Т.Ахтановтың романға «Шырағың сөнбесін» атауын беру себебін оқиға желісіндегі дәйектер арқылы дәлелдеп жазыңыз!

0
12150

Т. Ахтановтың «Шырағың сөнбесін» романының шырағын сөндірмей, өмірді, ұрпақты жалғастырушы – осы, «СОЛ». Нәрестенің әзірге ат-есімі жоқ. Бірақ «СОЛ» аман болса, Қасымбектің шаңырағы құламайды, аты өшпейді.

Романның күллі оқиғасы әйелдің көзімен тізілгендіктен де шығар, мұнда әйелдер бейнесі – психологиясы, әсіресе, әсерлі шығыпты. Дуня апай, жоғарыда айтылған Қамқа әжей, Нәзираны қосқанда (бұл екеуін – Света мен Нәзираны бөліп қарау мүмкін емес) Света бейнелері толыққанды, кәдімгі тірі тұлғалар. Күлегеш Мусяның өзі әдемі. Жазушы мақсатының өзі осы – эвакуацияға ұшыраған әйел, бала-шағаның хал-күйін көрсету. Бірақ автордың «мені» – Нәзираның ғана етегінен ұстап, еріп кеп отырса, кітап мұнша қызғылықты оқылмас еді. Орынды-орынды шегіністер арқылы автор көп-көп жайлардан хабардар етеді. Соғысты суреттеп отырып ауыл тірлігіне ауысады; бүгінгіден өткенге, өткен күннен одан арғыға, одан қайта оралғанда айтылмыш оқиғаның (сюжеттің) жігі білінбейді. Кешегі мен бүгінгінің бірінен соң біріне «секіріп» көшкенде – арасында сына қағар саңылау қалмайды. Бәрі орынды. Зорлық жоқ, күллісі өзінен-өзі туындап жатқан жайлар.
Романда Носовец, Қасымбек т.б. жігіттер бар. Бұлар да нанымды шыққан тұлғалар. Соғыс секілді қым-қиғаш өмірде бұл адамдар көбіне көп, уставтан тыс қимыл танытпауы да заңды жағдай. Света мен Нәзираға ұсап құлаш-құлаш диалог сөйлейтін уақыттары да жоқ. Кетолек алып жүгіріп, солдат-тардың ауыздарынан шығып қалатын бірер асығыс сөздердің өзі күллі уақыт, жағдай рухын паш етуге жарап жатыр.
Носовец – басшы, саяси басшы. Евдокия Герасимовнаның ұсталып кеткен баласы – Павелдің бұрынғы досы. Павелге кезінде «ара түсе алмағанын» айтып қынжылады. Өзінің көріп жүрген күні де – шамалы-ақ: өлмелі кемпір Евдокия Гера-симовнаға қызмет сала келіп отыр. Павелдің ақтығына, адалдығына, осының өзі-ақ айғақ. Өйткені Носовецті бір көрген, бір сөзін естіген адам құлай сенеді. Сенім! Жеңістің өзі – сенімнің арқасы.
Шынайылығымен сендіретін тағы бір образ – Сәлімбек қыртпыш.
«– Қап, сен қатынды ма…– деп кіжініп тұрды да, кенет, асығыс шешіне бастады». Әйелін қамшымен бір тарту үшін шалбарына шейін шешеді. Жүгіріп келіп шыбыртқымен шып еткізеді де, тұра кеп қашады. Осы қылығын екі-үш мәрте қайталағанша әйелі бүлк етпейді. «Алпамсадай әйеліне әлі жеткен соң, көңіліне жел кіріп масаттанып кеткен Сәкең осы жолы әйеліне тым жақын келіп қалды ма, білмеймін, қайтадан керегесін шанди берген Ақкүміс ірі денесіне оғаш, оқыс қимылмен жалт бұрылып, шап етіп Сәлімбектің дамбалынан ұстап алды. Сәкең байғұс өрмекші торына түскен шыбындай дызылдады да қалды:
– Ойбай-ай, ойбай-ай, Сейілхан-ай, жетсейші. Жынды қатын өлтіреді ғой!» Осы кішкене эпизодпен-ақ Сәлімбектің «шаруасы бітіп» кетеді. Автор бұл кейіпкеріне қайтып оралмайды.
Шығармада жеке-жеке тоқталуды керек ететін кейіпкерлер толып жатыр. Бірақ бәрін бірдей көзінен тізіп көшіріп жату – мүмкін де емес, міндет те емес.
Роман желісіне – оқиғаға бірнеше ұрпақтың (поколение деген мағынада) өкілдері қатысады. Осының өзі романға үлкен ауқым, кең тыныс беріп тұр. Олардың әрқайсысы өзінше, өз әлдерінше бас кейіпкер. Әрқайсысы өз орындарында Бас кейіпкер. Сол бастардың Басы – Нәзира, автордың қалап алған адамы. Роман үшін ол шашлық таяқшасының ролін атқарған. Оқиғаның, не түрлі мінез-құлықтардың бәрін көзінен тізіп, оқушының көз алдына әкелетін сол. Оның өзі басында жап-жас келіншек, ауылдың аңғырт қызы еді.

Күйеуінің тілегін тілеп қана отыратын отбасының «осал пендесі» болатын. Аз ғана уақыт ішінде өсіп, қатайып кетеді. Қайраттың өзін қиындық пен қасірет қазып шығарады ғой. Нәзираның да қайраты көрінеді. Қайрат жүрген жерде қаталдық болмай қалмайды. Ол қаталдық алдымен, ұғым-түсініктен көрінеді. «Қазақтың көңілшек қатындарының көз жасы қиын емес-ау, менің көз жасым қиындап кетті» дейтін секілді дәрежеге көтерілу үшін Нәзираның көргенін көру керек. Кітаптың аяғында Қамқа әжейдің ерке, сүйікті немересі осындай халге жетеді. Сол кездің жалпыға ортақ шындығы, ащы шындығы осы.
Роман басталғанда Нәзираның түсінде жылқы кісінейді. Түсінде ала-дүбір шабыс көреді. Түс жорушылар мұндайды – жаугершілікке жорушы еді. Мына секілді оқиғалы шығармаға осының өзі авансцена-увертюра ретінде қызмет атқарып тұр. Романның соңында да жылқы кісінейтін тұс бар: «әлі де сақ болыңдар» дегенді аңғартатын сияқты.
«Шырағың сөнбесіннің» тілі шұрайлы-ақ. Бейнелі сөздер, орынды қолданылған мақал-мәтелдер жиі ұшырайды. Жеңіл, жақсы оқылады. Оқушы көңіліне қанат бітіреді. Тұсамайды. Тек қайсыбір тұстарда, сирек те болса, әттеген-ай дегізетін сөздер, сөз тіркестері кезігеді. Мәселен: «…айғырлардың алқына шыңғырып кісінеген айқайы» (5-бет), «сөйлегенде жұқалау еріні тісіне жабысып, ауызын шымшып сөйлейді» (11-бет), «е, бәсе, кеше уысым қышып еді» (15-бет). «Кісінеген айқайы емес, «Аузын шымшып» емес, ерінін шымшып, бүріп деу дұрыс. «Уысым қышып» емес, алақаным қышып. Бой салыстырып тұрған екі бала біріне-бірі: «Мә, сен аяғыңды ұшынан баспа». Мұндайда «ұшынан баспа» демейді «Өкшеңді көтерме» дейді. «Шүңіректеу біткен өткір көзін шүйіре қарады» (97-бет). Көз шүйірілмейді, ерін шүйіріледі», «…қолын бүріп, маңдайына тигізіп шоқынды» (100-бет).

Саусақтарының басын бүрсе – бір сәрі, қолын бүрді деген келмейді. «Жазған құлда шаршау бар ма» (103-бет) Дұрысы: «Жазған құлда жазық бар ма» болу керек. Біреулердің бет пішінін суреттегенде автор «сопақ бет» дегенді көбірек қолданады: Дуня апай – сопақ бет, Шура – сопақ бет, Прохор – сопақ бет. Бұлар аралары жап-жақын тұрған кейіпкерлер – бәрінің бірдей сопақ бет болғаны үйлеспейді. Сол сықылды, «тән» деген сөзді де жиірек қолданады. «Дененің» көбі «тән» боп кеткен. Байқап қолданбаса, қазақта «тәннің» басқа да мағынасы бар…
Бұның бәрі түртіп қана түзетуге болатын ұсақ-түйектер. «Шырағың сөнбесін» секілді ірі туындының құнын кеміте алмасы хақ. Әйткенмен айту парыз тәрізді.
Қысқасы, Тахауи Ахтановтың жаңа романы кең тынысты, үлкен шығарма. Бұл романның қай топырақ, қай халық оқушысының да көңілінен шығары даусыз.


ПІКІР ҚАЛДЫРУ