СЫНИ ТҰРҒЫСЫНАН ОҚЫТУ ТЕХНОЛОГИЯСЫНЫҢ ТИІМДІЛІГІ – ТҰЛҒАҒА БАҒДАРЛАНУЫНДА

0
5095
Менеджмент қағидасында мектепішілік басқару дағдыларын жетілдіру, педагогикалық квалиметрия әдістері

Әлемдік сапа деңгейіндегі білім, білік негіздерін меңгертуге ықпал ететін жаңаша білім мазмұнын құру — жалпы білім беру жүйесіндегі өзекті мәселенің бірі. Бүкіл дүниежүзілік білім беру кеңістігіне кіру мақсатында қазіргі кезде елімізде білімнің жаңа жүйесі құрылуда. Бұл үрдіс педагогика теориясымен оқу-тәрбие жұмысында нақты өзгерістер енгізумен қатар елімізде болып жатқан түрлі бағыттағы білім беру қызметіне жаңаша қарауды, шәкірттердің шығармашылық қабілетін дамытуды, іс-әрекетті жаңаша ұйымдастыруды талап етеді. «Білім негізі – бастауышта» демекші, білім берудің алғашқы сатысы – бастауыш білім.

Баланы бастауыш сыныптан бастап шығармашылық ойлауға, өз бетіне шешім қабылдай алуға, практикалық әрекеттерге дайын болуға, оларды шығармашылық бағытта жан-жақты дамыту — бүгінгі күннің басты талабы. Әр мұғалім шығармашылықпен жұмыс істеген жағдайда ғана еліміздің саналы, дарынды азаматтарын тәрбиелеп шығаруға мүмкіндік бар. Бастауыш сынып оқушыларымен жұмыс жасай отыра, осы жастағы балалардың ойлау қабілеттерін арттыратындай заманауи әдіс – тәсілдерді тиімді қолдану қажет

Осы тұста В. Г. Белинскийдің: «… ұстаздың қолында адам өмірінің келешектегі тұтас тағдыры тұр.» — деген сөзі еріксіз еске түседі. Өйткені, ұстаз – болашақтың тұтқасы, жас ұрпақты тәрбиелеу және терең де жан — жақты білім беру ісіндегі қоғамның жұрт сенген өкілі.

Елбасы Н.Ә.Назарбаев 2014 жылғы халыққа жолдауында “Жедел дамып келе жатқан ортада өмір сүруге қабілетті, ұлттық тілді, тарихты жетік меңгерген, Отандық мәдениетті бойында қалыптастырған, шығармашылығы дамыған жеке тұлғаны қалыптастыру” туралы атап өткен болатын. Бүгінде білім қоғамның әлеуметтік-экономикалық, интеллектуалдық және рухани дамуының стратегиялық бағдары ғана емес, сонымен қатар біздің қоғамымыздың қауіпсіздігінің кепілі. Оқытудағы жаңа технология аса қажетті педагогикалық мәселелердің шешімдерін табуға, ой еңбегін арттыруға және оқу процесін тиімді басқаруды қамтамасыз етеді. Жаңа технологияларды оқыту үрдісінде қолданудың негізгі ерекшелігі ол оқытушылар мен оқушыларға өз бетімен және бірлесіп шығармашылық жұмыс жасауға көп мүмкіндік береді және оны педагогикалық мақсатта пайдалану оқушылардың зердесіне, сезіміне, көзқарасына әсер ете отырып, оның интеллектуалдық мүмкіншіліктерін арттыруға көмектеседі.

Сындарлы оқыту теориясындағы жетістікке жетелейтін жеті модульдердің бірі «Cыни тұрғыдан ойлауға үйрету». Бұл модульді қолдану барысында оқушылар өздері үдеріс барысында ой қорытады, нәтижеге жетуге ұмтылады. Мұғалім оқушыға қалай оқу керектігін үйретеді, ал бұрынғы дәстүрлі оқыту процесінде мұғалім білімді беруші болған болса, жаңа оқыту үдерісінде мұғалім бағыттаушы болып табылады. Сабақтағы басты тұлға, басты кейіпкер – оқушы болды.

«Сын тұрғысынан ойлауды дамытатын» технология Халықаралық Оқу Ассоциациясы, Солтүстік Айова университеті мен Хобард және Уильям Смит колледждерінде өңделген. Бағдарлама авторлары Чарльз Темпл, Джинни Стил, Курт Мередит. Бұл технология әр түрлі пәндер саласында қолданылатын түбегейлі жоспарлар мен әдістемелік тәсілдер жүйесі болып табылады. Ол білім беруде мынадай нәтижелерге қол жеткізуге мүмкіндік береді: білім саласында үнемі жаңарып тұратын ақпараттар ағынымен жұмыс жасай білу, өз ойларын жеткізе білу (ауызша және жазбаша түрде), айналасындағылармен анық, сенімді, нақты қарым қатынас жасай білу, түрлі тәжірибелерге, идеяларға және ұсыныстарға өз пікірін пайымдау негізінде жеткізу; проблемаларды шеше білу, өз бетінше білім алу (академиялық ұтқыр); топта бірлесе еңбектену және жұмыс жасау; басқа адамдармен сындарлы қарым — қатынас жасауға қабілеттілігін арттырып, шығармашылық ойының дамуында басты роль атқарады. Жеке тұлғаның шығармашылық қабілетін дамытуда сыни тұрғысынан ойлау технологиясы өз тиімділігін нақтылауда. Яғни, мұғалім оқушыларды білім жүйесімен, іскерлікпен, дағдымен қаруландырып қана қоймай, танымдық, шығармашылық қабілеттерін де дамытады.

Көрнекті психолог Л. С. Выготский шығармашылық деп жаңа дүниелер жасауды түсіндірген. Ғалымның зерттеулерінде «шығармашылық» ұғымы «жаңалық», «жаңа дүние жасау», «жаңалық ашу» ұғымдарына жақын қолданылып жүр.

Әдіскер –ғалым М. Р. Львов шығармашылыққа оқушылардың жазған өлеңі мен прозасы, шығарған газеттері мен журналдары, сондай-ақ, жеке күнделіктері мен хаттарды т.б. жатқызады.

Ғалым С. Рахметова шығарманың мазмұны бойынша жүргізілетін шығармашылық жұмыстардың (шығарманың баяндау түрін өзгертіп әңгімелеу, әңгіме бірінші жақпен баяндалатын болса, оны үшінші жаққа айналдыру, әңгімедегі оқиғаға ұқсас өз жандарынан әңгіме құрастыру, т.с.с.) барлығын да баланың шығармашылық қабілетін қалыптастырудың жолдары деп көрсетеді.

Демек, шығармашылық-өздігінен жаңа дүниелер жасау, яғни бұл жерде оқушылардың өз ойынан ойлап шығарған, ешкімдікіне ұқсамайтын дүниесі, оның ойлау мүмкіндігінің жемісі  және соған жеткізетін әрекеті деген мағынаны білдіреді. Заман талабына сай әр оқушыда өзіндік көзқарасы, сенімі, ішкі уәжі қалыптасуы керек. Сондықтанда, сабақтарды жоспарлағанда оқушыларда соның ішінде бастауыш сынып оқушыларының сыни ойлауын тудыратын сұрақтар немесе деңгейлік, кеңейтілген, құзырлылық тапсырмалардың болуы шарт.

Сыни ойлау сабағының құрылымы үш кезеңнен тұрады:

1.Қызығушылығын ояту ( «көпір жасау», ой қозғау). Бұл кезеңде мұғалім бұрынғы білетін білімдерін жаңа материалмен ұштастыруға жағдай жасайды. Үйрену процесі – бұрынғы білетін және жаңа білімді ұштастырудан тұрады. Үйренуші жаңа ұғымдарды, түсініктерді, өзінің бұрынғы білімін жаңа ақпаратпен толықтырады, кеңейте түседі. Осы кезеңге қызмет ететін “Топтау”, “Түртіп алу”, “Ойлану”, “Жұпта талқылау”, “Болжау”, “Әлемді шарлау” т.б. деген аттары бар әдістер (стратегиялар) жинақталған. Қызығушылықты ояту кезеңінің екінші мақсаты – үйренушінің белсенділігін арттыру. Өйткені, үйрену – енжарлықтан гөрі белсенділікті талап ететін іс-әрекет екені даусыз. Оқушы өз білетінін еске түсіреді, қағазға жазады, көршісімен бөліседі, тобында талқылайды. Яғни айту, бөлісу, ортаға салу арқылы оның ойы ашылады, тазарады. Осылайша шыңдалған ойлауға бірте-бірте қадам жасала бастайды. Оқушы бұл кезеңде жаңа білім жайлы ақпарат жинап, оны байырғы біліммен ұштастырады.

2.Мағынаны таныту (мағынаны ажырату) Реализация – оқып жатқан тақырыптардың қажетін түсіну. Мағынаны тану кезеңі негізгі кезең, сондықтан, оқылып жатқан материалдың қажеттілігін түсіндіреді. Бұл кезеңде үйренуші жаңа ақпаратпен танысады, тақырып бойынша жұмыс істейді, тапсырмалар орындайды. Оның өз бетімен жұмыс жасап, белсенділік көрсетуіне жағдай жасалады. Оқушылардың тақырып бойынша жұмыс жасауына көмектесетін оқыту стратегиялары бар. Соның бірі INSERT. Ол бойынша оқушыға оқу, тақырыппен танысу барысында V – “білемін”, ― — “мен үшін түсініксіз”, + — “мен үшін жаңа ақпарат”, ? – “мені таң қалдырады” белгілерін қойып отырып оқу тапсырылады. INSERT – оқығанын түсінуге, өз ойына басшылық етуге, ойын білдіруге үйрететін ұтымды құрал. Бір әңгіменің соңына тез жету, оқығанды есте сақтау, мәнін жете түсіну – күрделі жұмыс. Сондықтан да, оқушылар арасында оқуға жеңіл-желпі қарау салдарынан түсіне алмау, өмірмен ұштастыра алмау жиі кездеседі. Мағынаны түсінуді жоғарыдағыдай ұйымдастыру – аталған кемшіліктерді болдырмаудың бірден-бір кепілі.

3.Ой-толғаныс (рефлексия, жаңа білім құрастырылады) – Рефлексия – тұжырымға келу, қорытындылау, жаңа білімді бекіту. Бұл бағдарламаның қорытынды үшінші кезеңінде үйренгенін саралап, салмақтап ой елегінен өткізеді, білімді бекітеді. Оқушылар осы кезеңде өз шығармашылықтарын көрсете алады. Өзіне және сыныптастарына сын көзбен қарайды. Өздерін бағалайды. Оқып, білгендерін таразылайды. Үйретушілер білетіндерін анықтап, білмейтіндерін белгілеп сұрауға әзірленеді. Бұл әрекет арқылы жаңаны түсіну үшін бұрынғы білім арасында көпірлер құрастыруға, яғни байланыстар құруға дағдыландырады Тақырып туралы ой-толғаныс – бағдарламаның үшінші кезеңі.

Күнделікті оқыту процесінде оқушының толғанысын ұйымдастыру, өзіне, басқаға сын көзбен қарап, баға беруге үйретеді. Оқушылар өз ойларын, өздері байқаған ақпараттарды өз сөздерімен айта алады. Бұл сатыда оқушылар бір-бірімен әсерлі түрде ой алмастыру, ой түйістіру, өз үйрену жолын, кестесін жасау мақсатында басқалардың әр түрлі кестесін біліп үйренеді. Ой толғаныс кезеңінде: Эссе, Топтастыру, Пирамида, Құндылық сызығы, Т кестесі, Sinkuein немесе бес жолды өлең, RAFT, Түйін сөз, Семантикалық карта, Концептуалды таблица, Бір айналым сұхбат т.б тұрады. Осы кезеңді тиімді етуге лайықталған “Бес жолды өлең”, “Венн диаграммасы”, “Еркін жазу”, “Семантикалық карта”, “Т кестесі” сияқты стратегиялар әр сабақтың ерекшелігіне, ауыр-жеңілдігіне қарай лайықтала қолданылады.

Сабақтың үш кезеңді құрылымы бастауыш сынып оқушыларныда сыни ойлауды дамытуға мүмкіндік туғызады. Сыни ойлау- яғни жаңа білімге бұрынғы өзіңде бар білім арқылы келу. Бұл құрылым оқушының өзінде бар білімді жандандыруға уақыт береді, түсініктер мен құбылыстарды қайта жаңғыртуға әкеледі. Сыни ойлауды дамыту технологиясы танымдық қажеттілікті қанағаттандырып қана қоймайды, өзін-өзі тануды да үйретеді. Танымдық процесс болғандықтан, оқушылар түсініктер мен ойлардың мазмұны жайында, ақпарат пен жай білім туралы ойланады. Ал өзін-өзі тану процесі де қатар жүретіндіктен, олар өз түсініктері жайында да ойланады. Оқушылар өздеріне сұрақ қояды: «Бұл туралы мен не ойлаймын?», «Алынған ақпарат менің білетініммен сәйкес келе ме?», «Жаңа ақпаратты ала отырып, мен не істей аламын?», «Жаңа ақпарат, жаңа идеялар менің көзқарасыма, ойларыма қалай әсер етті?»

Бастауыш сынып оқушылары өзін-өзі тану барысында қандай жағдай болады? Бұл кезде ол жаңа түсініктерді жақсы естиді, жаңа ақпараттар мен тұжырымдамаларды ұғынудың жаңа тәсілі пайда болады. Олар ойлауға икемді болады — өзінің ойлауын бақылауға мүмкіндік алады; жаңа ақпаратты қабылдауға қабілетті болады — жаңа білімді бұрынғы біліммен сәтті байланыстыра алады. Оқушылар «өздерінің бұрынғы ойлау жүйесіне жаңа идеялар мен әсерлерді қабылдауға ашық», «өздеріне таныс түсініктер, өздерінде бар білім қолданылғандықтан, ойлары мен пікірталастарын еркін тұжырымдай алады.» (23-бет) Өз білімдеріне сенімді болғандықтан, мәселені шығармашылық тұрғыдан шешуге жақсы дайындалады, жаңа пікілер мен жаңа ойларды құруға жақсы дайындалады.

Қорыта айтқанда, сын тұрғысынан ойлау бағдарламасы бойынша жүргізілген сабақтар арқылы бастауыш сынып оқушылары іздеудің мән-жайына қаныға, білімді тереңінен айтуға төселеді, дәлелдер келтіру, дәлелдеу тәсілдеріне жаттығады, теория мен практиканың бірлігін игереді, жеке және топпен бірлесіп мәселе түйінін шешу жолдарын табуға жаттығады, өз жолдастарының пікірімен санасуға, өткір сындарды тыңдап одан тиісті қорытындылар жасай білуге машықтанады. Заман талабына сай бәсекеге қабілетті жас ұрпақты тәрбиелеуде, оқушыларға қажетті білімді меңгертудің тиімді жолдарын, әдіс-тәсілдерін талмай іздеу – әр ұстаздың міндеті. Бұл орайда, Қазақстан Республикасы білімді дамыту тұжырымдамасында: «Адам өзін — өзі жетілдіруге де, жоюға да қабілетті. Адамның өз болмысын тануға, ұмтылуға көмектесіп, тереңде жатқан талап тілегін, қабілеттерін дамытуға тиіс. Сол арқылы оған толыққанды өмір сүру үшін жаңа рухани күш беру білімнің ең маңызды мақсаты болып табылады»- деп көрсетілген.

Пайдаланылған әдебиеттер:

1. ҚР Президентінің «Қазақстан-2050» стратегиясы қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты» атты Қазақстан халқына Жолдауы

2. Жаманқұл П. Қ., Муфтибекова З., Орынбаева Н. Н. Оқулықтағы көркем шығармаларды оқытудың әдіс-тәсілдері. 2010.-13 б.

3. Қазақстан Республикасы білім беруді дамыту тұжырымдамасы

Абдрахманов Ляззат Кенжегалиевна
М.Өтемісов атындағы БҚМУ магистранты
ғылыми жетекшісі : п.ғ.к., доцент Хасанова Инкар Утебаевна

 


ПІКІР ҚАЛДЫРУ