Ұстаз — ұлық емес, ұлы қызмет (Ұстаз жайлы ойтолғау)

0
2262

«Білім — біліктілікке жеткізер баспалдақ,

Ал біліктілік — сол білімді іске асыра білу дағдысы»

А.Байтұрсынов

Адам бойындағы ең асыл қасиеттер — ізгілік пен білімділік. Ал адам жанына осы асылды дарытушы — мұғалім. Елбасымыздың сөзінде: «Мұғалімдер — қоғамның ең білімді, ең отаншыл бөлігі. Сіздер біздің балаларымызды өсіріп, олардың ақыл-ойын жетілдірудесіздер. Олар үшін кейде ата-аналарына қарағанда сіздердің беделдеріңіз үлкен» — деп, мәртебемізді көтереді.

Мемлекеттің идеологиясы, халықтың дәстүрі мен құндылықтары, адамзаттың асыл қасиеттері, ғылым мен өнердің мұралары ұстаздар арқылы ұрпақтан-ұрпаққа жол тартады. Олай болса, қоғамдағы ұстазға деген құрметтің артып келе жатқандығының бір белгісін тілге тиек етпекшімін.

Ұстаз өнегесі әрбір мектеп бітіруші түлектің өміріне жол сілтер шамшырағы секілді болады. Мектеп қабырғасында тәрбие мен білімді қатар берген ұстаздарымның өнегелі еңбек жолы мені де мұғалім болуға жетеледі. Сол кездері, 20 ғасырдың 80-ші жылдары болатын, халыққа қалтқысыз қызмет атқарып жүрген ардақты ұстаздар жайлы баспа беттерінен жиі оқитынбыз, ол кісілерді үлгі тұтатынбыз. «Болашақта кім боламын?» — деген сұрағымның жауабын «Қазақстан әйелдері» журналында жарияланған математика пәнінің мұғалімі Миразова Аякүл Төреқызы туралы мақаладан таптым деп есептеймін. Жас болса да Аякүл апайдың мұғалімдік міндетін дәл, мінсіз атқаруынан, ұқыптылығынан, тиянақтылық танытуынан, білімділігінен тәлім алып, мұғалім боламын деп шештім. Сөйтіп, арман қанатында Алматы қаласына келіп, 1982 жылы Қазақтың Ұлттық университетіне түсіп, 1987 жылы химик-оқытушы мамандығын алып шықтым.

Ұстаздық еңбек жолым да Алматы қаласында жалғасын тапты. Араға біраз жыл салып мектеп директорының оқу істері жөніндегі орынбасарлығына алғаш тағайындалған кезде білім жетілдіру курсына бардым. Медеу ауданына қарасты Ы.Алтынсарин атындағы №159 гимназияда өткен курстық бір күнім әлі көз алдымда. Қиялыма қанат бітіріп, алға ұмтылуыма себепкер болған тұлға Аякүл Төреқызымен алғашқы жүздесуім осы сәтте болды.

Ол кісінің курс тыңдаушыларына өткізген семинары ерекше әсер берді. Аякүл апайдың мектептегі оқу-тәрбие процесін ұйымдастыру жөніндегі құнды тәжірибелерімен бөлісті. «Баланың білмегенін сыйлай отырып үйрет» дегендей, Аякүл Төреқызы да «Айналайын» деген бір ауыз сөзімен бірден баулап алған болатын. Қиындығы мен қызығы қатар жүретін ұстаздық қызметімізге сәттілік

тіледі. Кейіннен оқу кабинеттерін аралатып, мақтан тұтатын мұғалімдері мен дарынды оқушыларын таныстырды. Мұғалім келбетін қалыптастырудағы, мектепті жоғары эстетикалық талғамға сай безендірудегі ұлан-асыр еңбегі анық көрініп тұрды. Осы мектепте қызмет атқаратын ұстаздар қауымына қызыға қарадым, ерен еңбектеріне сүйсіндім. Өз мамандығына деген сенімділігі, бейімділігі, айқын мақсаты мейірімділікпен ұштасқан Аякүл Төреқызымен бірге қызмет жасаған әрбір мұғалім бақытты деп есептеймін.

Көзіңмен көріп, көңіліңе түйгенге не жетсін, шіркін?! Бір ауданда жұмыс атқарғандықтан талай рет аудандық, тіпті қалалық іс-шараларда ақыл-кеңесін тыңдап, тәлім-тәрбиесін алдық. Еліміздегі оң өзгерістерді қалт жібермей қадағалап, жаңалығымен бөлісуге әрдайым дайын тұратын абзал жан.

Кәсіби шеберлік пен шығармашылықтың шыңына жеткен тұлға деп бағалаймын. Ұстаздық парызын адал атқарған Аякүл Төреқызының жақсылық пен ізгілік жасауға асығып тұратын, жасқануды білмейтін бейнесі үнемі санамда жарқырап тұрады.

Бала жүрегінің пернелерін дәл тауып, жанының тамыршысы бола білген Аякүл апайымыз нағыз ұстаздың ұлағатты бейнесін көрсетті. Ұстаздар қауымына алдағы уақытта Аякүл Төреқызының өнегелі жолын ұстанып, мұғалімдіктен нағыз ұстаздыққа көшуі тиіс деп есептеймін.

 

Калдыбекова Айнаш Акылбековна

№19 жалпы білім беретін мектептің оқу істері жөніндегі орынбасары


ПІКІР ҚАЛДЫРУ