйткені мұндай туындылардағы оқиғалар оларға бала жастан таныс еді.Оның үстіне орындаушылар жергілікті сауық үйірмелерінде ертерек ойнап,ысылғандақтан мұндай шығармалардағы тұрмыс-салттық өмір көрінісін барынша шынайы беруге ұмтылды.

Эпостық тақырыптағы драмалық шығармалар бойынша қойылған спектакльдерде, әсіресе ақындық пен шешендік сайыстарындағы диалогтар,оның мәні мен мазмұнын ашу,қимыл-қозғалыс,қарым-қатынас,психологиялық толғану сәттері,тіпті тартысқа түскен екі жақтың жарыла отырып,бар зейін-ықыласымен беріліп өздерінің көңіл-күйін білдіруі,сөз нышанын әркімнің өзінше сезінуі,бағалауы, т.б. сол сияқты сахналық өнердің образ жасаудағы әдіс-тәсілдеріне алғашқы қазақ актерлері жетік болатын.Cебебі, актерлердің ескі ел өмірін,тіршілік-тынысын,тұрмыс-салтын жақсы білуі,әрі олардың көпшілігі табиғи дарын иесі болуы да айтылмыш тақырыптарды толық меңгеріп кетуіне қолайлы жағдай туғызды.

Өмірзақов,Қожамқұлов,Шанин,Жандарбеков,Қуанышбаев,Байзақов,Қашаубаев секілді өнер иелерінің шеберліктері сол уақыттың өзінде-ақ жоғары бағаланып, көрермен қауымның сүйіспеншілігіне бөленуі де тікелей соған байланысты.Ал алғашқы актрисалардан Атабаева,Ш.Байзақова,Ж.Шанина,Шамова және Ш.Әлібекова драмалық өнерге деген табиғи дарынының үстіне төгілтіп салған әсем әндерімен де ерекше көзге түсті.Қазақ театр өнерінің алғашқы қалыптасып даму кезеңі спектакльдерде этнографиялық-тұрмыстық бояудың қатаң сақталуымен,халық әндерін мол пайдалануымен ерекшеленді.Мұның өзі бір жағынан театр мен көрермендер арасындағы қарым-қатынасты күшейтуге мүмкіндік туғызды.

Қызылорда кезеңі – қазақ театрының шығармашылық жағынан әлі қалыптаспаған, бірақ профессионалды сахна өнерін меңгеруге қадам басқан шағы.Осы жолда Қазақ драма театры әуесқойлар тобы мен көркем өнерпаздар үйірмелерінің азды-көпті тәжірибесіне, халық творчествосының бай мұрасына сүйенді.Сөйтіп,олардың жақсы қасиеттерін өз бойына жинақтады.Бұлар бір-бірін қайталамай,керісінше толықтыра түсті,әрі бұқара халыққа бұрын-соңды бейтаныс болып келген профессионалды сахналық өнерге жол салды.Бұған сол кезеңдегі театр репертуарындағы пьесалардың көркемдік-идеялық мазмұны,актерлік және режисерлік өнер ерекшелігі,жас театр ұжымының алғашқы шығармашылық жолы толық дәлел.

1928 жылы Қазақ драма театры республиканың жаңа астанасы Алматыға көшіп келді.Мұнда бұрынғыға қарағанда шығармашылық жұмыс жүргізуге айтарлықтай жағдай жасалып, театрға арнайы үй берілді.Костюм, декорациялық бұйымдар жасайтын цехтар ұйымдастырылып,дарынды жастармен театр тобы толықтырылды.Олардың ішінде тамаша әншілігі мен драмалық таланты қатар дамыған К.Ж.Бәйсейітова,актерлік жұмыспен бірге драматургиямен айналысқан,бірнеше пьеса жазған Бәйсейітов,сонымен қатар,биші Ш.Жиенқұлова,әншілер Елебеков,Ержанов,Ү.Тұрдықұлова мен Ә.Т.Шанин т.б. өнерпаздар болды.Бұл кезеңдегі театр сахнасына қойылған дармалық шығармалардың дені–қазақ ауылдарындағы тап тартысын бейнелейтін, ескіліктің сарқыншағын әшкерелейтін пьесалар болатын.

Ғасырға жуық уақытта елімізде өркендеген өнердің жемісі – бүгінгі театр ұжымдары.Олар әрдайым өз көрермендеріне жаңа дүниелерді ұсынуға,таңқалдыруға асығады.Қазіргі күннің өзінде, театр тарихында атауы алтын әріппен жазылатын қойылымдардың куәсі болып жүрміз.Театр актерлері мен режиссерлерінің еңбектері көбіне бағаланбай қалып жатады.Сол бір ескірмейтін өнердің туын құлатпай, қолдау білдіре білу әрбіреуіміздің қолымызда!

Дереккөз: Қазақ кеңес энциклопедиясы

Әзірлеген: Гүлманат Райымбаева

 


ПІКІР ҚАЛДЫРУ