«Серке» газеті туралы толық ақпарат

0
8460

«Серке» газеті – 1905–1907 жылдарда Ресейде болған бірінші революция екпінімен шыққан баспасөз. «Серке» газетінің шығуы туралы 1911 жылы Мұхамеджан Серлиннің оқырманға арнап жазған бас мақаласында: «1907 жылы ІІ мемлекеттік думаның мүшесі Шаһмардан Қосшығұловтың іжтиһаты менен Петербурда «Серке» есімді журналы шыға бастап еді, ұзаққа бармай, үкімет тарапынан тоқтатылды» («Айқап», 1911, №1) делінген.

Екі нөмірі ғана шығып тоқтап қалған басылым туралы Ш.Қосшығұловтың айтуы бойынша, «Серке» деген сөз, ол боранда қой бастайтын көсем мағынасында қолданатын ұғым. Ол «Улфат» газетінің 67-санына қосымша болып шықты. Газет шыққан соң бірер күннен кейін полиция келіп, басқармадағы бүкіл даналарын жиып алып, құлыптап кетеді. «Серке» газетіндегі кейбір мақалаларда қазақ халқын үкіметке қарсы үгіттеу бар, содан ұсталды деп жазылған.

Ал бүгінгі таңда бұл газеттің жабылуына басты себеп белгілі ақын- журналист Міржақып Дулатұлының «Жастарға» атты өлеңі мен «Біздің мақсатымыз» деген мақаласының жариялануы болды деген де дерек бар.

Бұл газет Петерборда татар иелігінде шығып тұрған «Улфат» газетіне қосымша ретінде 1907 жылы басылып, Петерборда шыққан. Бір нөмірі шығып тоқтаған. «Улфат» газетінің редакторы Хажы Ибраимов деген кісі болған.

«Серке» туралы «Улфат» газеті редакторының бірі «Нажат» («Азаттық») деген жинақта былай деп жазады:

1906 жылдың жазында «Улфаттың» қазақ оқушыларына арнап, қазақ тілінде «Серке» атты екі жетілік газет шығаруға қарар болды. Келесі жылы наурыз айының басында сол газеттің жариялауы шықты. Артынша, 28-наурызда бірінші саны шықты. Ол «Улфат» газетінің 67-санына қосымша болып жарияланды.

Газет жарық көргеннен соң бірер күн өткеннен кейін полиция келіп, қала бастығының «Серке», «Ұлфәт» газеттерінің тұтқындалғаны туралы әмірін оқып, басқармада бар даналарын жинап, құлыптап кетті. Екінші күні тиісті орындардан себебін сұрағанымызда, олар: «Серке» газетіндегі кейбір мақаларда қазақ халқын орыс халқына қарсы үгіттеу бар. Содан ұсталды деп жауап береді» (Нажат 6–7-бет. Санк-Петербург, 1907 ж.) дейді.

«Серкенің» жариялауы былай жазылған:

«Серке»

Алаш ұранды қазақтың күзетшісі. «Серке» есімінде нағыз қазақ тілінде бір журнал шығармақ пікірдеміз. Бірінші нөмірі март ішінде шықса керек.

Алушыларға хақы: «бір жылға екі теңге, жарты жылға бір теңге 25 тиын. Бірмелеп нұсқасы он тиын».

Бұл құлақтандыру «Улфат» газетінің 1907 жылғы наурыз айының басында шыққан бірнеше санында басылған. Ал кейін, «Серке» шыққан соң, «Улфат» мынандай хабарлау басқан: «… «Серке» есімінде нағыз қазақ тілінде журнал

шығармақшы уағда қылғандығымыз мәлімдеу. Журналдың көрсеткіш нөмірі шықты.

Алушы дәфтері анықдыр…

Жазылушы «Улфат» идәрәсінде қабул алынады.»

(«Улфат», 67-сан, 28-наурыз, 1907 жыл Петербор) деген.

Редактор думаның депутаты [Шаймерден] Қосшығұлов.


ПІКІР ҚАЛДЫРУ