Ұста, зергерлердің құрал-жабдықтары

0
1652

Шымшуыр — әртүрлі заттарды қысып ұстауға  арналған құрал. Ұсталар ұстайтын шымшуырдың негізгі бөліктері — басы, білігі, сабы. Оның басы жалпақ темірді қысып ұстауға қолайлы етіп жасалады. Басы мен сабына орнатылған білік шымшуырдың ашылып жабылуын қамтамасыз етеді. Оттан шоқ алуға арналған шымшуыр жұқа темірден жасалады. Ұзын темірді дәл ортасынан иіп бүктеп, иінге жақын жерінен сақина кигізеді. Ол серпінді темірді жазылып кетпейтіндей етіп ұстап тұрады. Шымшуырды  іліп қою үшін оның бүгілген жеріне темір шығыршық өткізеді.

Зергердің шағын шымшуыры — ұсақ металл түйіршіктерін, т.б заттарды қысып ұстауға қолайлы, темірден соғылған серпімді аспап. Дәнекерленген  кезде зергерлер шымшуырмен жіңішке металл сымды иіп, бүршікті қажет орнына орналастырады. шымшуырмен тарыдан да ұсақ металл түйірлерін оп-оңай қысып ұстауға болады.

Үгіндірік — көріктің оттығына көмірді қомақтап жинауға, күлін ысыруға арналған құрал. Ол пештің күлін ысырып, шоғын қағыстыратын, көсеуге қажетті аспап. Үгіндірік жұмыр темірден соғылады және сабына қарай басы жалпақ әрі  имек болады. Қол күймесін деп үгіндікті ағашпен саптайды.

Көзеуіш — көмірді түртіп, қағыстырып ауа көзін ашу үшін қолданылатын темірден соғылған үшкір көсеу. «Көзеу» сөзі ауаның көзін ашу дегеннен пайда болса  керек. Көзеуіштиі қыздырып алып, ағашқа қарып, тесік теседі. Шаңырақтың көзін көзейді. Оның үшкір жағын жұмыр не төрт қырлы етіп соғады.

Қалақ — кемірді көріктің оттығына салуға, күлін шығаруға арналған құрал. Оның басы жалпақ, сыйымды жұқалау келеді.

Оқбақыр — зергерлер металл қорыту үшін қолданатын басы шөміш тәрізді шұңғыл келген, сол жағында шүмегі бар темір немесе қыш құрал. қазақ зергерлері жамбас сүйектің ортан жіліктің басына кіріп тұратын шұңқырын да оқбақыр ретінде металл қорытуға пайдаланған. Оқбақырдың сабы үш қарыстай болады, қол күймес үшін сабының ұшына ағаш, мүйіз, сүйек орнатады. Сүйекті күйдіріп, күлін ұнтақтап, оған саз балшық қосып илеп, кептіріп те оқбақыр жасауға болады. Оған темірден ұзын сап бекітеді. Қыштан  жалған оқбақыр тез сынып қалады.

Қауашақ — қаңылтырдан қобылай соғылған қалып. Оған зергерлер оқбақырға қорыған металды құйып, суыған соң шығарып алып, әрі қарай өңдейді. Қауашақ қалыптан шыққан қорытпа жұмыр болады, жуандығы саусақтай, ұзындығы 3-4 елі болады. Қауашақтың қыштан, фарфордан жасаған түрлері де кездеседі.

Пайдаланылған әдебиет:
«Сен білесің бе?» энциклопедиясы. Құрастырған: Райымбеков Қ.Ж, Байғабылова Қ.Т

Басқа да ақпараттар:

  1. Ұстаның құрал-жабдықтары. Көрік, төс, қысқаш деген не?

  2. Ұсталық өнер. Темірді балқыту әдісі

  3. Ағаш өңдеуге арналған құрал-саймандар

  4. Тері өңдеу шеберлігі. Аң мен мал терісін илеу

  5. Ағаш өңдеу шеберлігі және оның түрлері

  6. Адамның іс-қимылына байланысты тыйымдар

  7. Ағаш желімі және оны күйдіріп әшекейлеу


ПІКІР ҚАЛДЫРУ