Әрекетте берекет бар

0
677

Ең алғаш Қазақстандық танымал музыкант Иманбек Зейкенов «Грэмми» сыйлығын жеңіп алды. Ұлттық Өнер және дыбыс жазу академиясы «Грэммиді» 20 жастағы жас талант иесіне «үздік ремикс» номинациясы бойынша лайықты деп санаған.

Байқауға Америкалық орындаушы Saint JHN-нің «Roses» әніне жазған ремиксі әлемдегі ең үздік деп танылды. Музыкант жеңісі туралы қуанышты хабарды өзінің Instagram-дағы парақшасында жариялап,  «музыканттың мансабындағы басты жетістік — «Грэммиді»  жеңу және бұл біздің қолымыздан келді» — деген жазбасымен бөліскен.

ҚТЖ-дан Грэммиге дейін

Иманбек Зейкенов 2000 жылы 21 қазанда  Павлодар облысы Ақсу қаласында дүниеге келген.  Әкесі музыка әлеміне  алғашқы қадамдар жасауына түрткі болған. Гитараға деген сүйіспеншілік сезімін ояту арқылы Зейкенов 8 жасында аспапта ойнай бастады.

Теміржол институтында оқып жүріп,  қызметтік жолын Ақсу теміржол станциясынан бастаған. Жас жігіт 17 жасынан бастап әндерге  ремикс жасаған. Диджейлік, музыкалық дәрежесін жақсарту үшін түрлі бағыттағы әндерді тыңдаған.

Ол музыкамен ақша үшін емес, жан дүниесінің қалауымен айналысты. Қазір ол Imanbek деген атпен бүкіл әлемге танымал. «Roses» әніне жазған ремиксі қатарынан 20 апта бойы «Billboard Hot 100» үздік 10 дықтың қатарында болды. Apple Music үздік 10 дықтың, Shazam музыкалық қосымшасында 22 миллионнан астам қаралым жинап, ұзақ уақыт бойы Яндекс Музыка платформасында бірінші орынға ие болды.

Сонымен қатар 2019 жылы 31 қазанда «Қазақстанның 100 жаңа есімі» мемлекеттік жобасында «Мәдениет» номинациясының жеңімпазы атанған. Оның өз ісіне деген махаббаты, арманға жетудегі еңбегі, ізденісі өз жемісін берді.  Еңбектің жемісі асыл арманға қол жеткізді.

Мөлдір АУБЕЛ,
«Тұран» университеті
Журналистика мамандығының студенті


ПІКІР ҚАЛДЫРУ