Жүйесіз сөз иесін табады

0
1242
e63e64e2-1d15-42a7-aefe-2dec72edc301

Боқтық сөздер – тілдің және қоғамдық сананың даму кезеңіне сәйкес кез-келген көпшілік орындарда қолданылуына тыйым салынатын сөздер. Бұл тыйымды орындамаған жағдайда моральдік-этикалық көзқарас тұрғысынан айыпталып, жауапкершілікке тартылуы мүмкін.

Боқтық лексиканың туындау себептері:

Бүгінде халқымыз ана тілінде ғана емес орыс тілінде де боқтық лексикаға жататын анайы, табуланған сөздерді қолданады. Бейнормативті лексиканың шамадан тыс қолданылуы паразитті сөздерге айналып, сөз қақтығысын тудырып жатқандай. Бейнормативті лексика тілдік агрессия кезінде қолданылады. Бұның 2 жағдаятын қарастырып көруге болады:

• Өзінің жағымсыз эмоциясын білдіру кезінде қорлаудың көрініс табуы. Мысалы, қоғамдық көліктерде біреудің аяғын басып кету, дүкендегі сатушымен сөзге келу, т.б. жатады. Бұндай қақтығыстарға жек көру, ыза, өкпе, айыптау, жақтырмау түрткі.

• Қандайда бір тыйым салынған тілдік тәсілдерді пайдалана отырып, айрықша ниетпен залал келтіру. Өзіндік мүддесін қорғау, өзін-өзі таныту арқылы белгілі бір адамның беделін түсіру мақсатында кемсітеді, қорлайды, келемеждейді.

Қоғамдағы рөлі:

Былапыт сөздер мен боқтық сөздер бүгінгі күннің көркіне айналды. Екі ауыз сөзінің бірі боқтық сөздер. Әңгіменің тұздығына айналып, сәнін кіргізіп тұрғандай. Бұған заманауи «реп» жанрындағы өлеңдерде ашық қолданылуы дәлел. Боқауыз сөзді ұйқастырып айта білуді әрі өнер, әрі мақтаныш көретіндердің қарасы көбейіп келеді. Күнделікті қарапайым ауызекі тілде «шешеден», «анадан», «әкеден» сыбап сөйлеу – қанымызға сіңіп барады. Бүгінгі қоғамның келбеті – боқтық лексика. Бұндай сөздердің жиі қолданылуы қоғамға, ұлтқа, адам денсаулығына, тілдің тазалығына қаншалықты зиян?

Міржақып Дулатов: «Қазақ тілі бай, таза, іргелі жұрт тілі деп бәріміз де айтамыз… Бірақ құр бай, таза деумен ғана тіліміз өздігінен сақталып, әдебиетіміз өрбіп кете ала ма? Қай жұрттың тілі болса да туу басында біздікі секілді таза да, бай да болған. Бірақ олар көрші жұрттардың сөзі қосыла-қосыла, жүре бұзылған».

Дінде не дейді?

Пайғамбарымыз Мұхаммед (с.ғ.с.): «Үлкен күнәлардың ішінде ең ауыры – кісінің өз ата-анасына лағынет айтуы», – деді. Біреудің анасын немесе әкесін сыбап сөйлеу өз ата-анаңды да сыбаумен тең. Өйткені сен біреуеге боқтық сөз айтасың. Араларыңда сөз қақтығысы туындап, оның да саған жауабы ата-анадан сыбау арқылы жүреді.

Бір хадисте: «Көздің зинасы – харамға қарау, құлақтың зинасы – әдепсіз (ұятсыз) сөз тыңдау, тілдің зинасы – балағат (ұятсыз) сөздерді айту, қолдың зинасы өзіне халал болмаған әйелді ұстау, аяқтың зинасы – күнәлі жерлерге бару», – дейді. Бір хадиспен-ақ боқтық сөздердің қаншалықты қатерлі екенін түсінуімізге болады. Дене мүшелері не үшін керек?

— Екі көзің не үшін керек?

— Жақсыларды көру үшін!

— Екі қолың не үшін керек?

— Елге көмек беру үшін!

— Құлақ деген не үшін керек?

— Ақыл-кеңес тыңдау үшін!

— Жүрек деген не үшін керек?

— Жауларымнан қыңбау үшін!

— Тіл мен жағың не үшін керек?

— Ақиқатты айту үшін!

— Ал аяғың?..

— Шетте жүрсем,

Туған жерге қайту үшін!

(Қадыр Мырза Әли)

Мұхаммедтің (с.ғ.с.): «Аллаға және ақырет күніне сенген адам не жақсы сөз айтсын немесе үндемесін», – деген хадисі айтқан сөзіңізге мұқият болуыңыз керектігін ескертеді. «Ойнап сөйлесең де, ойлап сөйле».

Заң не дейді?

Заң саласында тілді қолдану ерекшеліктерін білу қажет. Себебі бүгінгі күні бұқаралық ақпарат құралдарында тілдік құралдардың қолданылуы сөз қақтығыстарын тудыруда. Тек БАҚ-та ғана емес, күнделікті күйбелең тіршілікте де сөз қақтығыстары туындайды. Оның әсерінен қорлау, ар-анамысына нұқсан келтіру, жала жабу, боқтық лексика, былапыт сөздер қолданылады.

  Сөз қақтығыстары заңгерлік жолмен реттеледі. Бірақ былапыт сөздерді айтқанның барлығы сотталмайтынын ескерткен жөн! БАҚ арқылы нұқсан келтіретін мәліметтер таратылуы барысында:

• Тұлғаның ар-намысы, қадір-қасиеті мен іскерлік беделін қорғау үшін ҚР азаматтық кодексінің 143 бабы;

* БАҚ арқылы таратылған жала үшін ҚР қылмыстық кодексінің 129-бабы;

• Қорлау дерегіне байланысты ҚР қылмыстық кодексінің 130 бабы;

*Ұлттық, рулық, әлеуметтік жік тудыратындай дұшпандық тілін қолдануға байланысты ҚР қылмыстық кодексінің 174 бабы қарастырады;

• Көрінеу және жалған ақпарат таратқаны үшін ҚР қылмыстық кодексінің 274 бабы (3. Бұқаралық ақпарат құралдарын немесе телекоммуникациялар желілерін пайдалана отырып жасалған дәл сол іс-әрекет).

Көбінесе боқтық сөздер жеке тұлғаның ар-намысына тию, қорлау әлеуметтік желілерде көптеп кездеседі. Әр айтқан сөзіңізге ие болыңыз. Жүйелі сөз жүйесін, жүйесіз сөз иесін табады.

Мөлдір АУБЕЛ,
«Тұран» университеті
Журналистика мамандығының студенті.

 

Ғылыми жетекші:
«Тұран» университетінің профессоры, ф.ғ.д. А.К. Алтаева

 

 


ПІКІР ҚАЛДЫРУ