Сібір жұртындағы қыпшақтар

0
1566

Сібір жұртындағы қыпшақтар\r\n\r\n(«Отан тарихы» журналынан — 2005/1)\r\n\r\n Шамшиденова Ф.М\r\n\r\n Б.э.д. І мың жылдықта ғұндардың күштеуімен Солтүстік Қазақстан және Батыс Сібірдің орман дадалары тайпаларының бір бөлігі батыс пен солтүстік-батысқа жылжуы орман жұрты тайпалары тарихындағы маңызды оқиға болды. Б.э. ІІ ғасырдың аяғы – ІІІ ғ. басында олар Башқортстан мен жоғары Кама маңына еніп, бахмутин, Кушнаренковск, Харинск ескерткіштерін қалдырған. Олардың бір бөлігі Батыс Сібірдің оңтүстігіндегі орман далаларына сіңіп, жергілікті халықпен араласып кетеді.\r\n ІV ғасырда ғұндар батысқа кеткен соң, орман даласы тайпаларының едәуір тобы өз мәдениетінің ерекшеліктерін сақтағанмен, аз да болса солтүстік аудандарындағы орман халқы мен оңтүстігіндегі түрік тайпалары мәдениетінің элементтерін қабылдады. Бұлар VІ – VІІІ ғғ. Орман даласындағы угралар еді, әрі олардың Солтүстік-Шығыс Қазақстанда, Павлодардың Ертіс өңірінде, Түменде мекендегені белгілі. Батыс Сібірдің даласындағы угорлар ежелгі мадьярларға жатқан деген негіз бар [1. 304 б.].\r\n\r\n «Сібір тарихы» атты 5 томдық еңбекте ХІІІ ғасырда Ертіс өңірінің орманды алқаптарының оңтүстік бөлігінде этникалық өзгерістер болып, мұнда түрік-қыпшақтар баса-көктеп кіріп, ХІІІ ғ. монғол – татар шапқыншылығы нәтижесінде жартысы далалы жерден ығыстырылады деп жазылған [1.305 б.]. Жергілікті угор халқы төменгі Ертіс маңы солтүстік ауданы мен Нарым өлкесіне кетуге мәжбүр болды. Угорлардың қалған бөлігі сырттан келген тайпалармен араласып кетіп, ХV — ХVІ ғғ. Батыс Сібірде түркі тілдес «татарлар» этникалық жаңа топ пайда болды. Осындай тұжырымдамалар Батыс Сібірде түркі тілдес тайпалардың кейінгі орта ғасырда мекендеді деген жаңсақ пікірге әкеледі. Сондықтан күрмеуі көп осы мәселенің бір түйінін шешуге талпыныс жасап, біз өз мүмкіндігімізше талдап көрейік. \r\n\r\n Қыпшақтар жөніндегі алғашқы мәлімет жазба деректерде б.э.д. ІІІ ғасырда кездеседі [2. 40–41 бб.]. Б.э.д. 201 жылы Хун мемлекетінің негізін қалаушы Мөде Шаньюй солтүстікте жаулап алған жерлерінің ішінде кюйше (цзюйше), динлин және гэгуньдер болған [3. 160–161 бб.]. Осындағы «кюйше» этнонимін «кыйчак» немесе «кыпшақ» деп қарастыруды алғаш рет Б.Карлгрен ұсынған болатын [4. 54 б.]. А.Н.Бернштам да осы пікірде болып, Мөденің солтүстік жорығының картасын жасағанда цзюйше тайпаларын жоғары Ертіс пен Енисей аралығында қоныстанғанын көрсеткен [5. 154 б.]. Батыс Түрік қағанатының жорығында цзюйше мен гэгу, яғни қыпшақтар мен Енисей қырғыздары аталады [6. 272 б.]. Мөденің Монғолиядан солтүстік-батысқа бағытталған жорығы, Дулу ханның Жетісудан солтүстік-шығысқа қарай жорығына мән берсек, екеуінің қиылысқан жерінде қыпшақтар мен Енисей қырғыздары мекендеген жер – Батыс Сібірдің оңтүстігіндегі орман далалары екенін байқауға болады. \r\n\r\n Қыпшақтар бір ғана территорияда 800 жылға жуық тұрған. Мұны М.П.Грязновтың жүргізген археологиялық қазба материалдары толық дәлелдейді. Ол Жоғары Обьтағы Большая Речка селосында жүргізген жұмыстары бойынша жоғары Обь мәдениетінің генетикалық жағы бір (б.э. ІІ – VІІІ ғғ.) одинцовский, переходный, фоминский деген кезеңдерін көрсетеді [7. 120 б.]. Нақ осы жоғары Обь мәдениетінде алғаш рет б.э. ІІ мың жылдығында шығыс Еуропа далаларында кең тараған ауыздық пен «сұрақ белгісіне» ұқсас ұзын өзекті сырғалар табылған. Әдебиетте бұларды «қыпшақтыкі» деп атаған.\r\n\r\n Қыпшақ мәдениетінің қалыптасуына көршілес Минусинск котловинасының таштык халқы да әсер еткен болу керек. І ғасырда олардың бір бөлігінің батысқа жылжуы Шөміштегі және жоғары Обь мәдениетінің молаларынан табылған заттар дәлелдейді. («Скифтік» кішкене қазандар, тарақтар, т.б.) [7.]. Обьтың жоғары жағында өлікті өртеу салты болған. Бұл жерге таштык мәдениетінің сарыны қандай жолмен енгенін дөп басып айту қиын, солай бола тұрса да ғалымдар солтүстік жолмен Енисей далалары арқылы Кузнецк Алатауын айнала Обь маңына келген деп топшылайды [4. 56 б.].\r\n\r\n ІХ ғасырдан бастап Солтүстік Алтай мен Батыс Сібірдің оңтүстік аудандарында сросткинск мәдениеті қалыптасады. Ол Бийск қаласы жанындағы Сросткинск селосында табылған қазбаға байланысты осылай аталған. Оны М.П.Грязнов тапқан болатын. \r\n\r\n ІХ – Х ғғ. Сросткинск мәдениетіне тән өрнекті стиль осы солтүстік ауданда кең тараған, ал бұл жерде қыпшақтар қоныстанған. \r\n\r\n Таштык мәдениетімен қыпшақтардың туыстық қатынастары олардың европеоидтығы да көрсетеді, яғни оларды половцы, кұмандар, шары (сары) деп аталуы. Азиядағы европеоидтық нәсілдің бірі солтүстік динлиндер Минусинск котловинасында тұрған, мұнда тагар уақытының европеоидтық халқы мекендегенін палеантропологтардың мәліметтері дәлелдеген. Осындай нәсілдік белгімен қыпшақтар да ерекшеленген. Олар батыс динлин – тагарлықтардың көршілері болған, тіпті шығу тегі бойынша да байланысы болған болу керек [4.57 б.].\r\n\r\n Таштык мәдениетінің дәстүрі ұзақ өмір сүрді. Монғол дәуірінің мәдениетінде кейбір таштық формалары екінші рет көрінді. Оны өзегі майысқан сырғалар және жібі мен белдіктің құрсаулары өрнектердің кейбір түрлері және тұғырығы конусты кубиктің түрі, ал бұл кейінгі тагар мен таштык керамикасын қайталағаны дәлелдейді. Далалы алқаптағы аудандарда, таштык мәдениетінде де ежелден қалыптасқан мұндай дәстүр монғол дәуірінде бүкіл территорияда үстем болды [8. 76 б.]. Қыпшақ этногенезінде таштык компонентінің болуы қыпшақ тайпалары арасында бұл дәстүрдің ұзақ сақталғанын көрсетеді.\r\n\r\n Селенгі жазбаларында (VІІІ ғ. ортасы) қыпшақтар жөнінде «түрік – қыпшақтар бізді елу жыл бойы биледі», – деп жазылған [9. 38 б.]. Бұл жазба ұйғыр ханы Боян – чордың атына жазылған. Селенгі жазбаларында қыпшақтар ежелгі түріктер деп аталғандықтан, олар VІІІ ғ. бірінші жартысында ұйғырларға үстемдік жасады деген сөз. Ертеде Алтайда тұрған қыпшақтар Алашаньға қоныс аударып, болашақ Екінші қағанаттың «демографиялық негізін» қалады [10. 268 б.]. К.Ш. Шаниязов Екінші қағанаттың саяси өмірінде үлкен роль атқарған қыпшақтардың орхон тобын бөліп қарайды, ал оларға Батыс Монғолия мен Тувада тұрған ұйғырлар бағынған [11. 43–44 бб.]. Селенгі жазбаларын қайта зерттеген С.Г.Кляшторный ондағы «қыпшақ» этнониміне күдікпен қарады [12. 108 б.]. Бұл VІІІ ғ. бірінші жартысында Орталық Азяда қалыптасқан тарихи жағдайға сәйкес келетінін байқауға болады, яғни ұйғырлардың ежелгі түріктерге бағынған уақыты (688–741 жж.) шамамен жүз жыл құрайды, бірақ ешқандай жазба деректерде түріктер қыпшақтармен теңестірілмейді. Сонда Селенгі жазбаларын Кляшторный мен Сұлтановтың пікіріне сай есептемегенде, онда ең алғашқы түркі тіліндегі шығарма «Құтадғу білік» (1069 ж.) шығармасы болып табылады. \r\n\r\n ІХ – Х ғғ. қыпшақтардың қимақ мемлекетінің құрамына енгені жөнінде жазба деректер көп. «Қыпшақ» этнонимі Ибн Хордадбектің (ІХ ғ.), авторы белгісіз «Худуд ал – Аламда» (Х ғ.), Гардизи (ХІ ғ.), ал – Идриси (ХІІ ғ.) т.б. мұсылман деректерінде кездеседі. Көптеген авторлар қыпшақтар саяси жағынан қимақтарға бағынған дербес халық деп қарастырады. Бұл кезде қыпшақтар 9 тайпадан тұрған күрделі этникалық қауымдастық еді. «Худуд – ал – алам» бойынша қыпшақтар «қимақтарға қарағанда жабайы. Олардың патшаларын қимақтар тағайындайды» [13.].\r\n\r\n Б.э. І мың жылдығының басында қыпшақтардың мәдениеті Солтүстікке таман қалыптасып, сонда қоныстанды, ІХ ғ. ортасында араб географтары мен саяхатшылары олардың Батыс Сібірдің оңтүстігінде орналасқанын жазды. Рашид-ад-диннің айтуынша қыпшақтар Оғызханның итбарақтарға қарсы жорығынан кейін пайда болды [14. 83 б.]. С.Ақынжановтың айтуынша, қыпшақтардың этногенезі Батыс Сібірдің орманды далаларында болды. Бұл Обь – Ертіс қос өзенінің орманды даласы деп пайымдаймыз. \r\n\r\n Солтүстігін «теңіз қоршап», «солтүстіктің адам тұрғысыз кеңістігі» жайлап жатты, ал оңтүстікте қимақтармен шекараласты. Батыс шекара өзгеріп отырды. Б.Е. Көмековтың айтуынша, VІІІ ғ. екінші жартысы – ІХ ғ. басында «қимақтардың оңтүстікке қозғалуымен қыпшақтардың Ертістен Батысқа жылжуы байқалады» [15. 56 б.]. Бұл кезде қыпшақтар Орал мен Арал маңы далаларына жетіп, ежелгі башқұрт тайпаларының құрамына кіріп, печенегтермен қақтығысады.\r\n\r\n Сросткинск мәдениетіндегі қимақтар мен қыпшақтар арасындағы шекараны нақты анықтау қиын. Обьтың жоғары жағында сросткинск мәдениеті жоғары обьтық мәдениеті алмастырып, М.П. Грязновтың пайымдауынша таулы Алтайдың көршілес аудандарынан келген, соған ұқсас Қурай, Тұяқты, Шибэнің кіші ескерткіші белгілі [7. 151 б.]. Сроткинск мәдениеті Алтайда емес, көрші жатқан Шығыс Қазақстан территориясында қалыптасқанын VІІ – VІІІ ғасырларға жататын ерте сросткинск кешенін бөліп қарағанда дәлелденеді [16. 101–102 бб.]. М.П.Грязнов атап кеткен сросткинск пен таулы Алтай ескерткіштерінің жақындығы белгілі, екеуін де қалыптастыруға телес тайпалары мен Шығыс Қазақстандағы яньмо тайпалары араласқан. Қимақ мемлекетінің құрылуымен сросткинск мәдениеті қимақ – қыпшақ территориясына кең тараған. Осы жерлердегі жергілікті мәдениетті, мысалы, Алтайдағы Жоғары Обь мәдениетін ығыстырған. Қыпшақ тайпаларының ортасын сросткинск мәдениетінің енгенін Бараба даласындағы Усть – Тартас және Челябинск облысындағы Синеглазова, т.б. қорғаны дәлелдейді [4. 61 б.]. Бүкіл территорияда сросткинск мәдениетінің таралғанын түрлі заттар дәлелдейді: сүйектен иілтіп жасалған түрлі заттар, үшкір тұмсықты қола және сүйек тоғалар, оқтың ұштары, ұзын белбеулер, әшекейлер, өрнекті стильдегі, т.б. Сросткинск мәдениеті ескерткіштерінің кең таралуы бұл этникалық мазмұнын жоғалта бастағанын, ал қимақ — қыпшақ бірлестігінде кең тарады деуге негіз бар. Ерте таптық мемлекеттік құрылымдарда И.С. Каменецскийдің анықтауынша түрлі мәдениеттер үстем еткен немесе мемлекеттік мәдениеттің ықпалымен тегістеліп жатады деген тенденцияны айтады. Осындай «мемлекеттік мәдениет» Батыс Сібірдің орманды далаларында ІХ – Х ғғ. Сросткинск мәдениеті болды, ол қыпшақ елінің этникасы мен шаруашылығын қамтыды [17. 19 б.].\r\n\r\n Х ғасырдың ортасында қыпшақтар алғаш рет Ежелгі Русьтің шығыс шекарасына шықты. Ертеден белгілі Дешті – Қыпшақ ұғымы оңтүстік орыс далаларына тарай бастады. Бұл Дешті – Қыпшақтың шығыстағы шекарасының кішірейгені туралы ұғым қалыптастырды. Археологиялық ескерткіштер Солтүстік Қара теңіз өңірінен Солтүстік Алтайға дейін қоныстанған кезде болған күрделі этномәдени процестер жөнінде мәлімет береді.\r\n\r\n Х ғасырдың аяғында Сросткинск мәдениеті өмір сүруін тоқтатады, ал бұл кезде Қимақ мемлекеті де құлап, қыпшақ тайпаларының жаңа этноәлеуметтік қауымдастығы құрылады. Қимақ-қыпшақ федерациясындағы саяси биліктің ауысуы сыртқы жағдайларға да (найман тайпаларының Ертістің жоғары жағын алуы), ішкі жағдайда қыпшақтар әлеуметтік-экономикалық жағынан күшейді. В.Бартольдтың айтуынша, қимақтардың тарихи маңызы сонда, олардың арасынан қыпшақтар шықты [20. 549 б.]. Қимақтар біраз уақыт Ертістің сол жағында тұрады [15. 86-87 бб.].\r\nХІІ – ХІІІ ғғ. Оңтүстік орыс далаларына қоныстанған қыпшақтар сросткинск формаларына ұқсас мәдениетті (ауыздықты, белдікті, айылбас, үщ айыр, т.б.) әкеледі. Азиядағы қыпшақ кешенінің толық қалыптасуы сросткинск мәдениетінің жоғары шекарасы (Х ғ. аяғы) шығыс Еуропа далаларында (ХІІ ғ. басы) кең тараған кезеңімен анықтауға болады, яғни ХІ – ХІІ ғғ.\r\n\r\n Батыс Сібірдің оңтүстігі бұл кезеңнің ескерткіштері аз болғандықтан олардың тарихи жазбасын қиындатады. Олардың ішіндегі негізгісі Томск қаласының жанындағы Басандайка грунтовый могильнигі. Бұл кешеннің құрылысы жөнінде жазған авторлар (К.Э.Гриневич, А.П.Дульзон, З.Я.Бояршинова) оларды үш кезеңді қарастырды: Х – ХІІ ғғ. (монғол дәуіріне дейін), ХІІІ – ХІV ғғ. (Монғол дәуірі), ХVІ – ХVІІ ғғ. (Мұсылман молалары). Осының алғашқы екеуінің хронологиялық топтары мен түрлі жерлеу дәстүрлері тығыз байланысты екені айтылған (өлікті жерлеу, аттарды жатқызу, өртеу). «Түрік мәдениеті мен Камалық Чуд мәдениеті» араласқан, яғни жергілікті мәдениетпен сырттан келген оңтүстік мәдениетінің компоненттері болды. Табылған материалдарға сай сараптама жасалғанда Басандайка қабатының «жоғары енисей мотивтері» (оюлы әшекейлер, бір – біріне қарсы тұрған құстар, жүрек тәрізді подвески) ерте Басандайка кешенін сросткинск мәдениетімен байланыстырады. Жалпы жерлеу дәстүрі, сонымен бірге заттардың негізгі формалары Басандайка моласының көп бөлігі этникалық жағынан қыпшақтарға жатады деп анықтауға мүмкіндік береді; жоғары қабатындағы молаларды таштык мәдениетінің формалы заттары бар. В.И.Матющенко зерттеген Еловка І обасы Басандайка обасына ұқсас, ол ерте кезеңге жатады, мұнда сросткинск мәдениеті нақты бейнеленген [18. 156 б.]. Жерлеудің күрделі дәстүрі Басандайка дәстүріне ұқсас. Кейінгі дәуірге жататын Сылвенск мәдениетінің Пахомов обасы (ХІІ – ХІІІ ғғ.) авторлары угорлықтармен байлансытырып және қыпшақтардың шығыс тобымен – қимақтардың әсері болған, оның ішінде ежелгі Сібір рулары мен тайпалары болған [4. 65 б.]. Бұл кезде қимақтар мемлекеті болмағанын ескерсек, Сылвен мәдениетінің қыпшақ компоненті екені даусыз. \r\n\r\n Кең территорияда қыпшақ этномәдени қауымдастығының қалыптасуына байланысты күрделі этникалық процестер мен миграциялар жөніндегі ХІ – ХІІ ғғ. Оңтүстік және Батыс Сібірден табылған археологиялық ескерткіштер көрсетеді. Мысалы Пахомов моласындағы ескерткіштер Красноярскідегі Часовенногрск моласындағы ескерткіштермен ұқсас (ауыздық пен таға формалары, оюлы бляхи, т.б.), ал А.А.Гаврилова ондағы кейбір сросткинск элементтерін атап өткен [19. 182 б.]. Часовенной тауларындағы ескерткіштер ХІ – ХІІ ғғ. Тува мен Минусинск котловинасындағы мәдениеттің кейінгі кезеңіне жатады. Әрине, осының бәрі қыпшақтардың этникалық тарихына қатынасы болған. ХІ – ХІІ ғғ. Тувадағы обалар, Басандайка мен половецтердің грунтовый молалары, Шығыс Еуропа далаларында өз мүсіндерін жасаған, іс жүзінде бір келкі болған. Қыпшақтардың тас ескерткіштерінде Сібірдегідей заттар көп (екі тісті шанышқы, белдіктегі ілгіштер). Бұл б.э.д. ІІ мың жылдықтағы кейбір Сібір ескерткіштерінің қыпшақтарға жататынын дәлелдейді және монғол шапқыншылығына дейін Дешті Қыпшақтың түрлі аудандары арасындағы тығыз мәдени байланыстың болғанын көрсетеді.\r\n\r\n Қыпшақтардың шекарасына мән берсек, Батыс Дешті Қыпшақ шығыстан батысқа Жайықтан Днестрге дейін, оңтүстік пен солтүстікке Қара теңіз бен Каспий теңізінен кек қаласына дейін (қазіргі Саратов маңы) созылып жатты. Шығыс Дешті Қыпшақтың шекарасы шығыста – Ертіс, батыста – Жайық өзені, солтүстікте – Тобыл өзені, оңтүстікте – Балқаш көлі мен Сырдарияның орта ағысына енетін жерлер жатты. Осы шекараларға байыптап қарасақ, Сібірдегі Тобылдың жері де енгенін “Дотан батырң жырындағы мәліметпен де дәлелдеуге болады деп пайымдаймыз.\r\n\r\n …Ел сонда көшті дейді мақұл көріп,\r\n Қырық мың үй бір Дотанның соңына еріп\r\n Тобыл дейтұғын жерге қонды,\r\n Бір ай жарым арада көшіп келіп.\r\n\r\n Сарғуанның аяғы ұлан Тобыл\r\n Сол жерге келіп қонды көшкен ауыл\r\n Маңайына дұшпан жау жолатпастан,\r\n Дотан хан болып тұрды біррнеше жыл [22.209 б.].\r\n\r\n Шығыс Дешті Қыпшаққа он алты тайпа енген: бөрілі, тоқсоба, иетиоба, дуртоба, ал-арс, бөржоғлы, манқұроғлы, йимак, тағ, башқұрт, құманлы, базанак, баджна, қарабөріклі, үз, жортан. Батыс қыпшақтарға он бір тайпа енді: тоқсоба, иетиоба, бөржоғлы, елбөрілі, кангароғлы, анджоғлы, дурутоба, құлаоғлы, жортан, қарабөріклі, котан.\r\n\r\n Обь бассейнінің солтүстік жағасы мен оның сағасы Ертісте түркілену процесі жүрді. Бұл жерді мекендеген угра тілдес халыққа қыпшақ тайпалары үлкен әсер етті. Қыпшақтар орта Ертіс пен Тобылда мекендеген угорларды солтүстікке ығыстырып, біраз ассимиляцияланды. Тобыл және Бараба татарларының тілі түркі тілдерінің қыпшақ тобына кіреді [23. 473 б.].\r\n\r\n ХІІ – ХІІІ ғғ. Алтын Орда дәуірінде Половецская мәдениеті қалыптасты. Бұл кездегі ескерткіштерге Поволжье мен Қазақстандағы ХІІ – ХІV ғғ. Жошы монеталары жатады. Сонымен Батыс Сібірдің оңтүстік аудандары қыпшақ этногенезінің негізгі аймағы болды. Сросткинск мәдениеті оның әр кезеңінің тамырын құрады. \r\n\r\n ХІІІ-ХІV ғасырдың бірінші жартысындағы оқиғаларды сипаттайтын деректерде Жошы ұлысының көшпелі халқын “татарлар», “монғолдар», “түріктер», “қыпшақтар» деп атаған. Осылардың ішінен “татар» атауы көп қолданылды. ХV-ХVІ ғасырларда Орыс мемлекеті араласқан Қазан, Астрахань, Қырым және Сібір хандықтарын да “татарларң деп атаған, сөйтіп Қазаннан Астраханьға дейінгі, Қырым мен Батыс Сібірдің түркі тілдес халықтары “татарлар» деп аталды. Еділ бойы, Қырым мен Батыс Сібір татарларының этникалық негізін осы жерде бұрыннан тұрған түрік тайпалары мен қауымдастығы құрады. Ертіс, Тобыл және Тұра жерлері орыстар жаулап алғанша Сібір деген атпен белгілі болды [21. 195 б.]. \r\n\r\n Монғолдар келместен бұрын Ресейдің оңтүстік-шығыс бөлігіндегі сан жағынан көп тайпалар қыпшақтар еді. Сондықтан Алтын Орданы орыстар Қыпшақ Ордасы деп те атаған. 1237 жылы Батый Ресейдің шығыс және оңтүстік бөліктерін жаулағанда қыпшақтарды талқандады. Қыпшақтардың өз ішіндегі алауыздықтар монғолдардың тез жетістікке жетуінің бір себебі болды деуге болады.\r\n\r\n Сібірдегі “татарларң дегенде оның ішінде қыпшақтардың болғанын ескереміз. Орыс жылнамаларында да бұл кездеседі. Сібір жылнамаларындағы “Көшім хан» деген тарауда Көшімді “Қазақ Ордасынан келген Мұртаза ұлы…»,- деп жазған [24. 55 б.]. Демек, Көшім Қазақ Ордасының адамы болғандықтан Ібір-Сібір жұртының тарихы қазақ халқының тарихымен бірегей-бірлікте қарастырылады. Едігерді тақтан тайдырған Көшім құрған Сібір хандығының құрамына қыпшақтар да енген. Жалпы Ертістің жоғары жағы мен Омнан әрі, Бараба мен Құлындыда, Есіл мен Тобылдың жоғары жағында қазақтардың жазғы жайлаулары болған. Осы бір кеңістікте қыпшақ тектес халықтардың рухы басым болды десек қателеспейміз, өйткені Алтын Орданы, кейінірек Астрахань, Қазан, Қырым, Ноғай және Сібір хандықтарын жеке-жеке мемлекеттік құрылымдарға енгізгенмен, қыпшақ тектес бір ғана халық мекндегені белгілі. \r\n\r\n Батыс Сібірдің оңтүстігінде қыпшақтардың этникалық тарихы мен мәдениетінің төрт кезеңін бөліп көрсетуге болады: 1) VІІІ ғасырда қыпшақ этносының қалыптасуы; 2) ІХ-Х ғғ. қимақ мемлекеттік бірлестігіне қыпшақтардың енген кезеңі. Бұл кезеңдегі мәдениеттің негізі сросткинск мәдениеті болып, оның солтүстік аудандарында қыпшақтар қабылдады; 3) қыпшақ этномәдени қауымдастығының үлкен территорияда, оның ішінде Батыс Сібірдің оңтүстігінде қалыптасуы (ХІ-ХІІ ғғ.). Бұл мәдениет синкретті мәнде болды, алайда негізгі айқындаушы компоненті сросткин мәдениетінің дәстүрлері сақталды; 4) ХІІІ-ХІV ғғ. қыпшақтардың Монғол мемлекетінің құрамына енуі. Жошы ұлысының құрамында біртіндеп жаңа мемлекеттік мәдениет қалыптасады.\r\n\r\n Жоғарыда аталған Тобыл жерінде 1587 жылы Тобыл қаласы Мәскеудің бұйрығы бойынша Данил Чулковтың жетекшілігімен салынады. Мұндағы мақсаты Батыс Сібір орталығындағы түрік тілдес тайпалардың арасына бекініп, өз үстемдігін жүргізу еді. Көшім хандығы құлағаннан кейін оның орнына болған Сейтек ханды 1588 ж. Данил Чулков тұтқындап, Мәскеуге жібереді. 1590 жылы Тобыл Түменге бағынуын тоқтатып, Сібірдің дербес уездік қаласына айналады. Алғашқы кезде Тобыл уезіне Тобыл өзенінің төменгі жағынан басқа Ертіс, Обь, Тавда және Конда бойындағы барлық орыс иеліктері енді. Алайда ХІХ ғ. соңында Пелым, Березов, Сургут, Тара қалаларының салынуымен Тобыл уезінің жері едәуір қысқарды. ХVІІ ғ. Тобыл уезінде түрік тілдес халықтардың саны өскенін байқауға болады:\r\n\r\n Этникалық топ ХVІІ ғ. басы ХVІІ ортасы ХVІІ аяғы\r\n Түрік тілдес 3500 3900 4970\r\n Бұхарлықтар 240 44 280\r\n Остяктар 1700 1920 2630\r\n Барлығы 5440 6000 7880\r\n\r\n Б.О. Долгих түрік тілдес халықтарды татарлар деп жазған [25. 59 б.]. Олардың көпшілігі қыпшақтар болған деп пайымдасақ, оның көпшілігі Көшім ханмен бірге кеткен болу керек. 1598 жылғы Обь өзені бойындағы соңғы шайқаста Көшімнің 370 адамы өлді, 30 адамы қалып, Көшім отбасының 30 мүшесі (оның ішінде 16 әйел адам) тұтқындалды [25. 62 б.]. Көшіммен бірге 20 түтін көшіп жүрді. Бұл түтіннің әрқайсысында 5 адамнан болса, онда Көшім жеңілгенге дейін 630-640 адам болған, 50 бұхарлық саудагерлер болған. Сонда Көшіммен бірге кеткен адамдардың саны шамамен 1000 адам деп белгілесек, орыс тарихшылары жазып жүрген сібір татарларының саны аз болған болу керек, ал біздің пайымдауымызша әскерінің негізін қыпшақтар құрды. Тіпті орыстар келгенге дейін Көшімнің тұсында “сібір татарлары» деп отырған түрік тілдес тайпалардың саны ХІІ ғ. Басымен салыстырғанда 1000 адамға артық болған деп шамамен топшылауға болады. Көшімнің өзі де Қазақ Ордасынан келгендіктен Сібір жеріне жалғыз келуі мүмкін емес, нөкерлерімен келгені даусыз әрі Сібірде түрік тілдес қандастары болмаса келмеуі де ықтимал. Бұдан басқа Түмен татарлары да бар. Олардың да көпшілігі Көшіммен бірге кеткен, Көшім ұрпақтарымен байланыста болған. Оларды башқұрттардың табын руыныкі деп анықталып жүр. Бұл да терең зерттеуді қажет етеді деп есептейміз.\r\n\r\n Патша өкіметі Сібірді жаулағанда Көшім хан бастаған қол орыс отаршыларына қарсы тәуелсіздік үшін күресті алғаш бастады десек, оларға қарсы тұрған бірден-бір қол қыпшақтар болды десек қателеспейміз. \r\n\r\n Қорыта айтқанда қыпшақтардың тарихы Сібір жұртымен кейінгі орта ғасырда емес, ежелден-ақ тығыз байланыста болған.\r\n\r\n\r\n Пайдаланылған деректер мен әдебиеттер:\r\n\r\n 1. История Сибири. Л., 1968.\r\n 2. Таскин В.С. Материалы по истории сюнну. Вып. 1. М., 1968.\r\n 3. Кызласов Л.Р. Таштыкская эпоха в истории Хакасско – Минусинской котловины. М., 1960.\r\n 4. Савинов Д.Г. Об основных этапах развития этнокультурной общности кыпчаков на юге Западной Сибири // история, археология и этнография Сибири. Томск, 1979.\r\n 5. Бернштам А.Н. Заметки по этногенезу народов Северной Азии // СЭ. 1947. №2. \r\n 6. Грум – Гржимайло Г.Е. Западная Монголия и Урянхайский край Т. 2. Л., 1926.\r\n 7. Грязнов М.П. История древних племен Верхней Оби // МИА. №48. 1956. С. 99 – 144.\r\n 8. Гаврилова А.А. Могильник Кудырге как источник по истории алтайских племен. – М. – Л., 1959.\r\n 9. Малов С.Е. Памятники древнетюркской письменности Монголии и Киргизи. М. – Л., 1959.\r\n 10. Гумилев Л.Н. Древние тюрки. М., 1967.\r\n 11. Шаниязов К.Ш. К этнической истории узбекского народа…\r\n 12. Кляшторный С.Т., Султанов Т.И. Рецензия на книгу. Шаниязов К.Ш. К этнической истории узбекского народа…// Советская тюркология. 1975. №4.\r\n 13. Mіnorsky V. Hudіd al – Alam. London, 1937. § 21.\r\n 14. Рашид – ад – дин. Сб. л. Т. 1. Вып. 1. М. – Л., 1952.\r\n 15. Кумеков Б.Е. Государство кимаков ІХ-ХІ вв. По арабским источникам. Алма-Ата, 1972.\r\n 16. Арсланова Ф.Х. Памятники Павлодарского Прииртышья (ІІІ – ХІ вв.) // Новое в археологии Казакстана. Алма – Ата, 1968.\r\n 17. Каменецский И.С. Археологическая культура и ее определение // СА №2. 1970.\r\n 18. Матющенко В.И., Старцева Л.М. Еловский курганный могильник І периода железа // Труды ТГУ, Т. 206. Томск, 1970.\r\n 19. Гаврилова А.А. Сверкающая чаша с Енисея (к вопросу о памятниках уйгуров в Саяно – Алтае) // Древняя Сибирь. Вып. 4. Новосибирск., 1974.\r\n 20. Бартольд В.В. Кимаки. Статья из энциклопедии ислама. М., 1968. Т.5.\r\n 21. Миллер Г. История Сибири. Т.1. М.-Л., 1937. \r\n 22. Батырлар жыры. Т.2. Алматы, 1961.\r\n 23. Народы Сибири. Этнографические очерки. М.-Л., 1956.\r\n 24. Сибирские летописи. Спб., 1904.\r\n 25. Долгих Б. О. Родовой и племенной состав народов Сибири в ХІІ веке. М., 1960.


ПІКІР ҚАЛДЫРУ