«Қазақстан» газеті — тұңғыш ұлттық мерзімді басылым

0
5618

«Қазақстан» газеті (1911–1913 ж.)

«Қазақстан» газеті – қазақ топырағында жарық көрген тұңғыш ұлттық мерзімді басылым. Ұлт үшін қызмет еткен газеттің о заманда шығуы оңай болмағаны мәлім. Осындай игілікті іске білек сыбана кіріскен басылымның редакторы Елеусін Бұйраұлы (Бұйрин) болатын.

Бұл кісі патша заманында, 1911–1913 жылдары, бұратана тірлігіне шекесінен қарайтын әкімшілік қыспағына төтеп беріп, ұлттың мұң-мұқтажын жоқтайтын демократиялық газет шығарып тұрды. Газеттің атын «Қазақстан» деуінің о заманда патшалы Ресейдің қазақ даласын жанталаса мұжықтандырып, қалай қылғанда да жерін күшпен алуды мәжбүрлеп, жергілікті халықтың меншігінен мемлекеттік меншікке өткізіп, этностың атына шейін бұрмалап, «Қырғыз өлкесі» деуінде түпкі дәмесі бұл әкімшілік-аумақтық мекенді түгел басыбайлы иемденуді заңдастыру еді. Міне, қалыптасқан саяси ахуалдың бағытына қарама-қарсы тарихи сананың көрінісі «Қазақстан» деп газеттің атын елінің атымен атауы империялық идеологияға, оның отарлау саясатына редактордың бетпе-бет қарсы шығуы еді.

Шығарушыларының сөзімен айтсақ, «Қазақстан» газеті: «…бізді бір тілек, бір ниеткен жиятұғын зат… – біздің басшымыз!… – біздің достар алдындағы көркіміз! Дұшпандарға қарсы құралымыз!…- білмегенді көрсететін ұстазымыз! … қараңғыда жарық беріп, тура жолға салатын шамшырағымыз!» Газеттің күллі ауыртпашылығын негізінен бір өзі көтеріп жүрген Бұйриннің редакциялық мақалаларды өзі жазып тұрғынына күмән жоқ, ол: «Заман өгереді, заман шаруаны, адамды өзгертеді. Өзгермесе, жаңаға ыңғайланбаса, ол кейін қалады. Заманымыз өзгеріп отыр, бізде өзгерейік», – дейді алғашқы санында. Әлі де өткірлігін жоғалта қоймаған пікір. Екінші нөмірдегі: « Халіміз келсе, бір адамды бір адамнан артық еткен ғылым мен өнер үйреніп, өзімізден ілгері кеткен халықтармен қатарласуға талап етелік», – деген пікір түйісі де өткен ғасыр басындағы Елеусін Бұйраұлының бейнесін таныта түседі.

1912 жылғы Лена қырғынының мәнісін қалай түсіндіргеніне назар аударыңызшы: «Бұл күнде халық екіге бөлінген: бір жағы – ірі байлар, фабрик-завод иелері. Олардың өздері жұмыс істемейді, мың-мыңдап жұмысшы жалдайды да, оларды арзан жалдап, күніне 12–14 сағат жұмыс еткізеді. Жұмысшылар жұмысты аз уақыт істеп, өздерінің еткен еңбектерін алғысы келеді. Байлар оған көнбейді. Бұған риза болмаған жұмысшылар іс тастап жатып алады. Лена істі оқиғасы осындай топтардың тартысынан туған».

Бұл басылым – қазақ азаматтарының өздерінің серіктесіп, қаржы жинауы арқасында шыққан газет. Елеусін Бұйраұлы, Бақытжан Қаратаев, Шәңгірей Бөкейұлы, Ғұмар Қараш, Сейітқали Мендешұлы, Мәжит Шомбалұлы, Ғабдолғазиз Мұсағалиұлы сынды ұлт зиялылары бас болып, мұғалімдер, дәрігерлер, басқа да қызметкерлер үлес қосып жинаған қаржыға 1910 жылы Бакуден, тағы бір дерек бойынша – Астраханнан баспахана құрал-

жабдықтары сатып алынды. Ол әуелі Бақы [Баку], сосын Хажы-Тарқаннан Ордаға тасымалданып, сонда орнатылды, «Қазақстанның» алғашқы сандарын шығарған соң, Оралға көшірілді. Мұнда баспахана газет тоқтатылғанға шейін жұмыс істеді. Күллі редакциялық баспагерлік шығын, патша әкімшілігі цензуралық шұқшию арқылы сылтау тауып, әлсін-әлсін салып отырған айып-сомалары серіктестік жинаған жеке адамдардың қаражатымен өтеліп отырды.

«Қазақстан» газетінің баспаханасынан шағын кітапшалар, үнпарақтар, тағысын тағы баспа өнімдері жарық көрген. Сондай өлеңдер жинағының бірі 1912 жылы Елеусін Бұйриннің редакторлығымен басылып шыққан «Ызың» кітапшасы.

«Елеусін Бұйрин Батыс Қазақстан облысы, Жаңақала ауданы, Нарын құмында 1874 жылы дүниеге келеді. Әкесінен жастай айырылып тағдыр тауқіметін ерте тартса да, ауқатты байлардың малын бағып жүріп, ауыл молдаларынан арабша тіл үйренеді. Мұнымен тынбай оқуды ниет еткен Елеусін, мал айдаған татарлармен бірге Қазан қаласына келіп орыс, татар байларына жалданып, тіршілік азабын көп көреді. Дегенмен тумысынан зерек бала орыс тілін тез меңгеріп, Қазан мұғалімдер семинариясына оқуға қабылданады. Оқуды жақсы аяқтаған соң Астрахан қаласындағы мектепте орыс тілі мен әдебиеті пәнінен сабақ береді.

Енді «Қазақстан» газетінің шығу тарихы туралы сөз етсек, мұрағат деректеріне қарағанда 1910 жылы қыркүйек айында ішкі ордалық халық мұғалімі Елеусін Бұйринның газет шығаруға сұраған өтініші бойынша Астрахан губернаторы Соколовский жандарын басқармасына өтініш иесінің бұрын-соңды істі болған-болмағанын, саяси шүбәсіздігін анықтауды тапсырады. Жандарымдардың ұзақ тексерісінен кейін Е. Бұйрин 1911жылдың қаңтарында орыс тіліндегі қосымшасымен, жетісіне бір қазақша «Қазақстан» газетін шығаруға рұқсат етілген №618-ші куәлікке ие болады. Газеттің негізгі редакциясы Ордада болған. Орыс және қазақ тілінде әзірлеген материалдарды Е. Бұйрин мен Ғ. Қараш пойызбен Астраханға жеткізіп отырды. Зерттеуші Мұстафа Ысмағұловтың: «Орыс қаріптері Орда қаласындағы Щелкова баспаханасынан, араб қаріптері сол жылдардағы Мұхаммеджан Мусин дейтін саудагер татардан сатып алынған. Осы құрал-жабдықтардың көмегімен «Қазақстан» газетінің алғашқы саны 1911 жылғы 16 наурызда Ордада басылған деген тұжырымы негіз болуы мүмкін.

Алғашқы санынан кейін «Қазақстан» газеті қаржы тапшылығынан кешігіп шығады. Өйткені, газеттің бұл жолғы санына керекті қаржыны, Әзербайжан мұнай кәсіпкері Зейнел-Ғабиден Тагиевтен сұрау үшін газет редакторы Елеусін Бұйрин мен Ғұмар Қараш Бакуге аттанады. Кейін Ғұмар Қараштың «Баку» деп аталатын мақаласында: «Ақ ниетіміз құрметіне Алла тілегімізді аңғарып, барған хатымызды хош алды, «Қазақстанға» мың сом жәрдем берді. аталық сифатынан ағып шыққан сөздерін айтты. Амандасып айырылысар жерде «Қазақ баласына менен сәлем – дәулет менікі емес, милаттікі» деген сөзін айтып көзіне жас алды. Хұдай тағала ғұмырларын ұзақ етіп, осындай адамдарымызды көбейтсін», – деп жазды.


ПІКІР ҚАЛДЫРУ