Тұрақты іргелес салалас құрмалас сөйлемдер және оның грамматикалық-мағыналық түрлері

0
2250
Иллюстрация: Freepik.com

Тұрақты іргелес салалас құрмалас сөйлемдер

Тұрақты іргелес салалас құрмалас сөйлемдер грамматикалық-мағыналық түрлері мынандай:

  1. Жалғастық қатынасты білдіретін іргелес салалас құрмалас сөйлемдер
  2. Мезгілдік іргелес салалас құрмалас сөйлемдер.
  3. Қарсылықтық іргелес салалас құрмалас сөйлемдер
  4. Себептік іргелес салалас құрмалас сөйлемдер.
  5. Шарттық іргелес салалас құрмалас сөйлемдер.
  6. Теңдік қатынасты білдіретін іргелес құрмалас салалас сөйлемдер.
  7. Айқындауыштық қатынасты білдіретін іргелес салалас құрмалас сөйлемдер.
  8. Обьектілік қатынасты білдіретін іргелес салалас құрмалас сөйлемдер.
  9. Телінбе компонентті іргелес салалас құрмалас сөйлемдер.
  10. Биноминативтік сипатындағы іргелес салалас құрмалас сөйлемдер.

Жалғастық қатынасты білдіретін іргелес салалас құрмалас сөйлемдер

Бұл  сөйлемнің бірінші компоненті бір информацияны білдіреді де, екінші компонент соған жалғас, соны толықтыратын қосымша информацияны білдіреді.

Жалғастық іргелес салалас құрмалас сөйлемдердің компоненттері көбіне есім баяндауышты болып келеді.

Сабылып сәуір келді, сәуір қазақтың тәуір айы (М.Мақатаев). Жара қатты, жан тәтті, жайсыз қалып барамын қасымда бір жақынның жоғынан (Доспамбет).

Жалғастық іргелес салаластың ілгері (препозициядағы) компоненті арнаулы қатынастылықты білдіретін формада тұрады. Бұл форманы тудыратын баяндауыш – «п тұлғалы көсемше + еді» т.б. түрінде жасалады.

Жолға шықпақ еді, ауа райы бұзылып кетті. Ақбота алдына кеспе көже қойды. Ішінен ет іздеп қасықпен араластырып еді, жалғыз қара қартоп ілінді (Д.Досжанов). Қарауылшының далаға шығып кеткеніне көп уақыт бола қойған жоқ еді, терезе алдынан асығыс өткен аттының дүбірі шықты (К.Оразалин).

Жалғастық іргелес салаластың кейінгі позициядағы компоненттерінің бастауышы тәуелдеулі формада келіп, оның ілгері компонентпен байланысын білдіріп тұрады.

Мәди үндеген жоқ, көзі жасқа толып кетті (Ә.Әбішев). Қолдарының түсі сарғыштанған, тырнақтары көкшілденіп қанталап тұр (М.Әуезов).

  1. лғастық қатынас көрінетін тағы бір тип құрмалас сөйлемдердің ерекшелігі туралыТілдесу үстінде екі жақ та – адресат та, адресантты – тілдесу процесін солғындатпай тартымды етіп отыруға тырысады. Осы коммуникативтік талантты лебізге қосатын амалдар тілдің барлық деңгейінде – фонетикада, лексикада, морфологияда, синтаксисте – бар.

    Біз синтаксис саласындағы амалдарды, олардың лебізге қатысу жолдарын қарастырамыз. Құрмалас сөйлемдер құрамының осы коммуникативтік мақсатқа қызмет ету үшін қатынасатын компоненттер ұшырасады. Олар мына қызметтер төңірегінде сараланып танылады. Бірінші топқа жаршы қызметіндегі компоненттер жатады.

    а) Олар негізгі компонентте айтылатын информацияның сипатын атап, соған алдын ала назар аударады.

    Сізге бір ғажайып айтайын: екі жарты мың жыл сақталған бал табылды (Ана тілі). Мынындай қызық болған: мектепке алғаш түскен жылдарда дүниеде мұғалімнен мықты жан жоқ деп ойлайтын (З.Қабдолов).

    Бұл компоненттер еркін лексикалық құрамда құрылады, баяндауыш болып айту, хабарлауды атайтын сөздер жұмсалады.

    Осы топқа мына құрылыстағы құрмалас сөйлемдерді де жатқызамыз.

    Ермегі сол — гармон тартады, аң аулайды (С.Мұқанов). Бір ғажабы сол – ол түсірген аңдарын, құстарын түгел үлестіріп жібереді (М.Тиесов).

    Жаршы компоненттер былайша құрылған а) «Зат есім бастауышы – баяндауыш анафористік сол!»  ә) «бастаушы сын есім – баяндаушы сол

    Жаршы компонент негізгі компонент баяндайтын оқиғаның субъектісін, объектісін ілгерілей атап білдіреді.

    Дача салсаңыз таза ауада көп боласыз.

    Таза ауаны айтам, таза ауа осы ауылда да жетіп жатыр ғой (Ә.Асқар).

    Соңғы сұрақ: өкінішің бар ма?

    — Оны да айтайын – асқан-тасқан кездерім, білместік істеген жерлерім болды. Соған өкінемін (О.Бодықов).

    Ал шаруаң не?

    — Шаруам сол, әлгі бір радио бар еді, соған батарея керек (А.Нұрманов). Саған айтарым сол, мен мұнда қалмаймын (О.Бодықов).

    Бұл қызметтегі жаршы компоненттер мына үлгіде жасалады. а) табыс септік зат есім – айтам үлгідегі модель бойынша жасалады. ә) атау септік зат есім бастауыш – баяндауыш сол, ар, -ер тұлғалы есімше бастауыш – баяндауыш сол! түрінде жасалады.

    Жалғастық байланыста көрінетін тағы бір конструкция былай құрылады: бір компонент лебізді адресат айтқан лебізбен  жалғастыру үшін (ұластыру үшін) қатысады.

    1. Кеше неге келмедің?

    — Келмегенім сол – жұмыстан жібермей қойды (О.Бодықов).

    1. – Жағдайды ол жақсартты ғой.

    — Жақсартқаны сол – шаруашылықтың техникасы қолды боп кетті («Ана тілі»).

    1. Тісімнің протезы салпылдап кетті

    — Салпылдағаны сол – ортасы жарылған.

    Келтірілген мысалдар көрсетіп тұр – жалғастырушы компоненттер диалог сөзде ұшырайды. Ол сөйлесушілер біріне-бірін қатысты етіп, тартымды етіп тілдескенде жұмсалады.

    Компонент былай құрылады. Ілгергі сөйлеушінің лебізінен актуалды мәселені білдіретін сөз алынып, ол субстантивтенген есімше ретіндегі бастауыш болып қатысады, баяндауыш ретінде есімдік сол жұмсалады. Сол сілтеу есімдік, анафористік  амал болып оқиғаның себебін нұсқап, көрсетіп тұр.

    Лебіз үнемді айтылу үшін конструкция есімдікті түсіріп те айтылады.

    — Тісімнің протезы салпылдап кетті.

    -Салпылдағаны – ортасынан жарылған.

    Анафористік сол ілгеріде аталған жаршы компоненттерде де түсіп, компонент толымсыз түрде көрінеді.

    Ермегі – гармон тартады, аң аулайды.

    Бір ғажабы – ол түсірген аңдарын, құстарын түгел үлестіріп жібереді.

    Мына конструкцияда жаршы синтаксистік компонент ретінде субстантивтенген келер шақ етістік жұмсалып тұр.

    Сабырбай күлімсіреп қойып:

    — Балам, ендеше сен көңліңе алма, әкеңмен мен құрдаспын. Сондықтан еркін сөйлей берем. Айтпағым — өлең дегенді аса бір сүймейтін кісі сенің әкең еді. Сен неғып өлең сүйгіш боп жүрсің? Осының жайын айтшы (М.Әуезов).

    Мезгілдік іргелес салалас құрмалас сөйлемдер

    Іргелес салалас құрмалас сөйлемдер мезгіл жағынан қатар болған оқиғаларды атайды.

    теңкиген ақ жастықтар төрге қатарланды, төсек салынды, төрелер жатты (Ғ.Мүсірепов).

    а) Мұндай қатынасты білдіретін құрмалас сөйлемнің компоненттерінің баяндауыштары бірыңғай жақтық формада келеді.

    ә) Ілгергі компонент баяндауышы + «көріп отыр едім» типті болып (көсемше формадағы негізгі етістік + отыр еді); көсемше формадағы негізгі етістік + еді түрінде екінші компоненттің баяндауышы жедел өткен шақ болып құралған құрмалас сөйлем де мезгіл жағынан қатар келген оқиғаларды атайды.

    Болыс алақанын жайып еді, қағып, тырнала – оған да бір атым тапты (Ғ.Мұстафин). Хамит сол жақтағы бір теректердің қып-қызыл болып қызарған жапырақтарына қарап келе жатыр еді, аты қымсынып қалды (С.Сейфуллин).

    б) Бірінші компоненттің баяндауышы жедел өткен шақ етістік + болды (кірді болды), шартты рай етістік + болды (кірсе болды), шартты рай етістік + болғаны (кірсе болғаны) түрінде құрылып, мезгілдік қатынасты білдіретін іргелес салалас сөйлемдер ұйымдасады.

    Кесе толы қымызды бердің болды, өңешке сылқ еткізіп құя салады (Б.Соқпақбаев). Ең ғажабы — солардың біреуімен кездесе қалсаң болғаны, қай-қайдағы ойға түсіп, не бір қызық хикаялар маздап қоя береді (Қ.Жұмаділов).

    в) Жедел өткен шақ етістік –ақ (сөйледі -ақ) түрінде құралған баяндауышы бар сөйлем бірінші компонент болып қатысқан құрмалас сөйлем де оқиғаларды қатар болған етіп хабарлайды.

    Мен сөйледім-ақ, аузыма қақпақ қояды.

    г) Бастауышы қимыл есім етістік – баяндауышы сол еді (келуі сол еді), бастауышы есімше – баяндауышы сол (еді) (келгені сол еді) болып құрылған сөйлем бірінші компанент ретінде қатысқан құрмалас конструкция мезгілдік қатынасты білдіреді.

    Аяғымыздың бортқа іліккені сол еді, машина селкілдеп қозғала берді (Б.Тілегенов).

    Үңгірдің аузына енгеніміз сол, жаңбыр жауып, құйып кеп берді.

    д) Бастауышы қимыл есім етістікбаяндауышы мұң еді (жетуі мұң еді), бастауышы есімше – баяндауышы мұң еді (жеткені мұң еді) түрінде құрылған компонент бірінші позицияда қатысып, іргелес салалас сөйлем қатар болған оқиғаларды хабарлайды.

    Селдір сұйық қамыстары селтиіп, ащылық сораң өскен алқап еді. Соған жету мұң екен, әлгі сұр құйын лезде аппақ болып, ұзарып шыға келді (Ә.Нүрпейісов).

    Екінші компоненттің құрамына сол-ақ екен, сол сол-ақ екен, сөйткенше болмады деген анафористік сөздер қатысып, мезгілдік қатынасты білдіретін құрмалас сөйлем құрылады: бірінші компонент бір оқиғаны хабарлайды да, екінші компонент соған ілесе болатын оқиғаны хабарлайды.

    Шеткі үйдің бірінен сақ құлақ ақ қаншық шәу етті, сол сол-ақ екен әр үйден он-ондаған ит қаптап шығып, аттылы кісіге ұмтылды (Ә.Нүрпейісов). Бозбаланың ішінен бірері Нағиманы қайрап, Жүсіпке салуға кірісті, сөйткенше болмады екі әйел қарама-қарсы отыра қалып өлең бастады (Б.Майлин).

    Қарсылықтық іргелес салалас құрмалас сөйлемдер

    Тұрақты іргелес салаластардың қатарына жататын қарсылықтық сөйлемдер бар. Олар мыналар:

    1. Бірінші компоненттің баяндауышы бұйрық рай етістік болып келген конструкциялар қарсылықтық қатынасты білдіре алады. Екінші компоненттің баяндауышы болып ауыспалы осы шақ, ауыспалы келер шақ, шақ формалы етістік жұмсалады.

    Мейлі, мағын десе отыз, қырық адам қырсы шықсын, сескену дегенді білмейді (М.Қалдыбаев). Мейлі жас бол, мейлі кәрі бол, романда суреттелетін Абай мен Әйгерімнің кездесуін, осынау ғажайып өмір құбылысын тебіренбей еске ала алмайсың (К.Оразалин).

    1. Бірінші компоненттің баяндауышы өткен шақ көсемше + еді, болып келген конструкциялар қарсылықтық қатынасты білдіру үшін жұмсалады.

    Сол затты алайын деп келіп едім, иесі жоқ екен (Б.Тілегенов).

    1. Бірінші компонент баяндауышы –атын, -етін тұлғалы есімшеден жасалып, болатын не болған оқиғаны хабарлайды, екінші компонент оған кедергі, қарсы оқиғаны хабарлайды.

    Бол, жинал, күтіп тұратын, уақыт жоқ, — деді мұртты адам даусын көтеріп (С.Мұратбеков). … Өзім-ақ сілтей берейін онда, қысылып-қымтырылатын, бөтен көз жоқ қой мұнда (Ж.Еділбаев). Тепсінетін, бұл сенің кеңсең емес (Д.Досжанов). Тіпті түсінбеймін. Мен әке-шешем немесе аға-жеңгеммен тұрмаймын ғой, сен күшік күйеу атанатын (А.Алтай).

    -Тын, — тін формасы қатысып құрылған қарсылықтық салалас құрмалас сөйлем полемика араласқан диалогта жиі шырайды. –Тын,  -тін тұлғалы компонент алдыңғы репликадағы қарсылық тудыратын мазмұнды келтіреді. Бұл полемиканы жақсы танытады.

    1. Ілгергідей қарсылықтық іргелес салалас сөйлем құрауға келгендей, алғандай, келетіндей, алатындай тұлғалы баяндауыштар қатысады. Бұл типтес баяндауыштар да бірінші компонент құрамында жұмсалады.

    Ол сонша кейтіндей, бұл сонша, сонша маубас па екен (Д.Досжанов). Екіленіп кеп, кеп кіжінетіндей, сені тонап жатқан ешкімді көрмедім (Д.Досжанов).

    Себептік іргелес салалас құрмалас сөйлемдер

    Тұрақты іргелес салалас сөйлемнің қатарында себептік қатынасты білдіретін сөйлемдер былай құрылады:

    1. Бірінші компонент «бастауышы есімше – баяндауышы сол» болып құралып, бір оқиғаны хабарлайды да екінші компоненті соған себеп болған оқиғаны хабарлайды.

    Сатып алмағаным сол, машина ескіріп қалған екен. Есеп шықпайды дейсің, шықпайтыны сол, көп қате жібергенсің.

    Бастауышты етістікті сөйлем баяндауыш ретінде сол сөзін қатыстырып тұр. Сол анафористік қызмет атқарып, оқиғаның себебі екінші компоненттегі оқиға екендігін сілтеп көрсету үшін жұмсалған.

    1. Бастауышы есімше – баяндауышы сол болып құралған компонент соңғы позицияда жұмсалып, ілгергі сөйлемде хабарланған оқиғаның себеп екенін нұсқап көрсетеді. Себеп болып тұрған бірінші компонент атаған оқиған. Екі компоненттің арасындағы мағыналық қатынасты білдіріп тұрған – анафористік сөз сол.

    Құнанбай бұл үйіне көп қонған емес. Ол бір топ үлкендермен ел аралап, жолаушылап кеткен еді, Ұлжанның Дулатты жібермегені сол (М.Әуезов). …селт етіп оянып кетті. Енді ұйқы болмасын білді, іштүйнек болған адамша шөмпіп отырғаны сол еді (Д.Досжанов).

    1. Дәл осы үлгімен құрылған іргелес салалас сөйлемдерде анафористік сөз ретінде сондықтан жұмсалады. Сондықтан сөзінің бұлай жұмсалуы оның генезисіне байланысты.

    Алда шөп бар. Есті алардай, мас қылардай жұпар аңқыған, әлі бүрлері үгілмеген көк жауқазын құрғақ шөп бар. Соны сезіп келеді, безектеп алып ұшатыны да сондықтан (С.Мұратбеков).

    1. — Тын, -тін тұлғалы есімше себептік мағыналы баяндауыш ретінде бірінші компонент құрамында тұрып себептік қатынасты білдіретін іргелес салалас сөйлем құрады.

    Жазасын беретін, жолықсам ба екен (М.Қабанбаев).

    1. Бірінші компоненттің баяндауышы көргендей, көретіндей тұлғалы сөздерден болып, себептік қатынасты білдіретін іргелес салалас сөйлем құрылады[1].

    Тілім байланып қалғандай, үн шығара алмаймын. Біреу келсе екен дегендей, балалары да елегізеді (С.Мұратбеков). Үнемі Москвада тұрып, сонда тірлік еткендей, Москва ой-түсімнен неге шықпайды (М.Мақатаев). Ақбілек, жан-жағынан жау қуып келе жатқандай, елегізіп, қымтырыла береді (Ж.Аймауытов).

    Аталған конструкциядағы ғандай тұлғалы сөзді тиянақты формаға ие (verbum finitum) баяндауыштар жасайды. Және бұл тұлғадағы баяндауыштар дара коммуникативтік тұлға ретінде жұмсалатын жай сөйлем де құрайды: Алма жаңа үзілгендей.

    Есімшелер –дай, -дей жұрнағын жалғап, баяндауыш қызметін атқарғанда, олар модальдық мағынағы  (оқиғаны жорамал болжам ретінде хабарлау) ие болады.

    Іргелес салалас сөйлем құрамына осы ретпен құрылған компонент (бірінші компонент) себеп оқиғаны хабарлайды, екінші компонент содан туатын оқиғаны хабарлайды.

    Шарттық іргелес салалас құрмалас сөйлемдер

     Іргелес салаластардың қатарына шарттық қатынасты білдіруге арналған конструкциялар бар. Ол конструкциялардың құрылысы мынандай.

    1. Бірінші компоненттің баяндауышы «жедел өткен шақ етістік + бар ғой» (айтты бар ғой) типті болып құралады да, шарттық қатынасты білдіретін конструкция ұйымдастырады.

    Атқанға жығылмай, тек жараланды бар ғой, машинаның тас-талқаны шығады (С.Мұқанов). Егер оларға еріп кететін болды бар ғой, онда біз де аянбаймыз (Б.Майлин).

    1. Бірінші компоненттің баяндауышы келер шақ есімше + бар (айтатыны бар, айтары бар) типті болып құрылып та, шарттық қатынасты білдіретін іргелес салалас сөйлем ұйымдастырады

    Апырмай, қызға бірауыз жылы сөз айтып, көңіл бүрлей алмайтыны бар, жайына отырып, жұрттың аужайын аңдаса қайтеді (Д.Досжанов). Қорқатыны бар қосқа неге қонады.

    Шарттық конструкцияны ұйымдастыратын баяндауыштық форма келмесі бар (болымсыз формадағы қимыл атауы + бар) түрінде де құралып, жұмсалады.

    Бермесің бар ол кедейді неге әуре қыласың (Б.Майлин). Бұл қолыңнан келмесі бар, уәде бермеу керек еді.

    1. Ілгергі компоненттің баяндауышы «жедел өткен шақ етістік + екен» (келді екенсің) типті болып құралады да, шарттық қатынасты білдіретін салалас құрмалас сөйлем ұйымдастырады.

    Өкімет бер деді екен, бересің (Б.Майлин). Келді екенсің қондырмай жібермейміз (С.Мұратбеков). Айтқаным орындалмайды екен, малыңа ие бол деймін... (Қ.Мұхаметжанов)

    1. Бірінші компоненттің баяндауышы «жедел өткен шақ етістік + ба» (айттым ба) типті болып құралады да, шарттық қатынасты білдіретін іргелес салалас сөйлем ұйымдастырады.

    Жеңгеңнің мінезі нашарлау. Кесірленді ме, құдай аулақ қылсын (Қ.Мұхаметжанов). Біз осыған жол беріп алдық па, онда шаруа бітті («Жас алаш»). Қылмыс істеді ме, жазасы лайық болсын (Айманбет).

    Ауыспалы осы шақ етістік + ме (келе ме), жақтық тұлғадағы есім сөз + ма (ме). (мұғалімсің бе) қалыпты баяндауыштар бірінші компонент құрамында тұрып шарттық (мезгілдік) қатынасты білдіретін іргелес салалас сөйлем ұйымдастырады.

    Бұлар Мұжықтың бір қаласына келді ме, қаланың әкімі жетіп келеді. «Жоғары ұлықтан қағаз бар, маздемге (цыган) жайланып жатуға жол жоқ» — дейді (Жұлдыз).

    Елдің ыңғайымен жүре берудің қажеті жоқ. Керісінше, сен музыкантсың ба, құдай берген талантың, талабың, алған ілімің кәсіби деңгейге жетті ме, сол халыққа өзің үйрет (Б.Қажымұқанов).

    1. Ілгергі компоненттің баяндауышы бұйрық рай етістікпен жасалып, шарттық қатынасты білдіретін іргелес салалас сөйлем ұйымдастырады.

    Ертең жеңсінші, не көрер екенсің сен (С.Мұқанов). Осыдан келіп көр, жазаңды менен аласың (С.Мұқанов).

    Мені ракетаға мінгізсінші, жер түгіл, ай-күнді айналып келейін (А.Нұрманов). «Мақұл, құда болдым» деген сөз шықсыншы, бар жиғанын поезға артып, қызын Астанаға өзі-ақ апарып тапсырмақшы (Д.Досжанов).

    Шарттық қатынасты білдіретін конструкция құруға бұйрық рай етістіктің болымсыз түрінен жасалған баяндауыш жиі жұмсалады.

    Колхоздың наны болмасыншы, аштан өлер еді (С.Мұратбеков). … енді Еңбек ері деген атақ әпермеңдер, сонда болсын сөзім (С.Мұратбеков).

    Бұйрық рай формасы бастапқыда келер шақтық мағына білдірген, бұйрық мағынаға соны негізге алып қалыптасқан. Шарттық іргелес құрмалас сөйлем құрауда бұйрық рай формасының бастапқы мағынасы жаңғырып тұр.

    Айқындауыштық қатынасты бідіретін іргелес салалас құрмалас сөйлемдер

    Айқындауыштық қатынасты білдіретін құрмалас сөйлемдердің бір компоненті айқындалатын компонент болады да, екінші компанент айқындаушы болады. Айқындалуыштық компонент оқиғаны жалпылай хабарлайды, екінші компонент оны айқындайды, саралайды.

    Осындай қатынас негізінде құрылған конструкция  айқындауыштық қатынасты білдіретін іргелес салалас құрмалас сөйлем деп аталады[2].

    Ақбұлақ та шанағын шалқыта долданар еді. Долысы қатты: жағасында жай сақтап тұрған тал-қайыңдарды жұлқа тартып, шымымен қопырып алып, ақ бас толқындарына сап секіртеді (О.Бөкеев).

    Сонымен шала бүлініп әзірленген тойдың қамы жайына қалды: ошақтағы оттар сөнді, қазан суыды, қамыр жаюсыз қалды (Д.Досжанов). Ауылдан көріп тұрғандар таласа бастады: біреуі қажының үйінің күйеуі деді, біреулері түбектегі құдасы деді, ал тағы біреулері бөтен адамдар деді (Ғ.Мүсірепов). Соңғы сұрақ: өкінішің бар ма? (О.Бодықов).

    Айқындауыштық қатынасты білдіретін іргелес салалас сөйлемге тән бірнеше грамматикалық белгісі бар.

    1. Құрмалас сөйлемді бір тұлға ретінде тұтастыратын интонациялық қалып бар. Сонымен қатар айқындалатын компонентпен айқындаушы компоненттің жігінде екеуінің қатысына сай пауза бар.
    2. Айқындалушы компонент айқындаушы компоненттердің баяндауыштары шақтық формасы жағынан бірыңғай келеді.
    3. Айқындалушы компоненттің баяндауышы сонша, сондай деген аффектілі (әсерлі) сөздер болып, оларды кейіп тұрған компоненттер айқындайды.

    Оның бұтақтарының жиілігі сондай: бір ай нөсер жауса да, түбіне тамшы тамбайды (О.Бөкеев).

    Биқанның Абай сырын жасырғыштығы сонша: «Мағашқа бүгін таңертең Абай не деді? – деп сұрасам Е, мен қайдан білейін өзінен сұра» — деп, соны да айтпады (М.Әуезов).

    Айқындауыштық қатынасты білдіретін салалас сөйлемнің бірінші (айқындалушы) компонентте айқындауды қажет ететін сөз болады, айқындаушы компонент сол сөзге қатысты болып, компонент атаған хабарды айқындайды.

    Бірінші компонент оқиғаны, құбылысты жалпы сипатта, жалпылай танылған белгілері негізінде хабарлайды екінші компонент сол жалпы сипатты саралай, нақты белгі, көріністерді атап хабарлайды.

    Құрмалас сөйлем білдіретін бұл қатынас адамға тән фундаментальдық таным процесіне сай қалыптасқан. Адам құбылыстарды, заттарды алдымен жалпы белгісін байқап таниды да, ал ол жалпы танымды конкреттейді.

    Осы процесс комуникативтік әрекет ретінде де қайталанады.

    Объектілік қатынасты білдіретін іргелес саллаас құрмалас сөйлемдер

    Іргелес салалас құрмалас сөйлемдердің бұл грамматикалық-семантикалық түрінде бір компонент бір оқиғаны, істі хабарлайды, ал екінші компонент оған объект ретінде қатысатын істі, оқиғаны хабарлайды.

    Басын көтеріп алғанда көрді: оң жақтан шалдың қойы құлап келеді екен (А.Нұрманов).

    Объектіні білдіретін сөйлем бірінші орында тұруда мүмкін.

    Кейінгі он бес жылда азды-көп еңбегім болды, оны өзің білесің (Қ.Мұхаметжанов).

    Объектілік қатынасты білдіретін іргелес салалас сөйлемдер екі түрлі жолмен жасалады.

    1. Бірінші компонент есіту, көру процестеріне байланысты оқиғаларды хабарлайды, сондықтан баяндауыштар ретінде есту, көру, сезу мағыналы етістік сөздер жұмсалады, екінші компонент сол процестерге объект болған оқиғаны хабарлайды.

    Балам айтшы: бізді көрсең, сәлем бер деп әкең айтты ма жоқ өздігіңнен істедің бе? (М.Әуезов). Бастарын көтеріп алғанда көрді: оң жақтан шалдың қойы құлап келеді екен (А.Нұрманов). Естимін: олар көшіп кетіпті. Қойшылар айтты: биыл қасқыр қалың, әрі өшігулі (Б.Тілегенов).

    1. Бірінші сөйлем бір оқиғаны хабарлайды да, екінші сөйлем құрамына оны, соны деген анафористік есімдіктер қатысады. Ол есімдіктер ілгергі сөйлем хабарлаған оқиғаның объектілік қатынасын білдіреді.

    Кейінгі он бес жылда азды-көпті еңбегіміз болды, оны өзің білесің (Қ.Мұхаметжанов).

    Кейде анафористік есімдіктер түсіп те қалады: Өзің тіпті өлең жаттағыш екенсің, қайсысы сенікі, қайсысы бөтендік – айыру қиын (Б.Тілегенов). Кім келді, кім кетті – білмедім.

    Анафористік есімдік объектілік қатынасын білдіретін іргелес салалас құрмалас сөйлемдер үйірлі толықтауыш мүшелі жай сөйлеммен қызметтес болып тұрады.

    Кім келді – білмедім – Кім келгенін білмедім.

    Теңдік қатынасты іргелес салалас құрмалас сөйлемдер

    Теңдік қатынасты білдіретін іргелес салалас сөйлемдер құрамындағы компоненттерде теңдік мөлшерін көрсетіп селбес мағыналы сөздер қатыстырады: … қалай…, …. солай…, ….қанша, … сонша…, … қандай, … сондай… тағы бір құрылымдық белгісі – компоненттердің баяндауыштары бірыңғай шақтық формада болады.

    Соқаны қалай алды, солай қайтарды. Сіздің үйдегі мәшке маған қандай жақын, Іскендір де сондай бауырым (ертегі).

    Қанша бердім, сонша қайтарды.

    Бұл конструкциялардың баяндауыштары форма жағынан келер шақ әр сипатта келетіні бар: қанша бердім, сонша қайтар. Қанша бердім, сонша қайтарасың.

    Аталған конструкциялар субъектілер қатынасқан істің, процестің тең мөлшерде санда, сипатта болғанын, болатынын хабарлайды. Конструкция адамдардың арасындағы құқықтық, шаруашылық қатынасты білдіру үшін пайда болған.

    Тіл іздене талпына отырып, конструкция мезгілдік қатынасты білдіру қызметіне жетті. Мезгілдік қатынасты білдіретін конструкция … қалай… …. солай…! деген селбес сөздерді қатыстырып құралады.

    Тұрарды қалай көрді, солай көңіліне алаң кірді (Жұлдыз).

    Қалай Бақтұғұлдың жылқысын бақтым, солай көзім ашыла бастады (Ж.Аймауытов). Үйіне қалай жетті, солай мұрттай ұшты (Ж.Аймауытов). Қалай қорғады, май басып, домаланып, желкесі күжірейіп шыға келді (Қ.Сүйеніш).

    Теңдік қатынасты білдіретін іргелес салалас сөйлемдер сабақтас құрмалас сөйлемдер жүйесіндегі функциялас конструкциялармен қатар жұмсалады: Соқаны қалай алды, солай апарып қойды – Соқаны қалай алса, солай апарып қойды.

    Сабақтастың бұл түрі қазақ тіл білімінде жай-күй әрекет бірдейлігі, теңдестік барлығын салғастыра көрсететін салыстырма бағыныңқылы конструкция ретінде аталып жүр[3]. Бұл салалас, сабақтас конструкциялар функциялас болғанмен, жұмсалуында талғамы бар.

    Теңдік қатынасты білдіретін салалас сабақтас сөйлемдер адамдар арасындағы шаруашылық, құқықтық қарым-қатынасты білдіреді дедік. Солай болғандықтан бұл конструкциялар полемикалы, даулы сөзде жиі жұмсалады. Әсіресе өтеу талап ететін сөзде көп ұшырасады.

    Осы жұмсалыс негізінде конструкция өтеу талап ету үшін емес, бұйрықты, кісіні бір іске қосуды – қатал етіп айту амалы болып та жұмсалатын болды: қалай келсең, солай кел, қалай бітірсең, солай бітір.

    Ұқсас құрамда, құрылыста келген мына іргелес салалас сөйлемдер теңдік қатынасты өзгеше мәнде көрсетеді.

    Қазанға не салдың, шөмішке сол ілінеді. Кімді айттың, сол келеді.

    Сөйлемдер компонентіне селбес сөздер болып «… не …, … сол» , «…кім-сол» қатысып, идентификациялықты блдіріп тұр.

    Осы тәрізді мағынаны бастауышы жедел өткен шақ етістік – баян. не (келді не, келмеді не) типті компоненттер қатысқан іргелес салалас құрмалас конструкциялар да білдіреді.

    Осы жерде оқыдым не, үйге әкетіп оқыдым не – бәрі бір емес пе! Айттым не, айтпадым не – бәрібір өзінше істейді (С.Мағзұмов).

    Бұл – экспресивті конструкция. Оқиғаны жағымсыз әсермен хабарлайды.

    Телінбе компонентті іргелес салалас құрмалас сөйлемдер

    Телінбе компонентті іргелес салалас құрмалас сөйлемдерді мына грамматикалық белгілерін ескеріп, жеке грамматикалық-семантикалық тип ретінде даралаймыз.

    1. Бұл конструкцияның құрамына бір екі негізді толымды компонент қатысады да, екінші компонент толымсыз құрылым түрінде қатысады.

    Немене бұ, қуыршақ ойнайтын, қыз ба едің сен, шешеңнің қасынан шықпайтын! (М.Әуезов).

    1. Толымсыз құрылым, екі негізді сөйлемге телініп, соған грамматикалық, семантикалық жағынан байланысып тұрады.
    2. Толымсыз құрылымның телінуі құрмалас сөйлемнің интонациясынан көрініп тұрады. Телінбе компонент қысқа пауза мен бөлініп айтылады.

    4.Телінбе компонент көбіне тұрлаусыз сөйлем мүшесі қалпында көрінеді.

    Бұл қайсың-ей жеті түнде (Ә.Тарази). Мен болсам отырысым мынау, өрттен қалған ағаштай (Ә.Тарази). Мені қойшы, жаман ағаңды (М.Тиесов).

    Телінбе компонент сөйлем құралып айтылып кеткен соң, сөзге қосымша тәрізді телініп қатысады.

    Ағайын туған деп қайтесің, бұларға алаңдап (С.Мұратбеков). Қасенмен қосылдым. Қасенге өмірлік жолдас болдым. Бір ұлымыз бар, Қасеннің аузынан түскендей (Б.Майлин). Ойын көріп, сергіп, серпілген күнім болды ма, қайта өзің менен ұрланып кино көрер едің, онда да айында, жылында (О.Бөкеев). Ермекбайдың кім, жаным? – Бухгалтердің баласы ше, әскерден келген! (Қ.Жұмаділов).

    Телінбе компонент негізгі сөйлемнің бір мүшесінің қайталануы ретінде де қалыптасады. Ол мүше өзін анықтайтын, пысықтайтын сөздер қатырстырып қайталанады.

    Май топыраққа топылдап тиген тұяқтан осындай алдамшы дыбыс шығады, ат тұяғына киіз орап шапқандай тұйық дыбыс. Күләш өзі әннен жаралған бір жан еді, әннен ғана, таза өнерден ғана (Ғ.Мүсірепов). Тау басын аппақ шық басыпты, кіршіксіз, шыңылтыр, таза таңғы шық (С.Мұратбеков).

    Телінбе компонент негізгі сөйлемдегі бір мүшені айқындап атап, соның баламасы ретіндегі сөзден құралады.

    Ол кітап, кинода ғой, отқа да, суға да түсетіні (А.Нұрманов).

    Екеуміздегі сауын шарлардың саны бірдей, жүз елуден (С.Мұратбеков). Соны шақырамын, Тоқжігітті (Ә.Тарази). Жүрейік былай таман, ағаңа! (Ә.Тарази).

    Телінбе компонентті іргелес салалас сөйлемдер спонтанды, стихиялы түрде құралған (құрамы түгелденіп, жүйелі тұлға ретінде қалыптастырып айтылмаған) сөздің көрінісі ретінде қалыптасқан1. Бірақ бүгінгі тілімізде ол сөзге түрлі стильдік (коммуникативтік) өң беретін конструкцияға айналды. Көркем сөз шеберлері бұл конструкцияның потенциялын жақсы пайдаланып жүр.

    Мезгіл суреттері

    (І.Жансүгіров).

    Конструкция мынадай комуникативтік қатынастарды атап жүр.

    1. Конструкция сөзді эмоциялы етіп хабарлауға жұмсалып жүр. Бұл әсіресе негізгі компоненттің баяндауышы ретінде аффектілі сөздер жұмсалғанын сөйлемдерде анық байқалады.

    Отырысы мынау, омалып (Б.Майлин). Не көретіні бар, мал болса анау, қотанда жатқан (А.Нұрманов). Шілденің ыстығы мынау, даланың ербең етер жәндігін жым-жылас жұтып қойған секілді (О.Бөкеев).

    Күн еңкейіп, көкжиекке жақындай берді. Жайдары жатқан көк дала кешкі күнге кеудесін тосып, еркелей керілді. Бозторғайлар ұясынаың үстінде қалықтап, шексіз даланы толқыта тыныштық әнін салады, бір-ақ ән, мөлдір таза ән… (Ғ.Мүсірепов).

    1. Сөйлемді шұбалаңқы етпеу үшін оны сегменттер амалу ретінде қызмет етеді.

    Ол біздің келін ғой, келі түйіп жатқан («Жас алаш»). Күшіңді мынауыңа қылсаңшы, көзіңді ағартып жүрген (І.Жансүгіров). Білсең, бұлар анадан туғалы теңіз кешіп, тор сүйретіп жүрген кісілер, теңіздің астын атының басындай білетін (Ә.Нүрпейісов).

    Шымылдық түсірулі еді. Үй ішіне үш әйел кірді. Ортадағысы – Абайдың үлкен енесі, Алшынбайдың әйелі, семіз қара бәйбіше. Қасындағы орта жасты, ақ сары әйел – Абайдың өз енесі, Түсіптің қатыны (М.Әуезов).

    Биломинативтік сипатындағы іргелес салалас құрмалас сөйлемдер

    Төменде атап, талдағалы отырған құрмалас конструкцияны биноминативтік сипаттағы іргелес құрмалас сөйлем деп атауымыздың мынандай себебі бар. Жай сөйлемнің жүйесінде биноминативті сөйлемдер деп аталатын конструкция аталады. Оларға тән грамматикалық белгілер мынандай:

    а) Сөйлемнің бастауышыда, баяндауышы да атау септік зат есімнен келеді.

    Төңірек – толған мал.

    1. Бастауыш пен баяндауыштың арасында созылыңқы пауза түсіп, олардың арасындағы предикативтік қатынасты білдереді.
    2. Бұл конструкцияның білдіретін түпкі мағынасы екі заттың идентивті екенін көрсету.

    Осы сипат Жиренше шешен туралы аңыздан елге тараған мына құрмалас сөйлемде бар деп есептейміз.

    Қатын өлді – қамшының сабы сынды.

    Бұл конструкцияда екі компонент бар: а) екі компоненттің арасына созылыңқы пауза түскен, 2) екі компонент хабарлаған оқиғалар идентивті ретінде байланысқан.

    Осы белгілеріне сай біз осы түпкі конструкцияны биноминативті сипаттағы іргелес құрмалас сөйлем деп атадық. Бұл конструкциялар фольклор аясынан көрініп жүр. Ілгеріде аталған сөйлеммен қатар сол тәрізді құрылған деп мыналарды атағымыз келеді.

    1.Сиыр бақтым – сидаң қақтым. 2. Ешкі бақтым – ентрең бақтым. 3. Жылқы бақтым – серілік таптым (Жылқы бақтым – күлкі бақтым).

    Сөйлемдерде екі компонент бар деп есептейміз. Бастауыштары бір сөз тәрізді көрінгенмен, олар дара-дара оқиғаларды айтып тұр.

    Бүгінгі жазба әдебиеттен көзге түскені — Ә.Тарази шығармасындағы Қырына алды – құрыдық.

    Бұл аталған конструкцияларда компоненттердің баяндауыштары шақтық, жақтық форма алып тұр.

    Биноминативті сипаттағы іргелес салалас сөйлем қатарына мына сөйлем де жатады.

    Сенен қорыққаным – қара қойдан үріккенім. Бұл да ел аузындағы сөйлем. Ерекшелігі компоненттер – атаулы сөйлемдер. Олардың тірек мүшесі – есімшелер.

    Ел аузынанда Айттым-бітті, Айттым –орындалды, Саған айтқаным – ержеткенің тәрізді құрылымдарды да естідік.

    Аталған іргелес салалас құрмалас сөйлемдердің де түпкі қызметі идентивті оқиғаларды хабарлау. Бұлар да осы мағына негізінде функциясын кеңітіп мезгілдік, себептік қатынастарды үстеген. Оны ілгеріде аталған мысалдардан байқауға болады.

    Дереккөз: ҚазҰУ, филология факультетінің дәрісі

    Ұқсас материал:

    1. Синтаксис пәні, оның зерттеу объектісі: сөз тіркесі, сөйлем, синтаксистік тұтастық
    2. Ыңғайластық салалас құрмалас сөйлемдер
    3. Баяндауышқа тән белгілер, баяндауыш түрлері, жасалу жолдары, логикалық баяндауыш ұғымы
    4. Сөйлемге тән белгі. Пікір мен сөйлемнің арақатынасы
    5. Қазақ әдебиетінен ҰБТ сұрақтары (І нұсқа)
    6. Қазақ әдебиетінен ҰБТ сұрақтары (ІІ нұсқа)
    7. Тест: Ақиық ақынның өлеңдерін қаншалықты жақсы білесіз?
    8. Эс­се жә­не оның түр­ле­рі
    9. Қазақ тілі бойынша тақырыптық тест сұрақтары
    10. Ғылыми стильдің тілдік амал-тәсілдері

ПІКІР ҚАЛДЫРУ