Тұран-тағдыр тартуы

0
1780

Тұран. «Тұран»дегенде Тұрлыбек Ұлжанның оқуға түсе алмай жүргендегі кезі мен төрт жылдық грантты ұтып алған сәттегі қуаныш сезімі жиі еске оралады да тұрады.Тұран маған сыйлаған тағдырдың тартуы.Ал,бұл тарту маған оңайлықпен бұйырмаған бақ.Бұл бақтың бірінші бастау алған бұлағына ойша оралар болсам…

2015 жыл.Мектепті үздік бітірген Ұлжан «журналистикаға түсем» деген асыл арманын арқалап Нұр-сұлтанға Еуразия Ұлттық Университетіне асыққан кезі .Бұл кез қырсықтың бір айналдырса , шыр айналдырған кезі болды .Тіпті ,сол қырсықтың журналистикаға түсу үшін тапсырылатын емтихан күндеріне билетті де таптыртпай қойғаны әлі есімде.Есімде Есілдің бойын жағалай еркелеген Астанаға асыққаным.Бірақ , сол емтиханға үлгермесем де , журналистика факультетінің деканы Қайрат Сақ ағайымыздың акылымен сол факультеттің «баспа ісі» мамандығының ақылы бөліміне түстім.Әрине , ол кезде оқу қымбатқа соғары сөзсіз.Себебі , жалғызбасты ананың қызы ол оқудың қаржысын көтере алушы ма еді ?!Балалық.Аңғалдық.Ол кезде басты мақсат — студенттік өмірдің шымылдығын ашып, қазанында қайнау болды емес пе?!

Бірақ — та ақылы бөлім ақыры оқудан шығумен аяқталды. ЕҰУ -нен қалғаны бір семестрді бестіктерге жапқан қолымдағы «зачетка» және оқуға қайта тапсырып , тегін оқуға қол жеткізермін деген жүректегі үмітім.Сол үміттің шырағы жүректе үш жыл сөнбепті.Бір семестрлік оқуды жабамын деп жүріп , бір жылымды қаза қылдым .2017 – де оқуға қайта тапсырған қайтпас сезімге қазір қайран қалам. Қаламымның күшімен ол кезде журналистикаға түсетін 120 ұпайдың 117 – сін еншіледім.Төбем көкке бір елі жетпегендей болды , бір ғана «грант» деген ойдың өзі мені шаттыққа кенелтіп , бақытқа бөлейтін . Бірақ 2017 жыл да әттеген — айын жасап , 117 ұпайымның маңызы болмай қалды . Өмірге өкпеледім , тағдырдың тепкісін тартқандаймын.Мүлде оқуға деген ниетімнің де шоғы өз шыдамына жете бастағандай еді .

Бір оқуға түсудің шытырманы мұнымен шектелмеді . 2018 жыл ЕҰУ- не қайта тапсырдым.Тағы да сол оқуға , тағы да сәттілік мені айналып өтті , тағы да арманым алдады , үмітім мені тағы да оңдырған жоқ.Бұл жолы 120 ұпайдың 115- ін ғана жинағанымда , есімді зорға жинадым . Осылай жүріп үш жылым қаза болыпты.Құм сағаттай зырғып өткен сол жылдарым көкіректегі қырсықтық мінездің көрінісі ғана ма , әлде ЕҰУ – не түсуге деген ақ арманның табандылық көрсеткені ме ?

Есімді зорға жинаған тамыздың біраз түні өтті.Менің үш жыл күткен үмітім үндемей қалмады, әйтеуір сол күн бір үн қатты.Сол күн қарапайым күндердей өтіп жатыр еді . Бір уақытта ойда жоқта Тұранның сайтына кіріп қарадық . Бірер минуттар өте ,шыр етіп маған телефоныма теңдессіз хабарды жеткізген қоңырау келді . Тұраннан қуанышты хабар : «Сіз 115 ұпаймен бізде төрт жылдық ректорлық грантқа түсе аласыз» дейді . Менің осылай үш жыл естігім келген «сіз гранттасыз» деген сөзді бір ғана күтпеген қоңырау үнімен естимін деп ойламаппын .Сол хабарды естіп , сол күні — ақ алып ұшқан жүрек мені Нұр-Сұлтаннан әкетіп ,Алматыдан бір — ақ шығарды .

«Тұранның студенті» деген шартқа қол қоймайынша , жүрек шіркін грантқа түскеніме сенгісі жоқ. Тәтті түс көріп жатқандай болдым . Жоқ , түс емес бұл менің шынайы өмірім екеніне Тұранның табалдырығын аттағаннан соң көзім жетті . Университет ректоры — Алшанов Рахман Алшанұлы мырзаға деген алғысым шексіз болды.Осылай ұпайлары грантқа жетпей қалған түлектерге мүмкіндік беріп , өз атынан грант бөліп отқанына ризашылығым айтып жеткізе алмастай .Бір қызығы, белгілі болғандай мен документтерімді Тұранға тапсырып болған соң,менен кейінгі 113 ұпай жинаған талапкер Еуразия университетіне әкім атындағы грантқа түсіпті.Яғни,егер де мен документымды Тұранға алып кетпегенімде , Еуразия университетіне 115 ұпаймен әкімдік грантқа түсуші едім.Мұнымен түйгенім,бұйырған кетпейді,қуған жетпейді.

Жоғарыда жазылған қырсықтардың менің жолымда болғанына қазіргі уақытта мүлде өкінбеймін.Себебі сол жолдар мені Тұранға алып келді . Тұран менің орындалған арманым . Мен босқа өткерген жылдарымның жемісі Тұранда бүршігін жарып , өз жемісін беріп жатыр . Студенттік өмірдің қызығы мол төрт жыл дәл осы оқу орнында өтетініне бақыттымын. Жабайы тұлпар үйірін тапқандай сезімді қайта басымнан өткеріп, шығармашылық ортаға еніп, өз жолымды қалыптастыруға қадамдар жасаудамын. Бұл оқуға түсе алмаған жылдар шытырманы тек менің басымдағы оқиға емес.Кез келген талапкер әр түрлі жағдайларға тап болып,белгілі бір себептермен оқуға түсе алмауы мүмкін.Біреуге бақ ерте келеді,біреуге кеш.Бірақ,пешенеңе жазылған тағдырды көресің.Таңдау бірақ өз қолыңда.Табандылық танытсаң,шыдамдылық танытсаң,сен шықпайтын шың жоқ.Бастысы,өз таңдауыңа сенімді бол…

                                                                                                                                Ұлжан Тұрлыбек

                                                                                                                                  Тұран университеті,3 курс


ПІКІР ҚАЛДЫРУ