С.Мәуленовтің «Түбірлер», «Құлын» өлеңдеріндегі автор ойын талдап жазыңыз!

0
19722

Сырбай Мәуленовтің шығармашылы­ғының негізгі бір тобы соғыс тақырыбына арналған.  Өйткені жастық шағының елеулі бір кезеңін ұрыс даласында өткізген майдангер ақын жүрегінің лүпілі ақ қағазға түсірілген өлең жолдарына айналуы табиғи құбылыс. Бүкіл адамзатқа зардап шектірген бұл соғыс кезеңіне арналған С.Мәуленов өлеңдерін оқып отырып толғанасың, күйінесің, күрсінесің. Сырбай Мәуленовтің поэ­зиясы соғыс құрбандарына мәңгі тұрғызылған ескерткіш тәрізді. Сырағаңның өлеңдері сондықтан көздің ұясынан жаңа шығып, жерге тамбай мәңгі қалған көз жасының бір түйір тамшысы сияқты әсер қалдырады қашанда.

Белгілі сыншы, академик Серік Қирабаев «Сырбай – классик» деген мақаласында: «Сырбайдың көзін аша көргені әскери өмір, Ұлы Отан соғысының қанды қырғыны екені белгілі. «Әскери өмір менің өмірімнің мектебі болды» деп, оны өзі де айтқан. Сондықтан да өмір тануды халық тарихының ең бір қиын да күрделі жағ­дайында бастаған ақын санасын тез жетілдіріп, дүниеге ойлы көзбен қарай алды. Соғыста ол өлім мен өмірдің жекпе-жегін көрді, өлімнің өзімен жалғасып туындап жатқан өмірді таныды, шындықтың қоғамдық, адамдық мән-мағынасын терең пайымдады, адам сырына үңілді. Бұл жайлар алғашқы күннен-ақ ақынның соғыстың ауырлығын жеңілдетпей, шынайы күйінде бейнелей алуына жол ашты» дейді де, сыншы Сырағаңның «Құлын» деген өлеңінің мәні мен сырын терең аша түседі.

Академик С.Қирабаев байқағандай, «Құлын» өлеңінің соншалықты шағындығына қарамастан, миллиондаған адамның қанын судай ағызған сұрапыл соғыстың зардабы мен сұмдығын көзбен шұқып емес, жүрекпен сездіретіндігінде еді. Өлеңнің философиясы – Алланың бұйрығымен болған немесе тағдырдың жазуымен болған өлім болса да, өмір жалғаса береді дегенге саяды ғой:
«…Шашыраған көк жалын бүркіп темір,
Орманның іші үрейлі.
Ал оттың ортасында –
Шіркін өмір,
Құлын боп кісінейді».
Сырбай Мәуленов қазақ поэзиясын өлеңнің жаңаша түрлерімен байытқан, жаңалық әкелген ақын екені бүгінде даусыз. Небәрі он бес жолдан тұратын «Түбірлер» өлеңі – соғыс тақырыбына арналған суреткердің мәңгі өшпейтін бейнелі полотносы тәрізді. Бұл алапат соғыстың не екенін сіз­ге бүкіл тұла бойыңызбен, жүрегіңізбен сезіну­ге мәжбүр етеді. Өлеңнің мәні де, маңызы да сонда.

1943 жылы комиссар, лейтенант Сырбай Мәуленов Волхов майданындағы кезекті шабуыл кезінде қолынан ауыр жарақат алып, майдан даласында жатып қалады. Содан кешке шағын денелі санитарка қыз келіп, өзіміздің әскер шебіне, окопқа қарай сүйреп, таң ата әрең жеткізеді. Сырбай санитар қыздың күшімен ажалдан аман қалады. Сол бір батыр қызға арналған Сырағаңның мынандай бір поэтикалық сыры керемет өлеңі бар:
«Менімен бір кірпік қақпай,
Түндер бойы көз ілмедің.
Кіп-кішкентай болсаң да өзің,
Шіркін қандай төзімді едің.

Өрт ішінен алып шықтың,
Қансырап мен жатыр едім.
Кіп кішкентай болсаңда өзің
Шіркін қандай батыр едің…»

Әрине, ақын Сырбай Мәуленовтің майдан тақырыбына арналған отты да сырлы жырларын талдай берсек бір емес, бірнеше мақалаға жүк болар еді. Сондықтан Сырбай Мәуленовтің шығармашылығын зерттеген жазушы Әди Шә­ріповтің мына бір сөзін мысалға келтіре кетсек, сөзімізге жан бере түсер еді: «Сырбайдың «Сәлем, Волхов орманы», «Назияда күн ашық», «Синявино шайқасы» тағы басқа өлеңдерінде ақын Ленинград жеріне ыстық сезімін, сүйіспеншілік көңілін суреттейді» дейді. Тағы бірде «Сырбайдың Ұлы Отан соғысы тақырыптарына жазған өлеңдерінің оптимистік терең ойы, философиялық түйіндері тұтасып, көркемдік өрнегі жиі болып келеді» деп жазады.
«Мың қолдар сау болсын деп,
Мен бір қолымды бердім.
Мың жолдар жалғансын деп,
Мен бір жолымды бердім…» деп бейбіт өмірде де ірілік танытқан ақын, соғыстан кейін әдебиет саласында да еселі еңбек етті. Абай атындағы Мемлекеттік сыйлықтың иегері болды. «Халықтар достығы» орденімен лайықты марапатталды.


ПІКІР ҚАЛДЫРУ