Репортаж жазу қағидасы

0
15550

Репортаждағы басты мақсат — оқиғаны елестету, көрсету, суреттеу болып табылады. Мысалы, газет репортажы ең қиыны. Себебі, оқырман оны оқып отырып, оқиғаны көз алдынан еткізуі шарт. Бұндағы оқырманның оны көз алдынан өткізіп, сезінуі, бір сөзбен айтқанда, барлығы да автордың жазу шеберлігіне байланысты. Ал, керісінше, радио мен теледидарда салыстырмалы түрде жеңілірек. Өйткені, эфирден дауыс, көңіл-күй естіледі, теледидардан әрі көріп, әрі естиді.

Репортаж негізінен 3-ші жақта баяндалады. Әйтсе де, онда автордың «мені» айрықша білініп тұрғаны шарт. Өйткені, оның осы «мені» репортажда оны және бір қырынан көрсетуге көмектеседі. Автор мұнда мәселенің тек сыртына ғана үңіліп қоймай, «өзінің» «мені» арқылы оқиғаның ішкі тылсымын да түсіндіруге тырысады. Яғни, бұл жерде репортаждың басты кейіпкері-автордың өзі. Басқа хабарлама жанр-лар негізінен болған оқиғаны хабарлаумен шектелсе, ал репортаж болса қысқа жазылатынына қарамастан, құбылысты жан-жақты, барлық көрінісімен суреттеуге тырысып, әрекет жасайды.

Енді репортаждың тілдік қүрылымына келетін болсақ, онда репортаж жазу барысында көптеген нәрселер қамтылады. Мысалы, хабарлау, суреттеу, көрсету, бағалау т.б. Бұл қасиеттерді қамту автор тілінің тартымдылығын талап етеді. Сондықтан да біз репортаждан басқа да газет жанрларына тән элементтерді кездестіріп отырамыз. Бұл жөнінде орыс зерттеушісі Е.Рябчиков: «Репортаж басқа жанрлардың арасында көрнекті орын алады. Ол бойына очерк, интервью, есеп, корреспонденция сияқты түрлі жанрлардың ең жақсы белгілерін жинай білген. Оның басқалардан айырмашылығы — белсенділігі мен күрескерлігінде, өмірдің алуан түрлі тақырыптарын қозғай білуінде. Кез келген оқиғаны жаза отырып, репортер оқиға көріністерін әдемі суреттейді, қатысушы адамдарға мінездеме беріп, олардың бет-бейнесін шебер жасайды. Сондай-ақ, оқырманға олардың тілдік белгілерін көрсетуге, езі жазып отырған (завод, цех, т.б.) органдарының ауасымен тыныстатуға тырысады», — деп жазған.

Репортаж, әдетте, бір оқиға төңірегінде жазылған-дықтан нақты фактіге құрылуы керек. Басты міндет — шындықты көрсету. Жалпы алғанда, репортаж ауызекі сөйлеу және кітаби стилмен жазылады. Ал, ауызекі сөйлеу стилі болса, автордың «менімен» тығыз байланысты. Бәрімізге белгілі бұл екі стилдің жазылуы өте жеңіл әрі баршаға түсінікті болып келеді. Бұған себеп, репортаж қысқа болған соң, оған түсінікті, қарапайым тілмен жазылу тән. Тегі, репортажды жақсы жазамын деп әрсіз метафора, эпитет, қиын да күрделі метонимия, әлсіз әсерлі ету құралдарын қолдану дұрыс емес. Себебі, дұрыс қолданыс таппаған тіркестер, материалдың шынайы реңін, әрін жояды. Бұл жерде тағы бір ескеретін жай репортажды әсерлі етіп жазудың екінші бір жолы — диалогты қолдану. Егер автор өзінің айтар ойын оқырманға диалог арқылы ұқтыра алса, репортаж көркемдігі одан әрі арта түсері сөзсіз


ПІКІР ҚАЛДЫРУ