ТАЛАПКЕРЛЕР НАЗАРЫНА: БІЛІМ БАҒДАРЛАМАСЫНЫҢ РЕЙТИНГІ

0
1430
ҰБТ 2017

Қымбатты талапкерлер, бұл материал сіздерге арналады. 20 маусымнан бастап елімізде жоғары оқу орындарына қабылдау емтихандарын тапсыру басталды. Биыл 117 мың мектеп түлегі Бірыңғай ұлттық тестілеуге қатысуда. Барлығыңызға да сәттілік серік болсын! Мемлекет 2019-2020 оқу жылына бакалавриатқа 53 785 білім грантын бөлді. Енді жоғары оқу орнына өтініш берерде сіздер бұрынғыша мамандық емес, білім бағдарламасын таңдайтын боласыздар. Біз сіздер үшін білім бағдарламасы бойынша жолашар нұсқа дайындадық. Оны қалай қолдану керек? Ендеше кеттік, бірге оқып, танысайық.

РЕЙТИНГТІ ҚАЛАЙ ҚАРАУ КЕРЕК?

«Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасы Білім және ғылым министрлігімен бірлесе отырып, былтырдан бастап білім бағдарламаларының рейтингін жасай бастады. 2018 жылы оған 92 мамандықты қамтыған 2000 білім бағдарламасы бойынша 109 жоғары оқу орны енген болатын. Рейтинг кестелері «Атамекен» ҰКП http://bit.ly/2PD1JwY сайтында орналастырылған.

Бакалавриат бағдарламасында барлығы 97 білім тобы бар. Мемлекеттік білім грантының байқауына қатыса отырып, әртүрлі жоғары оқу орындарындағы 4 білім бағдарламасының тобын таңдай аласыз (ҰБТ-дағы таңдау пәндеріңізді ескеріңіз). Оқу орнына қабылданған соң, бір ғана білім бағдарламасын таңдауыңыз қажет. Міне, осы кезде сізге берілген рейтинг көрсеткіштері қажет болады.

Мысалы, сіз рейтингтен кез келген білім бағдарламасының еліміздің оқу орындарының қайсысында қандай деңгейде екенін біле аласыз.
Айталық, «Қазақ тілі мен әдебиеті» мамандығы оқу бағдарламасының арасында М.Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан мемлекеттік университеті бірінші орында. «Аграрлық техника және технология» мамандарын М.Дулатов атындағы Қостанай инженерлік-экономикалық университетінде жақсы дайындайды. «Физика» мамандығы бойынша оқу бағдарламасы (жаратылыстану ғылымдары) бойынша Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе мемлекеттік аймақтық университеті көш бастап тұр. Ал «Есептеу техникасы мен бағдарламалық қамту» мамандарын дайындаудан КБТУ алда келеді.

Рейтингте түлектердің жұмысқа орналасуы мен айлық табыстары да көрсетілген. «Мұнайгаз ісі» ең жалақысы жоғары және сұранысқа ие мамандық болып табылады, жалақы мөлшері 900 мың теңгеден асады. Жалақысы жоғары болып табылатын «Транспорттық техника және технология», «Тау ісі» мамандықтары түлектерінің айлығы орта есеппен 174 мың теңге, «Автоматтандыру және басқару» — 159 мың теңге», — деп түсіндірді ҰКП адами капиталды дамыту департаменті директорының орынбасары Бейсенбенов Азамат Амангелдіұлы.

МАМАНДЫҚ ТАҢДАУДА НЕ МАҢЫЗДЫ?

Біздің сарапшымыз бұл мәселеге саналы түрде мән беру керек деп есептейді. «Мамандық таңдау — әр талапкердің жеке. Ең алдымен, қалаған мамандықтың мәні мен ерекшелігін түсіне білу керек. Жастардың арасында осы саланың көрнекті өкіліне — спортшыға, журналиске, саясаткерге, әртіске еліктегеннен таңдау жасайтын жағдайлар кездесіп жатады. Алайда олар өздерінің қабілеттері мен таңдаған саланың қыр-сырына үңіле бермейді. Тағы бір жиі кездесетін қателік — ата-анасы мен туған-туыстарының пікірлеріне сүйеніп таңдайды. Ал олар көбінесе жеке тәжірибесіне немесе ішкі ойларына байланысты кеңес береді. Әрине, олардың пікіріне де құлақ асуға болады: мысалы, сіздің анаңыз мұғалім болса және сіз оның ізін жалғастыруға ниетті болсаңыз, араға жылдар салып, «мен бұл мамандық туралы білмеппін» деп айтпайтыныңыз анық», — дейді Азамат Амангелдіұлы.

Ол білім бағдарламаларын таңдау барысында оның ішкі мазмұнының өзектілігіне баса назар аударуға кеңес береді. «Оқудың несиелік технологиясына көшуге байланысты студенттердің оқу бағдарламасын таңдау мүмкіндігі де арта түсті. Оқу бағдарламасының тәжірибелік жағын, оқу орнының қандай кәсіпорындармен, ұйымдармен, қауымдастықтармен, ірі компаниялармен өзара жұмыс жасайтынын зерттеп білуге болады.
Қазіргі таңда қандай мамандыққа сұраныс жоғары, нарық талаптары өзгерген жағдайда қандай жақын салаға ауысып кетуге болатындығы туралы хабардар болған абзал. Ол үшін жастарға БАҚ, интернет-портал, оқу орнының сайты, әртүрлі мамандықтардың қауымдастықтары мен форумдары, т.б. ақпарат көздері жеткілікті», — деді сарапшы.

РЕЙТИНГ ӘДІСТЕМЕСІ ЖӨНІНДЕ

Білім бағдарламаларын сараптауға экономиканың әртүрлі салаларынан 700-ге тарта сарапшы тартылды.
«Рейтинг жасарда өндірісте, бизнесте және белгілі мамандық бойынша нарықтың өзінде еңбек етіп жатқан тәуелсіз сарапшылардың пікірі маңызды болды. Сарапшылар электронды сабақтар каталогының, модульді білім бағдарламаларының, силлабустардың өзектілігін, тәжірибеге бейімділігін, әр курста оқытылатын оқу бағдарламасының мазмұнын, әдебиеттер тізімін және білім бағдарламасының өзінің нарықтағы маңызын зерттеді», — деді рейтинг жасау процесін сипаттаған Азамат Бейсенбенов.

Рейтинг жасау барысында жоғары оқу орындарының бағдарламасын бағалайтын 12 критерий жасақталды: білім бағдарламасын жұмыс берушінің қатысуымен жасау, білім бағдарламасына инвестиция салу, оқытушылар құрамының осы саладағы өндірістік жұмыс тәжірибесінің көлемі, білім бағдарламасының халықаралық аккредитациялануы, түлектердің жалақыларының орташа деңгейі, жұмысқа орналасқан түлектердің пайыздық көрсеткіші, т.б.

Сауалнамаға жоғары оқу орнының 8800 түлегі қатысты. «Атамекен» ҰКП айтып өткендей, сауалнамаға қатысушылардың жауаптары өзекті мәселелері бойынша сарапталды, содан кейін ғана жоғары оқу орындарына кепілдемелер берілді.

2019 жылдың күзінде 2000 білім бағдарламасын қамтитын дайын және өзекті рейтинг ұсынылатын болады. Білім бағдарламаларын өзгертіп тұру қажеттілігін ескере отырып, рейтинг те жыл сайын өзгертілетін болады.

ҚР Білім және ғылым министрлігінің бұйрығына сәйкес, рейтинг көрсеткіштері мемлекеттік білім тапсырыстарын орналастыру барысында, сондай-ақ Қазақстан Республикасының Білім және ғылым министрлігінің басқарушылық шешімдерін қабылдау үшін пайдаланылатын болады.

Қымбатты талапкерлер! Білім бағдарламаларының рейтингінен басқа ҚР Еңбек және әлеуметтік қорғау министрлігінің Қазақстан Республикасының Білім және ғылым министрлігі мен «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасымен бірлесе отырып жасақтаған жоғары сұранысқа ие 100 индустриалды және қызмет көрсету мамандықтарына да назар аударыңыздар.

ЖОҒАРЫ СҰРАНЫСҚА ИЕ 100 ИНДУСТРИАЛДЫ ЖӘНЕ ҚЫЗМЕТ КӨРСЕТУ МАМАНДЫҚТАРЫ

Тізімге жоғары сұранысқа ие жоғары білімді талап ететін 35, техникалық және кәсіби білімді қажет ететін 65 мамандық түрі енген. Сондай-ақ олардың арасында 10 жаңа мамандық бар.

Рейтингтің алғашқы ондығына енгендер:
1. Компьютерлік аппаратты қамтамасыз ету инженерлері мен инженер-электрониктер.
2. 3D-модельдеу және қосымша жазықтық инженерлері .
3. Аддитивтік технология өндірісінің инженерлері.
4. Машинаралық оқыту жүйесінің инженерлері.
5. Бағдарламалық қамтамасыз ету және жүйелік сараптау архитекторлары.
6. Бағдарламалық қамтамасыз ету, Web және мультимедиялық қосымшаларды
жасақтаушылар мен тестіден өткізушілер.
7. Мәліметтер базасының әкімгерлері мен сарапшылары.
8. Желілік, жүйелік әкімгерлер және серверлердің әкімгерлері.
9. Телекоммуникация мен телерадио хабарларын таратушы инженерлер.
10. Өндірістік инженер-технологтар мен олардың көмекшілері.

Толық тізімді берілген сілтеме арқылы (http://bit.ly/2xeUT6i), немесе Еңбек және әлеуметтік қорғау министрлігінің сайтынан қарай аласыз: http://bit.ly/2ZO0fl3.

Айта кетейік, жоғары сұранысқа ие қызмет көрсету және индустриалды мамандықтар тізімі ҚР БҒМ «Жас маман» бағдарламасы бойынша 200 оқу орнын модернизациялауға
негіз болады.

 

Мәлімет ҚР Білім және Ғылым министрлігінің Facebook әлеуметтік желісіндегі парақшасынан алындымама


ПІКІР ҚАЛДЫРУ