Сын айту – ойлаудың биік шыңы. Сыни пікірдің өзіндік ерекшелігі.

0
6185
Freepik.com

Жеке сыни көзқарасты қалыптастыру үшін оқу керек, іздену керек. Білім алу, танымды кеңейту арқылы ғана сын айта аламыз. Сын айтуды қарапайым пікір білдіруден бастасақ болады. Пікір білдіру арқылы сыни көзқарас қалыптасады.

Ұлы ғалым Ахмет Байтұрсынұлының сынға берген анықтамасымен танысайық. «Сын деп адам ісінен шыққан нәрсені тексеріп, баға  беруді айтамыз. Сынға салынатын нәрсе көп адам күшімен, ісімен жасалған мемлекет сияқты ұлы нәрсе болуы да ықтимал. Жалғыз адам жасаған ұсақ нәрсе болуы да ықтимал.

Адамның қай ісінен  шыққан нәрсе болса да, сынға салудағы мақсат – жақсы-жамандығын ашу, мән-мағынасын анық таныту. Ғылым тарапынан шыққан нәрсе болса – ғылым жүйесіне дұрыс-терісін көрсету. Өнер тарапынан  шыққан нәрсе болса – мақсатқа сәйкес келген-келмегенін көрсету.

Кәсіптен өнген нәрсе болса – тіршілікке жайлы-жайсыздығын көрсету. Қоғамшылықпен құралған нәрсе болса – адам қалпына қолайлы  келу-келмеуін көрсету. Сөйтіп, адам ісінен шыққан нәрсенің түрлісі түрлі мақсатпен сынға түседі.

Әдебиет адам ісінің бір түрінен шыққан нәрсе болғандықтан, бұ да сынға түспек. Шығармалардың түсетін сынының жалпы аты «әдебиет сыны» деп айтылады», – деп көрсетеді А.Байтұрсынұлы.

Сыни пікірдің өзіндік ерекшелігі. Көркем шығарма, мақала, ғылыми-зерттеу жұмысы,  монография, эссе және т.б. жазылған сыни шолу, сараптамалық пікірге айтылады.

Оның құрылымы:

1. Еңбектің авторы, тақырыбы, көлемі т.б. туралы мәлімет.
2. Жұмыстың қысқаша мазмұны, өзектілігі.
3. Сыни пікір берушінің жұмысты оқығаннан алған әсері.
4. Сыни талдау, яғни жұмыстың құрылымын, баяндау стилін, дәлдігін,
автор шеберлігін т.б. бағалау.
5. Жұмыстың артықшылықтары мен кемшіліктерін көрсету.
6. Жұмысты бағалау, ұсыну т.б.
7. Сыни пікір берушінің аты-жөні, лауазымы.

 Алматы қаласы №17 мектептің 11-сынып оқушысы Манапова
Жұлдыздың «Асыл тас атауларының танымдық сипаты» мақаласына

СЫНИ ПІКІР

Мақала қазақ тіліндегі айрықша лексикалық топ – асыл тас атауларының танымдық сипатын ашуға арналған. Мақалада қазақ халқының эстетикалық талғамы, дүниетанымы, біз білетін және білмейтін атаулардың тілдік табиғаты туралы қызық материалдар бар.

Жұмыс кіріспе, негізгі бөлім және қорытындыдан тұрады. Кіріспеде халқымыздың эстетикалық талғамы туралы жазылған шығармаларға, дереккөздерге шолу жасалады. Негізгі бөлімде көптеген асыл тас атауларының этимологиясына байыпты талдау жасалған, оны дәлелдейтін мақал-мәтелдер мен фразеологизмдер сараланған.

Қорытындыда асыл тас атаулары халқымыздың тарихи-­мәдени, эстетикалық, өркениеттік құндылықтарынан ақпарат беретін тілдік бірлік ретінде анықталды.

Мақаланың тілі жатық, мәселені талдауда автордың ғылыми-көпшілік стильді орынды қолданғаны байқалады.

Жұмыстың артықшылығы: асыл тас атауларына байланысты аталымдарды, фразеологизмдерді, антропонимдерді жинақтап, топтастырған, өзіндік пайымдаулар жасаған.  Десе де мақалада әшекей бұйым атаулары мен асыл тас атаулары араласып кеткен.

Мысалы: шашбау, түйме, қын т.б. әшекей бұйымдарын асыл тас атауларына жатқызуға болмас. Қорыта айтқанда, 11-сынып оқушысы Манапова Жұлдыздың «Асыл тас атауларының танымдық сипаты» мақаласы – өзекті мәселені көтерген, оқушының ізденушілік қабілетін танытатын жұмыс. Жоғарыда аталған ескертулерді жөндеп, баспаға ұсынуға болады.

Сыни пікір беруші:                                             №85 мектептің педагог-сарапшысы
Н.Дүсіпова

Дереккөз: Қазақ тілі: жалпы білім беретін мектептің 11-сыныбының қоғамдық-гуманитарлық бағытына арналған оқулық. / Т.Н.Ермекова,
Г.М.Найманбаева, Б.М.Найманбаева

Ұқсас материал:


ПІКІР ҚАЛДЫРУ