Шәкәрім және Пушкин байланысы

0
1007
Ұлттық қолөнер - эстетикалық тәрбиенің негізі

Шәкәрім және Пушкин

Шәкәрім шығармалары туған халқына қайтып оралды, ақынның өмір бойы армандағаны да осы еді. Өзі айтқандай “Жаз шығып, жаманшылық жоғалғанда” өлең дастандары, қарасөздері баспа жүзіне түгел шығып, жылдар бойы аңсап күткен оқушысының қолына тиді.

Оятқан мені ерте — Шығыс жыры,

Айнадай айқын болды әлем сыры.

Талпынып орыс тілін үйренумен,

Надандықтың тазарып кетті кірі, — деп жырлайды ақын бір өлеңінде. Жалпы, қазақ ақынының өлең мәдениетіне жетік болуы Шығыс және орыстың классикалық поэзиясымен жете таныстығын аңғартса керек. Абай өнегесі арқылы жас кезінде-ақ Пушкин, Лермонтов лирикасын құлағына сіңіріп өскен жас талап бертін келе, сол алыптар ауылына өзі де барып, өнімді олжа тауып қайтады.

Шәкәрім поэзиясын бірнеше арналы бұлақтардан, халық ауыз әдебиетінен, Абай шығармашылығынан, орыс, шығыс, батыс Еуропа әдебиетінен толымды нәр алып барып, бұғанасы берік бекіген поэзия деу керек. Әсіресе, орыс өлеңдерін, поэма­ларын ыждаһаттылықпен зер сала оқып, өзіне өтімді өрнек әкелгені көп көңілінен шыққан. Пушкинді қырда қазақша сөйлеткен Абай ұстазынан кейін Шәкәрім Құдайбердіұлы Пушкин прозасына қайтып оралды. “Дубровский” мен “Боран” хикаясын өлеңмен өрнектеп, қазақ тыңдаушысына танымал, жақын уақиға етіп береді, қазақ ортасында болғандай етіп сенімді суреттейді.

Бұл да хас шеберлік­тен, ізденімпаздықтан туындап жататын кемел құбылыс екендігінде шәк жоқ. Біз бүгін осы шығармашылық байланыс жайын сөз етпекпіз. Ұстазы Абай дүниеден қайтқанша орыс зиялыларымен достасып, пікірлесіп, қолынан келгенше орыс классиктерін қазақша сөйлетіп кетті. “Дубровский әңгімесі”, Ахат Шәкәрімұлының айтуына салсақ, 1903-1909 жылдары, ал белгілі әдебиет зерттеушісі Қайым Мұхаметқанов 1908 жылы жазылған дейді. Екі мәліметтің арасы қашық емес, жобаға келіп тұр. Шығарма 1924 жылы Семейде жеке кітап боп басылып шығады.

Содан он бес жыл өткен соң 1935 жылы Қазақтың көркем әдебиет баспасынан А.С.Пушкиннің таңдамалы өлеңдер жинағы шығады. Құрастырушы Бейсенбай Кенжебаев осы жинаққа “Дубровский әңгімесін” қосып жібереді. Әсілі, XІX ғасырдың бастапқы он жылы 1903-1910 жылдар Шәкәрімнің айтулы дастандар жазған жемісті жылдары болған-ау. Сол жылдары Шәкәрім қазыла ізденіп, батыс, шығыс, орыс әдебиеттерін оқыған сияқты. Тақырыптардың ауқымы да кеңіп, поэмаларына іле-шала келіп прозасы араласқан.

Міне, Абай халқына қуана танытқан Пушкин парасатын шәкірттері осылайша кеңейтіп, таратып әкетеді. Шәкәрім Құдайбердіұлының үлгісі соған куә. Қазақ қоғамына, өміріне жақын, үндес деген шығармасына иек артып, оны ана тіліне тәржімалайды. Пушкин еңбектерінің ішінен “Дубровский” мен “Боранды” бөліп алып, қазақы бесікке салып тербетуінде жай нәрсе жатпауға тиіс. Мұнда бір мәніс бар. Пушкин прозасының жай көзге көріне бермес сиқыры Шәкәрімге шалқар шабыт беріп, әскери Дубровскийден даланың Дубровскийін өлең сөзбен сомдап шығарады.

Пушкин әсерінің қуаты мүлдем бір бөлек қазақ дастанын дүниеге әкелді. Бірқатар зерттеу­шілер “Дубровский әңгімесін” аударма деседі. Бұл дәл анықталған анықтамаға жата ма? Автордың өзі “аударма” деген сөзді қолданбапты. Ал Абай, Шәкәрім тұсында қазіргі мағынасындағы аударма атты термин болды ма? Болмаса, неге “аударманы” жиі айтып, жиі қолданамыз. Ойланайықшы…

Шәкәрімнің шарқ ұрған ойларының бір толқыны кеп Пушкин прозасына маңдайын тірейді. Мұндай тақырыптың сол тұстағы қазақ қоғамы, даласы үшін актуаль­дылығы, әлеуметтік мәні, ұлттық эстетикалық дәстүрмен үндестігі алушының мақсатымен сайма-сай келіп, эпик ақынға және бір жақсы олжа қосады. Ресейдегі крепостнойлық қоғам өмірінің картиналары, типтік бейнелер, жаңадан оянып келе жатқан зор күштің ұшқындары қазақ жазушысына ой салады. Қазақ тыңдаушысы, оқушысы үшін Шәкәрімнің поэзиядағы бір пірі — Пушкин.

Пушкинді сөйлетіп қойып, өзі тыңдайды, баяндау мәнеріне, стиліне, тереңдігіне, жинақылығына, қолжетпес қарапайым прозасына тәнті болады. Пушкин прозасының тигізген әсері соншалықты; ақын оны қарасөзбен айтып жеткізе алмасына көзі жетіп, қазақтың он бір буынды қара өлеңімен алып шығады. Қазақ ұғымына қонымды жаңа шығарма тыңдаушысын елең еткізеді, тәржіме көшірме күйінде ел арасына ауызша таралып кетеді. “Дубровский әңгімесі” жиырма жылға жуық халық жүрегінде, есінде өмір сүреді.

Дастанның баспа жүзін көрмей жатып, бұлай тарап кетуінің өзі Шәкәрім талантының тегеурінділігін, адамсүйгіш мінезін танытады. 1924 жылы ақынның көзінің тірісінде Семейде кітап болып шықса, 1935 жылы А.С.Пушкин таңдамалысы қайтадан басылып шығады. Сөйтіп, орыс хикаяты қазақтың өлеңмен жазылған хикаясына айналды. Қазақ қаламгері әдеби ерлік жасады. Шәкәрім “Дубровский әңгімесін” бастамастан бұрын “Сөз алдынан” деп 124 жол кіріспе береді. Шығыс классиктерінде мұншалықты кіріспе кейде тарау-тарауға түсіп, ұзаңқырап кететіні де бар. Шәкәрім оған бармай тура жолды таңдап алады, яғни не себепті қолға алғанын, осы сөздің қазаққа керектігін, кімнен, қалай қабылдарын қысқаша баян ете кетеді.

Осы сөзін айтты деп кейбір қауым,

Ұрмай соқпай болар-ақ менің жауым.

Нені айтты деп сұрамас, кім айтты дер,

Білмей жүріп өзінің ауру-сауын, — дейді ақын кіріспе сөзінің аяқ жағында. Демек, ол “Дубровский әңгімесіне” оқушысын алдын ала дайындап алады. Ең басында “дүние кәрінің” жаралған уақытынан бергі адамзат ғұмырына шолу жасап, бейбітшілікті, адал еңбекті, ғылымды, сөз құдіретін ардақтап айтып кетеді.

…Жер айналмай тұрмайды дүние жай,

Келер, кетер адамзат із қалдырмай.

Сол өткен көп заманның бір кезінде,

Болыпты Троекуров деген бір бай.

Осы бай Русияның шетінде екен,

Күнбағыс заграница бетінде екен.

Өлшеусіз жер, санаусыз ақшасы көп,

Сүйтсе де тағы жұтпақ ниетінде екен.

Бұл кезде ол заманның заңы қызық,

Бар еді бір әдеті тіпті бұзық.

Кәдірлі қолы жеткен мықтылардың,

Құлы боп жүруші еді тамам мұжық.

Дейтұғын “Покровский” қышлағы бар,

Жазылған құлы болып көп мұжықтар.

Тамам бастық, соңынан итше ереді,

Ұлығы ол заманның ақшақұмар.

Пушкиннің бес-алты бет бастауы осылай қазақы өлеңге түседі. Автор түпнұсқасын түгел теріп жатпайды. Айталық, Пушкин Кирилл Петровичтің қорасындағы қосалқы бөлмелерде қонақ күтуші он алты қыздың тұратындығын, олардың өз жынысына сәйкес қолөнермен айналысатындығын, терезелерінің ағаштан екендігін, есіктердің құлыптаулы, ал кілттің Кирилл Петровичтің қолында болатындығын, ешкіммен араласпайтын байғұстардың баққа қыдыруға шыққанда қыздарды қас қақпай қос кемпір күзететіндігін, оқта-текте қожайыны олардың кейбіреуін күйеуге беріп тұратындығын бас жағында ескертеді.

Бұл жерді Шәкәрім аттап өтіп, ақсаусақ шонжардың аңшы иттерінің жайына ауысып кетеді. Бұдан кейін келетін бір шумақ хикаяттағы оқиғаның алдын орап кетеді. “Әкеліп француздан бір молда қыз, Оқытты Мария деген жалғыз қызын” деген жолдар Пушкинде кейінірек айтылады. Хикаяттың басты қаһарманы Андрей Гаврилович Дубровский отставкадағы гвардия поручигі, жақын көрші, басқаға тым тәкәппар Троекуров өзінен кедейлеу болса да Дубровскийді сыйлайды. Бір кезде екеуі қызметтес болған, оның шыдамсыздау тік мінезінен хабары бар.

Дубровский қыстағы шағын, жаны да, малы да аз. Екеуінің де әйелдері қайтыс болып, бір-бір баладан қалған. Троекуровтың Мария деген қызы бар, ал Дубровскийдің Владимир атты баласы оқуда, екеуінің аракідік қалжыңы да жоқ емес, осы жайдың бәрін Шәкәрім бірер шумақпен түйіндейді, түпнұсқадағы негізгі кейіпкер рухын дәл келтіреді.

Дубровский мал сүймей адам сүйгіш,

Қиянат залымдықты көрсе күйгіш.

“Мал сақтама, ар сақта” деп ойлайды,

Адамдық әділетті ерте түйгіш.

Шәкәрім Дубровскийі осындай жан. Адамға, адамшылыққа қоятын сондай талап-тілектерін талай өлеңдерінде айтқан-ды. Тура мінезді, бір сөзді, намысқой Дубровскийге Шәкәрім қазақы шапан кигізіп, қазақ ұғымына жақын бейнелейді. Ақынның “Үш сауал” деп аталатын қып-қысқа пәлсапалы әңгімесі:

Адамшылық іздесең бұл жолға түс,

Алдау қылма біреуге қиянат-күш,

Жетілсең де жемтік жеп ел зарлатпа.

Ар, ынсаптың сүйгені – таза жұмыс, — деген жолдарымен бітуші еді. Дубровский тақырыбына баруының сыры осындай ойларында жатса керек. “Жазбаймын дәл өзінше Пушкин сөзін” деп автордың өзі айтқандай, әрі қарай орысша, қазақша тек­стерді салыстыру кезінде шетке де шығып кетпей, “шын жанасып” отырғанын байқадық. Хикаятта Кирилл Петрович пен Дубровскийдің араздасуы ит жатақты ара­лаудан басталады. Бай тазы иттерін айтып мақтанады, қонақтардың аузынан суы ағады, олар да мақтап, көтермелей жөнеледі.

Драмалық сәттің қақпаны осы жерден тарс етіп атылып кетеді де, екі дворянин бір-бірінен теріс айналады. Бірі көндіремін дейді, екіншісі қиянат сөзге көнбеймін дейді. Әрине, ит күтушінің сөзі Дубровскийге оқтай қадалады. Айтылған сөз – атылған оқ. Пушкин заманында бұндай сөз қақтығысы дуэльмен аяқталатын.

Қонақ итін мақтаса – көңіл хошы,

Троекуров байдың да тілегі осы.

Сөз сөйлемей тұр еді Дубровский,

“Сен неге сөйлемейсің”, — деді досы.

Маған міндет емес қой ит мақтанбақ,

Жаңа көрген қонақтар алсын сабақ.

Ит түгіл қызметшіңе табылар ма,

Мұндай орын, мұндай үй, мұндай тамақ.

Бұл сөзге қызметкер ашуланды,

— Иттен кейін көрдің бе сен адамды?

Біз түгіл сіз сықылды бір алпауыт,

Мұнда тұрса қуанар, деп-ақ, — қалды.

Әрі қарай уақиға ушығады. Шәкәрім Пушкин ізімен жүре береді. “Соны әкеліп жық­пасаң” аяғыма, өмірімде көрмеймін енді сені” дейді. Соны дегені қарсыла-сының ит күтушісі – Темушка. Троекуров бұған шалқасынан түсіп ашуланады. “Малым барда бетіме кім шыдайды, Борышқор ондай маған тең бе?” деп кеудесін ұрады. Аңнан қайтқанда Андрейдің егінін таптап өте шығады. Троекуровтың мұжықтары Ан­дрейдің ағашын ұрлап кеседі. Екі мұжық, үш ат Дубровскийдің қолына түседі. Шәкәрімде қолға түскені бір ат, бір мұжық. Атын алып, өзіне дүре соғады. Оқиғаға Шабашкин деген заседатель келіп араласады. Оны Троекуров Дубровскийге қарсы жұмсайды. Көршімнің жерін маған алып бер дейді.

Олай болса жұмысы оңай маған,

Түп-түгел әперейін жерін саған.

Закон-түйе, бұйдалап жетелерміз,

Несі адам осындайда жол таппаған, — деп Шәкәрімнің Шабашкині жылмаң қағады. “Закон түйе, бұйдалап жетелерміз” деген тіркес Пушкинде жоқ, оны Шәкәрім енгізіп отыр, қазақы деталь қазықтай қадалып, текске сіңісіп кетіп тұр. “Махкеме”, “задатка”, “жандарал”, “павеске”, “конвой” сөздері түпнұсқада жоқ, қазақшасында бар. Әр уақыт әдеби жәдігерге өз нышанын, өрнегін салады. Сонымен Дубровский сотқа шақырылады. Секретарь ұзын сонар дәлелдермен жазылған сот үкімін оқиды. Хикаятта бұл тұс егжей-тегжейлі айтылып, тоқсан тоғыз дәлел келтіріліп, жүздеген жала жабылып, ақыры Дубровскийдің атамекен жері Троекуровтікі боп шыға келеді.

Пушкинде бұлар бірқатар беттерді алады. Ал Шәкәрім оның бәрін тастап кетеді және дұрыс істейді, өйткені қазақтар үшін соттың сорақы шешімі шешуі табылмас жұмбақтай, миды ашытқан жаңылтпаштай шыдамды жеп, діңкені құртады және өлеңге айналдыруға келмейді. Оның есесіне үкімнен кейінгі Дубровскийдің аянышты халі, Троекуровтың жеңдім деп кеудесін көтеруі, Дубров­скийдің жаралы қасқырдай жан-жағын жайпап далаға атып шығуы түпнұсқада қарасөзбен қалай күшті берілсе, өлең өрнегіне түскенде де сондай қуат алады.

Андрейге қол қой деп келгендерге,

Жауап бермей, аз тұрды қарап жерге

Ақ ісін қара жеңіп кеткендігі,

Оңалтпас оқтай тиіп қайран ерге.

Қайраттанды көзінен оты шығып,

Бір қағып секретарьды кетті жығып.

Оқ тиген арыстандай аласұрды,

Әр ұлықты әр жерге қуып тығып.

Мұндағы: “Ақ ісін қара жеңіп”, “Оңалтпас оқтай тиді”, “Оқ тиген арыстандай”, “Әр ұлықты әр жерге”, деген тіркестерді Шәкәрім өз жанынан қосқан, Пушкинде жоқ. Енді Шәкәрім Владимир оқып жүрген Петерборды, оның өнерлі қала екенін, сабақтас құрбыларын бірер ауыз сөзбен бейнелеп кетеді. Бір күні біреудің оған хат ұсынғанын, Владимирдің өңі сан құбылып, өзгеріске түскенін келтіреді. Бұл хатты Владимирдің сүт енесі Егоровна дейтұғын бір кемпір жазған еді. Шәкәрім хатты кім жазғанын айтпады. Владимирдің әкесіне келер жолдағы толғаныс ойларын, ат айдаушы Антонмен екі арадағы сөзді Шәкәрім тәптіштеп жатпай, бірер шумақпен келтіреді.

Ат быр-быр, арба күр-күр, қоңырау шылдыр,

Тау, ағаш кейін қалып, қақты бұлдыр,

Бұлардан Владимир түк сезбейді,

Түпсіз ой, түссіз қиял неше мыңдап,

Бірі бүйт, бірі сүйт деп тұрады ымдап.

Тұңғиық тұманданған алдыңғы өмір,

Тұрғанын біліп болмас не дайындап.

Бұл жолдарды аударма деп қалай айтасыз. Пушкин тақырыбын негізге ала отырып жазылып шыққан, қазақ топырағында туған жаңа дастан Дубровский туралы дастан емес пе?! Пушкиннің фразасында, детальдарында артық сөз, қимыл кемде-кем ұшырайды. Соның өзінде қазақ ақыны іріктеп толғап, жаннан жаңа ұғымдар, тіркестер, детальдар қосып, барынша қысқарту үстіне ширатып, шымыр дөңгелентеді. Ал поэзиясында шалқып, шабытты шайдай ашып, аңқылдап төгіліп отыратын Пушкин қарасөзге келгенде тым үнемшіл әрі қарапайым, қысып берген фразаларының ішінде иірім-иірім күш жатады.

Бояуды үсті-үстіне жақпай, сөз астарына алпауыт сыр беріп, шым-шымдап сыналата береді. Шәкәрім сол әдісті түсініп барып, қаражаяу қотара салмай, немкетті өрнектей салайын демей, он бір буынмен ойнатып, биіктетіп береді. Қазақ оқушыларының эстетикалық талғамын тәуір білетін автор Дубровский хикаясын ана тілінде еркін жүргізеді. Екі шығарманы қатар қойып салыстырушы ғана түпнұсқа мен қазақшасының арасындағы аракідік айырмашылықтарды аңғарады. Керекті жерінде текске қосымша детальдар қосып, тап сол тұсының әрекетіне тереңдеу мән беріп өтеді.

“Дубровский” Пушкинде 19 тараудан тұрады. Шәкәрім сол тараулардың ізімен жүріп отырады, артық-ауыс кетпейді. Әр тарау көгенге тізген қозылардай бірінен соң бірі келесі оқиғаларға саты болып, шығарманы салмақтандыра, қоюландыра түседі. Орыс қоғамында өткен оқиға қазақ топырағына келгенде жаңа бір сазды лепке, дала ырғағына иелік етіп, мүлдем бір бөлек күмбез көтереді.

Ш.Құдайбер­діұлы Пушкинше хикаяны тарау-тарауға бөліп, кейде дәл, кейде жекелей, ал кейде асырыңқырап жібереді. Кісі аттарына көп өзгеріс енгізбейді, тек Троекуровтың бұ­рынғы бір баласын оқытқан көңілқос әйелдің атын Мишу деп алады, ол түпнұсқада Мими делінген, Дефоржды сол күйінше алады. Пушкиннің кей тұста толығырақ айтып кететін суретіне Шәкәрім көп тоқтамай, бірер шумақпен бейнелейді де, ілгері өтеді.

Пушкиннің “Дубровскийі” он тоғызыншы тараумен, яғни Дубровскийдің шет елге өтіп кетуімен тәмамдалады. Шәкәрімнің қолынан шыққан “Дуровскийдің әңгімесі”:

“Кетті де заграница – бөтен елге”,

Жайылды қызыл өсек талай жерге.

Жаны ашыр ма, ақылы жанасар ма,

Біздің қазақ сорлының бұндай ерге?

Залым кім, парақор кім, жазасыз кім?

Қайсысы ақ жүректі, қайсысы сұм?

Кекті кім, кекті жеңіп көшірген кім?

Білдің бе күшті екенін махабаттың? – деген сөздермен бітеді. Сөйтіп, XX ғасыр басында әлемдік пушкинианаға тыңнан келіп қосылған қазақ дастанын жаңа қыры­нан байытты. Ендеше, Ш.Құдайбердиев жазған “Дубровский әңгімесі” Пушкин хикаятының аудармасы емес, соның қайта қазақша өлеңмен жырланған формасы. Пушкин фразасының өлеңмен берілген түрі, хикаяттың дастанға айналуы. Шығар­маның негізгі кейіпкерлерінің аттары, іс-әрекеттері сол түпнұсқа күйінде қалғаны­мен, қазақ даласында өтіп жатқандай әсермен суреттелген.

Негізі “Дубровский әңгімесі” мен “Боран” 1908-1909 жылдары қатар аударылса керек. “Боран” бес- алты беттен асатын шағын әңгіме, оны Шәкәрім 248 жол өлеңге түсіріпті. Кейбір кісі аттарына жасаған сәл-пәл өзгерісі болмаса, мазмұны сақталған. Шәкәрімнің “Марқұм Иван Петрович Белкин повестерінің” ішінен “Дубровский” мен “Метельді” таңдауы тегін бе, ал, біріншісі, ауыл тұрмысына жақын да, екіншісі қашықтау тұр ғой. Жоқ, әлде жай бір ермек үшін жаза салды ма?

Пушкин прозасының сиқыры да сонда-ау: сырт адам қалай кірісіп кеткенін өзі де аңғармай қалады. Бірінен соң бірін еңсеріп тастаған автор көңілін жайлағанға ұқсайды. “Боранның” басталысы сол түпнұсқадағыдай екен. “Мың сегіз жүз он бір жыл шамасында, он екінші жылменен арасында” деп басталады. Саврило Сагролович Нинандарып деген имениесінде шалқып жүріп жатады. “Қызы Мария бек сұлу, һәм әдепті. Сол жылы он жетіге жасы кепті”. (Пушкинде қыздың жасы айтылмайды.) Қонақтар карта ойнаймыз, қарыз аламыз деп, қызды көріп кетіп жүреді. Марияға Владимир дейтұ­ғын жас офицер (Пушкинде армия прапорщигі) ғашық еді.

Бұл сырды бәйбіше мен бай да білді,

Екеуін жолықтырмас айла қылды.

Владимир келгенде кекеп-мұқап,

Мысқылдап айта берді қайдағыны.

Жарқыным, сирек келіп әңгімелес,

Бұл қора солдаттардың лагері емес!

Ертеңді-кеш есікті босатпайсың,

Сандалғанды еш адам мақұл демес.

Бейуақытта қақпаны тарсылдатып,

Эполетін, медалін жылтылдатып.

Осындайлар тыныштық бермеді ғой,

Етегінен қылышын қылтылдатып.

Қалтасының бостығын ұмытып кетіп,

Әскерімсіп төбесі көкке жетіп,

Мұны неге соғысқа жібермеген,

Әр қақпада қойғанша тентіретіп.

Түпнұсқада осы төрт шумақ бір-ақ фразаның ішінде жүр. Қыздың әке-шешесі Владимирді “кекеп-мұқамайды”, қызының кездесуіне тыйым салып, жігітті салқын қабақпен қабылдайды. Пушкинде қыз туған үйін тастап, жігітке қашар алдында шым-шытырық түстер көреді. Түсі жақсы емес. Сыртта боран ұли бастайды. Бұл араны Шәкәрім тастап кетеді де, бірден Марияның үйінен түнде ұрланып шыққанын суреттейді. Қыз сыры әке-шешесіне белгілі болып қалады. “Жазылса офицерге бермек болды”. “Бай, бәйбіше хат жазды офицерге”, “Кешу сұрап жақын­дық іс қыларға”. “Өлсем кегім кетеді ішімде” деп, жігіт соғысқа кетеді. “Сол кезде французбен орыс жау боп, Боробиннің соғысы болды қатты” деп Шәкәрім 1812 жылғы жағдайдан хабар бере кетеді.

Бұл соғыс – тәмам жанға мәлім соғыс,

Көп адам қырғын тапқан зеңгер соғыс,

Басында француздар Мәскеуді алып,

Аяғында қашырып жеңген орыс.

Бұл мысал біздің жаңағы пікірімізді анықтай түсетін секілді. Көп кітап ақтарып оқыған, ізденген Шәкәрімнің қолында 1812 жылғы орыс-француз соғысы жайында деректі жинақ не көркем дүние болуы мүмкін. Қазақ ақыны білгесін айтып отыр, әйтпесе, Пушкинге түзету енгізбек ойында жоқ. Сонымен, Владимир соғыста өледі. “Жығылғанға жұдырық” дегендей, әкесі де қайтыс болады.

Мария шешесімен екеуі қалады. Басқа жерге көшіп кетеді. Соғыс жеңіспен аяқталады. Жиырма бес жасар полковник Бермин Марияға ғашық, сөйтсе де, сүйетіндігін айта алмай мүдіре береді. “Бірақ, бірақ… дейсің” де тоқталасың, не қылса бір қысталаң бар ғой сенде” деп ақын айтқандай, Бермин қызбен бір сырласу сәтінде:

Бойымда қатты қайғы, арманым бар,

Адасып бір қышлаққа барғаным бар.

Танымайтын бір қызбен некелесіп,

Байғұстың обалына қалғаным бар, — дейді.

Япырай, бұл сөзінде бір кілтипан бар ғой деп Мария: “Мен мұныңды ұға алмадым, Танымасаң қалайша некеледі”, Сүймей тастап кеттің бе, неге алдадың?” деген соң Бермин сыр ашады. Сөйтсе, баяғы аласапыран боранда, апас-қапаста шіркеуде бұнымен некелескен, сүйісерге келгенде басқа біреу боп шыққан, сосын шіркеуден шығып қаша жөнелген осы Бермин болып шықты.

Сөзінен о да танып Марияны,

Елжіреп шықпай қалды әзер жаны.

Көңілімнің көзіне елестейді,

Берминнің кешу сұрап жылағаны, – деп, ақын “Боранды” тәмамдайды. Пушкин жетектеп, Шәкәрім еріп отырған. Және беталды жүре бермей, әңгіменің ізін басып “қисынын тауып”, кестесін келтіріп, дәмді дастан етіп ашып шыққан. Автор “Дубровский әңгімесінде”, “Боранда” кейбір қазақ ұғымынан қашықтау орыс лек­сикасын, француз сөздерін, музыкалық шығармалардың аттарын әдейі алып тас­таған болуы керек. Пушкин текстерін тұп-тура қайталамағанмен, жалпы сюжеттік желісін сақтап жырлаған.

Рас, кейде ирониялы Пушкин фразасы қазақшасынан табылмай қалады, кейде кекесінді Пушкин күлкісін сақтап қалатыны да бар, дегенмен, сирек. Бірқатар Шығыс елдерінің арғы-бергі замандағы аудармашылары Пушкинді екінші тілден, яғни француз, ағылшын не неміс тілдерінен алған. Мысалы, Қытайда Пушкиннің “Сығанын” Проспер Меримеден алып тәржімалаған.

Шәкәрімге екіаралық тілдің қажеті шамалы еді, біріншіден, өзі қазақтың жазбаша поэзиясының негізін салушылардың бірі, екіншіден, орыс тілін жақсы біледі. Ресей өмірінен хабары мол жазушының, Пушкин прозасына баруының өзінде заңдылық, үйлесімділік бар. Сөйтіп, Абай, Шәкәрім, одан бері қазақтың халық ақындары Пушкин поэзиясының, прозасының сырлы есігін ашып, Пушкин тақырыбын қырда қайтадан жырлап, ұлттық әдебиетке жаңадан бір тың өріс ашып беріп кетті.

Авторы: Өтеген КҮМІСБАЕВ, филология ғылымдарының докторы, профессор.

Басқа да материалдар Мұғалімдерге Ашық сабақтар Сабақ Жоспарлары Оқушыларға Рефераттар ҰБТ Шығармалар СӨЖ

ПІКІР ҚАЛДЫРУ