Ұрпақтар рухын қанаттандыру үшін

0
1047

Ежелгі Египет елінің астанасы Каирге сапарымыздың  басты мақсаты — бабамыз  Сұлтан Бейбарыстың  (1225-1277)  мәңгілік мекен еткен орынына тәу ету болатын…

Жаугершілік заманда, бала күнінде Қыпшақ даласынан тұтқынға алынып, Мысыр елінде құлдықта  болған бабамыз — жат жерде ерекше ерлігімен, асқан талантымен  хандыққа  дейін көтерілген қазақ тарихындағы аса ғажайып тұлға.

Мәмлүк мемлекетінің төртінші сұлтаны әл-Мәлік әз-Заһир Рукн-әд-дін Бейбарыс   1250 ж. шамасында мәмілүктердің әскери әмірі болып тағайындалған. Сұлтан Бейбарыс Мысыр мен Шам еліне билік құрған 1260—77 жж. аралығында крест жорықтарының беті қайтарылып, моңғол қосындарының шапқыншылығы тойтарылады, елдің саяси-әскери беделі жоғарылайды, жергілікті халықтың тұрмыс-тіршілігі жақсарады. Бейбарыс тек қана талантты қолбасшы ғана емес, сондай-ақ, көреген саясаткер ретінде танылады. Ол сол кездің көптеген алыс-жақын мемлекеттерімен қарым-қатынас орната білген. Сұлтан Бейбарыс сол дәуірдің озық үлгісімен көптеген зәулім ғимараттар,  мешіттер, медреселер мен емханалар,  қорғандар мен қамалдар салдырған. Олардың бірқатары осы дәуірге дейін сақталған. Қарапайымдылығымен, діндарлығымен де сыйлы болған. Кедей-кепшіктерге әрдайым көңіл бөліп, көмектесіп,  желеп-жебеп отырған. Сұлтан Бейбарыс 1277 ж. шілденің 1-інде  қайтыс болып, аз-Заһариа кітапханасы күмбезінің астына жерленген .

Дәл осы тұста Қазақстан Республикасы үкіметінің  шешімімен баба мешітінде жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатыр екен, сол себепті де қоршауының сыртынан дұға бағыштап, ұлы даланың ұлы ұлының мәңгілік мекенін көзімізбен көргенімізге қанаттанып, рухтанып қайттық.

Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаев сұлтан Бейбарыс туралы: «Ерекше ерлігі, асқан ақылымен құлдықтан хандыққа дейін көтерілген. Египеттей алып елді 17 жыл бойы билеп, моңғол жаулаушыларынан, крест жорығын бастаушылардан жалпы араб әлемін сақтап қалған біздің ұлы бабамыз Бейбарыстың бала кезінде тұтқынға осы Атырау бойынан әкетілгені, өзінің сүйегі осындағы Беріш тайпасынан екенін көптеген тарихшылар кезінде жазып қалдырған. Мен Мысыр еліне барғанымда Бейбарыс салдырған мешітте Құран оқыттым. Даңқты бабамызды арабтардың қалай құрмет тұтатынын өз көзіммен көрдім»,- деген.

Сондай әлемге танылған Бейбарыстай ханның, әл Фарабидей ғұламаның, ежелгі грек ойшылдарынан аспаса кем түспейтін Абайдай философтардың т.б.  дара да дана халық қазақтан шыққанын  біз ұрпақтарымызға үнемі насихаттап отыруымыз қажет. Сонда  ұрпақтардың  рухы қанаттанып, өздерінің қазақ ұлтынан екендіктерін мақтаныщпен айтатын болады. Ол үшін мектептерде, оқу орындарында шаралар ұйымдастырылып, зерттеулер жүргізілсе құба құп. Мысалы,  «Даламыздың даналары» деген  сайттар ашып, зерттеу топтарын шәкірттер арасында ұйымдастырып отырсақ қазақ тілінде сөйлеуге арланатындар қатары азайып, патриоттық рухымыздың көтеріле түсетініне сенім мол.

 

Клара Қабылғазина, журналистика факультетінің профессоры

 


ПІКІР ҚАЛДЫРУ