Сауаттылықты өзіңнен баста

0
1902

Бір күні достарымызбен тек қазақша сөйлесеміз деп шештік. Ортаға қорап қойып, егер сөзіміздің арасына орысша бір сөз қоссақ, 5 теңгеден салып отыруға келістік. Бастапқыда, қорабымыздың «қалтасы қампиды». Күніне әрқайсымыз кемі 200-300 теңгеден салуға мәжбүр болдық. Уақыт өте келе қалтамыздағы аз ғана ақшадан қағылмас үшін, әр сөзімізді түзеуге, тіпті, кейбір орысша сөздердің баламасын іздеп, сауатты сөйлеуге тырыстық. Бір аптаның ішінде тек 40-50 теңге, кейде ақша шығармайтындай дәрежеге жеттік. Кейіннен бұл әрекетіміз әдетке айналып қазақшамыз түзелді. Оның бәрі ойын болғанмен, қазіргі қоғамдағы басты мәселелердің бірі – тілді шұбарлаумен күресудің бір жолы болатын.

Осыдан 5-10 жыл бұрын «қазақ қазақпен қазақша сөйлеспейді, ана тіліміз құрып бара жатыр» деп жар салғанымыз рас. Қазіргі мәселе – сол бай әрі көркем тіліміздің шұбарлануы мен тазалығы болып отыр Бір досымның «Бағдаршам деген не?» — дегенін естігенде жағамды ұстадым. Сонда көз алдында жүрген, күнделікті өзі қолданатын сөздердің қазақшасын білмегенін көргенде еріксіз қыгжыласың. Оған біреуді кінәлап, өзімізді ақтап ала алмаймыз. Себебі, біздің қоғам сондай. Қазіргі таңда техника дамыған, мүмкіндік көп. Бірақ, біз соның пайдасымен қатар зиянын да тартамыз. Олай дейтініміз тілдің шұбарлануымен қоса, төл әріптеріміздің ұмытылып бара жатқандығын айта кетуіміз керек. Оған дәлел – әлеуметтік желілерде «салем, калайсын, шукир жаксы» деп 42 әрпіміздің 36 әріпке байланып, құрдымға кеткені. Оған мән беріп жатқан ешкім жоқ. «Неге қазақша әріптермен жазбайсың?» десе, бірі – «қазақша ғаріптер жоқ» деп сылтауратса, енді бірі – «олай жазып отыру ұзақ уақыт алады» дейді. Сонда ғаламтордың «майын ішіп, жілігін шағып» отырғандардың қазақша ғарпі бар бағдарлама жазу санасына сіңбей қалғаны ма?

Алайда, сіз тәрбиені өзіңізден, өзіңіздің ортаңыздан бастап, тек қазақша сөйлеуге, сауатты жазуға тырассаңыз, сізден үлгі алып басқалар да ұмтылар еді. Әрине, кез-келген іс қиын болып көрінуі мүмкін. Бірақ шын ниетпен кіріссе алынбайтын қамал жоқ. Сауаттылықты өзімзден бастасақ, келер ұрпағымызда салиқалы болар еді.

Жансая ЫСҚАҚ

 


ПІКІР ҚАЛДЫРУ