Іргелес салалас құрмалас сөйлемдер

0
2148
Иллюстрация: Freepik.com

Салалас құрмалас сөйлемдердің компоненттері жалғаулық арқылы байланысумен қатар жалғаулықсыз да байланыса береді.

Бірінші түрін Н.Сауранбаев жалғаулықты салалас, екінші түрін іргелес салалас деп атаған болатын. Н.Сауранбаев іргелес салалас деген термин жалғаулықсыз салалас деп атағаннан гөрі ұтымды көрінетін себептерін де атап кеткен. Қазақ тіл білімінде жалғаулықсыз байланысқан салалас құрмалас сөйлемдерді өз алдына бөлек конструктивтік тип ретінде қарау орнықты болды.

Жалғаулық қатыспай ұйымдасқан салалас құрмалас сөйлемдерді құрмалас конструкциялардың өзара типі ретінде бөліп, оны іргелес салалас құрмалас деп арнайы атаудың бірнеше себептері бар:

  1. Іргелес салалас сөйлемдердің өзіне тән ұйымдасу заңдылықтары, сол заңдылықтарды іске асыратын амалдары бар.
  2. Өзіне тән функциясы бар.

Іргелес салалас құрмалас сөйлемдерді байланыстыратын амалдар мыналар.

Бұл конструкцияның компоненттерін біріктіріп, оны бір синтаксистік тұлға етіп көрсететін фонетикалық амал бар, ол – интонация.

Конструкцияға тән интонация З.М.Базарбаева эксперимент арқылы зерттеп, ол жөнінде былай деген: жоғарыда келтірілген салаластардың (автор іргелес салаластарды айтып отыр — Әмір Р.) жалпы тональды деңгейлері біркелкі толқынданып, компоненттерінің  ара жігінде интонациялық контур болымсыз тональды интервалмен белгіленеді, әр компоненттің бастауышы мен баяндауышы акценттеліп, молырақ интенсивтілікпен айтылып тұр.  Өкінбе, әке, атың бар сөнбейтұғын (М.Мақатаев). Бұл – іргелес салалас құрмалас сөйлемдердің бәріне тән ортақ интонациялық бейнесі. З.М.Базарбаева бұл салалас құрмалас сөйлемдердің түр-түріне грамматикалық құрылысындағы айырмашылықтарға сай ерекше интонация бейне болатынын айтады.

Іргелес салалас құрмалас сөйлемдерді байланыстыруға анафористік сөздер қатысады. Анафористік сөздер деп отырғанымыз – екінші компоненттің құрамына функционалдық мүше ретінде орын алып, ілгері компоненттің мазмұнын қатыстыратын сөз. Мысалы, Кім келді, кім кетті, оны біле алмады деген конструкцияның екінші компонентінде тұрған оны – анафористік сөз. Бұл сөз бірінші компонент хабарлаған оқиғаны обьект ретінде қатыстырып тұр. Анафористік қызметті көбіне есімдіктер, есімдікті негіз етіп құрылған сөздер (сөйтіп т.т.) атқарады.

Іргелес құрмалас салалас сөйлемдердің басты ерекшелігі оның грамматикалық құрылысында. Оның грамматикалық құрылысының сипаты компоненттерді байланыстыру үшін жалғаулықтарды қатыстыруды қажет етпейді.

Салалас құрмалас сөйлемдерді жалғаулықсыз байланысуын қамтамасыз ететін мынандай екі жағдай бар:

Салалас құрмаласқа қатысатын бірінші компоненттің құрамына арнаулы формадағы финиттік баяндауыштардың қатысуы. Осы баяндауыштардың формасы құрмалас сөйлем компоненттерінің арасындағы мағыналық қатынасты білдіріп, оларды байланыстырады. Мысал ретінде бір-екі осындай форманы атайық. «Жедел өткен шақ етістік + бар ғой» түрінде құрылған баяндауыш (айттың бар ғой) іргелес құрмалас салалас компоненттерін байланыстыру қызметін атқарады: Егер аналарға еріп кететін болды бар ғой, онда біз де аянбаспыз (Б.Майлин).

Осы сияқты «жедел өткен шақ етістік + демеулік мен» түрінде құрылған баяндауыш та (келді ме) осындай қызметке бейімделген: Күлме қыздар орынсыз. Күлдіңбе, ол өкпелейді (Ә.Тәжібаев).

Іргелес салалас құрмалас сөйлемдерді байланыстыруға арнайы бейімделген баяндауыштық формалар бірқатар. Олар іргелес салалас құрмалас сөйлемдердің грамматикалық-семантикалық түрлеріне байланысты аталады.

Ендігі бір іргелес салалас құрмалас сөйлемдердің құрылысы бастауыш-баяндауыштық құрамы, яғни конструкциясы түгел бейімделген компоненттердің қатысуына негізделген.

Баяндауышы қимыл есім етістік – баяндауышы осы еді, сол осы еді, кетуі сол еді. Бастауышы қимыл есім етістік – баяндауышы мұң еді! (келуі мұң еді) болып  ұйымдасқан компоненттер қатысқан салалас құрмалас сөйлемдер ылғи да жалғаулықсыз құрылады. Өйткені аталған компоненттер екінші бір компонентпен синтаксистік қатынасқа түсуге бейімделген.

Ебейсіннің үйден шығуы мұң екен, Құдайменде қарқылдап үйді басына көтере күлді (Ә.Нүрпейісов).

Бастауышы өткен шақ есімше-баяндауышы осы еді (келгені осы еді), Бастауышы өткен шақ есімше- баяндауышы мұң еді (келгені мұң еді) болып ұйымдасқан компоненттер де іргелес салалас құрмалас сөйлем құруға қатысады.

Іргелес салалас құрмалас сөйлемдер тек құрылыс ерекшелігін ескергенде екі топқа бөлінеді:

  1. Тұрақты (негізгі) іргелес салалас құрмалас сөйлемдер.
  2. Ауыспалы іргелес салалас құрмалас сөйлемдер.

Арнаулы баяндауыштық формалар арнаулы конструктивтік компоненттер қатысып құрылған конструкциялар тұрақты іргелес салалас құрмалас сөйлемдер тобына жатады.

Бұлардан бөлек жалғаулықты қатыстырып та, қатыстырмай да құрыла беретін салалас сөйлемдер бар. Жалғаулық қатыспай құрылғанда бұлар іргелес салалас сөйлемдер қатарына жатады. Мұндай конструкцияларды ауыспалы іргелес салалас сөйлемдер деп атаймыз. Тыстағы жел үдей түсті білем, терезеге қиыршық ұрып өтеді (Д.Досжанов). Сөйлем жалғаулықты қатыстырып та құрыла береді: Тыстағы жел үдей түсті білем, өйткені терезеге қиыршық ұрып өтеді.

Жалғаулықты салалас сөйлемдердің көпшілігі іргелеске айналып құрыла береді. Өйткені жалғаулық білдіретін мағыналық қатынас компоненттердің мағыналық ара салмағынан-ақ білініп тұрады. Жалғаулықтың қатысуы синтаксистік байланысты нақты танытатыны рас. Бірақ оның түсірілуі, қатыспауы да лебіздің комуникативтік мақсатына қызмет етеді. Лебіздің коммуникативтік мақсаты талап еткенде аталған салалас сөйлемдер жалғаулықты қатыстырып құрылады, екінші бір коммуникативтік мақсат туғанда жалғаулық қатыспайды.

Іргелес салалас құрмалас сөйлемдердің өзіне тән қызметі бар.

  1. Іргелес салалас сөйлемдер лебізді эмоциялы етіп айту қажет болғанда жұмсалады. Тұрақты (негізгі) іргелес салалас сөйлемдер осы қызметке бейімделген.
  2. Іргелес салалс сөйлемдер лебізді үнемді, жинақы құрап айту қажет болғанда жұмсалады. Сөздің осы бағытын ауыспалы іргелес салалас сөйлемдер өтейді.

Оса аталған коммуникативтік талаптар көбірек орын алатын стильдер, функционалдық аумақ бар. Сондықтан іргелес салалас құрмалас сөйлемдер мынандай функционалдық аумақта жиі көрініп жұмсалады.

  1. Ауызекі сөйлеу тілі
  2. Мақал-мәтел, нақыл сөз
  3. Ертегі, жұмбақ, жаңылтпаш т.т.

Көз қорқақ, қол батыр. Қорқақ мың өледі, батыр бір өледі.

Айналада ақ отау, аузы-мұрны жоқ отау.

Кірмембес туыр қолға бас болып

Күңіреніп күн түбіне жорытқанмын!

ал Дүниенің басы — сайран, түбі — ойран,

Озар сойды бұ дүние

Азаулының Аймауыт Ер Доспанбет ағадан

Сақ етер тиді санымен

Сақсарым толды қанымен

Жара бір қатты, жан тәтті,

Жара аузына қан қатты

(Доспанбет)

Іргелес салалас құрмалас сөйлемдер компоненттерді ұзындығы жағынан тең құрып, симметрия етіп, әрі жалғаулықсыз жарыстыра қатар келтіру арқылы параллелизм деген экспрессивтік конструкция құрайды.

Сусамыр – елдің жайлауы, өмірдің бар ма байлауы.

Іргелес салалас құрмалас сөйлемдер білдіретін мағыналық қатынас әр түрлі. Тұрақты іргелес салалас пен ауыспалы іргелес салалас сөйлемдер білдіретін мағыналық қатынасты жағынан тең келе бермейді. Сондықтан бұл топтардың іштей грамматикалық-семантикалық түрге бөлінуі дара-дара аталғаны дұрыс.

Дереккөз: ҚазҰУ, филология факультетінің дәрісі

Ұқсас материал:

  1. Синтаксис пәні, оның зерттеу объектісі: сөз тіркесі, сөйлем, синтаксистік тұтастық
  2. Баяндауышқа тән белгілер, баяндауыш түрлері, жасалу жолдары, логикалық баяндауыш ұғымы
  3. Сөйлемге тән белгі. Пікір мен сөйлемнің арақатынасы
  4. Қазақ әдебиетінен ҰБТ сұрақтары (І нұсқа)
  5. Қазақ әдебиетінен ҰБТ сұрақтары (ІІ нұсқа)
  6. Тест: Ақиық ақынның өлеңдерін қаншалықты жақсы білесіз?
  7. Эс­се жә­не оның түр­ле­рі
  8. Қазақ тілі бойынша тақырыптық тест сұрақтары
  9. Ғылыми стильдің тілдік амал-тәсілдері
  10. Қазақ тілі пәні бойынша бөлімді қорытындылауға арналған тест тапсырмалары
  11. Қазақ тілі пәні бойынша бөлімді қорытындылауға арналған тест тапсырмалары
  12. Қашаған Күржіманұлының өміріне байланысты тест сұрақтары
  13. Қазақ әдебиеті бойынша тақырыптық тест жинағы
  14. Екі негізді сөйлемдердің топтастырылу парадигмасы


ПІКІР ҚАЛДЫРУ