Саят құстары және олардың жаратылыстағы ерекшеліктері

0
3128

Саят құстары және олардың жаратылыстағы ерекшеліктері\r\n\r\n \r\n\r\n Академик Әлкей Марғұлан… Дала данышпанының таяуда табылған “Саят құстары” атты зерттеу мақаласы өз өмірінің қысылтаяң тұстарында жазылған. 1934-1939 және 1947-1953 жылдары академиялық іргелі ғылыммен айналысудан шеттетіліп, қазақ эпосы мен тарихы туралы зерттеулері саяси қағажуға ұшыраған кезде Әлекең елден бойын аулақ салып, “тасада жүріп” деректер жинап,  ұлтының ұмыт қалған өнерін зерделеп,  қағазға түсірген екен. 1954 жылдан кейін тарих, этнография,  археология, шоқантану ісіне бүтіндей бет бұрған кезінде бұл еңбек тартпаның түбінде қалыпты. Жарты ғасыр бойы жарық көрмесе де мақала  саятшылар мен орнитологтар үшін ғылыми мәнін әлі жойған жоқ. Ал “Саят құстарындағы” атаулар мен сирек сөздер тіліміздің мәйегін ұйытатыны сөзсіз. Сондықтан да біз бұл еңбекті “Егемен Қазақстанның” қалың оқырмандарына ұсынып отырмыз.\r\n\r\n \r\n\r\nТұрсын ЖҰРТБАЙ, “Отырар кітапханасы” ғылыми орталығының директоры, филология ғылымдарының докторы, профессор.\r\n\r\n \r\n\r\n Саятшылардың анықтауынша, жалпы құс атаулы біріне-бірі қарама-қайшы жаратылған екі үлкен топқа бөлінеді. Оның бірі – “желбесін құстар”, екіншісі – “тұяқты құстар”. Бұларды ескі ұғым бойынша бұрын “адал құс”, “арам құс” деп атап келген.\r\n\r\n \r\n\r\nЖелбесін құс дегеніміз – етін жеп, мамық жүнін шаруаға жарататын пайдалы құстардың тобы. Бұлардың өзі тіршілік етуіне қарай екі жікке айырылады: суға жүзіп, су ішіндегі неше түрлі жұмсақ жалбыз, балдырған жапырақ, қазоты секілді шөптер мен минералдарды, құм, сүлік, балық, молюскаларды жеп күнелтетін құстарды “су құстары” дейді. Олар – аққу, қоңырқаз, қоқиқаз (қызыл қаз), бірқазан, қалбағай, аққұтан, көкқұтан, керқұтан, әупілдек, шағалалар, тағы толып жатқан неше алуан құстар.\r\n\r\n \r\n\r\nАл, суға жүзе алмайтын, қырда жүріп шалғын шөп, бидайық, бетеге, жусан, тамырдың түбі, ащы кертарлан өсімдіктерді және құрт-құмырсқа, шегіртке, неше түрлі шыбын-шіркейді қорек етіп, суды сирек ішетін қанаттылар тобын “қыр құстары” деп атайды. Бұл топқа кіретіндер – дуадақ, жорға дуадақ, безгелдек, оқпақ, қарабай, тырна, шыңырау, тарғақ, тағы басқалар.\r\n\r\n \r\n\r\nКейбір құстар тау ішіндегі шытырман сай-саланы, ну орманды, бұталы, тоғайлы өзен бойларын көбірек сағалап, қыр мен сулы өлкені бірдей жайлап жүреді. Олар – қырғауыл, құр, шіл, ұлар, тауқұдірет, орақтұмсық, сутауық, бөдене (бытпылдақ), бұлдырық сияқты қанаттылар. Саятшылық кәсібіне кіретін құстардың көпшілігі, әсіресе, қопалы көлді, қамысты, желкенді су бойларын, қақшымақ сорды көбірек мекендейді. Ондай құстардың тобына кіретіндер – сүңгуір үйректер, сарыалақаз, торыалақаз, италақаз, жылқышы, балшықшы, қызғыш, қаралақалқа, тағы да басқалар. Қаншыр тұқымдастардың ішіндегі тырна, қарабай, шыңырау, шағала сияқты құстар болмаса, өзгесінің барлығы да етін жеп, мамық жүнін шаруаға жаратуға келетін пайдалы желбесін құстар болып саналады. Тырна, шыңырау, қарабай, шағала тәрізді құстар көбінесе кесірткі, жылан, бақа сияқты жәндіктерді қорек ететін болғандықтан да олардың еті өте дәмсіз және улы келеді. Сондықтан да олар жеуге келмейді және саятшылар олардың соңына түспейді де. Қопалы көлді, өзен бойын сағалайтын құтан, қалбағай тұқымдас құстардың да бағалы мамық жүні болмаса, еті онша дәмді бола қоймайды.\r\n\r\n \r\n\r\nАл енді тұяқты құстарға келсек, олар да өзара екі топтан құралады. Бұлардың бір тобы – адамның үйретуіне көніп, аңшылық кәсібіне қызмет ететін “қыран заты” болса, енді бір тобы – не шаруашылыққа, не аңшылық кәсіпке пайдалануға келмейтін “керексіз заттылар” болып табылады. Бұл соңғыға қосылатындар: әртүрлі қарақұстар (көкжөре, күшеген, балтақұстар, сақалтақ), субүркіт, саңқылдақ, сарышағыл, саржала, жаламансары, бөктергі, кезқұйрық, құладын, күйкентай, ақсары, ақүкі, жапалақ, тағы сол сияқты өлексе, тышқан, кесірткі, бақа, жылан жеп күнелтетін құстар. Өзінің күнкөріс, тіршілік әдетіне қарай құзғын, қарға, сауысқан тектес құстар да осы айтқан топқа кіреді.\r\n\r\n \r\n\r\nТұяқты құстардың ішіндегі аңшылық кәсіпке ең керектісі әрі пайдалысы – қыран заттылар. Олар жаратылысынан түйсігі мол, сезгіш жануар болғандықтан да адамның қолына үйренуге икемді келеді. Тумысынан аң, құс алып, кәделі қызмет атқаруға лайықталып жаралған қыран құстардың негізгі тұқымы үш түрлі. Олар: бүркіт, қаршыға, сұңқар тектес қанаттылар. Бұл көрсеткен үш текті құстың жаратылысы өзге құстан бүтіндей басқа. Олар түз құсының ішіндегі ең қарулысы, тегеуріндісі әрі ұшқыры және олардың тұяқ, тұмсық бітісі де басқа құстан өзегеше келеді. Сондықтан да оларды саятшылар тілінде “қыран құс” деп атайды.\r\n\r\n \r\n\r\nҚыран құстар түзде өз еркімен емін-еркін ұшып жүріп әрқайсысы өзінің болат тұяқтарына сеніп, оны күшті қару қылып жұмсап, өзіне керек жемін алып тіршілік жасайды. Бұлардың дағдылы ісі – бір ғана түз аңын жеп күнелту болғандықтан да олар жапан түз, сары дала демей, ұша береді, өте кезеген келеді. Қай жерде желбесін құс, аң көп болса – сол жерді баса сағалап, өмірін көбінесе ұшумен өткізеді. Жердің алыс-жақынына қарамайды. Әбден жемсіреп, аңға құмартқан кезінде олар көз жетпес қиянға да, сағымды далаға да жол тарта береді.\r\n\r\n \r\n\r\nҚыран құстардың тіршілігі осы тәрізді ылғи аң аулау әрекетімен байланысты болғандықтан да олардың дене құрылысы, мүше-бітімдері де өзгеше жаратылған, талмай ұзақ ұшуға бейімделген. Аспанда үздіксіз ұшқан кезде солқақтамай, талмай жинақы ұшуы үшін олардың сүйектері жинақы, бірімен-бірі тұтаса, дене құрылысы жұмыр біткен. Бұл, әрине, саят құстарының ұшу мерзімін ұзартатын негізгі фактордың бірі. Ұшуға ыңғайлы, жұмыр, жинақы біткен дене бітімі саят құстарына сыпылдап ұйытқи ұшуына не сыпырма ағыза ұшуына пәлендей ауырлық келтірмейді, қанатымен денесін еркін ұстап, оны неше аунап құбылтып отыруына мүмкіндік береді. Оларға кенеттен жоғары қарай атылу, не құдия төмен сорғалау, не қырындап бұлдырай ұшу ешбір қиындық келтірмейді. Бұл сипат, әсіресе, қаршыға, лашын, сұңқар тектес құстарда көбірек кездеседі.\r\n\r\n \r\n\r\nСаят құстарының денесінің жинақы болуы көбінесе, олардың арқа омыртқасы мен құйымшақ, төс сүйегіне тікелей байланысты. Лашын, сұңқар тұқымдас құстардың арқа мойын омыртқаларында буын болмайды, олар қайнаса бітеді. Сондықтан бұлар әрі ұшқыр, әрі тегеуірінді келеді. Қыран құстардың қайсысының да болсын, барлығының да жая, төс сүйектері берік, шымыр және кең болады. Бұғана сүйектері келдек, әлді болып бітеді. Төс сүйегінің қабырғамен астасатын шеті жұмыр, ал бауыр жағы тік қырлы келіп, желқайықтың төсіне ұқсап тұрады. Жалпы, айтқанда, төс сүйек пен арқа омыртқа сүйектері саят құстарының денесін тұтастырып тұратын орталық мүшелер. Өзге сүйектер оларға жалғаса бітіп, саят құстарының денесіне ерекше тегеурін бітіреді.\r\n\r\n \r\n\r\nТөс сүйекпен тұтасып бітетін мүшелер бұғана, қарсүйек, жауырын. Саят құстарының күш алатын ең мықты сүйегінің бірі – бұғана. Ол өте шымыр, соқталы келіп, оның шодыр бастарының бір ұшы арқа омыртқамен қайнасып, енді бір ұшы төс сүйекпен жалғаса бітеді. Қазақ саятшылары мұны “төс айшық” дейді. Екінші сөзбен айтқанда, бұғана мен қабырға сүйектері саят құстарының арқа мен төс сүйектерін тұтастырып тұратын ең күрделі әрі негізгі мүшелеріне жатады.\r\n\r\n \r\n\r\nСаят құстарының ұшқырлығына себепкер болатын ең негізгі мүшенің бірі – иық сүйектері мен қартопшы сүйектері. Оған кіретіндері – жауырын, қарсүйек не тоқпақ жілік, шынтақ сүйек, білезік сүйектер. Құстар ұшқан кезде қанатын тежеп күш алып отыруы, көбінесе, осы жоғарыда айтқан қар иық сүйектері мен топшы сүйектеріне тікелей байланысты.\r\n\r\n \r\n\r\nҚыран құстардың қар сүйегі өте балғын, соқталы келіп, оның жауырын мен кәрі жілікке (не шынтақ сүйекке) жалғасатын екі басы өте берік, темір тектеніп бітеді. Дегенмен олардың қар сүйегі денесіне жақын, жауырынмен тұтасып біткендіктен де оған ұшатын ұзын қанат емес, тек қана мықты, қысқа қауырсындар ғана өседі. Ұшатын ұзын қанаттар (шалғы) тек топшы мен білек сүйектерден салаланып шығады. Сондықтан қар сүйектен гөрі топшы сүйектер әрі ұзын, әрі шымыр, берігірек келеді. Қыран құстардың күшті, шалымды, ұшқыр болуына, әсіресе, осы топшы сүйектері көп әсер етеді. Ал қанат топшы сүйектер қағылшаң, берік, ырғақты, қозғалғыш келіп, құстардың ұшуына аса ыңғайлы жағдай жасайды. Қаршыға, тұйғын, қырғи сияқты құстардың сонша шапшаң, сыпылдап ұшатыны олардың қанат сүйектерінің өте қолайлы болып келуіне байланысты.\r\n\r\n \r\n\r\nСаят құстарының бас сүйегіне келсек, ол да құйған болаттай қайнаса біткен өте шымыр, қағылшаң келіп, желке жағы біраз сыпырықтанып тұрады. Өткір, қырағы көздері еркін қозғалуы үшін олардың көз ұясы кең, аумақты болып бітеді. Сондықтан өзгеше біткен жарқабақтары жан-жағына жоғары-төмен қарауға қолайлы мүмкіндік тудырады. Көз алды шіркеусіз ашық болған соң іздеген жемін қиядан көреді, қырағы келеді. Қыран құстардың өте қырағы болуының енді бір себебі, олардың қарақұсындағы сүйегінің желкесіне қарай шодырая бітуінде. Бұл сүйек саят құстарына айқын бағыт көрсетіп, олардың көз жаздырмайтын шырағы тәрізденіп тұрады. Қазақ саятшылары құсқа томаға орнатарда оны қарақұстың осы шодыр басына кигізеді.\r\n\r\n \r\n\r\n– Қыран құстардың өз тіршілігіндегі ең мықты қаруының бірі – олардың көк мүйіз болат тұмсығы. Мүйізді болат тұмсық тек қана аңды боршалап, оның етін сүйегінен айырып жеу үшін жұмсалады.\r\n\r\n \r\n\r\nСаят құстарының тұмсығы өте берік, кейкі тұмсықтың ішіне қарай имие біткен үшкір қармағы өте берік келеді. Олардың аузын самқайтын жиектері де аса өткір, қиғаш, кейбіреуінікі қияқтанып тұрады. Өткір араның тісі сияқты самқау, жиектері қияқты келеді.\r\n\r\n \r\n\r\nСаят құстарының көз алдының қабығы күс басқан қара қылшықтанып тұрады. Және олардың әрбірінің тегіне, жасына қарай ол қабық қызыл, жасыл, сарғылт, көгілдір-қоңыр болып әр тұста кездесіп отырады. Бұл қабық саят құстарының қай текке жататынын көрсететін негізгі ерекшеліктерінің бірі, сондықтан оны “көз алдының қабығы” не “кеңсірік қабығы” деп атайды. Сол кеңсірік қабық пен езудің (самқау) арасын ала көлденеңінен танаудың тесігі орналасқан. Және әрбір қыран құстарының тегіне қарай олардың танау тесігі де әр алуан түрде кездеседі. Мәсе­лен, бүркіт, қаршыға тектес құстардың танау тесігі көлденең тартқан сопақтау, “жарма тесік” болса, сұңқар, лашын тектес құстардікі дөңгеленіп келген тік не “шұңқыр тесік” түрінде жолығады. Екінші жағынан, әрбір саят құстарының алатын аңына, жейтін жеміне қарай, олардың шоқитын тұмсығы да үлкен-кішілі болып кездесіп отырады. Қаршыға, сұңқар тұқымдас құстардың тұмсығының түп жағы келтелеу, соқталы келіп, имек ұшы едәуір ұзын, әрі үшкір, жарғыш болады.\r\n\r\n \r\n\r\nСаят құстарының енді бір зор қаруы олардың алмас тұяқтары. Тегеурінді болат тұяқ көбінесе аңды бұлжытпай ұстап, кенеттен іліп әкету үшін керек. Тұяқтың ат­қаратын қызметі осы болған соң оның құрылысы да соған қарай бейімделе біткен.\r\n\r\n \r\n\r\nСаят құстарының тұяқтары мейлінше тегеурінді, мықты, әрі жарғыш үшкір, желбесін құстарды бүріп қысса мытып жіберетіндей аса қабілетті келеді. Олардың тұяқтары тек қана аңды бүріп ұстауға арналған соң, көбінесе салалы келіп, саусақ сүйектерінің ұшын ала тұрады. Екінші жағынан, саят құстарының тұяғының әлді болуы олардың аяғының кеспелтек берік жаралуына байланысты. Олардың аяғы сердиген ұзын болмай, аңды бүріп қысуға бейімделген, өте ықшам, мықты келеді.\r\n\r\n \r\n\r\nҚыран құстардың саусақтары сырт жағынан шодырайып, күс-күс болып тұрады. Оның үшеуі алға қарай бейімделе бітсе, енді біреуі артқа қарай бітеді. Қазақ саятшыларының тілінде оның алға қарай біткені – “жембасар”, артқа қарай біткені – “тегеурін” деп аталады. Желбесін құстарға түскенде осы төрт шеңгелді айқастырып, аңды сонымен мұқатады.\r\n\r\n \r\n\r\nҚыран құстардың аяғының құдіретті болуы, әсіресе, олардың бұлшық етінің аса шымыр бітіп, тарамыс сіңірлерінің берік, айқасып жатуында. Бұлшық ет пен тарамыс сіңірлер сүйекпен бірге берік байланыса біткен соң, ол саят құстарының күш алатын үлкен қаруы болып табылады. Тарамыс сіңірлердің қатты күш көрсететін кезі, әсіресе, саят құстарының жемге түсіп, аңмен алысатын уақыты. Тарамыс сіңірлер ондай кезде құстың сан етін создырмайды, оның болат тұяғы аңмен айқасқанда көмек көрсетеді.\r\n\r\n \r\n\r\nКейде аңғырт жас бүркіттер түлкіге түсіп, қан майдандасып жатқанда, жырынды саятшылар: құсымның саусағын түлкі шайнап кетпесе еді, болмаса балақ етін жыртып алмаса еді, не қанатын сындырып кетпесе еді деп қатты алаңдаумен бо­лады. Өйткені, бұл үш мүшенің үшеуі де саят құстарының жаратылыс ерекшелігін көрсететін, оның ең күрделі қарулары ғой.\r\n\r\n \r\n\r\nЫлғи аңмен алысып күн өткізетін саят құстарының тарамыс бітісі де басқа хайуандікінен өзгешерек. Бұлардың тарамысы жембасар мен тегеуріннің бауырын ала иректеле бітіп, оның әрбір ирегіне шодырайған сіңір қыры дәл келіп отырады. Сөйтіп, тұяқты қысып-жазғанда мықты тарамыстың ирегіне буындағы сіңір қырының дәл келіп отыруы құстың тегеурініне ерекше күш береді. Соның нәтижесінде оның шеңгеліне түскен желбесін құстар темір қысқыштың арасына түскендей жаншылып отырады.\r\n\r\n \r\n\r\nҚырандардың желбесін құстарды қысып, бауырына басатын саусақтарының ішкі жағын саятшылар “шеңгел”, не “алақан” болмаса “табан” дейді. Олардың бұл жері күс-күс, шодыр, құж-құж көріністе болып келеді. Осындағы кіреукелі қабықтар тұяқтың түбінен балақ жүннің шетіне дейін тұтасып жатады. Бірақ саят құстарының бәрінің аяғы құжыр аяқ келеді деп айтуға болмайды, кейбір сұңқар тектес құстардың аяғы жембасардың үстіңгі жиегіне дейін жүнмен жабылып тұрады. Ол балақ жүн деп аталады.\r\n\r\n \r\n\r\nСаят құстарының тұяғы іліп алуға, қысуға лайықтанған өте үшкір, шалымды, үш жағы қармақ тәрізді имек келеді. Орта саусағының тұяғы (жембасар) өзгесінен сәл ұзынырақ, іле түсуге ыңғайлы, үшкір болады. Алған жемді мытып жаншуға арналған ең мықты тұяқ тегеурін, яғни артқы бармақ тұяқ өзгелерінен анағұрлым әлдірек келеді. Бүркіт аңға түскенде, осы екі тұяқ бірімен бірі айқаса кіріп, саятшы­лар оны жемнен айыра алмай, көп әуреге түседі. Ірі аң алуға бейімделген қарулы түз бүркіттерінің саусағы дембелше, быртиған, жуан келіп, олжаны қусырып әкетуге бейімделген ересен күшті болады. Кейбір тентек бүркіттер ауылдағы итке не балаға түскенде, оны ең мықты деген жігіттердің өзі әзер айырып алатын кездері болған.\r\n\r\n \r\n\r\nӨмірін ылғи аңға көз тігумен өткізетін саят құстарының өзіне тиісті машығы да болады. Бүркіт, қаршыға, тұйғын сияқты құстар аңды кенеттен іле түсіп, жалма-жан тегеуріннің астына салып, болат тұяқтарымен сығымдап жара бастайды. Аңды, не желбесін құсты сұрапыл қимылмен іле түсуге лайықталған, әсіресе, қаршыға, тұйғын тектес құстардың тұяқтары сұңқар тұқымдас құстардың тұяғынан салалы, ұзын және алмастай қиып түсетін өткір, ұстауға оңтайлы келеді. Қаршыға тектес құстардың тұяғы қармақ тәрізді іліп түсер болғандықтан, оларға желбесін құстың ашық жерде не бұтаның, не қамыстың арасында, не ағаштың бұтағында отырғаны қиын болып табылмайды, керек уағында сыпыртып келіп, құйынша іліп жүре береді. Қаршығамен тектес қырғидың өзін алсақ, ол торғайдың соңына бір түссе, оның арбаның шабағына, ат бауырына, не қалың бұтаның ішіне тығылғанына қарамай, көзді ашып жұмғанша іліп ала жөнеледі. Демек, кенеттен сыпыра ілу бір ғана қаршыға мен тұйғын тектес құстарға ғана тән. Ал сұңқар тұқымдас құстар (лашын, ителгі) ілудің орнына көбінесе басқа әдіс қолданады. Олардың құшырлана қолданатын машығы – алатын жемін артқы тұяғымен теуіп түсіру.\r\n\r\n \r\n\r\n Біз жоғарыда саят құстарының тіршілігіне қару болған олардың сыртқы дене құрылысы туралы әңгіме қозғадық. Енді олардың ішкі мүшелеріне келсек, о да саят құстарының өте ұшқыш, кезеген болуымен байланысты аса өзгеше болып біткенін көреміз. Олардың ішкі мүшелерінде көзге ерекше түсетіні – тыныс алатын жолдары (өкпе), қан сауыттары, асқазаны.\r\n\r\n \r\n\r\nСаят құстарының өкпесі олардың талмай, ентікпей, ұзақ ұшуына қарай бейімделген. Ауа мен оттегіні жеткілікті жұту үшін олардың өкпесі кеу, обығыр болады. Оның үстіне ауа жұтатын өкпе қалталарының сыйымды болғандығы саят құстарының еркінше тыныс алып отыруына да көп жеңілдік келтіреді. Өйткені өкпенің кеу болып тұрғаны демді тез шығаруға әсер етіп, ұзақ ұшқанда денені желпіндіріп отыруға мүмкіндік туғызады.\r\n\r\n \r\n\r\nҰзақ, биіктеп ұшу үшін саят құстарының жүрегі де өте шымыр, ықшам болып біткен. Қаршыға, сұңқар тектес құстардың жүрегінен гөрі бүркіттің жүрегі өзінің дене бітісіне қарағанда кішірек, биіктеп сыза ұшуға қарай бейімделген өте шағын, жұмыр келеді. Биіктеп ұшқанда үзбей оттегімен демалып отыруы үшін саят құстарының қан бітісі де біраз өзгешелеу. Олардың қанында қызыл қан түйірлері тозаң тәрізді өте ұсақ болып, ол жүрек қабына оттегіні көбірек жинауға мүмкіндік жасайтын көрінеді. Бұл жағдай, әрине, қанның денеге дұрыс тарап, құстың еркінше тыныс алып отыруына зор себеп болмақ.\r\n\r\n \r\n\r\nҚан сауыттары тәрізді, саят құстарының ас сіңіретін жолдары да өз алдына бір алуан. Олардың жем самқайтын аузы үлкен, көмекейі созылғын, жұтуға кең, тілі оралымды. Қыран құстардың аузы бір жағынан сілекей шұбыратын “жабдығы” болса, екінші жағынан алған жемді жұмсартып, оны жемсауына дайындап отыруға ыңғайлана біткен. Олардың жаратылыс бітіміне, алып жейтін жеміне қарай, сілекей тудыратын бездері де күшті келеді. Бұл, әсіресе, бүркітте ерекше дамыған. Бүркіттің көмекейі кең, өңеші созылғыш, етті сүйегімен жұтса да қиындық көрмей, сілекейі жеткілікті болған соң өткізе береді.\r\n\r\n \r\n\r\nҚыран құстардың қорек қылатыны көбінесе түз құсы (желбесін) не ұсақ аң. Оларды көбінесе жембасар мен тегеуріннің айқасуымен ұстайды, өйткені бұл тұяқтар бірыңғай жемді қысып, жампаздауға лайықтанып біткен. Алған жемді түтіп, жарып талқандауға жұмсайтын қаруы – тұмсығы. Қырандар түз құсын ұстағанда, оны екі аяғымен мықтап басып, алдымен жаратын жерінің жүнін түтіп, жалаңаштап, тазартып, содан кейін тұмсықты қызыл жемге салады. Отырған жерінің қауіпті-қауіпсіздігіне қарай, жемді әр түрде жұтады. Егер ол маңайда өзі тәрізді қыран құстар жүрсе, одан олжасын қатты қызғанып, алған жемін басқа жерге әкетіп талқандайды, болмаса сол жердің өзінде отырып, қомағайланып, тез жеп бітіруге тырысады.\r\n\r\n \r\n\r\nДегенмен саят құстары онша обыр болмайды. Олар көбінесе алған аңының жұғымды, жылы, жұмсақ жерін ғана құлшына жеп, оны өзінің уақытына қарай дұрыс сіңіріп отырады. Сондықтан жемді мезгілінде жеп отырған саят құстары артық ашқарақ болмай, тоқмейіл келеді. Олардың қомағай болмауының бір себебі – бөтегесіне жемді көбірек толтырып алуынан. Бөтегесіне қажетті қоректі көп салып алған түз бүркіттері кейде 10-15 күнге дейін жем тілемейді.\r\n\r\n \r\n\r\nКезеген ұшқыш құстар жемді үздіксіз жегенді ұнатса да, олар аштыққа өте шыдамды келіп, бірнеше күн жем сұрамай отыра береді. Аштыққа төзімді келетін құс, әсіресе, бүркіт заты. Қазақ саятшылары оны ашықтырып көргенде, олардың ішінде бір айдан артық аштыққа шыдағаны болған.\r\n\r\n \r\n\r\nСаят құстарының асқазаны берік, тез қорытқыш келеді. Алған жемін олар сүйегімен не қауырсын жүндерімен жұтса да асқазаны шымыр, қорытымпаз болған соң, оны еркімен сіңіріп отырады. Бірақ сүйек заттары жақсы қорытылып, құстың бойына сіңсе де, қауырсын жүндер құстың бөтегесінде топталып, оны ол көбінесе қоя ретінде аузынан түсіріп отырады.\r\n\r\n \r\n\r\nСаят құстарының жеген жемі алдымен бөтегеге түседі. Бөтеге – өңештің түбін ала біткен мырыш дорба тәрізді жұмыршақ қарын, ол асқа (жемге) толғанда сыртынан томпайып, бөртіп тұрады. Бөтегенің асқазаннан айырмасы – онда сілекей туғызатын без болмайды. Ол – құс баласын ашықтырмай, көп уақытқа ас қорын жинау үшін жасалған ерекше бір сауыт. Саят құстары жемге бөтегесін бір толтырып алса, олар келесі жемге дейін шыдап отыра береді.\r\n\r\n \r\n\r\nТегінде аш құстардың жеген жемі алдымен асқазанға түсіп, оның қалғаны бөтегеге ауысып отырады. Сондықтан бөтеге саят құстары үшін қосалқы жем сауыты ретінде қызмет атқарады. Демек, саят құстарының ас қорытатын “сауыттары” екі түрлі бөлшектен құралады: бірінші – фермент шығаратын безді бөлігі, екінші – мүскілді бөлігі. Ауыр әрі қиын асты (шеміршек, қауырсын, сүйек) қорытуға бұл екеуінің қосылып атқаратын қызметі саят құстары үшін аса маңызды. Ондай ауыр асты денеге сіңіру үшін тұзды қышқыл мен пепсин деген заттар керек. Оларды дайындап отыратып бір ғана безді құрсақ, бұл жем қорытудың дайындағышы ретінде қызмет атқарады. Сол тұз қышқылы және пепсиннің күшімен асқазанға жиналған жемді қорытып отыру мүскілді құрсақтың міндеті болып табылады. Оның үстіне пепсин – жұмыртқаның ағы сияқты заттарды қорытса, тұзды қышқыл көбінесе сүйектерді ерітеді. Бірақ сүйекті саят құстарының бәрі бірдей қорытады деп айтуға болмайды. Бүркіт сияқты алпауыт қабілеттісі болмаса, өзге саят құстары шамалы ғана қорытады. Олардың ішінде сүйекті жұтатындары көбінесе бүркіт, ителгі сияқты қарулылары. Қаршыға, сұңқар, лашын секілді құстар түзде жем алғанда оның етін ғана тазартып жеп, асқазанына сүйек, қауырсын жібермеуге тырысады.\r\n\r\n \r\n\r\nҚұс баласының тіршілігіне зор қызмет келтіретін – олардың қанаты, құйрығы. Халық мәтелінде кездесетін: “құс қанатымен ұшады, құйрығымен қонады” деген сөз тегін айтылмаған. Ол құс тіршілігін бақылаудан шыққан тәжірибенің анықтауы.\r\n\r\n \r\n\r\nӘрбір саят құстарының әр жақ қанатына 40-тан 46-ға дейін мықты қауырсын бітіп, олардың түбі құстың топшы сүйектеріне, білезік қар сүйектеріне тұтасып тұрады. Қазақ саятшыларының тәжірибесі бойынша бір жақ қанаттың өзі үш қатардан құралады. Алдыңғысы – ұзын шалғы, ортадағысы – тоқ қанат, түпкісі – ірге қанат деп аталады. Құс тіршілігі үшін ең маңыздысы – алдыңғы шалғы қанат. Ол топшы сүйектен шығады, саны 12-ден 14-дейін. Түзде өз еркімен жүріп түлеген құстар шалғы қанатын көп уақыт тастамай, алдымен тоқ қанатын шығарып, содан кейін шалғыны түлетіп шығарады. Екінші қатардағы тоқ қанат – білезік қар сүйектерінен шығады. Олардың саны – 28-30 шамасында. Бұлар бірінен бірі ұзын-қысқа болмаған соң тоқ қанат деп аталған. Ірге қанаттың ұшуға қатынасы өте аз, ол ұшатын қанаттар мен сыртқы жүннің арасын тұтастырып тұратын ұсақ қауырсындар.\r\n\r\n \r\n\r\nҚанаттан кейінгі әрбір құстың күш алып, ұшып қонуына бағыт беріп отыратын дене мүшесі – оның құйрығы. Жанды заттың денесінде қызметтен тыс жаралған мүше болмайды ғой, оның ішінде құстардың құйрығының атқаратын қызметі де аз деп айтуға келмейді. Қырандар сыпыртып ұшқанда, олардың ұшу бағытын тежеп, не керек мезгілінде кенеттен тоқтатып отыру – бір ғана құйрықтың атқаратын ісі. Сондықтан кейбір шапшаң ұшып, кенеттен тоқтап үйренген құстардың (қаршыға, тұйғын) құйрығы да ұзынырақ келеді.\r\n\r\n \r\n\r\nҰшқыр қыран құстардың құйрық шалғысы (қауырсыны) 12-14-тен кем болмайды, одан кем болса өте қорғалақ тез ұшуға олақ, жеткен жемін тапжылтпай ұстауға орашолақ келеді.\r\n\r\n \r\n\r\nЕкінші жағынан, құстардың әрбірінің тегіне, қанат, құйрық бітісіне қарай олардың ұшу әдісі де әр алуан болады. Бүркіт пен қаршығаның, ителгі мен лашынның ұшулары біріне бірі бүтіндей ұқсамайды. Олардың кейбірі, мәселен бүркіт, аспанда қанатын еркімен жайып, бірыңғай сыза ұшуды тәуір көрсе, енді біреуі, мәселен лашын, жай отындай ағызып, сыпырта ұшуды көбірек ұнатады. Үшінші тобы, қаршыға тектес құстар, сыпылдақ келіп, неше алуан төңкеріліп ұшудың түрлі әдісін қолданады. Алайда оқтай атылып, ағыза, не сыпырта ұшуға келгенде сұңқар мен лашын тектес құсқа ешқайсысы тең келмейді. Бұлардың өмірін жетік бақылаған ертедегі саятшылар мен қазіргі ғалымдардың байқауынша саят құстары секөнтіне 11-12 метр жылдамдықпен ұшады екен. Ал лашын алатын жеміне төнгенде секөнтіне 75 метр жылдамдықпен әуені тіліп өтетін болған. Лашын алатын жеміне ұмтылған кезде оның бұлдыраған қарасы да көрінбейді, тек аспанда у-шу болған құстардың дауысы мен анда-санда жарқ еткен лашын елесі ғана көрінеді.\r\n\r\n \r\n\r\nСөйтіп қыран құстардың көбірек қолданатын ұшуы үш түрлі: қалықтай сыза ұшу, сұрапылдай ағыза не сыпырта ұшу, сыпылдап ебелектей ұшу.\r\n\r\n \r\n\r\nҚалықтай сыза ұшуды ұнататын құс – бүркіт. Ол мұны көбінесе аң қаққанда қолданады. Бірақ жылдамдық, ептілік жағынан алғанда бұл ұшудың артықшылығы бар деп айтуға келмейді. Ондай ұшу ашық далада, тау-таста, жазық жерде қоян, түлкі, қасқыр сияқты аңдарды қағуға ыңғайлы. Бірақ ұшып жүрген желбесін құстарды іле түсуге бұл ұшу жарамайды, оған ұшудың басқа түрлі әдісі керек. Оны саятшылар тілінде “ату”, “сорғалау”, “сыпырту” дейді.\r\n\r\n \r\n\r\nСорғалау – бүркіттің жиі қолданатын ұшу әдісі. Ашық далада аң қағып жүрген қыран бір мезгілде аң көрсе, кенеттен қайқаң етіп жоғары көтеріліп, биікке шарықтап шыққан соң қайыра төмен қарай құдиып төнеді. Міне, аңның үстінен осылай төніп, биіктен төмен қарай құдиюды сорғалау деп атайды. Аңмен уақытын көп өткізген ақын Абай бұл суретті:\r\n\r\n \r\n\r\nҚанат, құйрық суылдап ысқырады,\r\n\r\nКөктен қыран сорғалап құйылғанда,\r\n\r\n \r\n\r\n— деп келтірген. Аңға түспей, аспанда зеңіп жүрген бүркіттер қанатын көп қақпай, оны еркінше жайып жіберіп, тек сызады да отырады. Және сыза ұшуға бейімделген бүркіттердің қанатының ұшы сүйір болмай, мұқылдау келіп, оны жайғанда шалғы қанаттары біріне-бірі қатты жымдаспай, тарамданып тұрады. Бүркіт ұшарда ең алдымен осы шалғы қанаттарын жазып, сол арқылы көтеріледі. Биікте ұшып келе жатқанда тұтқиылдан тез ұшуды не тік ұшуды керек қылса, ол кезде қанатын ішіне қарай жыйыңқырап екі топшыны ілгері салып, қомдана ұшады. Қанатын топшысына жиып қомдана (не құдия) ұшу – сыза ұшудан гөрі шапшаңдықты арттырады. Бірақ бұл ұшу аңға қарай төнгенде не басқа қырандармен шайқасқа түскенде болмаса, жайшылықта мұндай әдісті бүркіттер онша көп қолданбайды. Былайғы кезде қанатын еркінше жайып тастап, әуеде жүзіп отырғанды қолайлы көреді. Сорғалап ұшу үшін шалғы қанаттардың тым ұзын не жалпақ болуы да қолайсыздық тудырады, өйткені ондай қанат ауаның қарсылығын күшейтіп бөгет жасайды, икемсіздікке ұрындырады.\r\n\r\n \r\n\r\nҚанаты әрі өрескел ұзын әрі жалпақ келетін қарақұс, көкжөрелер сорғалай ұшуға өте епсіз келеді. Оларға қарағанда бүркіттердің қанат, құйрығы анағұрлым ыңғайлы, жинақы, сыптығыр, сондықтан да олар ұшуға да икемді келеді.\r\n\r\n \r\n\r\nҚұдия, сорғалай ұшу – саят құстарының көпшілігіне тән. Бірақ солардың қайсысы болсын, бұл әдісті бір ғана аңға түйілген кезде қолданады. Лашын, сұңқар, қаршыға, тұйғын тектес құстар алатын жемін көбінесе ашық түзде, аспанда ұстайтын болғандықтан да олардың құлшына жұмсайтын әдістері “ату”, “сыпырту”, “түю” және бұл құстардың сонша ұшқыр, епті, алатын жеміне ысырапылша тиюі – олардың жалпы дене құрылысына байланысты. Өйткені, бұлардың дене құрылысы, жоғарыда келтірілгендей, өте ықшамды, кеуде жағы жұмыр, қанат-құйрық бітісі сыпырық, арт жағына қарай сүзіле біткен садақтың жебесіне ұқсап тұрады. Сондықтан олардың денесі ұршық сияқты үйіріліп ұшудың неше алуан түрлерін жасауға оңтайлы келеді. Оның ішінде, қаршыға тектес құстар сыпылдап құйын сияқты ұйытқып ұшуды ұнатса, лашын, сұңқар сыпыртып ағыза ұшқанды ыңғайлы көреді.\r\n\r\n \r\n\r\n \r\n\r\nАвторы: Әлкей МАРҒҰЛАН.


ПІКІР ҚАЛДЫРУ