«Түсіме тау кіреді»

0
860

Қазір біздің тіл ғылымымызда когнитивтік лингвистика дамып келе жатыр. Осы когнитивтік лингвистиканың негізгі салаларына категориялау теориясы, концептуалды метафора, когнитивті семантика, тағы басқалары кіреді. Таным, гештальт және тілдік сана когнитивтік лингвистиканың басты бағыттары болып табылады. Лингвистиканың бұл саласының мақсаты – дүние бейнесін сипаттау. Когнитивтік лингвистиканың қазақ әдебиетінде ең көп орын алған жері – Мұқағали Мақатаевтың шығармалары.

Өзінің «Түсіме тау кіреді» өлеңінде Мұқағали танымдық компоненттерін шебер көрсете білген. Түсіне кірген тауды, тауды жағалаған, жайлап-қыстаған шалды сипаттау кезінде когнитивті лингвистиканың түрлі құралдарын қолданады. Түсіне енген бұл белгісіз жан ақынды өзіне қарай шақырғандай болады, бірақ Мұқаң жанына барғанда келесі бір қырдың басына орын ауыстырады. Қазақтың мұзбалағы бұл көрініспен өзіндік өн бойындағы түйіткілдер мен шешімін таппай жүрген күрделі мәселелерді қозғайтындай. Уақыттың жылжуымен бірге жоғалтқан алғырлығын сынға ала отырып, тауда жортқан тағыдай шағына көз жүгіртеді.

Бұл өлеңде Мұқағалидың тек танымдық көзқарасын ғана емес, фантазияға бай ойлауын көре аламыз. Асқан шешендікпен бір сәттік түсті сипаттай білуге шексіз қиял қажет. Шалдың сипатына өзінің мақсат-мұраттарын, арман-тілектерін сыйғызып, соларды орындауға шамасы жетпейтініне қынжылғанын білдіретін сияқты. Ақын бұл көрініске тек түс тұрғысынан қарап қоймай, өңінде болған құбылыстай, жан бітіре суреттейді.

«Көз салам таудың алыс етегіне» деген жолда біз ақынымыздың қолжетімді мақсаттан бұрын, алысты ойлайтынын, ай мен күнге қол созатынын байқай аламыз. Жалпы, ақын болып жаратылған жандар үшін қиялдың алатын орыны ерекше. Бұл қиялды иемденіп қана қоймай, дұрыс бағытта, белгілі дәрежеде қолдана білген дұрыс. Шекарасы жоқ шексіз дүниені Мұқағали өз өлеңдерінде толығымен ашып көрсетеді, оқырманға сол тау мен шалдың арасында жүргендей сезім сыйлайды. Осыдан-ақ біз Мұқаңның таным көкжиегінің кеңдігін байқаймыз.

Мұқағали Мақатаевтң «Түсіме тау кіреді» өлеңі оның басқа шығармаларынан өзгеше, ерекше деп есептеймін. Себебі, осы туынды арқылы ақын қиялға бай креативті ойлауын және логикасының даму дәрежесін көрсете алған.


ПІКІР ҚАЛДЫРУ