Томирис (Тұмар) ханша өмірі туралы

0
2966

Томирис (Тұмар) ханша (б.з.б. 570–520) – күнгей түркі сақтардың ел билеген атақты әйел патшаларының бірі. Грек жазбаларында оның елін «массагет» деп атайды.

Тұмар ханша есімінің тарихқа еніп, әлемге танылуы Ахемен әулетінен шыққан, «төрт құбыланың тұтас билеушісі» атанған парсының әйгілі патшасы Кирдің (б.з.б. 558–530) Орта Азияға басқыншылық жорықпен келген, «жеңілуді білмейді» деп
дәріптелген әскерін ашық шайқаста тас-талқанын шығарып жеңуімен тікелей байланысты. Мемлекетінің аумағын тойымсыздықпен кеңейте беруді
ойлаған Кир патша батыс елдеріне аттанбас бұрын әуелі шығыс жағын қауіпсіздендіру мақсатымен күнгей түркі сақтарды бағындырып алуды көздейді.

Сөйтіп, сақ еліне елші аттандырып, олардың ханшасы, сол кезде күйеуі өліп жесір отырған Тұмардың өзіне тұрмысқа шығуын сұрайды. Бұл – Кирдің сақтармен соғысуға іздеген желеуі еді. Тұмар ханша Кирдің ұсынысын қабылдамай тастайды. Осыны сылтау еткен Кир өзінің жауынгерлерін шығысқа қарай қаптатады. Аракс дариясына жетіп, өзен үстінен қалқыма көпір салуды әмір етеді.

Өздерін жаулап алуға келген парсылардың әр қадамын  алыстан бақылап, біліп отырған Тұмар ханша олардың дариядан өту үшін көпір салғалы жатқанын естіп, Кирге
арнайы жаушы жібереді. «Мидиялықтардың патшасы!– дейді жіберген жаушысы арқылы Тұмар ханша Кирге. – Ниетіңнен қайт. Өнбес істі қума. Егер алда-жалда соғыспай қоймаймын десең, онда көпір салып, уақыт өткізіп, әуре болма. Дарияның
біз жақ бетіне шығып соғысамын десең, біз үш күншілік  жерге кетіп, жол ашайық, ал дарияның арғы жағында соғысамын десең, сен үш күншілік жерге шегін. Қалауыңа қарай өзің шеш».

Кир дарияның сақтар жағында соғысуды ұйғарып, шешімдерін Тұмарға хабарлайды. Сақтар уәделерінде тұрып, үш  күншілік жерге шегініп кетеді. Олардың кеткеніне анық көз жеткізгеннен кейін Кир бүкіл әскерін дарияның арғы бетіне өткізіп, сақтардың шабуылдаушы тобын алдап қолға түсіріп, түгел қырғынға ұшыратады. Осы топтың басшысы, Тұмар ханшаның ұлы Спаргапты тұтқынға алады.

Сүйікті ұлы мен шеп бұзар жауынгерлерінің қайғылы  хабарын алған Тұмар Кирге жаушы жіберіп, оған өзінің соңғы сөзін жеткізеді. «Қанқұмар Кир! Жеңіске желікпе. Айлатәсілмен біраз жауынгерімді опат еткеніңді қанағат тұтып,  ұлымды өзіме қайтар да, есен-сауыңда жөніңді тап. Егер өйтпесең, Тәңірдің атымен ант етемін, қанға қаншама тойымсыз  болсаң да, адам қанын шөлің қанғанша ішкізермін!».

Бар аңсары біреудің елін шауып, олжаға батып, атағын шығаруға ауған Кир ханша ақылын тыңдамай, өзінің шайқасатынын айтып, Тұмардың жаушысын кері қайтарады.
Тұтқынға түскен Тұмардың ұлы Кирден аяқ-қолын босатуын өтінеді. Қолдан бұғау, аяқтан кісен алынысымен, ол  қасында тұрған парсы жауынгерінің қаруын жұлып алып, өзін-өзі өлтіреді. Келесі күні екі жақтың арасында бұрын-соңды көз көріп,
құлақ естімеген сұрапыл қырғын соғыс басталады. Ақырында далалық ұрыс тәсілін тиімді пайдаланған сақтар парсылардың әскерін түгел дерлік жусатып салады. Қоршауға  түсіп, бас сауғалар мүмкіндігінен айырылған Кирдің өзі де
жауынгерлерімен бірге айқас алаңында қаза табады.

Тұмар ханша шайқас аяқталған соң, сарбаздарына Кирдің денесін  таптырып алып, басын кестіріп, қан толтырылған меске  салып тұрып: «Тірі қалдым, сені жеңіп шықтым демесем, жар  дегендегі жалғыз ұлымды аярлықпен қолға түсіріп, сен менің
түбіме жеттің, жауыз! Енді Тәңірге берген сертімді орындап, басыңды қанға бөктіріп, шөліңді қандырғаннан басқа амалым жоқ», – дейді.

Осылайша күнгей сақтар өздерін жаулауға жасанып келген басқыншыларды жеңіп, елінің тәуелсіздігін сақтап қалады. Тұмар ханша елбасылық ұлы тұлғасымен, қолбасшылық асқан ерлігімен тарихқа енеді.

Дереккөз:

  1. Қазақ тілі: жалпы білім беретін мектептің 11-сыныбының қоғамдық-гуманитарлық бағытына арналған оқулық. / Т.Н.Ермекова,
    Г.М.Найманбаева, Б.М.Найманбаева
  2. «Қазақстан» ұлттық энциклопедиясынан

    Ұқсас материалдар:


ПІКІР ҚАЛДЫРУ