Ричард Брэнсонның бойыңды рухтандыратын даналық сөздері

0
992

Ричард Брэнсонға таңдана және сүйсіне қарамау қиын. Ол – бизнес әлеміндегі ең беделді тұлға, арманшыл әрі жеңімпаз адам.

Оның өзі және кәсіпкерлік қызметі жайлы пікірлеріне құлақ салып көрейік.

Өзіндік ерекшелігі жайлы:

– Мен үшін бизнеспен айналысу дегеніміз – костюм киіп, стейкхолдерлерге жағымпаздану емес. Ең бастысы, өз-өзіңе, идеяларыңа адал болу және басты мәселелерді назарда ұстау.

Позитивті көзқарас жайлы:

– Менің өмірлік ұстанымым – әр минуттан ләззат алу. Мен «Бүгін мен қалайда мынаны жасауым керек» деген оймен ешқашан ештеңе істемеймін. Бизнесмен өз ісін үлкен қызығушылықпен істеу керек, оған бәрі ұнау керек. Бұл шығармашылық қабілетті арттырады.

Кәсіпкерлік жайлы:

– Кәсіпкерліктің бар мәні – сені толғандыратынның бәрін қаржыға айналдыру, сол салада жетістікке жету және алға ілгерілеу. Менің ойымша, бір сарынды жұмыс пен сағаттап бір жерде отыру – бұл жалпы кәсіпкерлік рухқа жасалған қиянат.

Адамдар жайлы:

– Адамдарға шынайы қамқор болу өте маңызды. Сіз егер адамдарды жақсы көрмейтін болсаңыз, жақсы көшбасшы бола алмайсыз. Оларды жақсы көргенде ғана жақсы қасиеттерін байқай аласыз. Бизнес – адамдардың өмірін жақсарту үшін ойлап табылған жай ғана идея.

Сын-тегеурін жайлы:

– Менің өмірге деген қызығушылығым өзіме ақылға сыймайтын сынақтар ұйымдастырып, соларды бағындыруымнан туындаған.

– Маған жігер беретін не? Ол – әрі қарай да өзіме сын-сынақтар жасау. Мен өз өмірімді университеттегі шексіз оқу деп есептеймін: күн сайын жаңа нәрсе үйренемін.

Жалпы барлығы жайлы:

– Өзің мақтан тұтатын бір нәрсе жасап шығару. Бұл менің бизнестегі пәлсапам десем болады. Шындығын айтсам, мен ешқашан көп қаржы табу үшін бизнеспен айналысқан емеспін. Егер бұл басты себеп болса, онда ештеңе істеудің қажеті жоқ. Мен жұмысты жұмыс деп, ал көңіл көтеруді көңіл көтеру деп қабылдамаймын. Мұның бәрі – өмір.

Дереккөз: Қазақ тілі: жалпы білім беретін мектептің 11-сыныбының қоғамдық-гуманитарлық бағытына арналған оқулық. / Т.Н.Ермекова,
Г.М.Найманбаева, Б.М.Найманбаева

Ұқсас материал:


ПІКІР ҚАЛДЫРУ